Әке жолы – ұрпаққа үлгі
Әке – бұл отбасы деген кішігірім мемлекттің орны толмас мүшесі, қамқоршысы,қоғамның негізгі бөлігі. Көптің қамын, ағайынның татулығын, елдің тыныштығын ойлайтын үлкен жүректі азаматтардың бірі – Есқалиев Таспан Есқалиұлы. Ауылда қарапайым ғана өмір кешсе де азамат деген ардақты есімге лайықты өмір сүрген. «Жақсы әкенің есімі 40 жыл азық» дегендей, әке есімі әлі күнге әулетке жылу шашып тұр.
![]()
Бір әулеттің, әулеттің емес-ау, ауылдың көкірегі толған шежірелі дана қарты Есқалиев Таспан Есқалиұлы 1927 жылдың 5 қыркүйегінде Қызылқоға ауданы, Қаттыкөл ауылдық округінде дүниеге келген. Шүйіншәлиев Есқали мен Айтемірқызы Орыннан өрген үш ұлдың ортаншысы. Ағасы Тәуір соғыстан оралмады. Інісі Құлсымақ екеуі екі үйдің бірі боп тату-тәтті өмір сүрді. Таспанның азан шақырып қойған есімі – Таспақара. Бірақ туыстары кішкене кезінен Таспан деп атап, кейін төлқұжатына да солай жазылған. Үш жасынан бастап көзжанарынан ақау болып, оқудан ерте қол үзуге тура келді. Бес сыныптық қана білімі бар. «Алты жасымда екі көзден айырылып, кәріп болып қалдым. Бұрынғы үлкендердің бағыт сілтеуімен ата-анамның қазақы ем-дом жасатуынан кейін аяқ жолымды көретін болдым», - деп еске алатын еді. Көз жанары кемісе де, көңіл көзі самаладай жарық, зерек жан қатарластарынан құймақұлақтығымен ерекшеленді. Әдебиетке жақын болып, ауыз әдебиеті жауқарларын өз бетімен меңгеріп, тауып айтқыштығымен, суырып салма қасиетімен ауылдастарын таңғалдырды. Таспан Есқалиұлының балалық шағы сұрапыл соғыс кезінен кейін колликтивтендірумен тұспа-тұс келіп, еңбекке де ерте араласты. Денсаулығына бір шағымданбай, тылда маңдай терін сыпырып тұрып совхозда әртүрлі қызметтер атқарды. Елуінші жылдары орта тұсында ірі қара мал фермасының меңгерушісі болып тағайындалады. Бірақ алпысыншы жылдардан бастап ауыл шаруашылығына оқу орындарында арнаулы, жоғары білім алған маман кадрлардың келулеріне байланысты
![]()
ферманы басқаруды сол оқыған білікті азаматтарға тапсырып, өзі сауын табынына аға бақташылық қызметке кіріседі. Одан әрі қарай фермадағы аса жауапты сала - аға жұмысшылық қызметті атқарады. Өзіне тапсырылған жұмыстарға жауапкершілікпен қарап, мүлтіксіз орындайтын. Ал жұмысқа қыры, еңбекке ебі жоқтар Таспан Есқалиевтің әзіл қалжыңына қалушы еді. Кемшіліктерді өлеңмен жеткізіп, басшыларға сөзін өткізе білді.
Жүйрік ем қамшы өтпейтін етіме шабан,
Жылқы жоқ бұл күнде менен жаман,
Құтылар бұл періңнен күн бар ма екен,
Шыбын жан кеудемізде тұрғанда аман.
Айтатын басқармаға тілім де жоқ,
Шанадан босайтұғын түрім де жоқ.
Басқарма көзін салып қарамаса,
Қарайтын туғандардың бірі де жоқ. Бұл Таспан Есқалиұлының «Торайғырдың мұңы» өлеңі. Қыста шанадан, жазда арбадан босатпай әбден ығыр болып, аздырған сәйгүліктің сол кездегі Сталин колхозының басқарма төрағасы Әбу
![]()
Досжановқа жазған сәлемдемесі еді. Тауып айтқан әзіл-қалжың, оспақ өлеңдері, арнау жырлары ел ішінде сақталып, 2003 жылы «А-Полиграфия» ЖШС баспасынан «Атырау ақын жазушыларының кітапханасы» сериясымен шыққан 100 томдық «Тайсойған - бүйрек ақындары» 51-ші кітабына «Торайғырдың мұңы», «Жамал жеңгеме», «Құрдаспыз» (Қайырқожа құрдасыма) өлеңдері енген. Өткір тілді сөз шебері аудан көлеміндегі ақындар айтыстарына барып, ауданымыздың намысын қорғап, талай мәрте жеңімпаз атанды. Көздіқараның атынан шыққан Шүкір ағаймен айтысы күні кешеге дейін ел аузында жүрді. Ел басындағы қиын кезеңдерде ауыл шаруашылығының өркендеуіне қосқан үлесі елеусіз қалмады.
