Ұлттық өнердің шын жанашыры Өткен ғасырдың алғашқы жартысында Орталық Азияда орналасқан мұсылман халықтарының арасында саны жағынан ең көп болып табылатын қазақ халқының басына қолдан жасалған небір нәубеттер мен катаклизмдер төніп, этнос ретінде жоғалып кету қаупі тұрды. Осындай сындарлы дүйім қазақ баласын осындай тоқырау мен трагедиядан аман сақтап қалған феномен – халқымыздың әні мен жыры, яғни, ұлттық музыка. Бұлай деуіміздің басты себебі, ғасыр басындағы халықтық ән-күй өнерінің өне бойы
![]()
нда қорғасындай философиялық ауыр ойға толы лашын құстың тепкісіндей жойқын темперамент пен энергия адам жанына сондай тебірентерлік әсер бере алуға аса қабілетті екені белгілі. Қазақ даласына түрлі себептермен келген шетел зерттеушілері ешқандай музыкалық мектебі жоқ, нотаның не екенін білмейтін көшпенді халықтың музыкасын тыңдап, қайран қалған. Этнограф ғалым Григорий Потанин өзінің бір сөзінде: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай»,-деп таңданысын жасырмаған екен. Күллі қазақ жұртының рухани ұстазы Абайдың: «Әнді сүйсең, менше сүй»,-деген бір ғана өлең жолында қаншама терең концепциялық ой жатыр десеңізші! Бұл жайттарға тоқталуымыздың басты себебі, толыққанды тұлға болып қалыптасу жолындағы саналы өмірін халқымыздың ұлттық музыкасын дәріптеу мен насихаттау жұмысында тыным таппай еңбек етіп жүрген ерекше жан Кабиева Сара Жаманбайқызы жайлы ой өрбітпекпіз. Қасиетті мамандықтың ауыр жүгі мен жауапкершілігін жылдар бойы абыроймен арқалап келе жатқан ұстазымыздың балдәурен балалық шағынан бастап, өнерпаз ретінде қалыптасуындағы өмір жолына ой көзімен қарап, шамамыздың жеткенінше мағыналы тоқтам жасап, жүйелі баяндап бермек ниетіміз бар. Сара Жаманбайқызы 1963 жылы қазан айының он жетісі күні бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау қаласында дүниеге келген. Қазақылықтың иісі бұрқыраған аймақта тіршілік еткен ең сыйлы деген әулеттің құт қонып, кие тұрақтаған қарашаңырағында шыр етіп дүниеге келген күннен бастап ала жіпті аттап көрмеген жайсаң мінезді әке мен шешенің алақаны мен жүрегінің жылуына шомылып өсті. Бұғанасы қатқан тұста ауылдағы өзі құралпылас топ балаға қосылып, жаздың аптабы мен қыстың ақшұнақ аязына қарамастан таңның атысы күннің батысы бір жалықпай ойынның қызығына батып өсіп, 1971 жылы Н.К.Крупская атындағы орта мектепке оқушы болып қабылданады. Мектеп табалдырығын имене басқан оқушы қыз ұстаздары мен сыныптастарына бойы үйренісе келе өзінің өн бойындағы оқу мен сызуға деген үлкен қызығушылығы мен сүйіспеншілігі бар екендігін аңғартады. Жиі-жиі болып тұратын білім бәйгелері мен спорт додаларына белсене атсалысып, өзін жан-жақты қырынан сынап көреді. Жастайынан ән мен күйге деген үлкен махаббаты мен құлшынысы бар қуыршақтай ғана сүйкімді қыз жасының кішілігіне қарамастан, 1974-1979 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы облыстық балалар саз мектебінің қобыз-прима мамандығы бойынша оқытушы С.Мұхтановадан дәріс алады. Сонымен қатар, әркез үйдің ішкі тірліктерінде анасына көмек қолын созып, үлкен кісілерге деген құрметі мен сыйластығынан, сәлемін жаңылмай, жасы кішілерге әрдайым ізетпен қарым-қатынас жасайтын көрк
![]()
ем мінезді, инабатты да ибалы қыз бала болып бойжетеді. Мектеп қабырғасындағы сегізжылдық оқуын үздік бағамен тәмамдаған соң, бала күнінен бері қымбат бұйымдай сақтап келе жатқан аппақ арманынан көз жазып қалмай, алдына қойған үлкен межені бағындыру үшін ата-анасы мен мектеп мұғалімдерінің артқан сенімі мен үкілеген үміттерінің үдесінен абыроймен шығу үшін барын салуға бел байлайды. Саз мектебіндегі алған білімі мен қабілетін шыңдай түсу мақсатында 1979-1983 жылдар аралығында Гурьев музыка училищесі оқытушысы Н.С.Сиражовтың класынан дәріс алады. Осы жылы өзінің арқасүйер азаматын жолықтырып, тұрмысқа шығады. Одан кейінгі жылдары Балықшы ауданында құрылған «Атырау» этнографиялық ансамблінің белді мүшесі болып, Орал, Ақтөбе, Көкшетау, Алматы, Волгоград, Астрахань және Мәскеу қалаларында өнер көрсетеді.
