Жанабеков Қайрат

Рейтинг:

Еңбек адамының құқығын қорғаған

      Адам тамақ жеу үшін өмір сүрмейді, өмір сүру үшін тамақтанады. Тіршіліктің осы бір түйіткілді түйінін шешетін жұмыс, еңбек мәселесі. Түрлі мамандықтар, түрлі кәсіпорындар болса да, сол жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, қарапайым қатардағы жұмысшылардың құқығын қорғайтын, ол – кәсіподақ саласы. Кәсіподақ – еңбек адамдарының мұң-мұқтажын, мүдделерін, еңбек құқығының бұзылмауын қадағалап, оған әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсететін басты ұйым. Елімізде болып жатқан түрлі жетістіктер мен жақсылықтарда кәсіподақ ұйымдарының қосып жатқан үлесі мол. Қарапайым еңбек адамына түсер қиындықты жеңілдетуде, еңбек заңдылықтарының сақталуын бақылауда, кәсіподақ мүшелеріне материалдық-моральдық қолдау көрсетуде кәсіподақтың атқарар жүгі көп. Еліміз еркіндік алып, іргесі бекігелі қарапайым еңбек адамының кәсіподаққа сенімі арта түсуде. Оған себеп, сонау тоқырау кезеңінде басқа қоғамдық ұйымдар тарап кеткенде еңбек адамдарының қасында өз міндетін атқарып, тек қана кәсіподақ қалғаны белгілі. 
Кәсіподақ – қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі мен құқықтары толық сақталып, жұмыс беруші мен еңбекшілер арасында тиімді еңбек қатынастарының орнауына ұйытқы болатын негізгі күш! Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Сондықтан, қоғам дамуында кәсіподақтар ұйымының жұмысын барынша нығайтып, жұмыс берушілермен әлеуметтік дилогты, кәсіби байланысты жетілдіру, еңбек адамының құқықтарын лайықты деңгейде қорғау бағытында атқарып жатқан жұмыстарыңызға сәттілік тілей отырып, еңбектің жемісті болуы үшін жұмыс берушілер мен қызметкерлердің арасында келісімді қарым-қатынас орнап, олардың мүдделері тоғысуы маңызды.
      Біздің бүгінгі мақаламыз осы кәсіподақ саласында еңбек етіп, еңбек қауіпсіздігін қорғауда өз үлесін қосып келе жатқан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының төрағасы – Жанабеков Қайрат 
      Құттыбайұлының қызметі мен еңбегі туралы болмақ. 
      Жанабеков Қайрат Құттыбайұлы 1985 жылдың маусым айының 27 жұлдызында, Жезқазған қаласында дүниеге келді. Өмір баспалдақтарынан көтерілуге себеп болған әкесі Құттыбай Ішкі істер органдарында қызмет етсе, аялы алақанында мейірім мен махаббат тұнған анасы Ырысбала ұстаздық деп аталатын ұлы мамандықты өмірінің серігі еткен ұлағатты ұстаз.
      Өмірдің өзі еңбектенуден, ізденуден, алға қарай талпынудан тұрады. Перзентінің адал еңбектің нанын татқанын көргісі келген әкесінің тәлімімен еңбекке ерте араласқан Қайрат жоғарғы білім ордасының екінші курсында оқып жүріп-ақ, қатарластарының алды болып, Жезқазған қаласындағы Тайжан Қалмағанбетов атындағы филармонияда жұмыс істеді. Кішкентайынан өнерпаз, өзіне тән дауыс ерекшелігі мен алғырлық қабілеті бар дарынды жас филармонияда ән айтып, диктор-жүргізуші болып еңбек етті. 