1950 жылы Мәскеу қаласындағы Халықаралық көрмеге делегаттардың бірі болып қатысып қайтты. 1956 жылы Кеңес Одағы коммунистік партия қатарына енді. Бұл зор мәртебе болатын. Қабырғасы қатаймастан ауыр еңбектің бел ортасында жүрген еңбегін ескеріп, 1984 жылы «Ветеран труда» медалімен марапатталды. Қару алып қан майданға қатыспаса да тылда төккен тері үшін 1995 жылы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының жеңісінің 50 жылдық» мерекелік медалімен, 2010 жылы «Ұлы Жеңістің
![]()
65 жылдығы» медалімен марапатталды. Адал еңбектің абырой биігіне көтеретін куәсі осы емес пе?
Кісілік деген ұғымда ол өз мүддесі үшін жаманшылыққа бармайтын, құнсыз дүниелерге қызықпайтын, қандай да бір қиыншылықта пендешілікке бой алдырмайтын, қолынан келсе жақсылығын, көмегін аямайтын жан. Замандастары сол жақсылықтарын міндет қылмайтын қасиеттері үшін құрметтейтін. Жүзі жылы, сөзі мен ісі қабысқан, жан дүниесі таза, көңілі ақ, сабырлы да салиқалы азамат. Ол 1951 жылы Рахила Есқалиевамен бас қосып, екі қыз, үш ұл тәрбиеледі. Тұңғыш немересі дүниеге келгенде балаша қуанып, есімін «бейне бір гүл болсын» деп Бейнегүл қойып, бауырына басты. Бейнегүл үйінің кенже қызындай аға-апаларына еркелеп өсті, кейінгілерге қамқор болды. Ардақты әке ұрпағын сағымдай құбылып, сағыздай бұзылып тұрған заманда адамзатты құтқарып қалатын жалғыз қасиет адамгершілік пен мейірім, жылы сөз ғана екенін ұқтырып өсірді. Кенже ұлы Көшербайдың 30 жас мерейтойына арнаған өлеңі арқылы тұтас әулетке өсиет қалдырды. Кеудесі қазынаға толы ардақты атасының өлеңдерін қазір шөберелері жатқа айтады.
Көшербай келдің міне, 30 жасқа,
Ақылды кісілікті енді баста.
Жастықпен еркелеген тентектікті,
Бәрінде лақтырып кейін таста.
Кісілік ердің жасы отыз депті,
Айтқан ғой бұрынғылар сөзді текті.
Адам боп салиқалы ақыл айтып,
Жақсы өсір артыңдағы Мұратбекті.
Алдыңда аман жүрсін ағаларың,
Тату боп айырылмасын араларың,
Туыспен сыйласыңдар тіршілікте,
Шырағым, келгенінше шамаларың,
Айтуға білгенімді ерінбедім,
Артымнан аман қалшы, көрінгенім.
Тату боп ағайынды тарта білші,
Айтарым, сендерге де келіндерім! – деп өсиет өлеңдерін арнаған.
![]()
Бүгінде Таспан қариядан туған ұрпақ бір-бір ауылға айналды. Адамның иманы жүрегінде, өнегесі балаларында қалады деген рас. Артында ұялтпайтын ұрпақ өсірді, өзі де адамның алажібін аттамады. Балаларына да сол тәрбиені сіңіре білді. Өмірдің бар байлығы ұрпағым деп, жапырағы жайылған сайын «шүкір» деуден танбады. Зайыбы Рахила екеуі бар жиғанын қонағына ғана тосып, ағайын, құда-жекжат, дос-жаранға кең құшақ, дархан көңіл білдірді. Қарты бар үй қазыналы ғой, үйінен қонақ арылмайтын, дастарханы жиылмайтын.
Қазақта «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деп айтқандай, әке мен ананың өнеге мектебінен өткен бала келіндері Жанас пен Нұржамал, Қанат пен Гүлина, Көшербай мен Гүлмаржан, қыз күйеу балалары Болат пен Дариға, Таңат пен Зинагүл – түтіні түзу ұшқан отбасылар. Қазір түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүр. Бүгінде оларда ұлын ұяға, қызын қияға қондырған немере-жиен сүйген бақытты жандар.
