Медетов Еркін

Рейтинг:

Білім мен білік ұштасса...

      Қоғамдағы сұранысқа ие мамандықтардың көшін бастап тұрған ақ халатты абзал жандар. Күндіз-түні тынбай еңбек етіп, көптің жан жарасын емдеуге ат салысып, халықтың алғысына бөленіп жүрген бұл азаматтардың айтары көп.
      Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтегендігі баршамызға ақиқат. Бүгінгі таңда, Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып саналып, медицина мамандығын таңдаймын деген жандар үшін де барынша жеңілдіктер қарастырылуда. Елімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүміндіктер жасалуда. Бұл білікті дәрігерлердің де арқасында демекпіз. Бүгінгі біз сөз еткелі отырған кейіпкерімізде өз саласының майталманы атанып, көптің сұранысы мен алғысына ие болып жүрген жан. Медетов Еркін Жұмағұлұлы 1984 жылғы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында дәрігерлердің отбасында дүниеге келген. Ата-ана қалаған сара жолды жалғастыру Еркін мырза үшін өзінше бір бағындырылған бел белес демекпіз. Себебі, Еркін мырзаның ата-анасы кішігірім халық қаһармандары. Бір саланың пұшпағын илеп, бір мамандықтың майын ішкен білікті мамандар.
      Кейіпкеріміздің әкесі Медетов Жұмағұл Бекенбайұлы және ақ жаулықты анасы Медетова Жұмағайша Смағұлқызы эпидемиолог дәрігерлер.
      Еркін мырза мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, білім мен білікті қатар алып жүріп, 2001 жылы О.А.Жолдасбеков атындағы №9 жаратылыстану-техникалық мектеп-лицейін үздік бітірген түлектердің бірі атанады. Өмір жолына аяқ басып, 2001-2007 жылдар аралығында көне шаһар Түркістан қаласында орналасқан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде «емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алып, үздік дипломмен тәмамдап шығады. Білім жолында сарп етілген жылдар өмірлік азық боларын жақсы түсінген кейіпкеріміз 2007-2008 жылдары аталған жоғары оқу орнында «хирургия» мамандығы бойынша интернатураны аяқтап шығады. Медицина саласының әрбір бөлігі мен бөлімі бірнеше жылдық білімді қажет ететіндігі сөзсіз. Бұл мамандықты таңдаған сәттен-ақ сабыр мен шыдам, білім мен білік қажет етететіндігін ұмытпаған жөн. Осы тұста Еркін мырза да 2009 жылы Алматы қаласында Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында «нейрохирургия» мамандығы бойынша алғашқы мамандандыруды оқып шығады. 2010-2014 жылдары Ұлттық Нейрохирургия орталығында «Нейрохирургия және соның ішінде балалар нейрохирургиясы» мамандығы бойынша резидентураны бітіреді. 2014-2015 жылдары Ұлттық онкология және трансплантология орталығында, «Ангиохирургия (рентгенхирургия, интервенциялық хирургия) мамандығы бойынша алғашқы мамандандыру оқып, 2016-2019 жылдары Астана қаласында, Астана медицина университетінде, «медицина» мамандығы бойынша докторантураны бітіріп, бірнеше жылдық оқудың нәтижесінде философия докторы PhD ғылыми дәрежесі атағын иемденеді.
      Аталмыш теория жүзінде алған білімді практика жүзінде жүзеге асырған Еркін мырзаның медицина саласындағы жұмыс өтілі 13 жылды қамтиды. Кейіпкеріміздің медицина саласында ауыз толтырып айтарлық, шұғыл, тамырлы және функционалдық, балалар нейрохирургия-сы бойынша, 2500 - ден астам ота жасағандығы. Біршама жанның өміріне араша бола білген кейіпкеріміз алғашқы еңбек жолын 2008-2010 жылдары Шымкент қаласында «Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында» шұғыл нейрохирургия бөлімшесінде дәрігер нейрохирург болып бастаған. 