Өнегелі өмір иесі
Иә, өмірі өнегемен өрілген жандардың ісі кейінгіге үлгі болып, мәңгілік өлмесіне куә болатын мысалдар аз кездеспейді. Осының өзі-ақ адам ісімен жасайды дегенді дәлелдей түспегі сөзсіз. Мұны өрнекті ғұмыр соқпағымен шынайы айқындай жүрген азаматтар еліміздің әр аймағында аз болмаған. «Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы» деп келетін халқымыздың даналық қағидаларын дәлелдей алған олар жайлы сөз әр уақытта айтыла жүреді. Әр заманның әр кезеңінде олардың өмір жолы кейінгіге үлгі етіледі, әрлі әңгіменің арқауына айналады, ұрпақтарына ұлағат саналады, ұмытылмайды. Сөз басында «мәңгілік өлмесіне куә» деуіміздің де сыры сонда.
![]()
Сондай жандардың бірі, бірегейі деуге де келетін азамат, қызмет қылған жылдарында тірлігінің тиянақтылығымен, міндетіне адалдығымен даралана алған дала перзенті – Қабиев Қисап Қабиұлы. Оның өнегелі өмір жолының өрнекті парақтарының бір парағы – бүгінгі әңгімеміздің арқауы.
Қисап Қабиұлы 1936 жылы 16 қаңтарда Гурьев (қазіргі Атырау) облысының бір шалғайында қоныстанған Жамбыл ауылдық кеңесіне қарасты «8 март» ұжымшарындағы (колхозындағы) қарапайым шаруа Қаби мен Райханның (ата-анасы) отбасында дүниеге келген. Тарих тілімен айтқанда, екінші дүниежүзілік соғыс саналған сұрапыл жылдар бала Қисапты бақытты балалығынан айырып, ертерек ес жидырып, ер жеткізді. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған 7-8 жасында «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен жүріп жатқан тылдағы тірлікке араласып, анасымен бірге сиыр бақты, атпен пішен тартты, басқа да еңбек қолы жетпей жатқан шаруаларға қолғабыс қылды. Бұның бәрі оған балаң шағынан ауыр еңбектің астарын түсінуге де септігін тигізіп, еңбекқорлыққа үйретті.
Әуелі К.Маркс атындағы мектептің табалдырығын аттаған Қисап Қабиұлы кейін ілкіде
![]()
Қамысқала, соңынан Новобогат, бүгінде Х.Ерғалиев ауылы аталған іргелі мекендегі білімнің қара шаңырағы – Амангелді орта мектебінен 8 кластық (сыныптық) білім алды. Бұдан кейін кәсіби білім меңгеруге ниеттенген жас сол уақытта МТС (машина-трактор станциясы) аталатын мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорны жанынан тракторшылар курсын тәмамдады. Білуге құштар жас осыдан соң Гурьев қаласындағы механизаторлар дайындайтын училищеге түсіп, оны бітіріп шыққан 1955 жылы бірден еңбекке араласып, МТС-та тракторшы болып еңбек жолына қадам жасайды. Алайда, көп кешікпей жас маман ретінде «Забурын» ұжымшарына жіберілген ол сонда МТС тарап, ұжымшарлар ірілендіріліп, кеңшарлар (совхоздар) құрылған 1957 жылы кеңшарға тракторшы болып ауысып, еңбек жолын жалғастырды. Балаң шақтан қалыптасқан еңбекқорлық қасиет, көпшілдікке бастаған әріптестеріне деген ілтипат оны сол кездің өзінде ұжым ортасында абыройға бөледі.
1958-1961 жылдары сол уақытта ер-азамат үшін алдыңғы кезектегі абыройлы міндет саналатын Отан алдындағы азаматтық борышын Ресей жерінде өтей жүріп, «моторист-электрик» мамандығын да меңгеріп алуы оның оқып-білуге деген ынтасының жоғарылығын
![]()
дәлелдей түскен-ді.