      Әр перзенттің жұмыс жасап ата-анасына қол ұшын бергісі келетін, алдына қойған мақсаттары болады емес пе, қарапайым отбасында өсіп, тәрбиені бойына сіңірген Қайрат өзінің бойындағы ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жоғарғы оқу орнының қоғамдық-мәдени, саяси өміріне белсене араласты. Қолынан іс келетін, ісінде тиянақтылық пен жауапкершілік нәтижесі бар жас үшін жұмысқа тұру қиын бола қоймады. Он сегіз жастан енді асса да отбасында өзінен үлкен екі әпкесі бар, үйде жалғыз ұл болғасын ата-анасына көмектессем деген оймен жұмыс істеді. 2003 жылы Ө.Байқоңыров атындағы университетін үздік бітірді, оқу орнының қабырғасында жастар саясаты комитетін басқарды. Университетте өтетін барлық іс-шараларды ұйымдастыруға белсенді атсалысып, республикалық дебаттарға дейін қатысқан Қайрат 2006 жылы Л.Гумилев атындағы Евразия университетіне магистратураға оқуға түскеннен кейін де еңбектен қол үзбей, 2-3 ай медициналық колледжге тарих пен саясаттанудан сабақ берді.
      Білімді жасқа қоғамның қай саласында да жол ашық. Магистратураны бітірген соң Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент мұражайына жұмысқа орналасты. Жастайынан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қарапайым жұмысшыдан басталған еңбек жолы мен Тәуелсіз елімізді қалыптастырудағы рөлі мен үшін Қайрат үшін үлгі-өнеге болып, музейде тарихшы ретінде одан әрі зерттеп-зерделеуіме мүмкіндік алды. Мұражайда көптеген іс-шараларды ұйымдастырып жүріп, белсенділігімен ерекшеленген жас маман, жұмыс істеу қабілетінің жоғары екенін көрсетіп, сол мұражайдың бастауыш кәсіподақ ұйымына төраға етіп сайланды. Міне, кейіпкеріміздің кәсіподақ өміріне араласуы нақ осы кезден бастау алды. Мақаламыз тұздықты болу үшін, еңбек жолы туралы кейіпкеріміздің өз аузынан естісек:
      - «Кәсіподақ – үлкен өмір және еңбек мектебі. Менің де бұл мектепте ұзақ жолдан өтуіме тура келді. Алдымен келу себебім жайлы бастасам, қарапайым отбасында өстім. Сонда жүргенде Астана қалалық кәсіподақ орталығының басшысы Сәрсенбай Бердалиұлы ұйымдастырған бір іс-шараға қатыстым. Форумда сөйлеген сөзім ұнаған шығар ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев өзіне көмекші болуға жұмысқа шақырды. Әлі есімде 2008 жылы 21 мамыр күні үлкен өмір жолымдағы мектепке осылай қадам бастым. Қазірге дейін ол кісіні ұстаз санаймын, өзімді толғандырған мәселелер бойынша ақылдасамын, маған кәсіподақ жолында бағыт беруші қайраткер тұлға деп есептеймін.
      Мен Кәсіподақтар федерациясында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келемін. Төрағаның көмекшісінен бастап орынбасарлығына дейінгі үлкен өмір және еңбек мектебінен өттім. Осы жылдар ішінде әдістемелік жұмыстар, әйелдер құқығын қорғау, еңбек даулары мен жанжалдарды шешу мәселелерімен айналыстым. «Аманат» партиясының праймеризіне қатыстым. Басты мақсатым – өзіме үміт артқан сайлаушыларымның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу, еңбек қатынастарында әлеуметтік әріптестікті жүзеге асыру, еңбек адамының мәртебесін көтеру. Оның бәрін сайлауалды бағдарламамда жеті басты міндеттер ретінде топтастырдым. Түйіп айтқанда, жұмыскер өзін қауіпсіз сезінуі, тамағы тоқ болуы және ертеңгі күнге сеніммен қарай алуы керек. Өзім «Аманат» партиясының мүшесі ретінде партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалыссам деймін.
      Кәсіподақтар федерациясының 26 съезі өткізіліп, онда 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен даму – бірлікте» атты маңызды құжат, яғни Стратегия қабылданған болатын. Осы Стратегияда: «халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамдағы теңсіздікті төмендету, экономиканы дамыту және жұмыспен қамтуды қолдау, азаматтық қоғамды қалыптастыру бойынша әлеуметтік әріптестіктің қолдану аясын кеңейту» қажет екендігі атап көрсетілген. Сонда бұдан келіп, еңбек адамына лайықты жалақы, лайықты өмір және әділеттілікпен даму жолындағы бірлік деген басты мақсат айқындалып тұр», - деп кәсіподақ қызметі туралы айтып өткен Жанабеков Қайрат білімді жас, білікті басшы. 
