![]()
Ардақты ата-анам жайында үзік сыр
«Мәңгілік әке» өнегесі Өмір өзені ештеңеге қарамай ағып өте шығады. Жұмыр басты пенде – ғажайып құбылыс. Дүниеге келген əр адам өмір сахнасында өзі кейіпкер болып ғұмыр кешеді. Адам адамгершілігі мол, адал болған сайын, өзге жұрттың адалдығына азырақ күмәнданады. «Адам неғұрлым ақылды, мейірімді болған сайын, соғұрлым өзгенің жақсылығын бағалағыш келеді»– депті пәлсапашы Блез Паскаль. Қазақ айтады: «Бақыт қонса бай да, патша да болу оңай, азамат болу – бақыт қонса да қиын». Бәрі ақылға байланысты. «Кісі болар кісінің кісіменен ісі бар, Кісі болмас кісінің кісіменен несі бар?» деген нақыл сөз бар емес пе?! Адамгершілік, салиқалық, жақсы мінез– кісіліктің нышаны.
Отбасында бақытты адам – ең бақытты адам. «Ер жігіттің қадірін ағайын емес, жат білер» дейді қазақ. Жат білген қадіріңді жақының да білгені жақсы. Тәрбие – табалдырықтан басталады. Сол отбасындағы тәрбие, әулет намысы, жас ұрпақтың санасына ұлттық қадір-қасиетті сіңіру – әрбір пенденің парызы.Олай болса, отбасындағы тәрбие ғана сол отбасында тәрбиеленген балалардың болашақ тағдырын шешеді. Ұлттық тәрбие, аталы сөзге тұру, үлгі-өнеге көрсету – біздің әрқайсысымыздың көкірегімізде маздап жатса, текті халық мәңгі жасары ақиқат.
Егер үлкеніміз бар, кішіміз бар адамды ізгілікке, мейірімділікке, тазалыққа, үлкенді сыйлауға, ибалылыққа, ұяңдыққа бастайтын ұлттық тәрбиемізді жалғастыра білмесек, бүгінгі таңда құлақ естіп, көз көріп отырған жақсы қасиеттердің көбі болмас еді. Ендігі жерде, өзім тәлім-тәрбие алған текті әулеттен тараған өнегелі отбасым, қадірлі ата-анам туралы сыр шертіп, келер ұрпақ алдындағы парызымды өтемекшімін.
Қазақ халқының дүние есігін ашқан әрбір ұл-қызы бесікке бөленіп, бесік жырын естіп жетілді. Бала тағдырына селқос қарамайтын қазаққа тән жасампаз қарекет олардың өршіл талаптарымен ұштасқандай еді. Ғұлама Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек» – дегеніндей, мұнда отбасы тәрбиесіне ерекше мән берілетін. Тәрбиенің негізі текті ата-бабамыздың рухани деңгейінің жоғары болуынан. Біздің әулет – Кәрібай атамыздан таралған екен. Әкем Жұмағали 1937 жылы 1 сәуірде дүниеге келген. Кәрібай атамыздың – екінші баласы. Жалпы әкем төрт ағайынды: Жұмабай (Жұмаш), Жұмағали, Ерғали, Нұрғали. Кәрібай атамыз балаларының аяқтанғанын көре алмай, келін түсіріп, ұлан-асыр той жасап, мүйізі қарағайдай аталар санатына қосыла алмай, өмірден ерте озған. Кәрібай атам көзі тірісінде саудамен айналысқан еті тірі кісі болған. Ұрпағын ешкімнен кем қылмай, барын аузына тосқан. Сол заманда, яғни ХІХ ғасырдың бас кезінде Мәскеу жеріне сапар шегіп, сауда-саттық жасап қайтады екен. Сол кісінің Мәскеуден әкелген тігін машинасы екі ғасырдан астам уақыттан бері отбасылық жәдігер ретінде сақталып келеді.
Ислам табыстың негізгі көзі сауда екендігін де айтып өткен. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл жайында былай дейді: «Ырыстың оннан тоғызы – сауда мен диқаншылықта. Қалғаны– мал асырап сатуда». Демек, сауда жасау – маңызды кәсіп. Жақсы саудагерлер жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Ең таза және адал табыс – сауда жасайтындардың табысы. Олар сөйлеген кезде өтірік айтпайды, өздеріне бір нәрсе аманат еткен кезде аманатқа қиянат жасамайды. Уәде берсе, уәделерінен таймайды, сатып алған кезде затты жамандамайды, сатқан кезде оны орынсыз мақтамайды, қарызданған кезде қарыздарын кешіктірмейді. Алашақ болған кезде қиындық тудырмайды». Атамыз сауда-саттық жасауда осындай ұстанымда болып, арына дақ шалдырмай, адал кәсіппен күн кешкен. Ұрпағына да адал еңбек етуді аманат еткен. Әкем Жұмағали өмір бойы атамның осы аманатына адал болып, бізге, кейінгі ұрпағына да адал кәсіпті насихаттап өтті десем, артық айтқандығым емес.
«Бесік жырын» тыңдап өспеген қазақ баласы кемде-кем-ау,сірә!? Сол мұздай бесік таянған, түн ұйқысын төрт бөлген мейірімді әжелердің қатарында менің әжем Талжібек те болғанын айтқым келеді. Әжеміз жолдасынан ертерек айырылып, әлі қанаты қатып, бұғанасы бекімеген 4 баламен жесір қалса да, қиындыққа мойымай, тағдыр теперішіне төтеп бере білген. Әжем өзінің әңгімесінде: «Үш ұлдан соң, қызды болдым. Өзі үріп ауызға салғандай әдемі және пысық болды. Бар болғаны үш жаста болса да, бесікте жатқан інісіне нан шайнап беретін. Мен бір жаққа кеткенде, киіз үйдің ішін мұнтаздай таза етіп жинап қоятын. Адамның сұқ көзі қойсын ба, ақыры сол қыз 4-5 жасында шетінеп кетті»,–деп айтатын. (Өкінішке орай, қыздың есімі есімде сақталмаған екен). Талжібек әжем балаларын жырмен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткен. Осындай ананың аялы алақанын сезіп өскен жанның бірі – менің әкем. Әже мектебінің білімі, тәлімі мен тәрбиесі өте жоғары әрі терең. Менің әжем де балаларын ешкімнен кем қылмай, азамат етіп тәрбиелеп, үлкен өмірге қанаттандырған.
Менің анам Күланда әжем Талжібектің тәрбиесін алған екен. Ол туралы анам былай деген еді: «Мен әулетке 1962 жылы келін болып түстім. Менің алдымда абысыным болды. Абысыным да, мен де атамды көрген жоқпыз. Ол кісі өмірден ерте озған екен. Енем 1904 жылы дүниеге келген. Атына заты сай, мінезі жібектей есілген, мейірімді жан болатын. Жесірліктің тақсіретін бір адамдай тартса да, қиындыққа берілмей, балаларына демеу бола білген. Мен енемнен көп нәрсені үйрендім. Абысыныммен де өте тату тұрдым. Өмірлік серігім болған Жұмағали жігіттің жампозы болатын. Бізді ел қатарына қосып, игі жақсылармен дәмдес еткен. Ұл-қыздарыма, бауырларына үлгі-өнеге бола білген жаны жайсаң, көңілі дарқан азаматтың шыққан жері қайдан осал болсын? Осындай абзал азаматтарды тәрбиелеген жанға айтар алғысым шексіз».
«Тектіден қыз алсаң, ошағың сөнбейді.
Жиынның ішінде, сөзіңді бөлмейді.
Тексізден қыз алсаң, басыңа өрлейді,
Санасыз, сабырсыз, айтқанға көнбейді», – дегенді атам қазақ тектен-тек айтпаса керек-ті. Қысқасы, келін таңдаудағы қазақтың қырағылығына таңданбасқа болмайды. Дәстүрлі қазақ қоғамында әрбір ата-ана өз ұлының болашақ қалыңдығын ертерек ойластырып, өзінің теңін іздеген. Келешек құдасын орынды, құрметті жерден, аталы, іргелі ауылдан қараған. Құдандалық дәстүр қазақ қоғамының отбасылық-тәрбиелік салтының тиянақты жүйесі болды. Қазақ қалыңдық таңдағанда, бойжеткеннің ажары мен шырайына қарап шешім қабылдамаған. Ұрпақ жалғастырушы әйелдің көргенді, өнегелі, биязы, тәрбиелі болуын қалаған.
Менің анам 1945 жылы 2 ақпанда туылған Батырханқызы Күләнда – төре тұқымының қызы. Ел басқарған, сөз ұстаған хандардың ұрпағы болып табылатын анам тектіден туған шын асыл екені анық. Анам – Қостанай облысының тумасы. Анасы ------- өмірден өткенде анам 5 жаста болса, сол кезде Сәкен деген інісі ,тіпті, емшектегі сәби екен. Анамның әкесі Батырхан атам – сол заманда партия мектебін бітірген көзі ашық, көкірегі ояу түрлі қызметтер атқарған атқамінерлердің қатарында болған. Бірақ анам 15-ке келгенде, әкесі өмірден озады. Анам ендігі жерде әжесі ------- тәрбиесінде болады.
![]()
Әжесі көп ойлана келе анамды қайнысы Ысқақтың балалары Зейнолла мен Ғалиасқардың қолдарына, Қызылорда қаласына жіберуге ұйғарады. Себебі Ысқақтың балалары – оқыған, қызметтегі азаматтар. Ғалиасқар сол кезде облыстық атқару комитетінде жауапты хатшы қызметінде болса, Зейнолла бір совхоздың бас экономисі болып қызмет атқарып жүреді. Анам сол кісілердің қолында тәрбиеленіп, медициналық училищені үздік бітіріп шығады. 18 жасында менің әкем Мамыков Жұмағалиға осы кісілердің қолынан ұзатылады. Менің бойымдағы барлық ізгі қасиеттердің бәрі әкенің өнегесімен, ананың ақ сүтімен берілген. Бойыма нәр боп құйылған, өміріме бағыт-бағдар берер ақ жол болып алдымнан ашылды.
Осы жерде өзім естіген бір оқиғаны айта кетсем: Бір шаңыраққа бірінен соң бірі шекесі торсықтай төрт ұл келеді. Төрт ұл қарындасты болады. Сол күні әкесі ерекше қуанып, естен кетпес той жасайды. Келген қонақтар: «Азамат-ау, дүниеге төрт ұлың келгенде, бұлай қуанбап едің? Қыз балаң үшін осынша қуанғаныңның сыры неде?» – деген сұрағына, «Ертең маған есік ашатын жан келді өмірге», – деп қыз баланың қайырымдылығын астармен жеткізіпті.
Мен өмірге келгенде де, осыған ұқсас жағдай орын алған екен. Біздің әулетте ұлдар жағы басым болып, 3-4 ұрпаққа дейін қыз бала өмірге келмеген. Сондықтан, мен дүниеге келгенде, қуанбаған жан қалмаған екен. «Қонағын құдайдай күтетін» қазақи дәстүрге сай бар тәттісін дастарқанға қойып, туған-туыстар, құда-жекжаттар, көршілер және алыс-жақын ағайындарды жинап үлкен той жасаған. Мені ағайынды жігіттер алақанға салып аялап, мәпелеп өсірді. Барлығы мені өз қызындай көріп еркелетті. Бетіме жел боп тиген жоқ. Мені жақсы көріп, еркелетпейтін адам жоқ. Айналамдағылардың бәрі мені шексіз махаббаттарына бөлеп аялады, мәпеледі. Өмірдің өзі маған күліп қарағандай, бар тәттісін ұсынғандай болып, мен шешек атқан гүлдей құлпырып, еркелеп ер жеттім. Тіпті, жеңгелерім де маған «Еркежан» деп ат қойып, осы күнге дейін атымды атамайды.
![]()
Қазақы салт-дәстүрге сай, әулеттің үлкені Жұмаш ағам мен туылғанда, мені бауырына басады. Осыдан кейін мен өзімді Жұмаштың қызы санап, бірден ол кісіні «папа», ал жеңгем Райкүлді «мама» деп атап кеттім. Ал өз ата-анам – маған «аға-жеңге» есебінде болып, олардың аттарын атап өскенмін. Мен анамды жеңгемдей көріп, сырласып өстім. Кейде қалжыңға айналдырып, оның кемшіліктерін бетіне басып айтып салатынмын.
Алғашында төрт ағайынды жігіт бір жерде, бір шаңырақтың астында тұрады. Әуелгіде қораның ішінен баспана салынып, оған үйдің үлкені Жұмаш әкем қоныстанады. Бөлек шыққан Жұмаш әкеммен бірге мен де еріп кеттім, себебі сол үйдің қызы болатынмын. Кейінірек Ерғали ағам да еншісін алып, бөлек шығады. Үш үй бір қораның ішінде болғандықтан, біздер, яғни, балалар, бір-бірімізбен өте тату болып, бір үйдің балаларындай болып жұбымыз жазылмай өстік. Біз ағайынды адамдардың балалары емес, бір жанұяның балалары сияқты болдық. Бір үйде қазан көтерілсе, бәріміз сол үйден табылатынбыз. Қазақтың бас тағамы – ет асылса, балалар үшін кішігірім мереке болатын. Бір үйге қонақ келсе, қалғандары жабылып, сол үйдің қонағын күтетін. Мынау – «менікі» деген сөз айтылмайтын, мынау – «біздікі» деген сөз айтылатын. Барлығы көпше түрде болатын. Міне, біз осындай тәрбие алып, бір қазаннан ас ішіп, тай-құлындай тебісіп, балалықтың бал дәмін бірге татып өстік. Бөліну, жекешелену ұғымын білмедік. Көпшіл, ұйымшыл, мейірбан болдық. Біздің жұбымыз әлі күнге дейін жазылмай, үш ұлдан тараған 12 ұл мен қыз жиі-жиі бас қосып тұрамыз. Б ір әулеттің берекесі болған Талжібек ана өмірден қайтқан соң да, ағайындар арасындағы татулықтың іргесі сөгілмеді. Кіші келіндер үлкен абысындары Райкүлдің ақылына құлақ түріп, оны құрмет тұтты. Бүгінде олардың әрқайсысы қыз ұзатып, келін түсіріп, немере, шөбере сүйіп отыр. Әр жерде жүрсе де, берекелері қашпады, бірліктері ыдырамады. Әрдайым бір-біріне қол ұшын созып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара біледі. Абысындар небір күндер болғанда да «сен» десіп, қабақ шытыспады. Қайта бір-біріне демеу, жығылғанда сүйенер тіреу, қуанғанда ортақтасар сырлас дос болды. Олардың бірлігін, берекелі тірлігін біздің әке-шешелеріміз әрдайым айтып отыратын. Міне, бұл – бір әулеттің абыройын асырып, беделін биіктеткен абысындардың татулығының, сыйластығының жемісі.
