Досжанова Нәзипа

Рейтинг:

Ана – өмір шуағы

      «Жұмақ ананың табанының астында».
      Түсіне білгенге мағынасы терең тәлім. Өйткені, анасының асты-үстіне түсіп, бәйек болған жанның ата-ананың қадірі турасында айтар ойы да орнықты. Жарық дүниеге әкеліп, бала дегенде алпыс екі тамыры иіген ананың асыл екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Өйткені, қасиетті атаулыны ана атымен тығыз байланыстыратын қазақпыз. 
      Қазалылық Нәзипа ана Досжанова бұл күнде бір шаңырақтың ғана емес, тұтас елдің анасына айналған. Ақ жаулықты ана сексеннің сеңгіріне жеткен. Ұлағатты тәрбиесін ұрпағының бойына сіңіріп, есіл еңбектің иесіне айналып отыр.
      Әкесі Серібай темірден түйін түйген ұста болатын. Ұлы Отан соғысы жылдарында Ресейдің Магнитогорск қаласында қалдырылып, әскерді оқпен қамтамасыз етуге атсалысады. Соғыс бітіп, жеңіс күні жеткенде Серібайдың жары Қымбат үш баланы, яғни, Нәзипа, Зағипа, Жанғабылды алып аталған қалаға қоныс аударады. Болат қорытатын зауытта жұмыс істейтін Серібайдың қызы Нәзипа әкеден алған тәлімімен 8 сыныпты бітірісімен кран құрастыратын зауытқа газэлектрмен пісіруші, темір дәнекерлеуші болып жұмысқа орналасады. Ол уақытта жұмыс жынысқа бөлінбейтін. Өзімен тетелес басқа ұлттың қыздарымен тез тіл табысқан бойжеткен Нәзипа өзі таңдаған саланың қыр-сырына қанығады.
      Атажұрт адамды тартпай қойсын ба?! Тартылыс күші тәрізді тылсым дүние Серібай мен оның отбасын туған елге жетелейді. Арнайы ұйымдардың рұқсаты шығып, 1957 жылы Қазалы топырағына қайта оралады. Өз мамандығына деген махаббаты ерекше жан елге келісімен өзінің сүйікті ісін қайта жалғастырады. Елдегі теміржол саласының бел ортасына еніп, Қазалы локомотив депосында жұмыс жасайды.
      Қызметте шоқтығы биік жан өзінің табандылығымен көзге түсті. Еңбектің бағаланып, лайықты құрмет көрсетілетін дәуреннің кейіпкері 1963 жылы Бүкілодақтық кәсіподақтары комитетінің ХІІІ съезіне делегат болып қатысты. Аудандық, облыстық кеңестің депутаттығына сайланды. Ол уақытта дүркіреп тұрған алпауыт Одақтың съезіне қатысу – кез-келгеннің уысына түсе бермейтін бақ. Нәзипа Серібайқызы ауданды былай қойғанда, облысқа танылды. Алқалы жиын, келелі басқосуларға үнемі шақырылып жүрді. 
      Өткенге көз тастаған кейуананың көз алдына сонау Магнитогорскдегі алғашқы еңбек жолы көлбеңдей берді. «Қызым-ау, оқуыңды жалғастырсаңшы. Әрі қарай білім алсаңшы...» деген үлкендердің сөзін бірбеткейлігімен тыңдамай, жұмысқа кірісіп те кетті. Бетіне маска киіп, қақпайламаса, көз жанарынан қағылатын қауіпті кәсіпті таңдаған қыз өзінің еңбек жолын бастады. Темірдей қатты деп теңеу айтып жатамыз, ал Нәзипа Досжанова сол темірді қыздырып иетін жерде жұмыс істеді. Кәсіби шеберлігі жоғары ол  ІІІ разрядты пісіруші.
      Бір мекемеде табан аудармастан отыз жыл маңдай терін сылып алып, еңбек еткен Нәзипа апа 1987 жылы зейнетке шықты. 
      1957 жылы алдымен, танысып, кейін табысып, дәм-тұзы жарасқан Шакидамен бірге бұл күнде тоғыз баланы өмірге әкелген ана. Өмірдің ащы-тұщысын қатар көріп, сан жылдан бері дүрбелең дүниеде бақыт бесігін тербетіп отыр. 
      «Еңбек – бәрін де жеңбек» дейді халық даналығы. Маңдайымыз терлеп, қара жұмыспен есейген біз ешқандай да жамандық көрген жоқпыз. Бала-шағамыздың ортасында Алланың берген жасы мен қуанышына бөленіп отырмыз. Бұл көпшіліктен алған алғысымыз бен адал еңбегіміздің арқасы деп білемін. Бүгінгі таңда жастарға барлық жағдай жасалған. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев балаларға кәсіптік білім беруді нықтап тапсырды. Жастарға айтарым: жұмыстың ауыры болмайды, қайсыбір істің де өз қиындығы бар. Ерінбей жұмыс істесе, барлығы да жақсы болады. Жұмысшы қауым деп мұрнын шүйіре қарағандар елдің негізгі тірегі екенін білмейді ғой. Балаларым өз жолымды қуса шаттанамын. Өйткені, мен үшін балаларымның былғары орындықта отырғанынан еңбекпен табыс тапқаны маңызды. Тәуелсіз елдің болашағының баянды екенін көзбен көріп жүрміз. Соған қарап шүкір айтамын, тәубе деймін, - деді кейуана. 
      Қазақ әйеліне тән қарапайымдылық қай уақытта болмасын, оның болмысын биіктетіп тұрады. Теміржолдағы темірдей тәртіппен шыңдалған Нәзипа Серібайқызы өзінен кейінгілерге әркез батасын беріп жүреді. 
      Талай жылғы еңбегі мен бейнетінің зейнетін көріп отырған абзал ана Берік, Салтанат, Саламат, Бақытжан, Бауыржан, Күлзираш, Айнұр, Шәймерден, Нұрлан есімді ұл-қыздарынан өрбіген ұрпақтың ардақты әжесіне айналып отыр. 
      Уақытында ел үшін аянбай тер төктік. Енді соны бүгінгі жастарымыз жалғастырып, сүйікті Отанымыздың күш-қуатын арттыруға сүбелі үлесін қосуға талпынса екен. Үйдегі балаларыма айтатыным да осы ақыл, - дейді.
      Қазалы ауданы қарияға бай. Сарқырап аққан Сырдарияның бойындағы Қарашеңгелден шыққан бойжеткен Нәзипа қазір бір елдің ақыл айтар ардақты анасына айналған. «Батыр Ана» атанған Нәзипа ананың өмірдегі басты жетістігі- тәрбиелеп өсірген ұрпағы, қолғанат болар ұл-қыздары. 
      Иә, ауыл-аймақта, жер-жерде Елбасының рухани жаңғыруын жадында сақтап, ұлттық болмысымызды бүтіндеген қара орман қазақтың арасында бір өзі бір төбеге айналған Қарашеңгелдік қаһарман қыздың жанарынан от шашып тұратын. Бүгінде ақ жаулықты әже болса да тыным таппайды. Ауладағы көкөністерге қарап уақыты өтіп жатқан әзиз ананың әрбір минуты бағалы. Өйткені, ол үшін әрбір минут саф алтыннан жоғары.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

5 января 2026 11:54
Ердаулет Татеков
Мың жасаңыз!!!...
30 декабря 2025 21:16
Камила
Чудесная и достойная история👍 Огромная Вам благодарность, Бану Бияновна! ...
28 декабря 2025 01:12
Гулнар
Саламатсызба +77083784410 осы номерге хабарласыңызшы қолыңыз тисе рахмет ...