Нұрғазиев Талап

Рейтинг:

Абырой асқарындағы азамат

      Киелі мекен Кең Жылыой ежелден құтты қоныс, қасиетті аймақ. Жерінің үсті төрт түліктің өрісі, асты сарқылмайтын «қара алтынның» қоймасы. Бұл өңірде жер киесі, ел иесі, пірдің соңы Ер Бекет әулие 1750 жылы туған. Ол 1774 жылы таушық бүйірін ойып, қашап тұңғыш мешітін ашқан. 1997 жылы Аралтөбе қорымынан елімізде екінші алтын киімді адам мүрдесі табылды. Ғалымдар бұл адамды бұдан екі мың жарым жыл бұрын осы өлкеде өмір сүрген біздің арғы бабаларымыз Сармат тайпасының көсемі, батыры, абызы деп шешті. 1889 жылы 13 қарашада киелі Қарашүңгілден Қазақстандағы тұңғыш мұнай бұрқағы атқылаған. Сондықтан да Кең Жылой «қара алтынның» қара шаңырағы болып табылады. 
      1935 жылы Қосшағыл кен өндірісі пайдалануға берілді. Қарапайым колхозшы болып жұмыс жасайтын жас отау иелері Нұрғазиев Сәрсен мен Күнбайқызы Түрме де өндіріске жұмысқа келді. Тұрмыстары түзеліп, ел қатарына қосылған екі жастың отбасына 1940 жылы Талап атты қарадомалақ келіп, шаңырақ шаттыққа толды. Екі жылдан кейін дүниеге Біләл келгенде бұлардың қуанышында шек болмады. Әттең, жас жұбайлардың бастарына қонған бақыттың қонуынан ұшуы тез болды. 1942 жылы 7 қаңтарда Нұрғазиев Сәрсен майданға аттанды. Екі жылдан кейін «Жауынгер Сәрсен Нұрғазиев 1943 жылы 27 желтоқсанда Витебск қаласын азат ету үшін болған қанды шайқаста ерлікпен қаза тапты» деген қаралы хабар келгенде жас ана есеңгіреп қалды. Бұл жас отау шаңырағына үйірілген қайғы бұлтының басы екен. «Өлімнің егізінен сақта» дейді халқымыз. Нұрғазиев Сәрсен қазасынан кейін ес жия бастағанда ауылдан да қайғылы хабар жетті. Қой жайып жүрген Түрменің әкесі Күнбайға найзағай түсіп, қазаға ұшырапты. Бұл кезде Нұрғазиев Талап 5 жасқа аяқ басып қалған еді. Екі перзентін көршілеріне тастап, Түрме жанұшырып ауылға жетті. Әкесінің жаназасына үлгеріп, жетісін берген соң Қосшағылға қайтпақ болғанда анасы Марқа:      "-Қарағым, енді қасыма көшіп келмесең болмас. Інің Моншақ дімкәс. Мына колхоздың «жабағылы жауына» әлім келер емес. Одан шығын болса сотталам. Енді екі жарты бір бүтін болып күн көруден басқа амал жоқ",- дегені. Түрме жеделдетіп көшіп келіп, анасы екеуі бір қора қойға ие болды. «Қырсыққанда қымыран іриді». Тіл-көз бе, кіші ұл Біләл бір түнде ұйқыдан оянбай, қайтыс болып кетті.      Нұрғазиев Талап шымыр, пысық болып өсті. 6 жастан бастап қозы жаюға жарады. Атқа мінді. Бастауыш кластарды Қарасудан бітіріп, 7 класты Құлсарыдан тәмамдады. 
      Одан соң Доссордағы ремесленное училищеде оқып, моторист мамандығын алып шықты. Алтыкөл өндірісінде екі жыл жұмыс істеп, анасының шақыртуымен ауылға келді. Қысқа курстан өтіп, ауылда шөпір болды. Ондаған жыл қиындық пен ауыр еңбектен зәрәзап болған Түрменің қуанышында шек болмады. 4 қанат үй тігіп, өз алдарына түтін түтеткенде Сәрсені тіріліп келгендей, аллаға мың шүкіршілік етті.
      "Әлқисса:
      Ес жиып, оң-солын таныған Талап 64 жасында әкесі Сәрсеннің дерегін Совет Армиясының орталық архивінен тауып, қасына күйеу баласы Өтепбергенді ертіп Белоруссияға жол тартты.