1986-1991 жылдар аралығында «Құрманғазы» атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында «қобыз-прима» мамандығы бойынша профессор З.Бисембаевадан дәріс алады. Қазақ өнерінің талай тарландарын тастүлек етіп ұшырған аталмыш оқу орнына қабылданған күннен бастап бойындағы энергиясын, өнерін мейлінше ұштай түсуге жұмсайды.Талай мәрте тауы шағылып, меселі қайтқан кездерінде жігерін құм қылмай, басын әрдайым жоғары ұстап, әуелден атаның қаны мен шешенің ақ сүті арқылы дарыған намысы жанып, өзіне жүктелген ауыр міндеттің жауапкершілігін он екі мүшесімен сезіне білді. Ұстаздары да болашағы зор шәкірттерін мүмкіндігінше көбірек қолдап, әрдайым жасап жатқан жұмыстарына ақыл-кеңестерін аямай айтып, көмек қолын созып отырды.
Еңбек жолын В.И.Ленин атындағы халық аспаптар оркестрінде қобызшылардың жетекшісі міндетін атқарудан бастайды. Сонымен қатар, М.Қойшыбаев атындағы оқытушылардан құрылған халықтық оркестріне де өз үлесін қосты. Сүйікті білім ордасында қанша жылдардан бері үлкен ғалым-ұстаздан алған білімі мен тәжірибесін шәкірт дайындап шығару міндетіне белін нықтап буып, қызу кіріседі. 2010-2011 оқу жылынан бастап М.Қойшыбаев атындағы музыка мектебіне қарасты Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебінде ашылған филиалдың меңгерушісі болып тағайындалады. 2013 жылы Атырауда өткен күй атасы – Құрманғазы атындағы республикалық фестивальдің 1000 адамдық біріктірілген оркестрінде М.Қойшыбаев атындағы «Халықтық» қазақ оркестрінің құрамында болады. Сонымен қоса, мектептегі оркестрдің белді мүшесі атанады.
