Баймұхамбет Болат

Рейтинг:

Саңлақ спортшы, талантты бапкер

      «Спорт деген бір сиқыр...» демекші, спорт – денсаулық кепілі ғана емес, бірліктің, татулықтың кепілі. Оның дәлелі, әлемде қандай жағдай болса да, спорттық додалар тоқтап қалған емес. Әр ел өз ұландарының шашбауын көтеріп, байрақты бәсекелерде өз елдерінің әнұрандарын шырқатып, әлемге танылып келеді. Бұл үрдістен қазақ елі де шет қалып қойған жоқ, алтын күн шапақты көк туымызды әлемдік ареналарда желбіретіп, тыңдаған сайын қуат пен жігер беретін әнұранымызды әлемдік ареналарда шырқатып, қазақ дейтін ел бар екенін, оның ұлылығын, талантты ұл-қыздарын танытып келеді. 
      Бала тәрбиесі кезінде талабы таудай өреніне «еліңнің азаматы бол» деп бата берсек, спортқа жақындығы бар, көзінен жалын ойнап тұрған талантты ұл-қызына «Қазақ елінің көк туын биік желбірететін спортшы бол» деп ағалық ақылын айтып, таңдайдағы тәтті тілектері мен ниеттерін білдіріп жатады. Қазақ «Ұлы ел» екенін сан мәрте мойындатты да. Оны біз кітап парақтарын ақтарған тарих беттерінен білеміз. Десек те, тәуелсіздік алғалы қазақ елінің жалауын желбіретіп жүргендердің көш басында спортшыларымыз тұр десек, артық айтқандығымыз емес. Қазақ ұландары шаршы алаңда болсын, тотами төрінде болсын, басқа спорттық жарыстар мен белдесулерде болсын жеңіс тұғырынан түсіп көрген емес. Спортшының жеңіске жетуінің арқасында тәлімгерінің тынымсыз еңбегі, жаттықтырушысының табандылығы жатыр. Біздің бүгінгі мақаламыздың кейіпкері қазақ спортының өркендеуіне үлесін қосып, талай тұлпарды аламанға қосқан талантты жаттықтырушы, спортшы – Баймұхамбет Болат Рахымжанұлы. 
      Талай спортшының талант бұлағының көзін ашқан Болат Рахымжанұлы 1948 жылдың тамыз айының 23 жұлдызында Алматы облысына қарасты, Сарқан ауданы, Қарауылтөбе ауылында дүниеге келді. Топырағында табан ізі қалған талай қайсар ұлдардың, батырлардың рухын бойына сыйдырып, жасынан спортты жанына серік етіп, еңбекпен шыңдалып шымыр болып өскен ол 1967-1970 жылдары Владивосток қаласындағы Тынық мұхиты әскери-теңіз флотында теңізші (моряк) болып Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келді. 
      Бұлшық еті бұлтылдап тұрған жас жігіт әскери борышын өтеп жүріп, бокспен шұғылдана бастайды. 1970-1974 жылдары Алматы қаласындағы Қазақтың мемлекеттік Дене шынықтыру институтында оқып, жоғарғы оқу орнында жүріп, бокстан спорттық дәрежесін қорғайды. 
      Қашанда ертеңгі күнге ұмтылып, өткізілген іс-шаралардың бел ортасында жүретін студент институт қабырғасында жүріп те шаршы алаңда мықтылармен жарысқа түсіп, сан мәрте жеңіс тұғырына табаны тиеді. Жоғарғы оқу орнын бітіріп шыққан соң, Болат Рахымжанұлы өзінің алғашқы еңбек жолын Талдықорған облыстық оқу бөліміне қарасты балалар мен жастар спорт мектебінде бокстан жаттықтырушы болумен бастайды. 
      Жаттықтырушы жұмысының негізгі мақсаты – жарыстарда жеңіске жете алатын жоғары дәрежелі спортшыларды дайындау. Жаттықтырушы үшін оқушының жеке тұлғасына құрмет басты орында. Спорт жаттықтырушысы қол астындағы балаларға қамқор, шыдамды және әдепті болуы керек, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, жауапты болуы тиіс. Спортқа деген сүйіспеншілік, мақсатшылық, шыдамдылық, әділеттілік, оқушыларының жетістіктеріне қарқынды дайындық, өзін-өзі жетілдіруге ұмтылу – мұның бәрі жаттықтырушыға тән қасиеттер. Жас шыбық секілді жас баланың сынып кетпей, шыдамды болуына, мақсатшыл, еңбекқор, өжет мінезіне жаттықтырушы ұстаздың еңбегі орасан. Өзіне сеніп тапсырылған әр ата-ананың көзінің ағы мен қарасындай болған перзенттерін спортқа үйретіп қана қоймай, өмірлік өжет тұлға, намысты, жігерлі жігіт етіп тәрбиелеу – Болат Рахымжанұлы басты мақсаты. 
