Итегулов Марат Серғазыұлы

Рейтинг:
ПАРАСАТ БИІГІНДЕГІ КЕМЕЛ ТҰЛҒА 
 
Иншалла, қолымда жақсы зат болса,
Жарлы, мұқтаж жандарды жарылқауға жететін,
Жаны мұңды жандарды бақыттырақ ететін.
Таразыға тартылмас, өлшенбейтін өлшеммен,
Табиғаттың өзіндей тегін сыйлық берсем мен.
Алақаным жабылмай,
Атымтайдай мырза боп,
Ағайын-дос мақтанса,  мәрт көңілге ырза боп.
Әзиз халқым көбейіп, уайымымды азайтсам,
Заманынан озатын заты гауһар сөз айтсам.
Күләш Ахметова
 
      Өмір бойы жанының тазалығымен қоса, қызмет бабында жүріп, елінің мақтанышына айналып, үлгергеннің мәртебесі асқақтай түспек. Еңбегі адал жандардың үлкен жетістіктерге қол жеткізуінің мәні осында ма дейміз. Тектілігіне қарап емес, қарапайым кісілігіне, кемеңгерлігіне сүйсініп тәнті боласыз. 
      Текті болуға ата-баба, ана, туған жер, өскен орта әсер етпей қоймайды, бірақ, осылардың ішінде ең бастысы – әр адамның өз басы, ақыл-есі, парасаты, жігері, алдына қойған биік мақсаты, жаманнан жиреніп, жақсыға ұмтыла білуі. Сонда ғана, адам дараланып, сомдалып, тұлғалық дәрежеге көтерілуі мүмкін. Осылайша, қоғам қашан да тектілерге сүйенеді. Текпен берілетін қасиеттерге өнеге-үлгі, инабаттылық, кішіпейілділікті әбден жатқызуға болады. «Тектіден текті туар ту ұстайтын» дегендей, осындай қайсар ұлттың ұрпақтары қашан да бабалар аманаттап кеткен ұлы істі ұрпақтан ұрпаққа ұлықтап келеді. 
      «Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме, ердің бағын ашпаса, елден елдік кетер де» деген емес пе атам қазақ.   Қаздауысты Қазыбек бабамыз: «Ерден ердің несі артық, ептестірген сөзі артық, Жерден жердің несі артық, бір-ақ уыс шөбі артық» деген болса, тегеурінді тектіліктің жалғасы қай заманда да өз тұлғаларын туғызып, тарих тынысына өз үлесін қосып отыратыны белгілі. Сол қатарда бүгінгі әңгіме арқауы, бекзада болмыс иесі, Атымтай жомарттығымен танылып жүрген, елін сүйген ұлтжанды азамат, биік талғам иесі Марат Серғазыұлы Итеғұлов та бар.
      «Жақсы менен жайсаңнан жан-жағына нұр шашырайды» деген бар. Еңбек көгінде, кәсіп биігінде жұлдыздай жарқыраған Марат Серғазыұлының азаматтық тұлғасы, кісілігі туралы айтқымыз келеді.
      Марат Серғазыұлының бір қасиеті – бастаған ісін орта жолда қалдырмайды, мақсатына жеткенше бір тыным таппайды, нәтижесіне асып-таспайды. «Ерден ердің несі артық?! Істеп жүрген ісі артық» деген халық даналығы түседі еске осындайда.