      Қай қызметке келсе де істің арбасын алдыға жүргізіп, күш-жігері мен қажыр-қайратын жұмысқа салатын Жанабеков Қайрат өзіне жүктелген міндеттерді, талаптары бойынша өз деңгейінде орындай білді. Қызмет барысында кездескен түйінді мәселелерде адамдық пен азаматтықты сақтай отырып шешім қабылдап, өзге жұмысшылардың көңіліне кірбің түсірмейтіндей етіп ақыл айтып, кейінгі жастардың қателіктерін білдіртпей жөндеп, ағалық ақылын айтып, бұралаң тартқан қай істің де кемшіліктерін білдіртпей тігісін жатқызып жіберіп отырды. Басшымын деп бәлсінбеді, ұжымдастарымен ымырасы бір болып, атқарған жұмыстарының нәтижелі болуы үшін еңбек етті. Жұмыс барысында өзінің көріп-білгені мен ойына түйгенін ортаға салып, жұмыс тәжірибесін жастармен бөлісіп, олардың да тиянақты, ұқыпты жұмыс жасауы үшін қадағалап отырды.
      Қай саланы алып қарасаңыз да, қызметі мен ұжымның ішкі тәртібін меңгерген, сұрамай-ақ өз ісін шыр айналдырып алып кететін, кедергілерден оңай өтіп, қандай қалтарыстарда да адамдық асыл қасиеттерін сақтай білетін, ғұмырын бір салаға арнаған жандар, өз ісінің білікті мамандары қандай құрметке де лайықты. Олар, атақ іздеп, қызмет қумады, өзіне сеніп тапсырылған жұмыстың межесінен көріне білді. Жұмысын пұлдап марапат дәметпеді, ақ адал еңбегін бағалаған ел мен басшылықтың мерейі мен алғысынан артық олар үшін ештеңе жоқ. Осылай, қызмет ете жүріп, өнегелі өмір өрнегін құра білді. Өзгелерге үлгі бола білді.
      Кәсіподақ ұйымының жетекшілері мен жұмысшылары, қозғалыс белсенділері өздерінің уақыттары мен күш-жігерін еңбек адамының құқығының сақталуына жұмсап жүрген қайраткерлер. Олардың белсенді өмірлік ұстанымдары мен ұйымдастырушылық қабілеттері, шығармашылық күш-қуаттары отандастарымыздың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Кәсіподақ ұйымы – тұрақтылық пен еңбек қауіпсіздігінің кепілі ретінде, еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтау, жалпы жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы алтын көпір ретінде өз қызметтерін атқарып келеді. Елдің экономикалық дамуы мен қоғамның әлеуметтік белсенділігінің берекелі істерге бастауы алдында, салалық кәсіподақ мамандарының атқарып отырған еңбегі ауқымды. Осы мақсатта өзі басшылық ететін ұйымның жұмысын ілгерілетіп, еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайларының жақсы болуы үшін заңда көрсетілген барлық жеңілдіктер мен көмек түрлерін алуды және еңбек заңдылығын сақталуын қадағалап келеді. Жұмыс барысында туындаған келіспеушіліктерде әр адаммен жеке жұмыс жасап, заң бойынша көмек беріп, атқарылып жатқан жұмыстың да берекесін кіргізіп келе жатыр.
      Міне, осындай еңбеккерлерге лайықты құрмет көрсетілетін жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға ықпал етіп келе жатқан, еліміздің кәсіподақтары ұйымының белді мүшесі Жанабеков Қайрат жұмыс барысында түрлі дау-даймайларды шешуде, алғырлық, білгірлік пен сабырлылық, даналық танытты. Бұл туралы кейіпкеріміздің сөзіне құлақ түрсек:
      - «Ынтымақ» 2018 жылы құрылған жаңа салалық кәсіподақ. Аз уақыттың ішінде 50 мыңға жуық мүшеміз бар. Оның құрылуына ұйытқы болған – Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин. Атын қойғаннан бастап, көп жаңашылдықты пайдалануды мақсат еткен сол басталған сара жолды жалғастыру маған үлкен мәртебе. «Цифрлы кәсіподақ» мобильді қосымшасы арқылы кәсіподақ мүшелерімен жұмыс ашық әрі тікелей байланыста жүргізіледі.