Жұмаш әкем әуелгіде теміржолшы болып жұмыс жасады, кейіннен милиция қызметкері болды. Түрлі қызметтерді абыроймен атқарып, елдің аузына ілінген, әкемдей болған кісі ауыр дертке душар болып, 47 жасында өмірден ерте кетті. Жұмаш ағам мен Райкүл жеңгемнің Нұрлан есімді ұлы, менің ағам бар. Менен 4 жас үлкен. Ағам педагогикалық білім алған. Физика-математика мамандығын бітірсе де, қазіргі күні басқа салада қызмет етеді. Нұрлан ағам – отбасылы, Жәмила есімді келіншегі бар. Екеуі– үш бала тәрбиелеп өсіріп, қазіргі кезде немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
![]()
Өз әкем Жұмағали – еңбегімен елге сіңімді азамат. Көпшілікпен араласуы, өзін-өзі ұстауы, адамдармен араласуы – ерекше, сырбаз жан болатын. Әкем өмір бойы темір тұлпарды тізгіндеген жүргізуші болды. Үйге қонақтар ағылып көп келетін және әр тараптан келетін. Есімде қалғаны, Ресейден қонақтар жиі келіп тұратын. Жасыл желекті, мәдениет пен өнер орталығы – Алматы қаласынан профессор, ғалымдар, көрнекті қоғам қайраткерлері, хатшылар да келетін. Келгендердің бәрі – бұл «шопырдың үйі» деп жатпайды, әкеме кәдімгідей ізет білдіріп, құрметтейді, пікірін тыңдайды. Менің сол кезде ұққаным – адамдар тек білімі мен тәрбиесіне қарай ерекшеленеді, ал жалпы ешкім ешкімнен артық болмайды екен. Қандай мамандық иесі болса да, құрметке лайық жандар болады. Абзал әкемнің сондай жандардың санатынан болғанын мақтан етемін. Анам да қонақты керемет күтетін. Қонақтарын риза қылмай жібермейтін әйелдердің қатарынан. Кейін ойласам, мұның бәрі – мен үшін үлкен өмір мектебі екен ғой.
Біздің отбасында менен өзге Жанат, Қанат, Қайрат және Таңат пен Талғат есімді егіз інілерім бар. Осы бауырларымды өмірге әкелгеннен кейін, менің анам жұмысқа шықты да, егіз бауырымды сіңлілерімнің көмегімен бағып-қақтым. Негізі, көзі тірісінде әкем маған өзімнен кейінгі бауырларыма бас-көз болып қадағалауымды тапсырған еді. Әкем бізден ештеңе аямайтын. Қажет заттарымыздың барлығын алып беретін, бірақ соған орай талапшыл да болатын. Отбасының үлкені ретінде бәрін менен талап ететін. Анам бізді,ең алдымен, тазалыққа үйретті. Сіңлілеріммен бірге үйді тап-таза етіп жинап, ауланы сыпырып, тамақты пісіріп қоятынбыз. Біздің үйде әр баланың белгілі бір орны болатын, ақ сейсептің үстінде ұйықтайтын. Көп балалы отбасы болсақ та, білім алу үшін, біздің үйде барлық жағдай жасалған еді. Оқу үстелі, орындықтар, түрлі ойыншықтар,балаларға қажетті заттардың барлығы біздің үйден табылатын. Бала күнімізде Қара теңізге де барып, демалып қайттық. Ата-анамыз біз үшін барлық жағдайды жасап, саналы азамат етіп тәрбиелеуге бар күш-жігерін жұмсаған.
Әкем ұлдарын батыл, табанды, қажырлы болсын деген ниетпен еркін өсірді. Ұл баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін. Қай халықта да ұл бала тәрбиесі – әке меншігінде. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей отырып, қазақ отбасында әкелер өзінің білетін бар өнерін ұрпағына үйретіп, оларды «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт етіп тәрбиелеген. Бала ес білгеннен бастап, оның құлағына: «Сен – ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер жарсың. Отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен!» – деген сөздерді құйып отырған. Үлгі тұтатын әке болғандықтан, біздің үйдің ұлдары әкеме адал дос, қолдаушы болды. Олар үшін әкесінен асып түсер мықты адам жоқ. Ол көлік айдайды, ауыр заттарды оп-оңай көтереді, ештеңеден қорықпайды. Үйдегі үстелдің төрінде әкемнің тұрақты орны бар, оған басқа ешкім отырмайды. Бәріміз әкеміз наннан ауыз тигеннен соң, тамақтануға кірісеміз. Сосын әкеміздің ас қайыруынан соң ғана орындарымыздан тұрамыз. Әкемнің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы ұлдардың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы болды. Қазақта біреудің баласы жақсы азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді. Көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой», – деп мақтайды. Менің әкем ұлдарына осындай тәрбие бере алғанына көзім анық жетеді.
Халқымыздың ұғымында қыз – қонақ. Уақыты келгенде, бауыр етін, жүрегінің бір бөлігін қиып, жат жұртқа жіберетін әр қазақтың қалауы – қызының өзге отбасының, шаңырағының түтінін түзу түтетіп, саналы ұрпақ тәрбиелеуі. Сондықтан, қызын барынша аялай, мәпелей отырып, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген. Себебі, мұның атүсті қарауға болмайтын үрдіс, бір ғана қыздың емес, күллі ұлттың тәрбиесі екендігін жете түсінген. Әкем маған: «Қарағым, сен осылардың үлкенісің, көшбасшысың. «Алдыңғы арба қайда барса, кейінгі арба сонда барады» деген бар. Барлық ісің жақсы болсын. Ізіңнен ерген бауырларыңның қандай болмағы, саған тікелей байланысты болмақ»,–дегенді көп айтатын. Іні-сіңлілерім мені жүре тыңдайды, көбіне шала-шарпы істеп, ойынға қашып кетеді. Олардың бітірмей кеткен жұмыстарын өзім жасаймын. Ызам келіп, жылап-еңіреп әкеме келемін ғой баяғы. Әкемнің менің шағымыма айтар жауабы да дайын: «Қызым, барлық балаларым – бір төбе, сен өзің – бір төбесің. Таразының бір басына сені, екінші басына қалғандарын қойсам, бәрібір олар сені басып кете алмайды. Осы сөздерімді есіңнен ешқашан шығармағайсың», – дейтін еді. Әкемнің осы сөзі менің жадымда жатталып, санама сіңіп қалды. Оны ешқашан ұмытпаймын.
Балаларын еркіндікте ұстаған әкелерім қыздарға келгенде, «Қызға қырық үйден тыю» деген қағиданы берік ұстанды. Қыз тәрбиесі турасында Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апамыз өзінің «Бабалар аманаты» атты кітабында былай деп жазады: «Қазақ қазақ болғалы қыз сыйлаған, қызын алқалаған текті халық еді. Сандығында кілті жоқ жомарт қазақ – сол жомарттығын алдымен қызына жасаған. «Ұл – түтін, қыз – күтім» деп қызға жақсыны кигізіп, дәмдіні жегізіп, жорғаны мінгізген. «Ұрыс-керіс естіген қыздың мінезінің мәні болмайды» деп, қыз көзінше өрескел, бейпіл сөз сөйлемеген, анайы қылық көрсетпеген. «Бақыты байланады, жолы кесіледі» деп, қызға кол көтермеген. Оны айтасың, отырған қыздың аяғынан аттамаған, мұны кесір деп түсіндірген. Өйткені, еркектің де, әйелдің де тарайтын түбі – қыз...
Қызды тыйып ұстау – тірсектен қағып, еңсесін езу емес, қырық үйден, тіпті, қара күңнен де бір абзал өнеге үйреніп, ұлағатты сөз естіп, оңды талғам көрсін дегені. Қыз баланың ақылды да инабатты, өнерлі де өнегелі болып толысуына ата-анамен бірге ағайын-туған, ауыл-аймағы да жауапты екенін айтады. Қызды тектеп ұстауды меңзейді. Тыю деген, міне, осылардан құралады. Оң жақтағы кезде жүз жігіттің арманы болса да, қызға бір азаматтың адал жан жары болу – парыз».
Міне, қазақ қызы осындай тәрбие алып, отбасының ұйытқысы бола білді. Біздің әулеттің қыздары да беймезгіл уақытта көшеде жүрмейтін. Жазғы демалыс орындарына да барған емеспіз. Дегенмен, ата-анам тәтті-дәмдісі мен жылы-жұмсағын аузымызға тосып, «торқа мен жібек жамылдырып», ешкімнен кем қылмай мәпелеп өсіргені шын.
