КСРО спорт шебері, ҚР Құрметті Спорт қайраткері, Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Қызылорда қалалық «Әкелер алқасының» орынбасары, «Ерен еңбегі үшін», «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» медальдарының иегері
Ұлылықтың басында ұстаз тұрар
«Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз»,-деп Бауыржан Момышұлы бекер айтпаған іспеттес.
Азамат бұл – жүрегі таза, пейілі ақ, өзін де, өзгелерді де сыйлай білетін, елін, жерін қастерлейтін, адамгершілік қасиетті бәрінен жоғары бағалайтын, өзгелерге үлгі бола білген, қысқаша айтқанда жан дүниесі өте бай адам.
Қай жерде жүрсек те бәріміз сыйлы болғымыз келеді. Бірақ біреудің сізді сыйлауына материалдық табыстар негіз болса, біреуге кішіпейілдігіңіз, өзгелерге талантыңыз маңызды болуы мүмкін. Бүгінгі сөз болғалы отырған кейіпкеріміз Ахметұлы Қуандық адамгершілік атты арда қасиетті жанына жалау етіп, қызмет барысында әріптестеріне абыройлы болып жүрген жандардың қатарынан демекпіз. Елдің келешегі, жұрттың болашағы саналатын ұрпақтың білім үйреніп, тағылым алуында ұстаздың алар орны қашанда бөлек. Қадір-қасиеті де ерен, ерекше. Ұстаз деген ұғым кейін қалыптасқанмен, халқымыз ықылым заманнан ел жақсыларын сол ұстаз дәрежесінде алақанға салып ұстаған. Кейін ұрпақты білім нәрімен сусындатқан абзал жандарды «ұстаз» деп атауының өзінде бір мән бар. Ұлт ұстазына айналған арыстар шоғыр-шоғыр болып ел игілігі, еліміздің жарқын болашағы жолында аянбай еңбек ете білді. Қуандық мырза да ұстаздық атты ұлы қызметті өмірлік жанына жалау етіп, сүйіспеншілікпен басталған сүйікті ісін өмірлік мансапқа айналдыра білген ел ардақтысы деп ауыз толтыра айта аламыз.
Ахметұлы Қуандық 1949 жылы наурыз айының 24-жұлдызында Сыр өңіріне қарасты Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылдық округінде (бұрынғы атауы Жамбыл кеңшары, 1 май
ауыл кеңесі) туған. Қарапайым колхозшылар отбасында дүниеге келіп, ата-ана берген тәлімді тәрбиенің негізін өн бойына дарыта білген ел азаматының ата-ана жайлы айтар естеліктері жетерлік. Отбасындағы асқар тау әкесі Жақыпұлы Ахмет 1884 жылдың тумасы. Ескіше сауаты бар ел азаматы болған. Есімі мәшһүр Кете Дәуімшар бидің жиені болған деп те сөз етіледі. Ахмет ақсақал өз кезегінде ел үшін игілігікті іс істеп, Мәдениет каналын 1926 жылы қазылуына сеп болған жан. Одан бөлек, медицина саласынан да хабары болып, мал дәрігерлікпен де айналысатын. Әсіресе, жылқы малдарын емдеп, өзі де пырақтыларды асырағанды жөн санайтын, шабандоз болған. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Ахмет ақсақалдың есімі халық арасында палуандығымен де танылған болатын. Әрдайым жан-жақтылығымен ел арасында біршама істің басы-қасында жүріп, республикаға есімі әйгілі Садықұлы Тажтимен де араласып отырған. Отбасында ағасы Ноғай Жақыпұлы да медицина саласынан хабары болып, адам емдеген деген деректер кезігеді.