      Маңғыстауға қызметке 2015 жылы бардым. Ол кезде Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов еді. Маған Маңғыстау өңіріне қызметке баруға ұсыныс жасады. Ол жақта туған-туысым жоқ ойланып қалдым. Бірақ, жанжалдарды зерттеуші саясаттанушы ретінде теория жүзіндегі білімімді тәжірибеге асыруға үлкен мүмкіндік туды. Мен Маңғыстау кәсіподақтар орталығының төрағасы болып қызметке барғанымда 30 жаста едім. Еліміз бойынша сол кезде қиын өңір болып саналатын жерге менің келуімді бірден бәрі қабылдай қоймады. Сын көзбен қарады.
      Сонда 100 күндік жұмысымды қорытындылап, брифинг өткізгенде үлкен жастағы тілші: «Бауырым өзің қай жақтансың, мұнда не іздеп келдің?» деді. Мен ол кісі атқарған жұмысым жайлы сұрақ қоятын шығар деп ойлағанмын ғой, бірден тосылмай, байыппен: «Арғымағынды білдіргің келсе, арғымақ өсірген жерге бар, жігіттігіңді көргің келсе, азамат өсірген елге бар» деген. Мен үшін қазақтың барлық жері қасиетті, киелі Маңғыстауға тәжірибе жинап, өзімді шыңдауға келдім» деп жауап бергенімде, ол кісі: «Әбіш ағамыздың сөзін айтып, тәнті еттің, бауырым!» - деп риза болып қолымды алды. 
      Мен сол жылдары кәсіподақ мүшелерін 28 мыңнан 85 мыңға дейін көбейттім, 30 еңбек дауына қатыстым. Оның дені бейбіт жолмен шешілді. Соның ерекше есімде қалғаны – Жаңаөзенде бұрғылау компаниясында болды. Мың адам далада тұрды. Қоятын талаптары бар. Мен мұндай жағдайды бірінші рет көрдім, бұған дейін теориясын оқысам,тәжірибем мүлде жоқ. Ол жердегі тәртіпке жауап беретін орган өкілдері: «Сізді кіргізбейміз, олар тас лақтырып жарақат алсаңыз біз жауап береміз» деп жібермеген соң, «Өзім қол қойып беремін, сыртта тұрып не бітірмекпін, өзімнің халқым» деп бардым. Мың адамның сөзін қалай тыңдай аласыз, мүмкін емес қой деген соң, араларыңыздан 7 адам шықсын, барлық талаптарыңызды солар айтсын деп келістік. Олардың қойған 7 талабын қарап, танысып, оның барлығын болмаса да қаншасын шешсек тарайсыңдар деп сұрадым. Олар оның 4-і шешілсе болды деді. Сол кезде «Бұрғылау» ЖШС кәсіподақ жетекшісі Сәдуақас Бекқалиев деген азамат, беделді кісі, онымен сөйлесіп, сосын жұмыс берушіге бардым. Ол: барлық талабын да шеше алмаймын, жұмыстан шығарамын» деп отыр. Ақыры 3 талабын шешемін деді, 4-ші талабын облыс әкімі шеше алады екен. Ол кезде облыс әкімі Алик Айдарбаев болатын. Ол кісіні жолдан күтіп алып, мән-жайды түсіндіріп, «жұмыс берушіге айтып, қалған талаптарды өзіңіз шешуге көмектесіңіз», - дедім. 