Бойына біткен күш-қайратты тек қана бір мақсат пен мүдденің айналасына шоғырландырып, ертелі - кеш тыным таппай жұмыс жасап, оқушыларын білім нәрімен сусындандырумен болды. Өз кезеңінде жас шәкірттері талай додаларда топ жарып, қанжығалары әркез майланып жүрді. Осындай тынымсыз еңбектері мен жемісті жұмыстарының арқасында мерейі өсіп, басшылық тарапынан көптеген сый-құрметтер көрді. Рет-ретімен атап айтар болсақ, әр жылдары көптеген оқушылары қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық фестивальдар мен конкурстарда жүлдегер атанып жүр. Өзі үлкен өнерге баулыған шәкірттері Ә.Калекешова, Р.Теміралиева, А.Мутигулла, Р.Темірғалиева, А.Исмуханова, А.Шалимова, А.Мусағалиева, А.Хамзина, Н.Ғалымжанова, Д.Бақтыбаева және өзге де мықты музыканттар халықаралық сайыстардың лауреаттары атанды. Сара Жаманбайқызы қалалық, облыстық кәсіподақ ұйымының, облыстық білім беру басқармасының, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет Грамоталарымен» және әр түрлі дәрежедегі фестиваль конкурстардың Дипломдарымен марапатталды. Сонымен қатар, ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері атанды. Әр жылдары білім беру саласына мысқалдай болсын үлес қосып, адамгершілігі зор азаматтар мен азаматшаларды дайындап шығаруда мол тер төккен Сара Жаманбайқызы өзі қылған қызметі мен еңбегінің дәл уақытында лайықты түрде бағаланып жатқанына дән риза. Жыл сайын басшылық тарапынан беріліп жататын «Грамоталар» мен «Алғыс Хаттардың» табысталуы – жаны жайсаң, жұмсақ мінезді ұстаздың өз мамандығының хас шебері екендігінің, өз ісіне жан-жүрегімен берілген адам екендігінің дәлелі. Бұл дегеніңіз – көп жылғы тәжірибесі мен терең білімін өскелең ұрпақтың жүрегіне қанатымен су тасыған қарлығаштай болып жүріп құя білген жаны аяулы ұстаздың еңбегі мен төккен терінің қайтарымы деп ұққанымыз дұрыс болар. Халықтың болашағының кепіліндей, тұтастай бір ұлттың не
![]()
гізгі потенциялы мен ең құнды байлығындай болған жауқазын жас буынға сапалы білім беруге жан-тәнімен беріліп қызмет жасап жүрген аяулы да ардақты ұстаздар қауымы қандай сыйлық пен нендей марапатқа болсын лайық екені даусыз.
2014 жылы Сара Жаманбайқызы Атырау қаласында алғаш балалар шығармашылығына арнап ашылған «Жадыра, жас дарын!» қоғамдық қорының негізін қалаушысы. Жас өнер иелерін қолдау мақсатында құрылған аталмыш қор облыстық, республикалық және халықаралық ауқымдағы өнер сайыстарын ұйымдастырып, түрлі форматтағы мәдени шараларды дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Қордың негізгі мақсаты – жас дарындардың шығармашылық қабілетін арттыру, дарынды жастардың әлеуетін толыққанды ашу, ауыл жастарын көтеру, олардың үлкен сахналарда өнер көрсетуіне ықпал жасау және шығармашылық ізденістегі оқытушыларды марапаттау болып табылады. Қордың ұйымдастыруымен көптеген облыстық және республикалық фестиваль-конкурстармен қатар қолөнер көрмесі, 2019 жылы «Жорға» би мектебінің директоры, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, режиссер-хореограф С.М.Сариевтің хореограф мамандарға арналған шеберлік сабағы мен «Жорға» би мектебінің көрмесі мен концерті жоғары деңгейде өтті. Талантты өнерпаз, ұлағатты ұстазымыз өзі туып - өскен аймағының тумасы ретінде перзенттік парызын абыроймен өтеген жан десек те болады. Мамандық иесі атана салып туған топырағына қайтып келіп, оның гүлденуі мен дамуына орасан зор үлес қосқан жайсаң мінезді, ер азаматқа бергісіз жан. Кіндік қаны тамған алтын бесік Атырау қаласының мәдени және рухани гүлденуіне шама-шарқынша қызмет етіп жатқан жағдайы бар.
Қазіргі таңда Сара Жаманбайқызы – қасиет пен кие тұрақтаған үлкен әулеттің қарашаңырағындағы үлгілі келін, Құдай қосқан арқасүйер азаматының сүйікті жары, балапандарының аяулы анасы деген киелі міндеттерді үлкен абыроймен арқалап келе жатқан жайсаң мінезді жан. Міне, осындай кереметтей көркем мінезді апайымызға жаны әманда жаманшылық көрмесін деген риясыз ниетпен, деніне саушылық, басына амандық, отбасына байлық пен береке, шығармашылығына толағай табыстар тілейміз.