«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген ғой дана халқымыз. Бауырларым менің айтқанымды екі етпеуге үйренді. Оларға қамқор болдым, олар маған қолғанат болды. Арамызда сыйластық орнап, бір-бірімізді айтпай түсінетін халге де жеттік. Бауырларым менің көңілімнен шығуға тырысады. «Інісі бардың – тынысы бар» дегендей, қазір олар маған сүйеніш болуда. «Ана» атанғаннан кейін, мен де осы ұстаныммен жүрдім. Маған өмірде бұл ұстанымның септігі көп тиді. Ата-ананың берген тәрбиесі ерлерді қадірлеуге, құрметтеуге, отбасының ұйтқысы, пер
![]()
зенттерінің тәрбиешісі, ұстазы болып, адамдық арыма дақ түсірмейтін өнегелі, үлгі-тағылымды адам болып есеюіме көп көмектесті.
Тіршілікке нәр берген ана сүті қандай құдіретті! Әлемдегі жақсылық көзі, адамдық қасиет, ақ тілек мейірбандықтың бәрі – «ана» деген сөзбен астасып жатады емес пе !?
Әйел-Ана, Әйел-Өмір, Әйел– тіршілік өзегі. Алтын құрсағынан адамзаттың алабы жаратылған асыл ананың жүрегі үлкен, жүзі мейірімді, қолы қайырымды. Көңіл шуағына мейірім төгілген аяулы жанның өмірден алар несібе-жемісі – алтын босағасы мен сүйкімді перзенті. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың» деген ұлы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) сөзі бар. Ана-болашақтың демеушісі, ұлттың жебеушісі, сәбилердің бақыты. Ана – барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тіршіліктің қайнар бұлағы. Сондай асыл аналардың бірі – менің анам Күләнда Батырханқызы.
Менің анамның дастақханы жиналмайтын, себебі үйден қонақ үзілген емес. Біз аэропортқа жақын тұрдық. Үйге әкемнің жора-жолдастары, ағайын-туыстары, жай таныстары көп келетін. Кейбірі шаруасы бітпей қалса, қона жатып жүреді. Менің алтын анам әрбір адамды қастерлеп, «құдайы қонақ» деп, Құдайындай күтіп шығарып салатын. Анам керемет аспазшы болды және оның аспаздық шеберлігіне ешкім мін таға алмайтын. Келген кісілер анамның қолынан шыққан дәмді тағамдары мен риясыз ақ пейіліне тойып аттанатын. Анамның сонша қонақты күтіп, ырза қылып аттандыратынына таң қаламын. Себебі, анам үй шаруасындағы күйбең тірлікпен отырған әйел емес, облыстық ауруханада жұмыс істеп жүрген кезі. Жұмыс жасай жүріп, анам бірінші орынға отбасының берекесін, балаларын қойды. Анамның тағы бір қасиеті – тұрақтылығы, жауапкершілігі. Анам бір мекемеде табаны күректей 35 жыл қызмет атқарды. Әкемді төбесіне хан көтеріп отыратын анам ер адамды құрметтеудің, сыйлаудың үлгісі іспеттес. Осыны ойлаған сайын, менің анама деген құрметім арта түседі.
Бір сәт анамның әкем жайлы естеліктеріне кезек берсек: «Тұрмысқа әлі үлбіреген балауса жас кезімде шықтым. Бағыма қарай жақсы жар кездесті. Жақсы әулеттен шыққан. Көргені мен өмірден түйгені көп, нағыз ер-азаматқа лайық мінезі бар азамат – Жұмекеңе жолықтырған тағдырыма шүкіршілік қыламын. Әйел жарын «отағасы» деп алға оздырып отыру үшін, ақылды болу керек. Келген жерінде көрген тәрбиесі бар қыз еріне қарсы сөйлемегені жөн болады. Тұрмыстағы тапшылық, «сен аз ақша табасың» деген сөз – ерлі-зайыптылардың бір-біріне айтатын сөзі емес. Ер адам отбасындағы өзінің орнын, әйел өз міндетін білсе, материалдық қиындықтарды екеуі бірге жеңер еді. Ер азамат өз туған-туыстарының, жора-жолдастарының, қайын жұртының алдындағы абырой-беделі келіншегіне сөзі қаншалықты өтетіндігіне және ол туралы келіншегі айтатын пікірге тікелей тәуелді.
Өз басым Жұмағалидың беделіне көлеңке түсірген емеспін. Күйеуін билеуге ұмтылу, оны басқаруға тырысу сияқты ойлар менің басыма келген де емес. Отбасында әрқайсысымыз өз міндеттерімізді орындауға ұмтылдық. Бір-біріміздің білместіктерімізді, қателіктерімізді кешіруді үйрендік. Имандылық қағидаларын серік еткен отбасында ерлі-зайыптылардың бірін-бірі тәрбиелеуі жеңіл болады екен. Жұмекең – кең пейіл, ұстамды, көпшіл, әріден ойлайтын жан болатын. Маған, балаларына ғана емес, туған-туысқандарына, бауырларына тіпті жора-жолдас, көршілерге де қамқор бола білді. Мен кейде: «Менің ата-анам, алды-артымда ет-жақын бауырларым жоқ. Менің ешкімім жоқ, жалғыз өзіммін», – деп налимын, күйінемін. Сондайда ерім маған: «Олай демеші, сенің 6 балаң, қасыңда мен бармын. Сен – дүниедегі ең бай және бақытты жансың. Әлі-ақ балалар өсіп, бір рулы елге айналады. Көгеріп-көктеп, өсіп-өнеміз. Сен ешқашан жалғыздықтан жабырқамайсың», – деп мені жігерлендіретін. Расында солай болып шықты ғой. Қатарынан кем қылмай балаларды жеткізіп, енді солардың қызығын бірге көреміз деп жүргенде, құрығы ұзын ажал тырнағына ілініп, өмірден ерте кетті емес пе?! Тұла бойы тұңғышым Ләззат – сол кезде екінші курс студенті болса, кенжеміз бар болғаны 2-сыныпта оқитын еді. Аңырап асыл азаматтың артында қала бердім, амал неші!..
Әйелдің негізгі міндеті – отбасын құру, бала туу, оны өсіру. Отбасының тату, ынтымақты болу-болмауы әйелге тікелей тәуелді. Әйел бағынып тұрмаса, еркектің төзімі тез таусылады. Төзіммен бірге күш-қуаты сарқылады. Әйел ерін бағаламаса, ол мақсатын айқындай алмайды. Әйелі ерін тыңдаса, бағынса, басын иіп отырса, ол отбасындағы бала біткен ата-анасының тілін алғыш келеді. Біздің арамызда ұрыс-керіс болмағандықтан, балалар тіл алғыш, елгезек, қайырымды болып өсті. Әйел адам отандасып, тұрмыс құрам десе, кім болса да күйеуінің абыройын қорғап отыруға тиіс. Азаматын құрметтеу арқылы әйел өзіне де құрмет сезімін оятады. Оның абыройын қорғау арқылы өз отбасының абыройын сақтайды. «Ерін сыйлаған әйел есікте қалмайды» деген аталы сөздің мағынасы ,міне, тап осында. Әйелдің шынайы бақыты күйеуін билеуде емес, оған лайықты жар болып, азаматының қоғамдық өмірдің биік сатыларына көтерілуіне көмектесуінде. Күйеуі төрде отырған әйел ешқашан босағада отырмайды!
Үйіне ғана керек, үйінен артылып өзгеге игілігі тимейтін еркек болады. Үйінен гөрі еліне керек, үйден түзде жұмысы көп еркек болады. Жұмекең осындай жандардың санатынан болатын. Отағасының міндеті – бала-шағасын асырап-бағуы болса, әйелдің күйеуінің алдындағы ең зор міндеті – әкесін кұрметтейтін ұрпақ өсіруінде. Оның ғұмырындағы күллі еңбегіне баға беретін өлшем де – осы. Балалары әкесін Алатаудай аспандатып отырса, ол дұрыс шаңырақ болғаны. Жұмағали екеуміз тірлікте бір-бірімізге қатты сөз айтқан емеспіз. Өмірлік серігім, балаларымның әкесі ретінде құрметтеп, оның алдында аяғымның ұшынан жүріп қызмет еттім. Шүкір, одан жаман болғаным жоқ. Осы жағынан келгенде, жолдасым екеуміз дұрыс бағытты таңдадық деп ойлаймын. Қазір бір-бір шаңырақтың иесі болып отырған ұл-қыздарым да осы бағытпен жүріп келеді».