      Дөңгелек үстел басында әкім жұмыс берушімен келісе отырып, сол даудың 6 талабын орындатты. Бұл менің қатысқан еңбек дауымның алғашқысы. Үлкен тәжірибе мектебі әрі кәсіподақ тарихында да оңтайлы шешілген еңбек дауы болып есте қалды. Өзіміздің елдің компанияларынан қарағанда сырттан келгендермен мұндай жағдайларда бір шешімге келу қиын. Сондай Қытай компаниясы «Buzachi Operating» бұл 2016 жылғы болған жағдай. Онда барлық процедуралардан өттік, татуласу, еңбек арбитражы, комиссия мүшелері кім болады білмейміз. Бұған дейін мұндай жағдай 1997 жылы «Арселлор Митталлда» болған екен. Ол кезде заң басқа, талап та өзгеше. Қазақстанда болмаған жағдайда қатысып көрдім, жұмыс берушіден екі адам, жұмысшылардан екі адам, әкімшіліктен бір адам, ешқайсысына қатысы жоқ тәуелсіз сарапшы болу керек және кәсіподақтан мені арбитраждың төрағасы етті. Бұл еңбек дауы шешілмесе олар тұра береді, аштық жариялауы мүмкін, менде екі дауыс бар. Дау екі-үш күнге созылды, жалақыларын 15 пайызға көтеріп, сол кезде 200 мыңға дейін жеткіздік. Бұл үлкен жеңіс болды. Республика деңгейінде кәсіподақтар үшін де үлкен абыройлы іс болды. Бүгін 50-ге жуық еңбек дауларына қатыстым», - дейді Жанабеков Қайрат.
      Ғасырлар тоғысында аунап түскен нарықтық қоғамнан, қай маманнан да заман талабына сай сауатты болуды, жаңарған технологияны меңгеруді, үнемі ізденіс пен тынбас еңбекті, ұжыммен жақсы қарым-қатнаста болуды талап етеді. Бұл жағынан келгенде біздің кейіпкеріміздің жолы болды десек те болады. Кейіпкеріміз өзі жұмыс істеп отырған саласының жан-жақты маманы, ұжымымен тіл табысып, қойған міндеттерін абыроймен атқарып жүрген білікті басшы ретінде өзін таныта білумен қатар, өзіне жүктелген тапсырмаларды үлкен жауапкершілікпен атқарып, қызмет барысында ұйымдастырушылық қабілеті жоғары екенін сан мәрте ісімен дәлелдеді.
      «Жер өз білігінде жақсы адамдардың арқасында айналып келеді...» деген сөзді құлағым шалған сайын саналы ғұмырын ізгілік жолына сарп етіп, жақсымын деп жар салмай, жалғыздың жанына желеу, зәруге қол ұшын берген жомарт, том кітаптың парақтарына түспесе де, кейінгі буынның, жас ұрпақтың есінде есімі жиі аталып, құрмет төріне көтеріле білген адамдарды көргенде кеудеңді ерекше бір қуаныш сезімі кернейді. Олар жасағанын істеп жар салмады, қайта қамыққан көңілге демеу болып, өзіне тапсырылған міндеттер мен жауапкершілік жүгін мойнымен көтере білді.
      - «Отан – отбасынан басталады» демекші, мені жастайымнан отбасымда еңбекпен тәрбиеледі. Жаңарқа ауданында Ақтай деген ауыл бар. Сол ауылда ата-әжемнің қолында өстім. Мен туғанда атам атымды Қайрақбай деп қойды, «түсімде аян берді, би болатын бала, заң жағына барар» деп айтқан екен. Қазір сол дау-жанжалдарды реттеу, саясаттану бойынша жұмыс істеген кезде атамның айтқаны есіме оралады. Мәскеуде Еңбек және әлеуметтік қатынастар Академиясында аспирантурада оқыдым, саясаттанудан кандидаттық диссертация қорғадым. Әжем барлық немерелерінің ішінде жалғыз ұл болған соң атымды атамай «жаман» деп еркелетеді. Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді - деген ән жолдарындағыдай ауылды аңсап тұрамын. Бүгінде 87 жасқа келген әжемнің құшағына еніп, «жаман» немересі алдағы жақсы армандарын орындау үшін батасын алып, сағынышын басып қайтады. Жұртым деп жұмылып, «Елім» деп езіліп, Отаным үшін аянбай қызмет етуге әрдайым дайынмын деп», - өмір бұлағының бастауы болған асыл жүректі жандарға деген мың да бір алғысын айтқан Жанабеков Қайрат өз ісінің білікті маманы. Жұмыс берушінің де, жұмысшылардың да талабы жоғарылап, әділдік пен көпекөрнеулік итжығыс түсіп жатқан бүгінде, қарапайым елдің, жұмысшылардың құқығын қорғап, түсінбестікпен түйілген түйінді заңмен шешіп, кәсіподақтың өрісін кеңейтіп келе жатқан Жанабеков Қайраттың деніне саулық, отбасына амандық, кәсібіне береке тілейміз!      
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...