      Мына жалғанда адам рухының қайсарлығына тең келер ештеңе жоқ шығар! Алла тағаланың кемел туындысы – адам жаны керемет құбылыстардың қоймасы сияқты. Бірақ Жаратқан ием мейірімділік,  ерік-жігер, табандылық, жауапкершілік, қабілет атаулыны кез келген пендесіне қопарып төге салмағаны және ақиқат. Қалай дегенмен де, көк Тәңірі осы қасиетті сезімдерді өмір үшін күресе білетін, өз кәсібінің хас шебері, парасатты да сырбаз пенделеріне шым-шымдап дарытатын тәрізді. Біз сөз етіп отырған Ақтөбе облыстық мәслихат депутаты, Ақтөбе облысы бойынша Қоғамдық Кеңестің мүшесі, Кәсіпкерлердің өңірлік палата Кеңесінің мүшесі, «Ақтөбе облыстық сүт және сүт өнімін өндірушілер қауымдастығы ЗТБ төрағасы және «Нұр-Отан» партиясы мүшесі ретінде «Ауылды дамыту» бағыты бойынша партия бақылаушысы, «Айс» ЖШС директорлар Кеңесінің төрағасы, «Құрмет» грамотасының иегері, өз саласының үздігі Итеғұлов Марат Серғазыұлы – осындай тұлғалардың санатынан.                       
      Көкірегі ояу әрбір пенде жарық дүниеде жүйткіген уақыт кемесінен қалып қоймай, бойындағы барын, көкейге жинаған нәрін халқының игілігі үшін жұмсауға талпынары хақ. Турашылдықты ту етіп ұстаған  кеңпейілді азамат Марат Серғазыұлы  – өңірде ірі мал шаруашылығымен айналысып, тұрғындарды табиғи сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкер.
      Ақтөбе қаласында өмір есігін ашқан Марат Серғазыұлы жасынан оқуға құмар, білімге құштар болып өсті. Қазақ халқы – білімге талпынған халық. Бабаларымыз білім алудың маңыздылығын ұрпақтарына өсиет еткен. Қазақтың данасы Абай атамыз: «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге», – деп білімнің пайдасы туралы өзінің қара сөздері мен өлеңдерінде көптеген толғамды насихаттар айтқан болатын. Міне, жас та болса, алғыр, мақсатшыл жігіт мектепті ойдағыдай тәмамдап, «Білген адам білімді өмір бойы іздейді» дегенді бетке ұстап, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтының экономика факультетіне оқуға түсті. Жоғары оқу орнын бітіріп, экономист, өндірістік ұйымдастырушы мамандығын алып шықты.
      Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеді. Тепсе темір үзетін жігіт Мараттың жастық шағы бұлтарысы көп қиын жылдармен тұстас келді. Жасында кездескен бейнетке жасып қалатындардың қатарынан емес қой.   «Жігіттік – ақ семсердің жүзі емес пе...» дегендей, сәл қиыншылыққа тоқтап қалу – намысына түскен өшпес дақ емес пе?! Оның үстіне атам қазақ «Қарт келсе асқа, Жас келсе іске» деп бекер айтпаса керек-ті.
      Білімді де білікті маман қай жерде де, қай кезде де ел игілігі үшін қызмет етеді. «Асыл адам – айнымас» дейді халқымыз. Өмірлік ұстанған бағытынан, азаматтық ұстанымы мен адамдық асыл қасиеттерінен бір жазбай келе жатқан, жас та болса, бас болған Марат Серғазыұлы 15 жыл Талдықорғанда совхоздың бас экономисті болып қызметін атқарды. Дана қазақ «Адалдық – ардың  ісі, Ауырды көтеру – нардың  ісі» демей ме?!  Кейінірек сол кездегі Талдықорған облысында алғаш ашылған ауылшаруашылық кооперативін бес жыл қатарынан басқарды.
      Әлемдік тәжірибе шағын және орта бизнестің экономикадағы рөлі бағалауға келмейтіндей жоғары екенін көрсетіп отыр. Ол мемлекет өмірінің барлық салаларына әсерін тигізеді: жұмысшылар саны бойынша, өндірілетін тауарларының көлемі бойынша, орындайтын жұмыстары мен көрсететін қызметтері бойынша жекелеген елдерде шағын және орта бизнес субъектілері маңызды рөл атқаруда. Шағын және орта бизнестің  даму деңгейіне байланысты, мамандар елдердің өзгермелі экономикалық жағдайға бейімделу мүмкіндіктерін жоққа шығармайды. 