      Мұнда жергілікті басшылық, тұрғындар Талапқа үлкен құрмет көрсетті. Еміс-еміс есінде қалған әке ескерткішінің жанында алпыстан асқан ұлдың сай-сүйегі босап, ұзақ егілді. Туған жер топырағын әке жанына көміп, әке кабірінің жанынан бір уыс топырақ алып, сүйікті жарын өмір бойы күтумен өткен, 1995 жылы 78 жасында бақилық болған анасы Түрменің жанына көміп, ескерткіш орнатты".
      Талап он жыл жүргізуші болып, колхоздың шеті-шегі жоқ науқанды жұмыстарының бел ортасында жүрді. Май таситын машинамен ойды-қырды шарлады. Самосвалмен құрылыс заттарын тасып, күндіз-түні мігір таппады. Бейнеті көп болғанымен шөпірлігің беделді белге шығаратын тірлік еді. Көлденең табысы да жетерлік. Қыз-қырқынға да өтімдісің. Осы шөпірліктің арқасында талай жігіттің арманы болған күлімкөз Үмітке қолы жетіп, шаңырақ көтерді.       Орталықта жұбайы Үмітке жұмыс болмағандықтан 1970 жылы жас жұбайлар түйе бағуға шықты. 2 жылдай бойдақ түйе, одан кейін сауын түйе бақты. Бұлардың еңбегі жанып, 11 жылда Жылой ауданының 3 дүркін төл алудан, 4 рет мал өнімін (сүт, жүн) алудан чемпионы атанды. Үш мәрте облыс чемпионы болды. 1981 жылы Қосшағыл совхозы құрылып, аудандағы барлық түйе соған берілді. Мұнда да Талап пен Үміттің енбегі жанып, биік белестен көрінді. Абыройлы еңбегінің арқасында Талап көрші Қызылқоға ауданының Ленин атындағы кеңшарына аға түйеші болып орналасты. Ол мұнда да абыройсыз болған жоқ. Төл алудан 2 дүркін аудан чемпионы болып, бір мәрте облыс чемпионы болып, Социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. 
      Талаптың ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Екі ауданда да аудандық партия ұйымының мүшесі, аудандық Кеңес депутаты болды. Кеудесіне жарқыратып Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерін, 5 медаль тақты. Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттардың өзі бір төбе. 
      Өмір бір орында тұрмайды. Тәуелсіздік таңы атып, жекешелендіру науқаны басталды. 
      Нұрғазиев Талап «Тасқұдық» деген жерге ие болып, «Талап» шаруа қожалығын құрды. Еткен еңбек, төккен тер бұнда да өз жемісін берді. Қазір қожалықта 2000-нан аса қой-ешкі, 175 түйе, 350 жылқы, 225 мүйізді ірі қара бар. Қожалық жылма-жыл жәрмеңкеге 400-500 қой, 40-45 сиыр, 12-13 түйе, 20-дан аса жылқы шығарады. Бұл дегенің тұтынушылар үшін 100-110 тонна, яғни 1000-1100 центнер ет дайындалады деген сөз. Ал, той-садақаға деп жеке адамдар алатын малдар өз алдына. Қожалықтың меншігінде 7 трактор, 11 автокөлік, 13 ауыл шаруашылығы машиналары бар.       Талап Сәрсенұлы шыққан белеске Үміт те қол ұстаса шығып, өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көріп келеді. Баяғы күлімкөз бүгінде «Батыр ана» -«Алтын алқа» ордендерінің иегері. Ерлі-зайыптылар 83-ке шыққан Талап пен 75-тегі Үміт әлі ширақ. Үй, түз шаруасына да араласып қояды. Жұбайы Үміт бала кезінен үйренген тоқымашылық кәсібін қайта қолға алған. Шым ораулы ши, бау-басқұр, кілем, қима бау тоқиды.Бұл ісі немересі Жарқынайға жұғысты болып отыр. Әжесінен үйренген кәсібінің арқасында талай көрмелерде озып шығып, жүлде алды.       Талап Сәрсенұлы мен жары Үміттен өрбіген 12 перзент бұл күнде бір қауым ел. 5 ұл, 6 қыз түгелдей үйлі-күйлі өмір сүруде. Олардан тараған 54 немере, 32 шөбере Талап пен Үміттің айналасында.       Ұлдың, жалпы баланың үлкені – Самат 1965 жылы туған.Келіншегі – Айгүл, Құда – Байғали, Бессары Таз, қайтыс болды. Құдағай – Рахимаш бар. Самат пен Айгүлдің 2 ұл, 2 қызы бар. Ұлдары - Айбек, Мирамбек. Қыздары –Жазира, Асем. Айбек пен келіншегі Райсада- 2 ұл, 1 қыз. Ұлдары- Асылбек, Асыланбек. Қызы- Айдана.       Екінші бала – Зайда, 1967 жылы туған. Жамбыл жаққа тұрмысқа шығып, 1-2 жылдан кейін қайтыс болды.
      Үшінші бала – Айнаш, 1969 жылы туған. Қарағанды жаққа тұрмысқа шыққан, күйеуі қайтыс болып кетті. Айнаш 2 балалы. Үлкен баласы Еламан Құлсарыда тұрады. Келіншегі – Қарлығаш, 4 баласы бар. Екінші баласы Атырауда – Айнашпен бірге тұрады, аты Жұлдыздан.
      Айнаштан кейін туған Қалау, Асхат деген жігітке тұрмысқа шыққан. Құда – Жаманқұл, руы Сары Қосым, Сәдуов Мыңбайға туыс, қайтыс болды. Құдағай – Роза, бар. Қалау мен Асхаттың 1 ұл, 2 қызы бар. Ұлы Қайрат, қыздары Әсел, Әдемі. Қайрат үйленген, келіншегі Әсел. Олардың 2 ұл, 2 қызы бар. 
      Келесі бала – Зияда. 1974 жылы туған. Күйеуі – Аманжол, руы Әлім. Құда –Қуаныш қайтыс болды. Құдағай – Бибі, Шоқпартоғайда Аманжол – Зиядамен бірге тұрады. Олардың 5 баласы бар, 2 ұл, 3 қыз.      Келесі бала – Асхат 1976 жылы туған. Келіншегі Айгүл. Құда Әбдіғали – Жетімек, қайтыс болды. Құдағай Дәметкен (Қаламқас) қайтыс болды. Асхат пен Айгүлдің 4 баласы бар, 2 ұл – Азамат, Саламат. Азамат инситутта оқиды. Қыздары – Алтынай, Кәусар. Алтынай тұрмыста, күйеу бала Сатыбалды Қосым – Ертас. Құда – Абылан, құдағай – Бибігүл.      Асхаттан кейін – Алмажай, 1978 жылы туған. Күйеуі Аманқос, руы Бессары Таз. 1 ұл, 3 қызы бар. Құда – Қанатқали, құдағай Шолпан екеуі де қайтты.      Алмажайдан кейін – Абл, 1980 жылы туған, келіншегі – Ақкенже, Құда – Жетімек Адай – Нұржау, қайтты. Құдағай – Іңкәш, бар. Абл мен Ақкенжеден 2 ұл, 3 қыз. Ұлдары – Асқар, Қасым. Қыздары – Жарқынай, Ділназ, Асыл.
      Аблдан кейін – Аққайша, 1983 жылы туған, күйеуі – Мұхит, руы – Қосым. Құда – Ахмет, қайтты. Құдағай – Тыным бар. Аққайша мен Мұхитта 2 ұл, 2 қыз.
      Аққайшадан кейін – Боранбай, 1985 жылы туған. Келін – Нұргүл. Құда – Қауқамбай, Адай Жеменей Кедей (Нұрмағамбет). Боранбай мен Нұргүлде 6 бала. Ұлдары – Батырбек, Исламбек, қыздары – Айгерім, Айзере, Айша, Көзайым.
      Боранбайдан кейін – Аязбай, 1987 жылы туған. Келін – Элеонора. Құда – Шаңдақбай, руы – Есен Беріш, қайтты. Құдағай – Нұрғаным, бар. Бұлардың – Нұрали, Оксана, Жансая, Ұлданай есімді балалары бар.
      Аязбайдан кейін – Аққалыш, 1989 жылы туған. Күйеубала Ақбота Адай –Өтеген. Ажырасып кеткен, 1 ұл, 1 қызы бар.
      Әке таяғы «Тасқұдықтағы» Аблда. Оның отбасымен бірге бірнеше іні-қарындастары шаруашылықты шырқ үйіріп отыр. Қара шаңырақтағы кенже ұл Аязбай мен келіншегі Элеонора қарттардың қас-қабағына қарап, ұшып-қонып қызмет етуде.
      НҰРДӘУЛЕТ АҚНАЗАРОВ,        журналист, мәдениет ардагері, 
       Атыраудың ардақты ардагері,
       Жылыой ауданының Құрметті азаматы.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...