2007 жылдың қыркүйегінде 80 жас тойында алыс-жақыннан қаумалап келген ағайын ақ тілегін ақтарып жатыр, ат шапан сый беруде. Ал, Таспан қария «80 жастағы
![]()
басты сыйлығым – 20 күн қалғанда дүниеге келген Мақсатым» деп, көзі көрмесе де шөбересінің иісін құшырлана иіскейтінін айтады. «Ұрпағымның алдында өмірден өтсем арманым жоқ» деп отыратын. Артында ата-ана қадіріне жете білген, барында бағалай алған, тіршілігінде алдынан кесе көлденең өтпеген ұрпақ қалды. Тау алыстаған сайын биіктейді дегендей уақыт өткен сайын әке бейнесі, оның берген тәрбиесі ұрпақ жүрегінде мәңгілікке жазылып қалды.
Таспан Жанас Таспанұлы
Тасшағыл ауылдық округіне қарасты Қоғам елді мекені Тайсойған құмының етегіне жиектей қоныстанған. Шетте қоныс тепкен шағын елді мекеннің өзіндік ерекшелігі, тіршілік тынысы бар. «Ауыл болғасын оның шаруасына қолғабыс беретін,
![]()
ел адамдарының жағдайына көмектесетін ел ағасы болады. Сол азаматтың бірі – Таспан Жанас Таспанұлы» деп ауылдастары баға береді.
Таспан Жанас Таспанұлы Гурьев облысы, Қызылқоға ауданы, Қаттыкөл ауылдық советінде 1956 жылы 22 сәуірде дүниеге келді. Әкесі – Есқалиев Таспан, анасы – Есқалиева Рахима.
1962 жылы Қоныстану елді мекенінде бастауыш сынып оқып, кейін Қаракөл орта мектебінен жоғары сыныпты аяқтады. 10 жылдық білім алды. Жасынан шаруаның қыр-сырына қанық боп өскен ағамыз, орта мектепті бітірісімен-ақ, 1972-1973 жылдары комсомолдық жолдамамен ауыл шаруашылығында қызметке араласты. Сиыр шаруашылығында аға бақташы болып екі жыл қызмет етті.
1976 жылдан бастап он жылдай Тасшағыл совхозында механизатор, 1986-1991 жылдары аралығында құрылысшы болды. 1991-1997 жылдары Қызылқоға аудандық су арнасында оператор болып қызмет атқарды. Арасында әскерлік борышын Германия Советтік военный округінде абыроймен өтеп келген. Бұл әскери мектеп қайратты ағаның бойындағы жақсы қасиеттерді қатайта түсуге көмектесті. 1982 жылы Кеңес Одағы коммунистік партия қатарына енді. Міне, содан бері кәсібінен ешбір кемшілік көрсетпей, үнемі алдыңғылар қатарынан көрініп келуде.
Ауыл негізінен агроөнеркәсіпті өңір болғандықтан, мал санын көбейту, асыландыру жұмыстарына жіті көңіл бөлінеді. Осы орайда Жанас ағамыз 1997 жылы өзінің жеке «Жанас»
![]()
шаруа қожалығын құрып, ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлесін қосты. 2007 жылы мал басын асылдандырды. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша 2016 жылы Батыс Қазақстаннан асыл тұқымды бұқалар алып, етті бағыттағы мал басын көбейтті.
Мейлі қай кезде болсын төгілген тердің, ұлы құлшыныстың артында жеңісті де, жемісті үлкен нәтиже болары хақ. Халықтық тағылыммен айтсақ «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, еткен адам көп белесті бағындырары сөзсіз. Зор еңбек етуінің арқасында 1983 жылы желтоқсанда Аудандық кәсіподақ ұйымының жолдамасымен туристік саяхатқа Румынияға саяхаттады. 2011 жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында Аудандық мәслихат хатшысы Т.Бесқалидың «Алғыс хатымен», 2017 жылы Қызылқоға аудандық ауыл шаруашылығы саласын дамыту жолындағы қосқан үлесі үшін Атырау облысы әкімінің «Алғыс хатымен», т.б марапаттарға ие болды.
Жұбайы Байшуақ Нұржамалмен 1980 жылы бас қосып, 2 ұл, 6 қыз тәрбиелеп өсірді. