Жұмағалиев Серік Жұмағалиұлы, Бралиева Қымбат Браліқызы

Рейтинг:

Ветеринария саласының ардагері, Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген мал дәрігері

Денсаулық сақтау саласының ардагері

Өнегеге толы ғұмыр


      Дүниеде аз ғұмыр кешсе де, артында өшпес із қалдырған азаматтардың бірі – Жұмағалиев Серік. Оның есімі ұмытылмас тұлғалар қатарында ерекше орын алады. Ел азаматының ғұмыры – адамгершілік, еңбекқорлық пен адалдықтың жарқын үлгісі. Бұл қасиеттер оған қанмен беріліп, жүрегіне ата-анасының тәрбиесі арқылы сіңірілді.
      Серік әкеміздің ата-анасы Жұмағали Ерғалиұлы мен Рахима Есжанқызы – өз дәуірінің қарапайым еңбеккерлері болғанымен, өмірлік ұстанымдары мен адамдық қасиеттері арқылы ерекше құрметке ие жандар. Жұмағали атамыз 1893 жылы Атырау облысының Нарынқұмында дүниеге келіп, ерте жастан еңбекке араласқан. Оның тағдыры тек тіршілік үшін күрес емес, сонымен бірге адамгершілік пен қайсарлықтың айқын көрінісі болды.
      Бала кезінен еңбекқорлығымен ерекшеленген Жұмағали атамыз Каспий теңізінде балықшылар бригадасында жұмыс істеп, өсе келе өз ісінің шебері атанады. Оның қарапайым еңбек жолы адамдарды ұйымдастыра алатын қабілетке ие екенін көрсетеді. Бұл қасиеті оны бригадир, кейінірек колхозда пішен дайындау бөлімінің жетекшісі, сиыр фермасының меңгерушісі болуға жеткізді.
      Анасы Рахима Есжанқызы – жан жылуымен отбасының шырағын жағып, ұрпақтарына адамгершілік пен махаббаттың мәнін түсіндірген ана. Анамыздың бойында кезігетін қайсарлығы мен мейірімі балаларын өмірде дұрыс жолға бағыттауға негіз болды. Кейіпкеріміздің өмірі қысқа болғанымен, оның тағылымы терең. Ата-анасынан алған еңбекке деген сүйіспеншілік пен адалдық қасиеттері оны нағыз азамат ретінде қалыптастырды. Өмірдің небір қиындығына мойымай, отбасылық құндылықтарды сақтау мен ар-намысты биік ұстау – оның ұрпағына қалдырған өсиеті.
      1931 жылдың бір жайма-шуақ күні, Гурьев облысының Исатай ауданы (бұрынғы Новобогат ауданы) Орпа ауылында Серік Жұмағалиев дүниеге келді. Бұл кішкентай ауылдың қойнауында талай талант пен еңбекқор жан өсіп-жетілген, бірақ кейіпкеріміз Серік Жұмағалиевтің тағдыры ерекше болатын. Ол бала кезінен-ақ ұқыпты, еңбекқор болып, білімге деген құштарлығымен ерекшеленді.
      1939 жылы Серік Жұмағалиев алғаш рет Жданов бастауыш мектебінің табалдырығын аттады. Ол кез соғыс алдындағы қиын-қыстау жылдар еді. Соған қарамастан, ол қиындықтарға мойымай, білім жолында табандылық танытты. Оның мектептегі жетістіктері өзгелерге үлгі болып, 1948 жылы Гурьев қаласындағы орта мектепті үздік тәмамдады.
      Орта мектептен кейін, 1948 жылы Алматы зооветеринарлық институтына оқуға түсіп, 1953 жылы осы оқу орнын бітіріп шығады. Бұл – Серік Жұмағалиевтің ауыл шаруашылығы саласындағы жарқын болашағының алғашқы қадамы еді. Жас маман оқуын бітірген соң, туған жеріне оралып, Гурьев облысының ауыл шаруашылығы басқармасының жолдамасымен Новобогат ауданына бас мал дәрігері болып тағайындалды.
      1950 жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы елдің экономикалық тірегі болатын. Әсіресе мал шаруашылығы дамуының басты бағыттарының бірі еді. Серік Жұмағалиев осы салада белсенді жұмыс істеп, аудандағы малдың қысқа төзімділігін арттыру, төл басын егіздендіру, Еділбай қойын бейімдеу жөнінде ғылыми жұмыстармен айналысқан. Осынау кең-байтақ далада төрт түліктің бабын тауып, ұрпақ игілігіне қызмет еткен ел азаматының еңбегі ешқашан ұмытылмайды.
