Өз ісінің шебері атанған…
«Мал-жаның аман ба?» деп, бір-бірінің жағдайын малының амандығынан бастап сұрайтын әр қазақтың тұрмыс-тіршілігі төрт түлікпен тікелей байланысты десек артық айтпағандығымыз. Сол төрт түліктің денінің сау болуы бүкіл адамзаттың денсаулығы үшін де маңызды. Бүгінде медицина саласының бір бөлшегіне айналып кеткен ветеринария саласының тізгінін ұстаған ел азаматтары жетерлік. «Сен істі сүйсең ғана, іс саған бас иеді»,-демекші, мал дәрігері болу үшін білімділік пен біліктілік, өз мамандығына, жан-жануарға деген көңіл қажет. Мал дәрігерінің жұмысы өте жауапты іс. Себебі, азық-түлік қауіпсіздігінің сақталуы мал дәрігерінің жұмысына тікелей байланысты. Әңгіме арқауы болғалы отырған жан бүгінгі күні кәсіби мамандығын жеке шаруашылық түрінде өрбітіп отырған ел ардақтысы – Құрасов Күнтуған Құрасұлы.
![]()
Құрасов Күнтуған 1940 жылы 18 маусымда Гурьев облысы, Новобогат ауданында дүниеге келді. Балалық шағын еліміздің батыс өңірінде өткізіп, мектеп табалдырығын аттап, білім нәрімен сусындаған жан болашақ мамандығына бағам жасап, өзін медицина саласымен байланыстыруды жөн санайды. Күнтуған Құрасұлы 1962 жылы Гурьев ауыл шаруашылығы техникумында оқуға түсіп, 1965 жылы зоотехник, мал дәрігері мамандығын еншілеп шығады. Білімін жетілдіре түсу мақсатында ел азаматы 1977 жылы Алматы зоотехникалық институтының мал дәрігері мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Ветеринария саласының миссиясы және пайымдауы – жануарлардан алынатын өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықтың денсаулығын адам мен жануарларға ортақ жұқпалы аурулардан қорғау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бірдейлендіру бойынша дерекқорды жүргізу және жануарларға ветеринарлық паспорт беру, қоршаған ортаны ластаудың алдын алу және оны жою. Осы аталған жұ-мыстардың басы-қасында жүруді місе тұтқан жас маман алғаш қызметтік жолға қадам басып, 1965-1966 жылдары Қызылқоға ауданы мал дәрігерлік станциясының кіші мал дәрігері болып жұмыс атқарса, одан әрі Қызылту кеңшарында ферма мал дәрігері болып бастайды.
![]()
Сүйіспеншілікпен басталған сүйікті іс Күнтуған Құрасұлының мансаптық жолына жаңа серпін сыйлады. 1966-1970 жылдары облыстық, Балықшы аудандық мал дәрігерлік станциясында эпизоотолог мал дәрігері болып нәтижелі жұмыстардың тізбегін көрсетеді.
Әркімнің де бойында өзі сенген ісін орындауға қажетті күш-жігер мен ерік бар. Осы асыл қасиеттерді бір-бірімен үйлестіре отырып, бойындағы, санасындағы қарым-қабілетімен халқының қамын ойлаған, елінің абыройын арқалаған ағамыз 1970-1977 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал дәрігерлік бөлімінің бруцеллез және туберкулезге қарсы экспедициясының аға мал дәрігері, 1977-1984 жылдары (Новобогат) Исатай аудандық мал дәрігерлік зертханасының директоры, 1984-1993 жылдар аралығында Чапаев атындағы кеңшарда бас мал дәрігері болып істейді.
Еңбек жолында толағай табыстарға қол жеткізіп жүрген сұранысқа ие мамандық иесі 1993-1995 жылдары Ақкөл ұжымдық ауыл шаруашылығы кәсіпорынның төрағасы болып біршама істің жемісті аяқталуына сеп болады.
1995-2008 жылдары ішінде Исатай аудандық инспекциясының бастығы қызметін атқарды. Қызмет барысында жинақтаған нәтижелі тәжірибенің арқасында сұранысқа ие жандардың қатарын толықтыра түсті.
![]()
Көптің көңілінен шығып, қызмет барысында тиянақтылық пен жауапкерішілік танытудан айнымаған кейіпкеріміз 1994-1999 жылдары (екі мәрте) Исатай аудандық мәслихатының депутаты, халық қалаулысы болды. Басшылық жасаған кездерінде білікті де іскер басшы, шебер ұйымдастырушы ретінде танылып, үлкен беделге ие болды.
Қаншама жылды төрт түліктің қыр-сырын меңгеруге сарп еткен кәсіби маман Күнтуған Құрасұлы өзінің қызметтік жолын кәсіпкер ретінде өрбіте түсуді негізге алды. Нәтижесінде шаруа қожалығын құрып, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау, мал тұқымын асылдандыру жұмыстарына да бет бұрыс жасауда. Ол Нарын құмындағы шаруаларға барынша жәрдемдесуді де өзінің парызы санайды.
![]()
Қазақ топырағында бүгінгі күні елдік істерді тындырып жүрген еңселі азаматтар кем емес-ті. Ұлағатты істерімен, қарапайым да адамгершілік қасиеттерімен көптің құрметіне бөленіп жүрген азаматтың ерен еңбегі жоғары бағаланып, өз кезегінде екі шақырылымда 2 рет аудандық мәслихат депутаты болып сайланды. Бұдан бөлек көптеген марапаттар игері атанғаны тағы бар. Ауданға сіңірген еңбегі үшін аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, Атырау облыстық мәслихатының Құрмет грамотасымен, бірнеше рет Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалі және І дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды. 2019 жылы Исатай ауданының «Құрметті азаматы» атағын алды.
Жұмыс барысында үздік деп таныла білген ел азаматы, отбасында да үлгілі әке, өнегелі жан демекпіз. Бүгінде ел азаматы жеті перзенттің арқасүйер, қолғабыс көрсетер асқар тау әкесі.
Күтуған Құрасұлының отыз жылдан астам ауыл шаруашылығына қарасты ерен еңбегі әлі талай жас өрендерге үлгі-өнеге боларына сеніміміз бол. Өн бойына шыдамдылық пен төзімділік, тиянақтылық пен жауапкершілік атты асыл қасиеттерді жинақтаған еңселі жанның есімі әлі талай бел-белестерді бағындырғандығымен сөз болары сөзсіз!
![]()
![]()
![]()
![]()