Анаммен қанша сырлас болып жүрсем де, мен әкеме жақындау болдым. Үлкендік міндетімді әкемнен үйрендім. Бар болғаны 20 жыл ішінде үйренгенім көп. Қарапайым жүргізуші болған әкемнің өресі биік, дүниетанымы кең болатын. Әкемнің маған айтқан ақылы мен көрсеткен үлгісі әлі күнге дейін есімде. Кезі келгенде, өткір пікірлерді қиюын тауып айта алатын. Басына шыққысы келгендерді табанда «бастапқы орнына» түсіре қоятын. Аярлықтың асқынған түрлеріне кезіккен сəтінде оның иесін ұтқыр сөздерімен «кісендеп тастайтын» ардақты әкем мəселе бауырларына келіп тірелген кезде, барынша жұмсақ əрі жомарт-ақ.
«Адамшылдықтың алды – махаббат, ғаділет, сезім», – деген болатын хакім Абай. Махаббат – бауырластық мәселесіндегі ең маңызды қасиеттердің бірі. Сол себепті мұсылмандар өзін жақсы көргені сияқты басқаларын да жақсы көріп, оған жәрдем беруі тиіс. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сендердің ешбірің өзі жақсы көрген нәрсесін бауыры үшін де жақсы көрмейінше толық иман келтірмейді», – деп айтқан (Бұһари, Мүслим). Әкем адамдарды туыстық негізінде ғана емес, өзге жұрттарды бауырына тартып, оларды жақын санап, қамқорлық көрсетуден жалықпайтын. Кеңпейілділік – адам бойындағы ізгі қасиетті білдіретін ұғым. Әкем айналасына жайлы, қолы ашық, алды кең, пейілі жомарт адам болатын. Кеңпейілділік пен бауырмалдық –адамдарды татулыққа, бірлікке, ынтымаққа жетелейді. Осы бір қонақжай шаңыраққа әкемнің кеңпейілділігінің арқасында қаншалықты ырыс-береке дарығанын шамалау қиын емес-ау!?
Дүниеге келген әрбір адам тағдырдың талай соқпақсыз, соқтықпалы жолдарымен жүріп өтеді. Түрлі қиыншылықтарға кездеседі. Міне, осындай қиын-қыстау кезеңдерде мен ылғи әкемді есіме алып, «әкем маған қандай ақыл-кеңес берер еді?» – деп толғанамын. Отбасының тұңғышы болғандықтан, үлкендер жұмысына ертерек араласа жүріп, етек-жеңімді тезірек жинап есейдім. Ой-санама сергектік ерте қалыптасты. Жас болсам да, балаң кездегі кейбір көріністер арада көп жыл өтсе де, ұмытыла қойған жоқ. Әкем өмірінің соңына дейін, өзгелерден ағалық қамқорлығы мен мейірімін аяған жоқ.
![]()
Өзі шыққан биігінде қалды. Өзгелерге қамқор болып, кішіні мәпелеу, үлкенді аялау сияқты сезімдерді бойыма дарытқан әкем – менің жүрегімнен орын алған мәңгі аласармас асыл бейне.
Әкем білімді адамдарды, әсіресе, ұстаздарды қатты құрметтейтін. «Білімсіздік – бұл ымырт, оны жамандық кезіп жүреді. Көшені жарықтандыруды ойласаңыздар, мархабат, ең бастысы – ақыл-ойды ағартуды ойласаңыздар екен» – деген француз драматургы Виктор Гюгоның сөзін бізге үнемі айтып отыратын. Біздің барлығымыздың жоғары білім алып, саналы азамат болып ер жетіп, елге пайдамыз тигенін қалаған еді. Ал білім – тек оқу арқылы келетіні ақиқат. Талаптану, іздену, оқу, үйрену, тыңдау – әрбіріміздің басты бағытымыз болуы да сондықтан. Оның үстіне мен педагогикалық училищеде қызмет етіп жүргенімде, мені қолдап, маған бағыт берген екі адам болды. Бірі – сол кездегі педагогикалық училищенің директоры Әбдіхалықова Әлима Жақыпқызы, екіншісі – Қизатова Гуля Жәлелқызы. Осындай педагогика саласының майталман мамандары үнемі бағыт-бағдар беріп, жол сілтеді. Әсіресе, Әлима апай маған: «Пединститут – үлкен киелі шаңырақ. Педагогика – сенің салаң, мені тыңдасаң, сонда бар», – деген болатын. Өзім қатты қадірлейтін жандардың сөзінен кейін мен Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының филология
![]()
факультетіне оқуға түстім. Аталған институтта білім алып жүріп, өзімнің өмірлік серігім Ермат Әріпбайұлын кездестіріп, тұрмысқа шықтым. Педагогикалық институтта қызмет істеп жүргеніме 2 ай болмай жатып, маған тәрбие ісі деканының орынбасары қызметі ұсынылды. Бірақ мен бас тарттым, себебі жолдасым келісімін бермеді.
Осы жерде өзімнің Құдай қосқан жарым туралы айтып кетсем деймін. Менің ойымдағы нағыз жігіт – екі сөйлемейтін, басына күн туған шақта, тез мойымайтын жігіт. Нағыз жігіттің жанында әйелдер қауымы өздерін биік қорғаны бардай сезінуі керек. Ең бірінші, ол – жігіт деген атқа әбден лайық болуы керек. Ал жігіттіктің дәлелі – жігіттің мінезі мен ақылында, іс-әрекетінде жатыр деп білем. Өзім жігіттерді осы нәрселерімен бағалаймын. Ал жігіттік мінез – адалдық пен намыстан тұрады. Міне, осындай асыл қасиеттердің барлығы бір бойынан табылған азамат, менің жарым – Ермат Әріпбайұлы.
Елге де, ерге де сын болған тоқырау заманы келіп, қалыптасқан тіршілік өзгерген кезең. Күн көрістің қамымен үйреншікті жұмысымызды тастап, заманға сай жаңа кәсіпке бет бұрған кезде де, жолдасымның қолдауы мені қанаттандырды. Сол бір қиын шақтарда маған демеу болып, жігерлендіріп, қалтқысыз сеніп, әрбір бастаған ісіме көмек беріп, қолдағанының арқасында мен «Сарыарқа» балабақшасын аштым. Балабақшаға сол кездегі Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов келген болатын. Ол кісі кіре сала: «Ресторанды балабақшаға айналдыруыңа не себеп болды?» – деп сұрақты төтесінен қойды. Ойланып та үлгірмедім. «Өзім педагогика саласының маманы болғандықтан, балабақша менің жүрегіме жақын, сондықтан болар»,– деп жауап бердім. Бұл – имандай шыным еді. Оның үстіне кішкентайымнан бала тәрбиесіне араластым десем де болады. Әлі күнге дейін інілерім мен сіңлілерімнің балаларын тәрбиелеуге атсалысып жүрмін ғой.
![]()
Қай жағынан болса да ардақты азаматым Ермат – әйтеуір, менен бір саты жоғары тұрады. Өзім де ақ жаулықты әже-аналарымыздың ер-азаматын «құдайындай» сыйлап өскенін көргендіктен, солай болғанын қалаймын. Үнемі оның айтқан сөзі маған дұрыс көрініп, кез келген жағдайда оның шешімін қолдай кетемін. Арқа сүйер азаматымның ата-анасы, бауырларына қамқор бола білуі, менің анама, бауырларыма деген қарым-қатынасы, сыйластығы – менің алдымдағы беделін арттыра түседі. Ол да мені сыйлап, жылы шапағаты мен мейірімін төгіп келеді. Мен оны алдына қойған мақсаты бар, өмірлік ұстанымы бар азамат деп танимын,құрметтеймін.