Қуандық ағамыздың анасы Оразымбетова Бибіт 1917 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Балалық шағы аталған өңірде өтіп, 1924 жылы қазақ орта мектебінде білім нәрімен сусындап шығады. Болашақ мамандығына бағам жасаған анамыз 1935 жылы
Қызылорда қаласындағы іргелі оқу орыны педагогикалық училищенің студенті атанып, 1939 жылы тәмамдап шығады. Алғашқы ұстаздық жолын Арал қаласында орналасқан Т.Шевченко мектебінен бастайды. 1939-1940 жылдары Қызылорда қаласындағы темір жол бойында орналасқан №6 мектепте ұстаздық жолын жалғастырады. Отбасылық жағдайына байланысты, ағасы обкомда 3-хатшы болып қызмет атқарады. Өз кезегінде мұғалімдердің жетіспеушілігіне байланысты, Жалағаш ауданындағы «Қызыл Жұлдыз» кеңшарында мектеп ашу қажеттілігі туындайды. Аталмыш жерде мектеп ашып, алғаш рет 1945 жылдан КПСС мүшесі атанады. Бастауыш партия ұйымының хатшысы болып еңбек етеді. Ғұмыржолын жас ұрпақ тәрбиелеуге арнап, 39 жылдан астам білім саласында еңбек етеді. Анамыз білім саласындағы ерен еңбегі үшін 1945 жылы «Еңбекте үздік шыққаны үшін», 1957 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін», 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының 50 жылдық мерекелік медалімен, 1965 жылы «Қазақ КСРО халық ағарту ісінің қызметкері», 1970 жылы «За доблетный труд в великий озкомонование 100 летия в дня рождение В.И.Ленина», 1990 жылы «Еңбек ардагері» ,»Ұлы Отан соғысымен» теңестірілген белгісі, бұдан бөлек аудандық, облыстық білім бөлімінің «Құрмет» грамотасымен бірнеше мәрте марапатталады. Әсілінде мұндай ата-анадан тәлімді тәрбие негізін көрген перзенттердің өмір жолында осал болуы мүмкін емес-ті.
Балалық шақтың бала дастанын аталған өңірде өткізген Қуандық Ахметұлы 1955-1966 жылдары Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылында орналасқан №32 1 май орта мектебінде (Қазіргі атауы І.Ж.Қабылов атындағы) білім алып шығады. Заман тынысына қарай мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан жас түлек еңбекке ерте араласып, 1966 жылы мектептің жанынан құрылған бригадада «Күріш» егіп, мол өнімге қол жеткізеді. Іске деген тиянақтылығы мен жауапкершілігінің арқасында ел азаматы аудандық, облыстық, комсомол ұйымының аттарынан арнайы «Құрмет» грамотасына қол жеткізеді. Бұдан бөлек,
ынталандыру сыйлығы ретінде алтын сағатқа қол жеткізеді. Екі жыл өндірісте табанды еңбек етіп, болашақ мамандығына қол жеткізуді місе тұтады. Нәтижесінде ел азаматы 1968 жылы сол тұстағы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1972 жылы институттың түлегі атанып шығады. Алғашқы еңбек жолы ауыл шаруашылығымен байланысты болғаннан болар, Қуандық ағамыз институт жанынан ашылған обкомның қоғамдық бөлімінің «лектор международный» факультетін қоса бітіреді. Қосымша «зоотехник» бөлімін үздік бітірген студенттер қатарынан есімі орын алады. Бұнымен қоса, Орынбор қаласындағы заң институтының тыңдаушысы және 2008 жылы Қорқыт Ата атындағы университеттің спорт бөлімінде білімін жетілдіріп шығады. Әрдайым «үйренсем», «білсем» деген ниетте жүретін ел жақсысы «қандай уақытта, қандай жаста болмасын ниеті бар жанға ештеңе де кеш емес» деп топшылайды. 1974-1975 жылдар аралығында ел азаматы Отан алдындағы борышын өтемек ниетте, Мәскеу қаласында әскер қатарында қызмет атқарады. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт, әскер қатарында жүріп, самбо күресімен шұғылданып, нәтижесінде «КСРО спорт шебері» атанады. Бұған дейін де ол еркін, қазақ күрестерінен спорт шеберіне үміткер болатын.