      Қазақстан үшін шағын бизнестің қалыптасуы жоғары дамыған қоғамға, жоғары дамыған экономикаға өтетін көпір болуы қажет. Қиыншылықтар мен сәтсіздіктерге қарамастан, шағын және орта бизнес даму үстінде, экономикалық,  әлеуметтік, ғылыми-технологиялық  мәселелерді шеше отырып қарқын алуда. Заман талабына сай бизнес әлеміне бет бұрған Марат Итеғұлов бес жылдай коммерциялық құрылымда жұмыс істеп, «Әлібек» АҚ филиалын басқарды. Бұл құрылыспен айналысатын ұйым болатын. Кейінірек Ақтөбе қаласында, облыста «Әлібек» АҚ-ын басқарып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгере бастады.
     Кәсіпкерлік туралы талай әдебиеттерді көз майын тоқып оқығаны шын. Қазіргі кезде бәсекелестіктің белең алып тұрғаны жасырын емес. Бәсекелестік – дамудың табыс кепілі іспетті. «Әрбір жеке кәсіпкер заман талабына сай бәсекелестікке қабілетті болуы керек. Осы орайда кәсібін жаңадан бастаған  жастар бизнестегі бәсекелестікке жұтылып, жоқ болып кетпес үшін не істеу керек?!» деген сұрақты өзіне іштей сан рет қойды.
      Жұмыс жоспарын құрып, алдына мақсат қойып, қойын дәптеріне мыналарды жазды: «Кәсіпкер болу оңай емес. Бірақ шындап қолға алып, алдыңызға белгілі мақсат қойсаңыз, белді бекем буыңыз дер едім. Ең бастысы – жұмысыңды өз дәрежесінде дұрыс ұйымдастыра білу, үнемі шығармашылық ізденісте жүру. Қазіргі дағдарыс жағдайында бәсекелестікке төтеп беру үшін, интернет технологиялар мүмкіндіктері мен ғаламтор жүйесін, әлеуметтік желілерді кеңінен пайдалану керек. Басқа да осы саламен айналысып жүрген жандардың іс-тәжірибесін зерттеу керек. 
      Б.Авербахтың: Көп ақша табу – батырлық, оны сақтау – ақылдылық, ал үнемдеп жарата білу – өнер» деген сөзін басшылыққа аламын. Сонымен қатар мына ережелерді үнемі есте сақтаған жөн:
      1) Ақша таба білу.
      2) Ақшаны жинап, сақтай білу.
      3) Жинақталған ақшаны көбейте білу – инвестициялау.
      «Үнемділік – ырыс, ысырапшылық – шығыс» деген қағиданы жадына жаттап, санасына сіңірді. «Еңбегің өнімді болсын десең, ерінбеу керек. Бәрі де адамға табан ет, маңдай терімен келетіні анық. Бір жерден алып, екінші жерге сатып, табысқа кенелем деу жаңсақ пікір, бәрін ой елегінен өткізіп, есебіңізге тура келгенді ғана жасау керек» деп іштей ой түйіндеді. 
      Жаңашыл бағыттағы жігерлі азамат алдымен  «Айс»  ЖШС-ін өмірге әкелді. Ол алғаш су құйып беретін шағын кәсіпорын болды. Шырындар, сусындар үшін су дайындайтын. Кейін балмұздақ шығарумен айналысты. «Айс» деген атау да осы балмұздақтан пайда болды. Кейін сүт тағамдарын өндірумен айналыса бастады. Бастапқы кездері сүт өнімдерін құрғақ сүттерден дайындалған өнімдерді пайдаланды. Көп ұзамай өзінің жекеменшік шикізат көзі болу керектігін түсінді. Бұл – таза табиғи сүт болу керек.