Жалпы жарым Ерматтың шыққан тегі туралы менің қайынапам --------: «Ермат – қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген азамат. Ата-анамыз 8 кластық білім алып, әрі қарай оқуға мүмкіншіліктері болмаған. Бірақ өздері қолы жетпеген жоғары білімді бізге беруге тырысты. «Адамның бір қызығы – бала деген, Баланы оқытуды жек көрмедім» – деген ғұлама Абайдың сөзін басшылыққа алып,
![]()
отбасындағы 7 балаға да жоғары білім алуына жағдай жасаған. Әкеміз 1926 жылдың 1 мамырында дүние есігін ашқан. Анамыз Арапбаева Рахия – сауда саласының маманы. 1929 жылы туылған.
Әке-шешеміз таршылық пен қиыншылықты көп көріп, бізді ауыр бейнетпен жеткізген. Кезінде әкем: «Біздің жас кезіміз Ұлы Отан соғысымен, тұспа-тұс келді. Зұлмат соғыстан кейін де, ел есеңгіреген есін жинай алмай жүргенде, қанша уақыт өтті. Қолдың қысқалығы оқып, жоғары білім алуға жеткізбеді. Үй тұрғызып, дүние жинамасақ та, ұрпағымызды оқытамыз деп шештік», – деп айтып отыратын. Мен ес білгелі анам сауда саласында жұмыс істеді. Бастапқыда газды су сатты, асханада істеді. 8 кластық білімімен-ақ есеп-қисап жағына жүйрік, өте зерек болатын. Іскерлігінің арқасында гастроном меңгерушісі қызметіне дейін жоғарылады. Сауда саласында ұзақ жылдар бойы істеп, зейнетке шықты. Әкеміз көбіне аң аулауға кетіп қалатын. Ең үлкен ағамыз 1949 жылы маусым айында туылған Арапбаев Оралхан шаңырақ көтеріп, отбасын құрған. Зайыбы Мәшпанова Зоя педагогикалық институтты бітірді. Ағам «Орман шаруашылығы» институтын тәмамдап, аға инженер болып қызмет атқарған. 1979 жылы кездейсоқ жол апаты орын алып, ағам 30 жасында қыршын кетті. Артында екі баласы қалды. «Орнында бар, оңалар» дегендей, балалары ер жетіп, үлкен азамат болды. Оралханов Рахат – қазіргі кезде ағамның жолын қуып, аға инженер. Ағам бақилық болғанда, жеңгеміздің осы ұлға аяғы ауыр болған. Қызы Жансая – сыртында, баласы Рахат– ішінде, жастайынан жесір қалды. Бүгінде жеңгеміз мұғалімдік, меңгерушілік қызметтерді абыроймен атқарып, құрметті демалысқа шыққан. Құдай берген 10 шақты немерелерінің әжесі болып, солардың тілеуін тілеп отыр.
Отбасындағы 7 баланың бесеуі сол кездегі заманның ағымына сай орыс тілінде білім алса, екеуі қазақ мектебінде оқыды. Мектеп бітірген соң, бәріміз жоғары білім алуға ұмтылдық. Әрқайсымыз әр қалада білім алдық. Алматы, Семей, Қарағанды және Шымкент қалалары – студенттік жылдарымыздың куәсі. Сіңлім Арапбаева Ботакөз Қарағанды медициналық училищесін бітірді. Жоғары оқу орнына 2 рет түсе алмай қалып, «Ер кезегі үшке дейін» дегендей, үшінші қадамы сәтті болып, студент болу бақыты бұйырды. Ағылшын тілін жетік меңгерген Ботакөз Алматыда тұрады, жеке кәсібі бар. Мен институтты Семей қаласынан бітіріп, облисполкомда табан аудармай, аттай 23 жыл қызмет жасадым. Кейінірек, «Экономика мен басқарма» саласында, сауда саласында қызмет жасап, зейнетке шықтым.
![]()
Бауырларыма қарайлап жүріп, өзім тұрмысқа да 30-ға келіп барып, кешеуілдетіп шықтым. 1976 жылы інім Ермат отбасылы болды. Ол кезде сүйіп қосылған жары Ләззат педагогикалық институттың үшінші курс студенті болатын. Ерматтың өзі Қарағандыда оқуда. Алғашында шамалы уақыт қолымда тұрды. Кейін мен де отбасын құрдым. Екеуі бір-бірін шын сүйіп, жүрек қалауымен үйленді. Әлі де сол махаббаттарын сақтап қалған. Сезімдері суымаған десем, артық айтқандығым емес.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, елдің тұрмысы ауырлады. Санасына өзгеріс әкелген тоқырау жылдары басталды. Бұл қиын жылдары мыңдаған отбасы табыс тауып, бала-шағаны асырауды, сөйтіп, қиын кезеңнен шығуды өзінің абыройлы міндеті санады. Экономикалық-әлеуметтік ауыртпалық қоғам өмірінің түрлі саласында қызмет етіп жүргендерді нәпақа табудың басқа жолын іздеуге мәжбүрледі. Ай сайын түсетін айлық жоқ, күнкөріс қиындады. «Енді басқа табыс көзін іздеуіміз керек» деген ой туындады. Алғашында там-тұмдап қана басталған тірлік қажырлы еңбектің арқасында кейінірек ұлғая бастады. Осы тұрғыдан істің шешімін тауып, берекелі тірліктің көзін тапқан бауырларымды өзге жұртқа үлгі етемін. Келініміз Ләззатты қай кезде де өзгелерге үлгі етіп, мақтап жүремін. Қазір жан құрбым секілді жақын болып кетті. Екеуміз бүкпесіз ашық сырласамыз. 3 баланың анасы болған Ләззат қай кезде барсаң да, шайын қойып, дастарқанын жайып, алдымызда құрақ ұшып тұрады. «Жақсы адамның пейіліне береді» деген осындайда айтылса керек.
Біздің әкеміз Арапбай 57 жасында дүние салып, біз тек анамыздың қолына қарап қалдық. Ол кезде әлі аяқтанбаған жас балалармыз. Ағамыз үйленбеген, сіңлім тұрмыс құрмаған. Анамыз таң алакеуімнен тұрып тамақ жасайды, сосын сол қолына қара сөмкені іліп алып, жұмысына кетеді. Күні-түні жұмыста. Үйге келсе де, есеп-қисап жұмыстарымен айналысады. Оқудағыларға ақша жібереді. Ол кезде қазіргідей балабақша қайдан болсын!? Біз бір-бірімізді бағамыз, тәрбиелейміз. Әкем жоқта бар ауыртпалық басына түскен анамыз бізді оқытты, бәрімізді үй-жай қылды. Бүгінгі күні: «Біз үшін қолынан келгеннің бәрін жасап, «жарғақ құлағы жастыққа» тимейтін анам қара сөмкені арқалап жүріп, барлық ауыртпалықты қалай жалғыз көтерген?» – деген ойға батамын. Анамыз бәрімізді аяқтандырып, немере сүйіп, 2015 жылдың 25 мамырында мәңгілікке көз жұмды», – деп, жолдасым Ерматтың әпкесі өткен күнге шегініс жасап, жанұялары туралы әңгімелегенде, жанарынан үзіліп түскен бір тамшы жас сол күндерге деген сағыныш ізіндей болып кетті.
![]()
Қарттықтың артықшылығы – жастық шақта болмайтын даналық пен өмірлік тәжірибе. Осы даналық дәрістерін әкем маған ғана емес, жалпы, жас буынға жеткізгісі келді деп ойлаймын. Мына өмірдің бар байлығы да, тамыры да өз кіндігімен жалғасар ұрпағы екендігін, былайша айтқанда, өмір дегеніңіз – өз соңымызда қалар ұрпақ екендігін тамаша түйген екен. «Әкем дұрыс айтқан екен...» деген бірауыз сөз жан дүниемнің өзіме ғана беймәлім түпкірінде жатқан мұңымды қозғап, сол мұң келіп, менің әкеме деген сағынышымның шоғын қайыра бір үрлеп, ой-санамның әлем-тапырығын шығарғаны бар.
«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген тәмсіл бар. Әкем дүниеден өткенде, біздің қасымыздан табылып, жанаршылық танытқан, жұбату айтқан жандар көп болды. Ол көзі тірісінде бізге: «Келмеске кетіп, қастарыңнан кетіп қалсам, сендерге көмектеспейтін адам болмайды. Бәрі де қол ұшын беруге дайын болады, сондықтан әбігерленудің қажеті жоқ», –деп айтып отыратын. Әкемнің айтқаны келіп, әкемнің көзі тірісінде шарапаты тиген талай адам келіп, бізге демеу болды. Жерге, көмір мен отын-суға тағы басқа қажеттіліктерге көмек көрсетілді. Әкемнің бастығы Айдосов Абылай деген кісі біздің жанұямызға демеушілік жасап, қамқорлығына алған екен. Жора-жолдастары, тіпті, біз танымайтын адамдар да қарлығаштың қанатымен су сепкендей, біздің жүдеу көңілімге жұбаныш болуға тырысты. Сол кезде біз «Жақсы әке – балаға қырық жылға азық» деген сөздің мағынасын түсіндік.
Осыдан біраз уақыт бұрын әкеміздің «әруағы риза болсын» деп, ата-бабаларымызға арнап ас беруді ойластырдық. Анам өзі жесір әйел болса да, осы шаруаны өзі қолға алды. Біз де оның бұл игілікті ісін құптадық. Құс қанаты талатын алыста орналасқан Жезқазған жеріне барып, әкемнің ата-бабаларына арнап кең көлемде ас бердік. Негізі, біздің түп аталарымыз – Жезқазған жерінен таралған екен. ХІV ғасырдан бері Моңғол елімен шекаралас жатқан жер бар. Сол жерде біздің ата-бабаларымыз жерленген. Ол жер – «Ықылас» мемлекеттік қорымы. Міне, сол жерге барып, ас бердік. Біздің барған жерімізден 3-4 шақырымдай жерде Шыңғысханның немересі жерленген болып шықты. Соған қарағанда, бұл қорымдар тарихи маңызы бар жерлер болып тұр-ау!?..
Әкем өмірден озғаннан кейін, анам бізді қатарымыздан кем қылмай жеткізді. Анамның 7 сыныптық білімі бар. Содан кейін 2 айлық медицина курсын тәмамдаған. Анам – алтын қолды медицина қызметкері. Ү»йге келген соң да, тыным таппай жұмысын жалғастыра беретін. Ешқашан өзінің шаршағанын айтып ренішін білдірген емес. Балаларын көзінің қарашығындай сақтап, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» аялап өсіріп, аяғымыздан тік тұрғызды. Анам бізді ғана өсіріп қоймай, немерелерін де жан шуағына суарып, бар ықыласымен әлдиледі.
Бірде Ермат екеуміз анамның жеке саяжайына бардық. Анам осы жерде түрлі көкөністер мен жемістер отырғызып, күтіп-баптайды. Мезгілі келгенде, дәмі тіл үйірер тосаптар жасап, бізге таратып береді. Осы жолы да анам қомақты етіп көкөністер салып, дайындап қойыпты. Менің алғым келген, бірақ Ермат алғызбады. «Мен сенің анаңнан ештеңе де алмаймын. Өзінің 5 баласына, басқаларға берсін. Өзің айтушы едің ғой: «Анам біз үшін көп бейнет шекті»,– деп. – Қайта біздің ол кісіге беретін ретіміз емес пе? Екеуміз ендігі жерде анаңа қамқор болғанымыз жөн емес пе?» – дегені бар. Ол осы сөздерді айтқанда, мен қатты толқыдым. Қуанғаннан көзімнен жас та шығып кетті. Анамды өз анасындай қадірлеп-қастерлегені – мен биікке көтергені. Адамгершілігі үшін жолдасыма риза болдым. Отағасын іштей мақтан тұтып, оның бойынан мейірімге толы үлкен жүректі ғазиз әкемнің жақсы қасиеттерін көргендей болдым. Жол бойы осындай аяулы жанды жар еткен Жаратқанға сансыз шүкіршілік айтумен болдым.
![]()
Қазіргі кезде анам немерелерінің ортасында, «қолын жылы суға салып» отыр десем болады. Өз бақытын, қуанышын өзі өмірге әкелген перзенттерінің қылығынан, қызығынан іздейтін анамыз – барлығымыздың амандығымызды, бақытымызды Құдайдан күніне неше рет сұраса да, жалықпайды. Мұндайда Мәриям Хакімжанованың өлең жолдары еске оралады:
Қиындық көрмей өмірден,
Өмірдің құнын кім білген?
Махаббат таппай көңілден,
Көңілдің құнын кім білген?.
Анам келер күндердің жақсылығынан үмітін үзбей, өткенге салауат айтып отырады. Сондай бір кездері былай деді: «Бұл өмірде балаларыңның жан-дүниесін танып-білудің, әрқайсысының сана-сезімімен санаса келіп, олардың жеке-дара өзгешеліктерін түсіне білудің маңызы айрықша. Ол – әрине, өзара қарым-қатынас жасау, сыйласу барысында анықталатын қасиеттер. Өмірдің бір орында тұрмайтыны белгілі. Кімнің кім екенін кескін-келбетіне қарамай-ақ, ісінен де білуге болады.
Жолдасым Жұмағали – кез келген жанмен тіл табыса білетін, ағат айтқан бір сөзі, жаңсақ басқан бір қадамы жоқ азамат. Өтініш, тілегіңді кешеуілдетуі – асығыс шешім қабылдауға, ол кісі туралы теріс пікірде болуға негіз емес деп санайтын. «Өйткені, оның әртүрлі себебі бар болуы мүмкін. Ал адамдардың кейбірі сылтау-себеп айтуға ұялады, тіпті арланады. Кінәсіз бола тұра ақталғысы келмейтіндер де, «менің адалдығыма сене ме, сенбей ме, өзі білсін !?» дейтіндер де бар. Оның бәрі – адам жанының күрделілігінен. Оны ешкім терең түсініп болмайды. Осы есіңде болсын», –деп, жиі ақылын айтып отырады.
Жүсіп Баласағұни айтқан екен :«Кісі танымақ болсаң, ісіне қара». Адамның уәдесінде тұра білуі, өзгеге жақсылық жасауы, малға да, жанға да мейірімді болуы, жомарттығы, кеңпейілділігі, қарапайым, мәдениеттілігі, еңбекқорлығы – оның қандай адам екенін айтқызбай-ақ танытады. Өскен ортасы мен алған тәлім-тәрбиесінен де мол мағлұмат береді. Қарапайым жүргізуші болса да, бойынан аталған қасиеттердің бәрі де табылатын. Өр тұлғалы азаматтымның көзі тірісінде мен жұбайлық өмірдің барлық қызықшылығын көрдім. Қиыншылық та болды, бірақ асқар таудай отағасым көбіне маған салмақ салмауға тырысатын. Өте бауырмал болды, бауырларына деген ықыласы мен сүйіспеншілігі бөлек еді. Қайынағам мен Жұмағалидың жас айырмашылығы 2,5 жас болды. Құдіреттің күшіне таң қалмасқа не шар!?.. Екеуінің дүниеден өту аралығы да 2,5 жыл болып шықты. Ердің жасы елуге де келмей, ағалы-інілі екі азамат 47 жастарында жарық дүниемен қош айтысты. Жалпы Жұмекеңнің барлық бауырлары жастай дүние салды. Қарттықтың шапанын кию несібесі бұйырмады. «Көрмей кеткен қызықтарын арттарындағы балаларына берсін!» – деймін. Жасағанның жазуы осылай болған шығар дейміз ғой баяғы...
Салиқалы азамат боп жетілген, бір кездегі қарапайым жүргізуші Жұмағали – бұл күндері ел-жұртына қадірменді, көлеңкесі мол дараққа айналды. Оның бойындағы асыл қасиеттері – әкесінің үлгісі мен ана тәрбиесі, өзінің адал еңбегі, онан қалды, өзінің қабілет-қарымы, тынымсыз қарекеті арқылы шоғырланған еңбектің жемісі екеніне өз басым куәмін. Ол өзіне жүктелген қай іске болмасын терең түсініп, алаңсыз белсене кірісті. Тапсырылған қай жұмысты да мүлтіксіз атқаруға барын салды. Осы қарапайым адами қасиетінің жемісі – бүгінгі күндері нәтиже беріп тұр. Өзі игілігін көрмей кеткен жақсы істері «ендігі жерде ұрпақтары арқылы жалғаса бергей!» – деп тілеймін.
Өзінің жақындарын қиындықтардан, аурудан қорғап қалу ниеті барлық аналарға тән. Осындай жағдай бола қалса, олардың әрқайсысы қиындықты жеңілдету үшін, қолдан келгеннің бәрін жасайды. Мен – сол баласы үшін аянбаған аналардың бірімін. Балаларымның бәрі ер жетіп, кәсіптік тұрғысынан алғанда да, сондай-ақ отбасы және жеке бастарында да бақуатты адамдарға айналды. Тұнығымның алды Ләззат өмірден өз орнын тауып, басқаларға да жол көрсете білді. Әпкелік қамқорлығын бауырларына аяған жоқ. Бүгінде Ләззат –үлгілі қыз, сүйікті жар, аяулы ана болумен қатар, өз кәсібін де дөңгелентіп отырған іскер әйел. Балабақша ашу ісінде алғашқы қарлығаштардың бірі болған Ләззатым бүгінде балаларды қуанышқа бөлеп, ата-аналардың сенімінен шығып жүр. Екінші қызым – Жанат та әпкесінің жолын қуып, кәсіппен айналысып жүр. Ал, ұлдарым Қанат, Қайрат, Таңат пен Талғат – бәрі де бір-бір саланың мамандары.
Менің шешем менің кішкентай кезімде о дүниелік болған. Өзімнен кейінгі інім Сәкен емізулі сәби болатын. Әкем екінші рет үйленіп, мені бауырларының қолына жіберді. Мен Ғалиасқар мен Зейнелдің қолында тәрбиелендім. Үлкені Ысқақов Зейнел қазіргі Нағи Ілиясов (бұрынғы Карл Маркс) ауылында бас экономист болып қызмет атқарды. Жеңгелерім де көргені көп, тәрбиелі. Құдайдан сұраған жандар еді. Сол ағаларым мен жеңгелерім мені өз қыздарындай етіп тәрбиеледі. Өздері де – бейнетті көп көрген жандар, мені өгейсіткен жоқ. Осы жерде бізге көп көмегі тиген жандардың ішінде Сыздықов Нұрділдә мен зайыбы Сыздықова Әнипаның кенже балам Таңатқа жер бергендігін, ал Сыздықов Жайсаңның балаларыма көп жәрдемі тигенін атап айтып, оларға алғысымды білдіргім келеді. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген бар ғой. Жақсылықтары бір Алладан қайтсын!»–деп, анам Күләнда естелікке толы шақтарын бізге айтып берді.
Анамның нағашы жағынан туыстарын біз кездейсоқ жағдайда, 20 жылдан кейін барып таптық. Қоғамдық орындағы әңгімеден әңгіме туындап, Данияр деген жездем бізді тауып алды. Ол кісі – менің анамның бөлесі Күләштің жолдасы. Оларды әкем көзі тірісінде көрген емес. Тек әкемнің қырық күндік асында күтпеген жерден табыстық. Сол уақытқа дейін ол кісілерді білмедік. Данияр Сүттібаев – өте салиқалы, білімді де білікті жан екен. Күләш апам сол кездері педагогика саласында қызмет ететін еді, ал апамның құрбысы Әлима Жақыпқызы педагогикалық училищенің директоры қызметінде жүрді. Маған қолдау көрсеткен кісілердің ішінде Әлима апайым да бар болатын.
Туыстық қарым-қатынасты халқымыз қашанда жоғары қойған. Әйгілі ағартушы Ыбырай Алтынсарин атамыз: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады»,– деген болатын. Сондықтан, бала тәрбиесінде туыс-туғандарға деген мейірімділік, жанашырлық көрсетіп тәрбиелеу – басты міндет. Себебі, туысқандық қарым-қатынасты нығайту – дінімізде уәжіп, ал олармен қарым-қатынасты үзу – дінімізде қатаң тыйым салынған істерден болады. Ешкім де туысқан-туғансыз, ағайынсыз емес. Барлығымызда да жақын тартар ағайын, туыстарымыз бар. Ағайынның көп болғаны жақсы. Біз қазір әкемнің бауырларынан тараған барлық ұрпақтарымен және анамның туыстарымен де қатынасып тұрамыз. Бір-бірімізді үздіксіз іздеп, хабарласып, кездесіп тұрамыз. Балаларым Адина, Ердәулет, Бекдәулетке бауырмалдық, туыстық қарым-қатынас жайлы үнемі айтып отырамын. Алла қаласа, немерелерім мен шөберелеріме де айтамын.
Бауырмалдық жайында айтылса, бірден ғазиз әкем есіме түседі. Әкем – өте бауырмал кісі еді. Бауырларының барлығына жағдай жасап, көмектесуге дайын тұрды. Ондайда әкем: «Туысқаны – аз елдің ерлігі зая, Тілеуқоры – жоқ ердің еңбегі зая» дегенді дана халқымыз бекерге айтпаған, қызым! «Туысы бір түртпейді, Түбі бір кетпейді» деген, туыспен сыйласа білген жөн. Тіпті, алыс жамағайын болса да, ішке тартып, құрметіңді көрсет! Аралас-құралас бола біл! «Адамның күні адаммен» деген бар ғой, бауырмалдықтың, көпшілдіктің тек пайдасы тиеді», – деп ақылын көп айтып отыратын.
«Қырық рулы ел, қарға тамырлы қазақпыз» дейді халық даналығы. Бұл – қазақтың аралас-құралас, алыс-берісті, құда-жегжат, жұрағаттығын аңғартатын сонау іргеміз сөгілмей, қаймағымыз бұзылмаған заманнан жеткен ұғым. Алысты жақын, жақынды бауыр тұтқан туыстық желіні үзбеген, береке-бірлікті бұзбаған. Үлкені сөз бастаған, кішісі ағаның сөзін қостаған. Осылайша, ұйып, ғұмыр кешкен халықпыз.
Өткен күндер елес болып қалса да, бір сәт күнделікті күйбең тірліктен жабыққанда, мұнтаздай таза күлімдеген асыл әкемді, жанарынан от ұшқыны жылтылдаған, мейірімге толы жүзі есімнен кетпей, ақ жарқын жанды сағынышпен жиі еске аламын. Өйткені, әке мен бала жалпы, ата-ана мен ұрпақ арасындағы жүрек сезімінің жан мен рух байланысында – махаббат пен мәңгілік өмір жатыр! Әке, Сіз бізге мәңгілік өмір сыйлап жатырсыз! Рухани күш-жігері арқылы қиыншылықтарға мойымай жеңе білген адамдар өмірі, үлгі алуға тұрарлық әкелер өмірі – бізге мәңгі үлгі болып қалатынын айтқым келеді. Бәлкім, «әкелер мәңгілігі» деген осы болар?!.. Иә, әке-шешесін құрметтеп, өткеннің естеліктерін ескере жүрер есті ұрпақ берсін барша адамзат баласына! Мамыкова Ләззат Жұмағалиқызы