Ауыл – алтын бесік. Тұлға бойында кезігетін мақсат-міндет, арман-мұрат ұшқыр болса, қандай бел-белестерді болмасын бағындыруға ештеңе де кедергі еместігін Қуандық мырза дәлелдей түскендей. Құрбы-құрдас, дос-жарандармен желдей жүйіткіп, алысып-жұлысып ойнап жүргенде бұның алдағы болашағы жарқын боларын білмеген де еді. Сайын далада еркін өсіп, топырағында аунап өскен ел
азаматы алғаш аудан, кейіннен облыс көлеміндегі додаларға қатысып, күрестен жетістіктерге жете бастайды. Кейде тіптен осы жетістігімен ауыл жастарымен неге бөліспеске деген де ой туындайтын-ды. Анадан дарыған ұлы қасиет болар, ұлық мамандықтың тізгінін ұстаған Қуандық мырза алғашқы еңбек жолына қадам басады. 1972 жылы №32 1 май орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәндерінің мұғалімі болып қызметтік жолына қадам басады. Бүгінгі таңда да мектеп қабырғасы, орта білімді колледждерде, тіптен болашақ маман даярлайтын университет қабырғасында да жүрген ел жақсылары сол баяғы ұстаным бойынша білгенін, түйгенін, түйсінгенін алдына келген әрбір шәкірттің жадына дәнек етуді ниет ететіндігі ақиқат. Әрі бұл жолда шәкірт тәрбиелеумен қатар, өздері де белестерді бағындырып, білім мен ғылым саласында үздік ретінде танылып келеді. Ел азаматымыз да әрдайым үздіктердің қатарынан таныла білді. Әсілінде, алдында отырған әрбір шәкірті онымен мақтана білді десек, артық айтпағандығымыз болар. Әрдайым қоғамдық жұмыстарда бой көрсететін ел азаматы сабақ бере жүріп, 1974-1986 жылдары «Комсомол» ұйымының қоғамдық негізінде «хатшысы» міндетін қатар атқарады. Балаларды ерте жастан еңбекке баулу мақсатында ұстазымыз 1985-1987 жылдары мектеп жанынан бригада құрып, 30 оқушыны мүше етіп, жүгері егеді. Сол тұста 1985 жылы облыс басшысы болып Еркін Әуелбеков сайланады. Елді мекендерді аралап, жай жағдайды білген облыс әкімімен Қуандық мырзаның тілдесуге уақыты табыла кетіп, еңбекке құштар, жоғары білімді, комсомол ұйымының басы-қасында жүрген жас маманнан күтері көп екендігін алға тартады. Жоғарыда атап өткеніміздей, ел азаматы спорттан үйірме ашуды еш уақытта ойдан шығарған емес-ті.
Талант – адамның әлеуеті немесе тән әлеуеті. Тарихта халыққа басшылық етіп, әр
салада жаңалықтар ашып, таңдаулы шығармалар мен қызметтер ұсынған дарынды қабілеттер аса жоғары бағаланған. Оларға дұрыс тәрбие берудің алғышарты – дарын иелерін жастайынан таңдай білу. Талабы таудай, қабілет-қарымы мол ізденімпаз жастар көбейіп, адамзат игілігіне үлес қосып жатса, олар ұлтымыз үшін – мақтаныш, еліміз үшін – абырой. Талантты жасқа айрықша назар аудару қажет. Осы бір негізді естен шығармаған ұстазымыз алдына келген әрбір шәкірттің дарынын ұштауға тырысты. Өмірінің 40 жылын спортқа арнаған жан өзі де шәкірт тәрбиелеп, 10 спорт шебері, 30 спорт шеберіне үміткер, 100-ден аса І разрядты балуан дайындап шықты. Қызмет барысында ұстазымыз №2 Балалар спорт мектебінің директоры болып тағайындалады. Оған дейін ұстазымыз мектеп үйірмесінде еркін, қазақ күрестерінен жаттықтырушы, 1972 жылы Жалағаштағы спорт мектебінде бапкер болып қызмет атқарған болатын.
Ұстазымыздың спорттағы жетістіктерін атап айтсақ, Қазақстан Республикасының Құрметті Спорт қайраткері, «ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті» алтын белгісімен марапатталған.