      Мал шаруашылығы өнімдерімен, оның ішінде сүт өнімдерімен айналысуға бел буды. Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы – өзіне таныс сала. Өзі талай тер төккен, басы-қасында жүріп, ыстығына күйіп, суығына төзген таныс сала емес пе?! Әріден ойланып, қабырғасымен кеңесіп, 2010 жылы  ірі ферма салуды қолға алды. Ферма шикізатпен қамтамасыз ету үшін керек. Ал халықтың, тұрғындардың сұранысын арттыру үшін,  өнімнің сапасы жоғары болуы тиіс. Сүт өнімдерінің сапасы жоғары болу үшін сүттің сапасы жоғары болу керек. Ол үшін жергілікті ірі қарадан гөрі шетелден мал әкелуді жөн көрді. Осындай мақсатпен Германия мен Венгриядан торпақтар әкелді. Сонымен қатар, голландық технологиямен ферма тұрғызды. Бірақ әкелінген малдардың келген жерлерін жерсініп, ауа райына бейімделіп кетуі қиын болды. Ақтөбе облысында  жазда аптап  ыстық болса, қыста, керісінше, ақ түтек боран, бет қаратпас аяз болады.
      Жылдан-жылға тәжірибе жинақтап, алға қойған мақсатқа жетуге ұмтылды. Ең бастысы – сапалы, құнарлы жем-шөп дайындауды қолға алды. Жақсы өнімге қол жеткізу үшін көп инвестиция салынды. Ал жайылымға толықтай сенім арту мүмкін емес. Құрғақшылық болған жерде құнарлы жем-шөп те шықпайды. Сондай құрғақшылық жылдары көптеген шаруалар шығынға ұшырады. Ал мал шаруашылығын аяғынан нық тұрғызу үшін, сапалы азық базасы болу керек. Оны көтеру үшін тек жайылымдағы шөпке қарап отыру пайда әкелмейді. Сүтті малдардың жем-шөбі шүйгін шөптерден болу керек.
      «Айс» компаниясы сүт өндірумен айналысады, ал сүтті өңдейтін және сүт өнімінің 40 түрін шығаратын компания – «Айс плюс». «Айс» компаниясы енді қалыптаса бастаған кезде екі компания тұтас бір ұйым болатын. Алайда бұған қарамастан, тауар маркасы бұрынғы «Айс» атауын сақтап қалған. Кейін мемлекет тарапынан шығарылған және сатылымға шыққан сүтке субсидия бөлінбегендіктен, бір компанияны екіге бөлу қажеттігі туындаған. Жеңілдікке қол жеткізу үшін алдымен сүтті өндіріп, оны басқа кәсіпорынға сату керек болды. «Айс» сауда таңбасы отандық нарықта сүт тауарлары тұтынушылары арасында үлкен сұранысқа ие екендігі көпшілікке аян. Сапалы шикізаттан жақсы өнім өндірілетіндіктен, мұндай сұраныстың болуы орынды. 
      «Шағын бизнестің негізгі мақсаты – халықты жұмыспен қамту, оның әлеуметтік мәселелерін шешу, еңбекке деген белсенділігін дамыту, тұтыну нарығын көп ассортиментті тауарлармен, қызметтермен толықтыру. 
      Қарап отырсақ, жеке кәсіпкер болу, оның ішінде бәсекелестікке қабілетті болып жетістікке жету үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Ал істің көзін тауып әрі қарай алып кету өзіңіздің біліміңіз бен еңбексүйгіштігіңізге, ұйымдастырушылық қабілетіңізге, ұстанымыңыз бен қағидаларыңызға, тұрақтылығыңыз бен көрегенділігіңізге тікелей байланысты болмақ. Біздің жағдайда қиындық тудырған тағы бір мәселе – маманның тапшы болуы. Ал асыл тұқымды малмен жұмыс жасау, тіпті қиын. Қазіргі жас мамандар барлығы демеймін, бірақ басым бөлігі интернеттен көшіреді. Малдың ішкі құрылысы былай тұрсын, сиырда неше желін болатынын, малдың қай жағына тұру керектігін білмейтін дипломды мамандар бар.
      Бүгінгі мен айналысып отырған шаруашылықтағы негізгі мәселелер осылар. Қазір ауыл шаруашылық кооперативтерін көтеріп жатыр. Оларға барлық мүмкіндіктер жасалуда. Бірақ кәсіпкерлерлікті көтеру үшін қолға алатын мәселелер бар.