      Бапкердің талантты шәкірті Берік Оқбаев бокстан 1976-1977 жылдары Қазақ ССР-ның екі мәрте жеңімпазы, 1977 жылғы КСРО біріншілігінің күміс жүлдегері атанып, КСРО спорт шебері дәрежесін қорғаумен қатар, бокстан КСРО жастар құрама командасына мүшелікке үміткер болып та тіркелді.
      Өз ісіне тиянақты, білікті бапкерді спорт басшылары аяғын жерге тигізбей іліп әкетіп, 1979 жылы Талдықорған облысының аға жаттықтырушысы қызметіне тағайындайды. 1979-1983 жылдар аралығында қажымай-талмай еңбек ете білген Болат Рахымжанұлы бапкерлік тәжірибесімен қатар, облыстың спорт саласында да жетістіктерге қол жеткізіп, ел мерейін үстем ететін, тұяғы тасқа тисе от шығатын тұлпардай, мықты-мықты жігіттерді даярлап шығарды. 
      «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген, Болат Рахымжанұлының тәлімін көріп, бокс тактикасы мен ұрыс тәсілдерін меңгерген тағы бір шәкірті Андрей Сауткин 1982 жылы Қазақ ССР біріншілігінің Күміс медалін жеңіп алып, бокстан КСРО спорт шебері атанды. Сонымен қатар, 1983 жылы Пенза қаласында өткен «Еңбек резервтері» ерікті спорт қоғамының жарысында тепсе темір үзетін тегеурінді шәкірті Рамиль Мұратов Алтын медаль, Қияз Тілеукенов Күміс медальдарды жеңіп алып, елге абыроймен оралды. 1996 жылы шәкірті Камиль Мұратов Қазақстан Республикасының біріншілігінде Күміс медальды омырауына тағынып, Қазақстан Республикасының Спорт шебері атанды. Бұл да болса, әр шәкіртінен үлкен үміт күткен, жаттықтырушы-ұстазының еңбегінің далаға кетпегені еді. 
      Спортпен, оның ішінде бокспен жаны егіз Болат Рахымжанұлы тек талантты ұландарды тәрбиелеп қана қоймады, өзін де үнемі дамытып, жетілдіріп отырды. Ол 5 «КСРО спорт шебері», 3 «Қазақстан Республикасының спорт шебері», ондаған спорт шеберлігіне үміткер спортшыларды даярлап шығарды. 
      Қай жерге аяқ басса да, қандай істі қолына алса да қиындығы мен кедергілеріне қарамай, бойына қан жүгірте білетін маман қай саланың сұранысына ие емес пе?! Оның үстіне өзінің іскерлігін, спорт саласындағы толағай жетістіктерімен дәлелдей білген Болат Рахымжанұлын облыс басшыларының ұйғарымымен 1983 жылы Талдықорған облыстық Спорт және Туризм басқармасына қарасты Талдықорған қаласындағы олимпиадалық резервтер балалар мен жастар спорт мектебіне директор етіп тағайындайды.
      Спорт саласын жетік меңгерген маманның мектептегі әртүрлі спорт саласына білімді де білікті мамандарды, бапкерлерді тарта отырып, мектептің материалдық базасын нығайтуы, мектеп түлектерінің әртүрлі жарыстарда топ жаруына жол ашады. 
      Болат Рахымжанұлы басшылық қызметте болған жылдары бұл мектептен 4 «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері», 50 «КСРО спорт шебері», 1 «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шеберін» тәрбиеленіп шығарды. 1984 жылы осы спорт мектебінің түлегі КСРО спорт шебері Алексей Логинов ( бапкері Анатолий Сальков – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы) ауыр атлетикадан КСРО біріншілігінің Қола жүлдесін жеңіп алып, алғашқы Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. 
      Қарапайымдылық шекпенін үстінен тастамаған Болат Рахымжанұлы өзінің кіндік қаны тамған, балалығының куәсі болған туған ауылын ешқашан естен шығарған емес. Қашанда спорттың дамуы үшін аяғын кем алмайтын азамат спорт мектебінің басшысы ретінде мамандармен кеңесе отырып, ауыл балаларының жеңіске деген ерекше құштарлығын, күреске деген бейімділігін ескере отырып, 1990 жылы Қарауылтөбе орталау мектебі базасында Талдықорған облыстық күрес мектебінің еркін күрес бөлмесін ашып, күрес кілемі мен күрес жабдықтарын бөледі. 