Спорт шеберіне кандитат /КМС/ Еркін, самбо, қазақ күресінен 1966-1976 жылдар облыс құрама командасында күрескен. Институт қабырғасында оқып жүргенде, өзі кезінде қазақ күресінен 7 дүркін облыс чемпионы, 3 рет абсолюттік чемпион болды. Кезінде студенттер арасындағы «Буревестник» коғамының республикалық жарысында 3 дүркін жүлдегер болған, сол кездегі « Спартак», «Еңбек резервтері», «Динамо», «Қайрат», т.б. қоғамының облыстық чемпионы болып, республикада жүлдегер болып оралатын. 1969 жылы Облыстық кәсіподақтар спартакиадасында 14 маусымда туды алып жүрді, «Облыс чемпионы» деген атақ беріп, құрмет грамотасымен, бағалы сыйлықпен марапатталды.
1974 жылғы ауыл-село спартакиадасында Республикалық жарыста Петропавлксіде қазақ күресінен ІІІ орын алып, үлкен жетістікке Қызылорда облысы, Мәдениет аулының палуаны алға шықты. Е.Сымабаев, К.Кенішбаев, М.Аккошкаров, Ә.Өстеміров, Т.Қабатов, Өтеп Маханов және өзі ІІ, ІІІ орынды иемденіп, жеңіс әкелді. Төлеген Жанасбаев «Қайрат» облыстық қоғамының председателі, сол кездегі «Қайрат» аудандық қоғам председателі Құлмұрат Көбеев жеңіске жеткен балуандарды марапаттап, Мәдениет ауылының тұрғындары қатысқан еді. Бұл ұстазымыз Қуандықтың үлкен бапкерлік жеңісі еді. Мәскеу облысының Чехов, Климовск, Гривно, Электросталь, Мытыши «Подолск», Москва қаласында қалалық-облыстық-республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, «Рошал» каласында С.Рошал атындағы халықаралық жарыста ІІ орын алып, самбо күресінен «Спорт шебері» нормасын орындады. 1974 жылы мамыр айының 23-жұлдызында Чехов қаласында Германия мемлекетіндегі Совет армиясының басшысы генерал-армии Ю.Ивановскимен кездесуде сайлауда сөз сөйлеуге ие болып, орыс-қазақ тілінде сөз сөйледі. 1-4 наурыз 2002
жылы Жалағаш ауданында Республикалық чемпионат өткізуге еңбегін сіңірді. Аудан әкімі Н.Жолдасбаев басшылық жасап, кейін де өткізіп отырды. КСРО-ға еңбегі сіңген бапкер Тәуірбек Қарауылтегі, Марат Жакытов, Диханбай Биткезов келіп «жаңа ереже» бойынша жарыс өткізді. Мәдениет ауылынан Д.Жолдасбаев 2 орынды, Төлепберген Кондыбаев жүлделі 3 орынды алды.
Ауылдық советтің председателі болып жүрген кезде бапкерлікті тастаған жоқ, өз қаражатымен оқушыларды жарыстарға апарып жүрді. Сонымен бірге, ұстазымыз мерейін үстем еткен шәкірттерін де әрдайым мақтан тұтып жүреді. Ұстаздан озған шәкірттерін атап айтар болсақ:
Мұстафаев Садық Шоңмұрынұлы – қазақ күресінен спорт шебері. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы. ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, Еңбегі сіңген спорт қайраткері. Дзю-додан Халықаралық дәрежедегі төреші. 3-олимпиадағы қатысушы Бейжің, Лондон.
Жұмағұлов Ахмет – /Спорт шебері/ Р.С чемпионы, Ардагерлер арасында 2 дүркін Республика
жеңімпазы. Тараз қаласында бас бапкер.
Жадаков Уәлихан – /Спорт шебері/ ҚР жүлдегері.
Рахметов Мұсабекұлы Алмат – республика чемпионы, Ташкент қаласындағы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпоны. Ташкент қаласындағы ересектер арасындағы Азия жүлдегері.