      Ферманың құрылғанына биыл 6 жыл болды. Ал өңдейтін зауыт одан бұрын іске кірісті. Асыл тұқымды малдарды әкелгенде шығын да  болды. Себебі ол кезде мамандар болған жоқ. Біздің мамандар өз еліміздің малдарымен жұмыс істеген. Сырттан әкелінген малмен жұмыс істеу технологиясын меңгерген ешкім болған жоқ. Бұл малдарға адамға күтім жасағандай күтім керек. Мал өнім беру үшін азығы дұрыс болу керек. Асыл тұқымды малдардың күнделікті рациондарын қадағалау керек. Басында бұған көп мән берілген жоқ. Азығы дұрыс болса, басқа жақтан келген мал бәріне де төзеді. Қашарлардың күтімі өте ауыр. Мен кезіндегі кеңестік жүйеге кірген елдердің бірінен жақсы маман алдырдым. Ол бригадасымен келіп, жұмысқа кірісті. Мал үшін де адамдар секілді диетологтың қызметі маңызды. Барлық ауру астан, асқазаннан екендігі ақиқат», – дейді Марат Серғазыұлы өз ойымен бөлісіп.
      Жетістік  дегеніміз – рухани әрі дене қуатының бір мақсатқа бағыттау және сол мақсатқа жету. Қандай да бір істі тындырымды әрі тыңғылықты істеу де – жетістік. Ойдағыдай істелген іс, жоспарланғандай атқарылған жұмыс, мұрат етілгендей орындалған арман – жетістіктің нақ өзі. Жетістікке жету әр адамның өзіне байланысты екенін ұмытпауымыз керек.
     Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты – балада» деген екен. Кез келген адамға өзі өмір бойы қуып жете алмайтын «Бақыт» деген құдіретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келуі мүмкін.  Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні — өз ұрпағы. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Міне, осындай ұрпақ өсіріп, оны тәрбиелеуді Жаратқанның сыйы деп түсінген отбасылардың бірі – Итеғұловтар әулеті.
      Бақытты отбасының отағасы Марат Серғазыұлы осыдан бірнеше жыл бұрын жерлестерінің қолдауымен облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Қазіргі таңда да халық қалаулысы деген атаққа ие.
Марат Серғазыұлы алдына биік мақсаттар мен міндеттер қойды. Ол міндет – мұқтаж  жандарға көмек қолын созу, елінің гүлденуіне тамшыдай болса да өз үлесін қосу міндеті. Марат Серғазыұлы қайырымдылық жасауды парызым деп қабылдайды. «Кәрәм» ұғымының мағынасы «жақсылыққа құмарлық, барды өзгелермен бөлісе білу, дархан мінезділік» дегенге саяды. Мұны парсы тілінен енген атауымен «жомарттық» десе де болады. Бойдағы жомарттық қасиет адамға жақсылық жасауды, қолындағы барын өзгеге бере білуді қажет етеді. Міне, осындай парасаты мен пайымы жоғары азаматтардың бірі, бірі емес бірегейі – Марат Серғазыұлы Итеғұлов.
      «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Марат Итеғұлов 3 айдың ішінде Никулалар отбасына жаңа үй салып берді. 64 жастағы Надежда Никула мұндай үлкен үйді ешқашан армандамағанын да айтады. Ол көп жылдар бойы қызы мен 5 немересімен бірге саяжай аумағындағы ескі үйшікте тұрып келген еді. Баспанада жылу болмады. Ал суды алыстан тасып ішетін. Ал жарты жыл бұрын қызы қайтыс болып, немерелерінің бар ауыртпалығы зейнеткердің өзіне түскен. Отбасының бар табысы 42 мың теңге зейнетақы ғана. Надежда Никуланың жағдайын білген «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі оған үй салып беруді шешкен. 2 қабатты зәулім үйде жанға керектің бәрі бар. Зейнеткер мұнда жақында ғана көшіп келіп, қоныс тойын тойлады. Ол құрылыс көз алдында жүріп жатса да, жаңа үйі болатынына сенбегенін айтады. 