      Ауылда спорт саласына бас болып жүрген Асқар Әбдірашевті жаттықтырушы етіп тағайындап, осылайша боламын деген баланың белін буып, шабамын деген жігітке ат, жанамын деген жүрекке от береді. Жүйрікті жүйрік танитыны секілді, аяқ алысына қарап болашағынан үлкен үміт күтетін спортшы болатынын көз тани білетін Болат Рахымжанұлының үміті жерде қалған жоқ. Кейіннен сол шағын ауылдағы спорт мектебінен еліміздің көк байрағын көкке көтерген Қазақстан, Азия чемпиондары шықты. Сарқан аудандық спорт мектебіне басшылық еткен Ғазиз Серікбаев, еркін күрестен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының бас жаттықтырушысы болып спорт саласында лауазымды қызметтерді атқарған Әсет Серікбаев та аядай ғана ауылдағы шағын спорт мектебінің талантты түлектері еді. 
      Талдықорған қаласындағы олимпиадалық резервтер балалар мен жастар спорт мектебіне Болат Рахымжанұлы басшылық еткен жылдары жеңіс туы төмен түсіп көрген емес. Бұл мектептен талай спорт саңлақтары қанат қақты. Талдықорған Олимпиадалық резервтер мектебінің түлегі, жастар арасындағы КСРО Жеңімпазы Игорь Дупиков спорттың классикалық күрес түрінен 1994 жылы Жапонияның Хиросима қаласында өткен Азия ойындарының Күміс жүлдесін ұтып, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері спорттық дәрежесін қорғады. 
      1993 жылғы Атланта қаласында өткен XXVI Жазғы олимпиада ойындарына осы мектептен екі спортшы қатысты. Оның бірі 1994 жылы Хиросима қаласында өткен Азия ойындарының жеңімпазы, еркін күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген Халықаралық дәрежедегі Спорт шебері Мәулен Мамыров (Бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы – Аманжол Бұғыбаев) Атланта Олимпиадасының Қола медалін иеленсе, 1992 жылғы ТМД елдерінің жеңімпазы, бокстан Халықарадық дәрежедегі Спорт шебері және әскерилер арасындағы әлем чемпионы Михайл Юрченко (бапкері, Қазақстан Рсепубликасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы – Жұмабек Өмірзақов) болатын. 
      2000 жылы Австралияның Сидней қаласында өткізілген XXVII Жазғы Олимпиада ойындарында Мәулен Мамыров екінші рет қатысып, төртінші орыннан көрінді. Шәкірттерінің жеткен жетістіктері бапкерлердің төккен тері мен әр баланың бойындағы табиғи талантын тамыршыдай тап басып, дұрыс бағыт-бағдар беріп, баптай білуінде жатыр. 
      Аға буынның ізін басқан жас спортшылар күрестің классикалық түрінен ҚР Спорт шебері, жастар арасындағы Әлем чемпионы (Словения, 1997 жыл), Мәскеу қаласындағы 1998 жылы өткен І Жастар ойындарының Күміс жүлдегері Айдын Сәрсекеев, дзюдо және самбо күресінен Қазақстан Республикасының Спорт шеберлері 1997 жылы Ұлан-Батыр қаласында өткен Азия біріншілігінің Қола жүлдегерлері Ержан Аязбаев пен Қайрат Жармұхаметов, еркін күрестен ҚР спорт шебері Ғазиз Серікбаев, Медет Өтеғалиев, Жасұлан Жәменов, Аслан Жақсыбеков, классикалық күрес шеберлері Мұхамет Нұғманов, Азамат Қалиев, Қуат Нұрбеков, Дәурен Алдоңғаровты спорт мектебінің талантты түлектері деуге болады. 
      Ерсектер арасындағы 1999, 2000 жылдардағы екі дүркін Азия Чемпионы, 2003 жылғы Франция қаласында өткен жарыста Әлем кубогінің иегері, Түркия елінде өткен бүкіләлемдік студенттер ойындарының жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері – Марғұлан Әсембеков (бапкері ҚР еңбек сіңіріген жаттықтырушысы – Азамат Көкебаев), Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстан Республикасының құрама командасының мүшесі, 1999 жылы Тегеран қаласында өткен жастар арасындағы Әлем чемпионы – Әсет Серікбаев (бапкері, ҚР еңбек сіңіріген жаттықтырушысы – Асқар Әбдірашов), дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шеберлері – Асхат Житкеев пен Мәулен Нұрқасыновты, сонымен қатар басқа да бұл тізімге енбей қалған, бірақ байрақты бәсекелере топ жарған спортшыларды айтуға болады. 