      1957 жылы ауданның әкімшілік құрылымы өзгеріп, Серік Жұмағалиев өндірісте өз жобаларын іске асыру мақсатында ол Бақсай ауданына қарасты Чапаев атындағы Қаракөл қой совхозында бас мал дәрігері болып қызметін жалғастырды. Осы аралықта ел азаматы тек мал шаруашылығымен айналысып қана қоймай, жас мамандарға ақыл-кеңес беріп, өз ісінің шебері ретінде танылды.
      Серік Жұмағалиевтің еңбекқорлығы мен кәсіби шеберлігі оның беделін арттырып, 1958 жылы Гурьев облыстық ветеринарлық-бактериологиялық зертханасының басшысы қызметіне тағайындалуына себеп болды. Қызмет барысында ел ағасы жаңа биіктерге жетіп, ғылыми жетістіктерді іс жүзінде қолдану арқылы ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосты.
      1960 жылдың тамыз айында Облыстық ауыл басқармасының шешімімен жас маманға жаңа міндет жүктелді. Қой өсіру өндірісіне деген сұраныстың артуы оны бұрынғы қызметінен босатып, Қаракөл қой совхозына бас мал дәрігері ретінде тағайындады. Қызметі жауапкершілігі ауыр әрі біліктілікті талап ететін жауапты іс болатын. Төрт түліктің саулығы мен өнімділігін арттыру жолында ол өмірінің соңғы күніне дейін қажымай еңбек етті.
      1961 жылы Ленинградтың мал дәрігері институтында, ал 1969 жылы Алматыдағы малдәрігерлік-зоотехникалық институт жанындағы білім жетілдіру курстарында оқып, білімін үнемі толықтырып отырды. Бұл оның тек маман ғана емес, өз саласының зерттеушісі, ізденпаз тұлға екенін көрсетеді.
      1963 және 1968 жылдары КСРО-ның бүкілодақтық халық шаруашылығы (ВДНХ) көрмесіне қатысып, 2 рет күміс медальмен марапатталды. Ел азаматы әр жыл сайын аудан, облыс, қала деңгейінде Мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтарды иеленіп, ел арасында құрметке бөленді. Бірақ оның ең жоғары марапаты – халықтың алғысы мен сенімі еді. Сол саладағы әрбір шопан мен шаруа қожалықтарының иелері оның есімін ілтипатпен атайтын.
      Ел азаматы жайлы бірге жолдас болған ел ардақтыларының айтар жылы сөздері жетерлік. Соның бірі бірге қызметтес, жан жолдас болған марқұм Сүндет Дауылбайұлы еді. Ол өз естелігінде: 
      «1948 жылы Алматы малдәрігерлік-зоотехникалық институтында Серік Жұмағалиұлымен бірге оқып, жақсы жолдас болдық. 1953 жылы институтты тәмамдаған, сол кездегі облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы Рафаель Ахметов ауыл шаруашылығы министрлігіне барып, облыста жоғары білімді мал дәрігерлері жетіспейтінін айтып, басқа облыстарға бөлініп қойған зооветинституттың мал дәрігерлік факультетін бітірген облыстың 12 жігіті мен басқа облыстың 2 қызын сұрап алып келді. Біз Серік екеуміз Новобогат ауданына бөлініп, ол аудандық малдәрігерлік емхананың меңгерушісі болды, ал мен аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің бас мал дәрігері болып орналастым. Бірге оқып, бірге еңбек ету екеуміздің достығымызды одан әрі нығайта түсті.
      Ол кезде ауданда 30 мал шаруашылығы, 4 балық колхозы болды. Машина жоқ, бүкіл Нарын құмы мен теңіз жағалауында орналасқан 34 колхозды ат пен түйеге мініп аралап, жұмыс жасадық. Өндіріске ғылыми жаңалықтар енгізумен айналысып, қойды қолдан ұрықтандыратын маман-техниктер даярладық. Қазақы қойды қаракүлге айналдырумен шұғылданып, қаракөл қойының төлдегіштігін арттыратын СЖК препаратын жасап, облыстың бірнеше шаруашылығын қамтамасыз еттік.
      1957 жылы Новобогат ауданы таратылып, Бақсай (қазіргі Махамбет) ауданына қосылған кезде, колхоздар орнына үш ірі совхоз құрылды. Серік Чапаев атындағы совхозға бас мал дәрігері болып тағайындалды. 1960 жылдан өмірінің соңына дейін «Новобогат» совхозында 14 жыл бойы бас мал дәрігері болып еңбек етті. Ол шаруашылықты дамытуға, табысты молайтуға, ауыл еңбеккерлерінің тұрмысын жақсартуға аянбай еңбек етті. Оның қажырлы еңбегі жоғары бағаланып, 1970 жылы Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Призидиумының шешімімен «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мал дәрігері» атағына ие болды.