      Надежда Никула, Ақтөбе қаласының тұрғыны: Үй туралы айтқанда, алғашында сенбедім. Тіпті бізге арнап үй салып жатқанын білмедім. Кейін бізге баспананың кілтін тапсыратынын айтты. Екі депутат пен басқа да адамдар келді. Менің көп нәрсе айтқым келген, бірақ қуанғаным сондай, сөз таба алмадым. Марат Итеғұлов, Ақтөбе облысы мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі: Саяжай аумағындағы арендалық жерге екі қабатты үй салып бердік. Өздеріңіз көргендей, балаларға өте жайлы. Газ, су, жарық тартылған. Өкініштісі, қызы кезінде жер телімін рәсімдей алмапты. Ендігі міндет – оны заңдастырып, меншік иесі ретінде балалардың әжесіне рәсімдеп беруіміз керек. Сол кезде бұл кісілер бұл баспананың өздеріне тиесілі екеніне анық көздері жететін болады. 
      Болмысы бөлек, бітімі дара, өнегелі өмір иесі, көпшіліктің алғысына бөленген бекзат жан – Марат Серғазыұлы арнайы  бөлген 20 миллион теңгеге бірнеше отбасыға баспана алуға көмек көрсетілді. Өзіндік бітім-болмысымен өзгелерге ұқсай қоймайтын Марат Серғазыұлының  өңірлік даму жолындағы дара тұлға екеніне шүбә келтіре алмайсыз. Себебі, ел жанашыры ретінде  оның ұстанымдары мен өзіндік көзқарастары тұлғалық қасиетін одан әрі аша түсетіндей. «Жүйрік ат – бірде ат, бірде – қанат» демекші, бірде қоғам қайраткері, бірде табысты кәсіпкер, халық қалаулысы, дегдар жан, сырбаз бейне  ретінде жарқырап көрінетіні ақиқат. 
      2018 жылғы 18 қаңтарда Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында көрсетілген басты бағыттар мен міндеттерді түсіндіруге арналған  Ғылыми кеңестің жоспардан тыс кеңейтілген №5 мәжілісі өткізілді. Жолдаудың үшінші міндетін – «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігін» түсіндірген Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Ақтөбе облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Итеғұлов Марат Серғазыұлының сөзі институт қызметкерлері мен курсанттарының мейлінше жоғары қызығушылығын тудырды, олар көкейкесті сұрақтарына жауаптар алды.
      Ұлты ұлықтаған, елі құрметтеген тұлғаның еңбегі еленбей қалған жоқ. Ақтөбе облысында өңірдің дамуына өз үлесін қосқан ақтөбелік азаматтарға ордендер мен медальдар табыс етілді. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев мемлекеттік наградаларды оларға Тәуелсіздік күніне арналған шара кезінде тапсырды. Абыройлы азаматтардың қатарындағы «Айс» ЖШС-і директоры Марат Итеғұлов «Құрмет» орденімен марапатталып, мерейі үстем, мәртебесі биік болды.
      Өмірдің ащысы мен тұщысын бір кісідей сезінген, барлық табыстарына өзінің адал еңбек, маңдай терімен   жеткен  Марат Серғазыұлы: «Қай  заманда да, қай ғасырда да қоғамның дамуына дене еңбегі мен ақыл-ой еңбегі адамдарының үлесі бірдей  қажет  екені белгілі. Адам қандай жұмыс түрін атқарса да оның төккен тері, сіңірген еңбегі өз Отанын өркендетуге, өз басын, отбасын асырауға, жақын-жуықтарына көмек-демеу жасауға арналатындығы анық», – дейді ол ағынан жарылып.
      Немістің атақты бір ғалымы: «Бақытты адам кім?», – деген сұраққа, бәрін талдай келіп: «Халық сыйлаған адам – толық бақытты адам!», – депті. Расында да, Итеғұлов Марат Серғазыұлы – бақытты адам екені хақ.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...