      Одан кейінгі жылдары спорт мекемелерін қайта жабдықтауға байланысты Олимпиадалық резервтер спорт мектебі таратылған соң, Болат Рахымжанұлы Талдықорған қаласындағы №1 Алматы облыстық Олимпиадалық резервтер даярлау спорт мектебіне бокстан аға жаттықтырушы болып ауысады. Спорт саласының үздігі болса да, өзінің оң жамбасына келетін бокста жаттықтырушылық қызмет атқарған жылдары Қазақстан Республикасының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жаттықтырып, даярлап шығарды. 
      Болат Рахымжанұлының тәлімін көріп, жаттығуынан өткен жеңімпаздар: Бек Збасов (Атбасар қаласы, 2001 жыл), Юслан Марасилов (Атбасар қаласы, 2001 жыл), Нұрлан Сұлтанғазиев (Астана қаласы, 2003 жыл), Серікбол Назарбек (Талдықорған қаласы, 2005 жыл), Асхат Садықов (Қызылорда қаласы, 2007 жыл), Ілияс Жортуылов (Тараз қаласы, 2011 жыл), Ерасыл Серіков (Екібастұз қаласы, 2013 жыл, Өскемен қаласы, 2014 жыл), 2015 жылғы Кинг-бокстан ауыр салмақтағы Азия чемпионы Айдын Әбдірахманов пен 2016 жылғы бокстан халықаралық «Жетісу» кубогі турнирінің Жеңімпазы болып, Қазақстан Республикасының спорт шебері дәрежесін қорғаған Ерасыл Серіковтер еліміздің бетке ұстар спортшылары. 
      Болат Рахымжанұлы спорт саласындағы сіңірген еңбектері бағаланып, түрлі деңгейдегі марапаттарға, жергілікті әкімдік, спорт саласының басшылығы мен басқармалары тарапынан бірнеше мәрте Құрмет Грамоталарымен және Алғыс хаттарымен, мерекелік медальдармен марапатталды. Атап айтар болсақ:
      1991 жылы «ССРО дене тәрбиесі және спорт үздігі» төсбелгісі;
      1991 жылы «КСРО Дене шынықтыру және спорт саласының озаты» төсбелгісі;
      1992 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы;
      2013 жылы «ҚР дене тәрбиесі мен спортын дамытудағы еңбегі үшін» құрметті атағы;
      2023 жылы «Жетісу облысы, Сарқан ауданының Құрметті азаматы» атағы.
      Саналы ғұмырын қазақ спортының дамуына арнаған Болат Рахымжанұлы 2011 жылы құрметті зейнет демалысына шыққан соң да 2015 жылға дейін сол мектепте жаттықтырушы болып еңбек етіп, жас жеткіншектерді спортқа баулиды. Одан кейінгі жылы отбасы жағдайымен Алматы қаласына қоныс аударған талантты спортшы, білікті бапкер жаттықтыру саласынан қол үзген емес. Спортты жетістікке жеткен, ұстаз тәлімін мойындаған сала мамандарының өтінішімен әлі күнге шәкірт тәрбиелеп келеді. 
      Жүрегіне иман нұры ұялаған, мұқтаж жандарға әрдайым көмегі дайын тұратын Болат Рахымжанұлы үнемі өзінің білімін жетілдіріп, ғаламторды жиі қарап, спорттық үйірмелерге керекті мәліметтерді алумен қатар, саяси сауаттылығын арттырып, бұқаралық спорттық дамытуға байланысты өткізілген спорттық сайыстардан қалмай қатысып, қоғамдық іс-шараларда белсенділік көрсетуден тайынған емес. 
      Жақсы жанның мерейі де үстем болып, жақсылығын, тәлімін көрген жанның жүрегінде есімі мен еңбегі сақталып қалады емес пе?! Зейнетке шықса да шәкірт тәрбиелеп келе жатқан Болат Рахымжанұлы жайлы, оның олимпиадалық резервтерді дайындап шығарудағы еселі еңбегінің, талантты шәкірттері, олардың жетістіктері туралы бұқаралық ақпарат құралдарында сан мәрте жазылып, көптеген өлеңдер арналды да. Сөзіміздің дәлелі ретінде сол бір өлең жолдарына кезек беріп көрсек.
      Олимпиадалық резервтер дайындайтын мамандандырылған балалар мен жасөсіпірімдер мектебінің ұжымы:
Құтты болсын «елу» деген жасыңыз,
Арта берсін, бақ-дәулет, 
Таусылмасын дәміңіз.
Болат деген атыңыз бекер емес, 
Спортпенен шыңдалған жан-тәніңіз. 
Он бес жылда Сіз басқарған мектептен,
Шәкірттерің әлемге, қазақ елін паш еткен. 
Спорт деген сәйгүліктің ұстап мініп жалынан, 
Аруақ қолдап, көрініп жүр сонау биік мәреден. 