      Серік – қарапайым, адал, қайырымды азамат еді. Ол барын кісіден аямайтын, ақкөңіл, жұртқа қамқор жан болатын. Сонымен қатар жұмысында талапшыл, қатал еді. Ағайын, жолдас, басшы немесе қызметкер болсын, әділдік үшін турасын айта білетін, өз ұстанымынан қайтпайтын қайсар жан болатын. Бірақ ешкімге зіл сақтамайтын, шынайы туралығымен ел арасында құрметке ие болды. Осы себепті оны замандастары «Серақа» деп ерекше ықыласпен атайтын», – деп жылы лебізін білдірген еді. 
      Бір әкеден тәрбие алып, бір ананың аялы алақанын көріп өскен жалғыз ағасы Бисен Жұмағалиұлы:
      Серігім, жалғыз інім қанат еді, 
      Мінезі шарт сынбайтын болат еді,

      Өмірің қысқа болып сен де кеттің
      Қатарыңда жанып тұрған жанат едің.
      Серікжан ұзақ өмір сүре алмадың,
      Қызығын ұл-қызыңның көре алмадың,
      Балаларың өзіңе тартып туды ма екен
      Оны да қатар жүріп біле алмадың...
– деп өлең жолдары арқылы інісі Серік Жұмағалиұлын еске алатын еді. Оның жүрегіндегі сағыныш, бауырына деген ізгі ойы осы бір өлең жолдарына сыйып кеткендей...
      Өмірдің өлшемі оның ұзақтығымен емес, артына қалдырған ізімен, жасаған игі істерімен бағаланады. 1974 жылдың наурызында Серік Жұмағалиевтің жарқын ғұмыры кенеттен үзіліп, ауыл шаруашылығы саласы зор еңбекқор азаматынан айырылды.
      Ауылдың, Атырау өңірінің көзкөрген қарттары, орта буын ағалары Серік Жұмағалиевтің есімін әлі күнге дейін еске алып, оның адамгершілік қасиеттерін аңыздай жеткізеді. Өмірі қысқа болса да, оның қалдырған ізі – терең әрі мәңгілік. Әділдік пен мейірімділік оның бойына әбден ұялаған. Дүние тар заманда, ел тұрмысы ауыр кездерде ардақты азаматтың шынайы адамгершілігі мен жомарттығы айқын көрінетін. Ол іссапарға немесе демалыс сапарларына барған сайын небір сыйлықтармен, тұрмысқа қажетті заттармен арқаланып келетін. Еш қиналмастан оларды мұқтаж жандарға, ауылдас, ағайынға үлестіре салатын жомарттығы өз алдына бір әңгіме деуге болады.       Серік Жұмағалиев – ақкөңіл де қайсар азамат еді. Оның мейірімі мен ашуы қатар жүретін дейді көзкөргендер. Бірақ ол ашуын ешқашан жамандыққа емес, әділдікке қызмет етуге бағыттайтын. Әділдік үшін жанын беруге даяр тұрып, аудандық, облыстық партия хатшыларына немесе биік лауазым иелеріне турасын айтудан тайсалмайтын. Бетің бар, жүзің бар демей, әділ сөзін айтып, шындық үшін күресуі оның өмірлік ұстанымы еді. Ол біреудің мұңын өз басындағыдай көріп, өзгеге көмектесуден ешқашан бас тартпайтын. Қолындағы барын беруге даяр болатын. Оның осы кеңдігі мен шынайы жанашырлығы ауыл халқының жүрегінде өшпес із қалдырды.
      Серік мырзаның өмір жолы – маңайына мейірім мен әділдік сыйлаудың жарқын үлгісі. Ол қарапайым ауыл өмірінің тіршілігінде жұртқа қамқор бола білді, ауылдастарының жағдайын жақсарту жолында аянбай тер төкті. Оның қажырлы еңбегі мен адал пейілі халық жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Сондықтан да болар, өзі еңбек еткен ауылдың бір көшесі Серік Жұмағалиұлының есімімен аталды. Бұл ардақты азаматтың жарқын бейнесін еске салып тұрады. Ауыл тұрғындары оның еңбекқорлығын, әділеттілігін, адамгершілік қасиеттерін көз алдына елестетіп, өнегелі өміріне тағзым етеді. Көшеге берілген есім – бұл жай ғана белгі емес, кейінгі буынға үлгі боларлық азаматқа деген құрметтің көрінісі. Оның ізі тек сол көшеде ғана емес, жүректерде де сақталатыны сөзсіз.