Жолдасбаев Арун – /Спорт шебері/ мектеп оқушыларынан Талдықорғанда өткен республикалық спартакиада жүлдегері. Халықаралық Тәйімбет Көмекбаев атындағы турнирдің жеңімпазы.
Асылбеков Аян – облыс чемпионы, Сүлейменов атындағы республикалық турнирдің жеңімпазы, «Қазығұрт» Халықаралық турнирдің жеңімпазы.
Ахметов Нұрсұлтан – облыс чемпионы, Республикалық М.Шәменов, Б.Сүлейменов, Б.Алтынбаев атындағы турнирлердің жүлдегері. М.Сапарбаев атындағы турнирдің 3 дүркін чемпионы.
Тобжанов Еркінбек – облыс жеңімпазы.
Әбиев Нұрхан – облыс чемпионы, Қарағанды қаласында республика жүлдегері.
Ахметов Батырхан – облыс чемпионы, Халықаралық турнир жүлдегері.
Мүсілімов Төремұрат – облыс чемпоны, М.Сапарбаев атындағы республикалық турнирдің жүлдегері.
Әбдікереев Наурыз – /зілтемір/ ДСМ турнирінде облыс чемпионы.
Жақыпов Нұрхан – облыс чемпионы.
Төлеш Мұхамбетжан – М.Шоқай республикалық турнирінің жүлдегері.
Жаппасов Тоқтар – республика жүлдегері, халықаралық турнирдің жүлдегері (Түркістан). І.Өстеміров, А. Шакизадаев, Е. Шыңғысұлы, Н. Талут, т.б. спортшыларды даярлап шығарды.
Ауылдық кеңестің 3 дүркін депутаты, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» медальдарының иегері Ахметұлы Қуандық ағамыз қазіргі таңда Қызылорда қаласының ардагерлер кеңесінің мүшесі, Қызылорда қалалық «Әкелер алқасының» орынбасары, №271 мектептің Ата-аналар комитетінің төрағасы міндетін атқарады.
Кәсіп барысында үздік деп танылған ел азаматы отбасында үлгілі әке. Ұстазымыз өмірлік жарын кезіктіріп, 1971 жылы Ахмет Рыскүл Әбдіқызымен бас қосады. Қуандық мырза мен Рыскүл анамыз алты бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде перзенттерінен он жеті немере, үш шөбере сүйіп отырған бақытты жандар. Әке жолын қызықтап, бүгінде ел азаматының балалары мен немерелері спорттың бірнеше түрімен шұғылданады. Рыскүл анамыз кооператив техникумын тәмамдаған, кейіннен сырттай Жамбыл жеңіс өнеркәсіп техникумында білім алып шығады. Алғашында аспазшы, кейіннен асхана меңгерушісі атанады. Мансаптық жолда тұрмыс қажеттілігін өтеу комитетінің төрағасы, 1 май ауыл кеңесінің әлеуметтік қамсыздандыру маманы бола жүріп, зейнеттік демалысқа қол жеткізді.
Ұлдары Нұрлан – электрик, Бауыржан – бухгалтерия, Ерлан – механик мамандықтарын тізгіндесе, Батырхан – спорт интренатында оқып, кейін Заң институтын тәмамдап шығады. Нұрсұлтан – Қорқыт ата университетінің түлегі, бүгінде полиция қызметкері. Қызы Лаура – Қорқыт Ата университетінің түлегі атанып, анасы оқыған Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжде ұстаздық қызмет атқаруда.
Қорыта айтқанда, Ахметұлы Қуандық білікті білім иесі болып қана қоймай, білімді тәжірибемен ұштастырған, басқару жүйесін жетік білетін іскер маман ретінде қашан да халық көңілінде қалатындығы ақиқат. Сіздей маман әрдайым сұраныста болатынын және еліміздің спорт саласын өрістетуге тың идеялар қоса алатын, нағыз өз ісінің шебері бола беретіндігінің жарқын көрінісі деп білеміз.
Сіз басқарған ұжымның әрбір қызметкері құрметке лайықты. Сізден тәлім алған әрбір шәкірт бақытты демекпіз!