«Елу» деген ердің жасы білгенге, 
Көзінен нұр төгілетін күлгенде. 
Болат аға, сол биікте тұр бүгін,
Елге сыйлы, жомарт жүрек, күн кеуде»
- деп, ағамыздың жетістігі мен оның адами қасиеттерін өлеңге қосып, құттықтап өтсе, еркін күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Саванаев Құсман Мұсағалиұлы кейіпкеріміздің 70 жылдық мерейтойына өлең арнап, былай деп жүрек жарды лебізі мен тілектерін білдіреді:
Ақ тілегін жеткізейін көңілдің,
Иесіз мағыналы өмірдің.
Атыңыз да затыңызға сай, аға,
Болат деген мықтысы ғой темірдің. 

Жүлде алған шәкірттерің баптаған, 
Бокс деген өзіңізбен мақтанам. 
Азияның, Әлем, Олимпиаданың,
Жүлдесін ап еңбегіңді ақтаған. 

Ақты ақ деп бағалайтын ірісің,
Біздерге үлгі сырбаз-жүрісің.
Атағыңды жайды әлемге Мамыров, 
Алып келіп Олимпиада жүлдесін. 

Ауытқымай ақиқаттың жолынан,
Отбасында шаттық болғай молынан.
Жеңгейменен немерені жетектеп, 
Шөберенің су ішіңдер қолынан
– деп, ағасына әрі әріптесіне шынайы ниетін білдіреді. 

Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, Дүйсен Мұхамеди:
Сәрсекенің баласы – Айдын шырақ 
Жетісудан жақында тапқан тұрақ,
Қажымұқан атадай чемпион боп,
Әлемге самғап ұшты бейне пырақ.

Көкірегінде болған соң жүрегі ердің 
Қарсыласты көтеріп жерге ұрдың 
Айналайын анаңнан сені тапқан, 
Қазақ атын аспандатты батыр ұлың.
Көк түріктің ұрпағы жас қабылан,
Көк жалауын елінің желбіреттің. 

Азамат, Досан – бапкер ағаларың,
Мектебі ғой Болаттың, бағалағын.
Түлеп ұшып қолынан сен солардың, 
Енді, міне, Сиднейді жағаладың. 