      Ардақты азаматтың өміріндегі ерекше кезең – 1969 жыл. Бұл – Серік Жұмағалиев пен Қымбат Бралиеваның шаңырақ көтеріп, жаңа өмірге қадам басқан жылы. Бұл қос жүрекке тағдыр қуанышты да, сынақты да қатар сыйлады. Жас жұбайлар бір-біріне тірек болып, адалдық пен махаббаттың жарқын үлгісін көрсетті. 
      Ендігі кезекті ардақты азаматтың өмірлік серігі Қымбат Браліқызының ғұмырдариясына берсек: 
      Қымбат Браліқызы 1939 жылы Кіші жүзден тараған Құлкеш Беріш Бралі қарт пен Қадиша ананың шаңырағында кенжесі болып дүниеге келген. Ата-анадан тәлімді тәрбие алған бойжеткен 7 бауырлары, яғни 4 апасы, 2 ағасымен бірге өскен. Үлкен ағасы Сапаш Ұлы Отан соғысының қатарына алынып, сұм соғыстан қайта оралмаған. Ғұмыры соғыс және одан кейінгі жылдардағы ел басындағы қиыншылықтармен тұспа-тұс келген Қымбат Браліқызы жастайынан еңбекке ерте араласып, ата-анасына көмек көрсетер қолғанаты бола алды. 
      1958 жылы өмірін денсаулық сақтау саласымен байланыстырған ардақты жан, Атырау қаласындағы медучилищені тәмамдайды. Өзі туып-өскен Орпа ауылында, еңбек жолын бастайды. Денсаулық сақтау саласында 1995 жылға дейін жұмыс жасап, құрметті зейнеткерлік демалысқа шығады.
      1969 жылы Жұмағалиев Серікпен шаңырақ көтереді. Ардақты жандар Мереке, Қалыбек атты екі ұл мен Ақмарал есімді бір қызды өмірге алып келеді. Алайда тағдыр олардың жолын ерте қиып, бар болғаны отасқанына 5 жыл болғаннан кейін, жолдасы Серік кенеттен жүрек ауруынан о дүниелік болады. Бұл жас отбасы үшін ауыр соққы болды. Үлкен ұлы Мереке 3 жарым жаста, кіші қызы Ақмарал 4 айлық болатын. 35 жасқа да толмаған жас ана, осылай қас қағымда жарынан айырылады. Серік Жұмағалиевтің өмірден ерте өтуі ауылды да, ағайынды да қайғыға батырып, ел жақынынан айырылғандай күй кешті. Бірақ бұл сынақ Қымбат анамыздың жүрегіндегі мейірім мен табандылықты одан әрі шыңдай түсті. «Қалған өмірімді балаларыма арнаймын» деп шешкен ана, барлық күш-жігерін перзенттерінің қатарынан кем болмай, еліне елеулі, халқына қалаулы болып өсіп-жетілуіне арнайды. Үш баласына білім беріп, оларды отбасылы етті. Балалары да әкесінің атына кір келтірмей, әрқайсысы ел мақтанар азамат пен азаматшаға айналды. Олар да ата-ана аманатына адалдық танытып, әулет дәстүрін сақтауға күш салып келеді. Осылайша үш бала да өсіп-өнді, жоғары білім алды, әке ізін жалғап, ананың ақ үмітін ақтады.
      Бұл күнде Қымбат ана – талай қиыншылықты басынан өткерген, небір өмір сынақтарына жасымай, жеңе білген, жасы 80-нің ортасынан асқан, елге де, ағайынға да сыйлы ана, асыл әже және еңбек ардагері. Қымбат анамыз үшін немерелерінің күміс күлкісі, ақ жаулықтың сәні болған бейнетінің зейнеті еді. Оның төзімділігі мен мейірімі бүкіл ауылға үлгі болды. Серік әкенің артында қалған қара шаңырағын ұлы Қалыбек пен келіні Айжан жалғастырып келеді. 
      Бұл әулеттің тарихы – тағдырдың қаталдығына қарамастан, адамгершілік пен табандылықтың жеңісі. Серік әкеміз бен Қымбат анамыздың тағдыры бізге махаббат пен жауапкершіліктің, отбасы құндылықтарының, қиындыққа мойымаудың шынайы үлгісін көрсетті. Өнегелі тарих әрқашан ел жадында сақталып, ұрпаққа бағыт-бағдар беретін шамшырақ болып қала бермек. Серік мырзаның артында қалған ұрпақтардың ғұмырлы болуын тілей отырып, Қымбат анамыздың деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 апреля 2025 11:09
Сымбат
Венера - отличный специалист, мама, подруга, жена! Спасибо за дружбу ...
18 апреля 2025 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
18 апреля 2025 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...