Есен-сау елге оралып, еңбекке қайта араласқан Қисап Қабиұлы ауылға алғаш электр жарығын беруші ретінде де тарихта аты қалды. 1961- 1964 жылдары «Новобогат» кеңшарында техника жөндеу бригадирі болып еңбек етті. Ал 1965 жылдың 1 қаңтарынан шаруашылықтың Ақкүтір участогіне егіс бригадирі болып тағайындалады. Қызметтен қол үзбей жүріп, 1978-1982 жылдар аралығында Орал қаласындағы Орал кеңшар техникумынан «агрономия» мамандығын алыпшығуы қашанда ізденуден, алға ұмтылудан жалықпайтын жанның білім алу еш уақытта кеш еместігін де көпке ұғындырарлық бір қыры десек болғандай. Ол өз ісіне деген сүйіспеншілік сол істің майталман шеберіне айналдырып, көптің құрметіне бөлерін де өз өнегесімен дәлелдеген азамат. Еңбек жолының соңғы отыз жылын осынау сүйікті ісі – егіншілікке арнаған жан 1998 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты.
Еңбек десе ерінуді білмейтін ардагер азамат зейнет демалысында да қол қусырып отырмай, 1996 жылдың 14 маусымында «Тілеген» шаруа қожалығын құрып, басшылық жасады. Бұл оның уақыт талабына үн қата білетін бірегей болмысын да танытарлық тірлігі еді.
![]()
Еңбек еткен жылдарында Қисап Қабиұлының ерен еңбегі елеусіз қалмады, түрлі мақтау, марапаттарды иеленді. Оларды тарқатып айтар болсақ, 1987 жылы Ұлы Октябрь социалистік революциясының 70 жылдығы құрметіне қабылданған социалистік міндеттемелерін асыра орындағаны үшін Қазақстан Компартиясы Новобогат аудандық комитеті мен Халық депутаттары аудандық Советі атқару комитетінің Құттықтауына ие болды, 1989-1994 жылдары аралығында Махамбет ауданы, Новобогат селолық кеңесінің депутаты болып сайланды, 1985 жылы мал азығын дайындауда жоғары жетістікке жеткені үшін кеңшар басшылығы мен кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасын алды. Қазақстан егемен ел атанған жылдарда: 2015 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай «Тыл ардагері» медалімен наградталды, Исатай ауданының 80, 90 жылдық мерейтойлық медальдарын кеудеге тақты. Қабиев Қисап Қабиұлына аудандық мәслихаттың 2020 жылдың 28 ақпанындағы №294-VI шешімімен «Исатай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Осыншама еңбектің артында ел азаматының отбасы тұрғанын да мақтанышпен айта аламыз. Әрбір бастаған іске қолдау, өз кезегінде демеу бола білген Қисап Қабиұлының өмірлік жары Нашкенова Ұмсынай Нашкенқызымен 1964 жылы отау көтеріп, 9 перзент дүниеге әкелді.
Бүгінде жоғары білімді 3 қызы Гүлжан, Батима, Гүлмира мен 4 ұлы Мұхамбетжан, Орынғали, Ғадылжан, Жеңісбек өмірдің әр саласында егемен еліміздің дамуы жолында абыройлы қызмет атқаруда. Түзу тәлім-тәрбие берген әке мен ананың үмітін ақтауға ұмтылған ұл-қыздан өрбіген 24 немере-жиен, 5 шөбере бар. Олар да абзал аталарының атына лайық ұрпақ болып жетілуге талпынатыны қуантады.
Ерен еңбегімен еленген ел азаматы, еңбек ардагері Қабиев Қисап Қабиұлы 2020 жылы 84 жасында дүниеден озды. Аудан басшылығы мен қоғамдық ұйымдарының атынан ауданның қоғамдық-саяси «Нарын таңы» газетінде берілген қазанамада: «...Өмірдің түлі сынында жүріп, еш мойымастан еңбек етіп, кейінгі жастарға үлгі болған...» делінді. «Адам ұрпағымен мың жасайды», көрген-түйгені мол ұрпақ та ата жолынан айнымасы кәміл.
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()