Мектебінде Болаттың мықтылар көп,
Шыныққан бәрі құрыштай боп.
«Қанат ұшса қатаяр» дейді халқың,
Алдағы келер күнің болсын жарқын.
Үміт артар өзіңе арттағы елің, 
Әкелгендей Сиднейден нағыз алтын!
– деп, батыр болмысты азамат, есімі қазақ спортының тарих тасында қашалып жазылған Болат Рахымжанұлын өлеңге қосса, ауыл азаматы Ермек Иманқұлов:
Болат аға
Өткен күннің артта қалып елесі, 
Тіршіліктің жылжи берер кемесі.
Басыңызға бақ пен ырыс қондырған 
75-тің құтты болсын белесі. 
Бұл белестен аман-есен өтіңіз 
Ойнап-күліп, 85-ке жетіңіз, 
Ар жағында қолын бұлғап ғасыр тұр, 
Сол ғасырға кедергісіз жетіңіз
– деп, жетпістен асса да, жасаған еңбегі ұшан-теңіз, атағы сеңгір бұлттан да биік ағасына ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілейді. 
      Спорт тарихында есімі мен еңбегі алтын әріптермен жазылып қалған Болат Рахымжанұлы отбасында арқа сүйер азамат, асқар тау әке. Жары Мағауия Ахметқалиқызы – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітірген соң, Алматы облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінде ұзақ жыл еңбек етіп, қазіргі таңда зейнектерлікке шықса да қолөнер, тігіншілік бағытындағы еңбекті серік етіп келеді. Республикалық «Жетісу» әмбебап биржасында бас маман болып қызмет атқарған, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Екеуі ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. 
      Үлкен ұлы Алмас – заңгер, әділет полковнигі, заң ғылымының магистрі, самбодан спорт шебері. Өлең жазып, кейбірін нотаға түсіріп, әнін де жазатын қабілеті бар. Ұзақ жылдар бойы Қорғаныс министрлігінде жауапты қызмет атқарды. АҚШ-та, Ресейде білімін жетілдірді. Қазір запастағы офицер. Бірнеше мемлекеттік марапаттарға ие болды. Спортты тастаған емес, әр жерде өтіп жатқан Марафондарға қатысып, 21 км.де өз рекордтық көрсеткішін жаңартты. Жұбайы Диана – заңгер, халықаралық фирмада менеджер, қызы Дария – дәрігер, ұлы Шалқар – дизайнер-сурет мамандығын игеруде, марафондарға қатысып жүреді. Әдия мен Раяна мектеп жасында.
      Екінші ұлы Айдын – жоғарғы білімді полковник шегіндегі мемлекеттік шекара офицері, Алматы әскери институтын ойдағыдай тәмамдап, Москва ФСБ академиясын бітірді. АҚШ, Германияда дәріс алған. Бокстан спорт шеберіне кандидат. Бірнеше мемлекеттік марапаттарға ие болды. Жұбайы Аида – заңгер, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде. Ұлы Заңғар – студент, Назым, Алдияр, Ақназар – мектеп қабырғасындағы оқушылар. Алдияры спортқа жақын, Самбодан жүлделі орындар алып жүреді.
      Уақыт желі үйіре соқса да, жылдарды жылдар жетелеп, ғасыр ауысса да ұрпақ жадынан өшпейтін, халықтың ұлылығын көрсетіп, мәңгіліктігін далелдейтін, ұрпақ жалғастығын арттырып, елдің мызғымас іргесін қалайтын жастарды тәрбиелейтін, ол – бүгінгі Болат Рахымжанұлы секілді тәлімгер-жаттықтырушылар. Сондықтан, олардың тарихтың төрінен, халықтың жүрегінен алатын орны ерекше. Оларға жабылар шапан да алтын жағалы, мінгізелер тұлпар да дарабоз, көрсетілер құрмет те әрқашан биік болмақ.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
27 апреля 2024 12:52
Канат

Болат-Мағауя, еңбектерін жана берсін, ұрпақтарың өсіп өніп бақытты болыңдар. Қанат, Ақыл, Алмас, Олжас, Карим

27.04.2024 
25 апреля 2024 15:46
Асқар

Болат аға, келешек ұрпаққа үлгі болып, абройыңыз асқақтай берсін!

Последние комментарии

31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....
30 марта 2025 19:53
Людмила.
Наши самые дорогие, родные!!! БАХЫТЖАН Рахимжановичь здоровья вам и вашей большой семье! Горжусь, что с вами работала,...
25 марта 2025 23:30
Гульнар
Бүгінгі күні Серікбек пен Гульмира білімділігі мен біліктілігінің арқасында көптеген адамдардың алғысына бөлініп...