2011 жылдың желтоқсан айынан 2012 жылдың тамыз айы аралығында Астана қаласында «Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығында», политравма бөлімшесінде дәрігер нейрохирург; 2013 жылдың тамыз айынан желтоқсан айы аралығында «Жол ауруханасында» шұғыл нейрохирургия бөлімшесінде дәрігер нейрохирург. 2011 жылдың мамыр айынан 2014 сәуір айы аралығында АҚ «Ұлттық нейрохирургия орталығында» қабылдау бөлімшесінде дәрігер нейрохирург. 2014 жылы сәуір айынан 2021 жылдың маусым айына дейін АҚ «Ұлттық нейрохирургия орталығында» тамырлы және функционалдық бөлімшесінде дәрігер нейрохирург болып жұмыс атқарады. 2021 жылдың шілде айынан бастап елге оралып Шымкент қаласының нейрохирургиясын дамытуға, нақтырақ айтсақ «Облыстық клиникалық ауруханасында» жоғары технологиялық оталарды енгізуде. Ал демалыс күндері Қазақстанның басқа қалаларында да жоғары технологиялық оталарды енгізуге ат салысуда.
      Еңбектің еленгендігі болар өз өмірінің біршама жылын оқу мен өндірістік практикаға арнаған Еркін мырзаның есімі елеусіз қалған емес-ті. Оған дәлел 2008 жылы Қазақстан Республикасының медициналық жоғары оқу орындарының түлектерінің үздігі конкурсында 3 орынды иемденгендігі. 2010 жылы «Үздік жас маман» конкурсында,«Үздік жас дәрігер» номинациясының Гран-при иегері. 2018 жылы Ұлттық Нейрохирургия орталығының «Үздік дәрігері». 2019 жылы «Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісімен марапатталғандығы қандай дәрігер үшін өзінше бір бақыт алға деген ұмтылыс.
      Дәрігер қай елде, қай жерде болмасын дәрігер болып қала бермек. Өз білімді теория жүзінде жетілдіруден бөлек, қауымдаса жұмыс істеудің өзі біліміңді одан әрі жетілдіре түседі. Еркін мырза да бірнеше елмен қауымдаса жұмыс істеп, біршама мәселелердің шешімін тауып жүр. Сөзіміздің дәлелі, кейіпкеріміз қазақ нейрохирургтары ассоциациясының мүшесі, Европалық нейрохирургтарының ассоциациясының мүшесі, дүниежүзілік нейрохирургтар федерациясының мүшесі екендігінде.
      Білікті маман үшін басты жетістік мақтау, мадақтау, алғыс хаттары емес көптің көңілі ауарлықтай пайдалы дүниелерді басылым беттеріне шығару. Еркін мырзаның қазіргі таңда Қазақстан және шет ел журналдарының бетінде 50-ден астам ғылыми жұмыстары жарық көрген. Нейрохирургия бойынша Германия, Сингапур, Италия, Франция, Түркия, Қытай, Жапония, Ресей елдерінде өз білімін жетілдірген. Түркияда өткен дүниежүзілік нейрохирургтардың конференциясында және Бельгияда өткен Европа нейрохирургтарының конференциясында докладтар жасаған. Бірнеше патент авторы. Қазақстанда нейрохирургия саласында жаңа технологияларды еңгізуге атсалысқан. Ғылыми проект жобасында «Қазақ популяциясының ми тамырларының аневризмасын генетикалық зерттеу» жұмысын атқарған.
      Уақыт көшіне қарай медицина дамыған сайын дәрігерлерге артылатын салмақта арта түсіп келеді. Тәжірибе жүзінде жүктелген міндетті орынды орындап жүрген ел азаматы Еркін Жұмағұлұлы отбасында да үлгілі әке, бір үйге тірек болып отырған отағасы. Зайыбы Гүлдана Әбдіхадырқызымен бірге қос қарлығаш екі қыз, атұстар екі ұл өсіріп отырған жайлары бар.
      Қорыта келгенде, дүниедегі мамандық атаулының төресі саналып, адам жанының жанашыры атанып жүрген дәрігер мамандығы! Бар өмірін осы салаға сарп етіп, өмір көшін әрдайым білім мен білікке арнай білудің өзі өзінше бір батырлық демекпіз. Ел ағасы Еркін Жұмағұлұлына шығармашылық табыс, іскерлік белес, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости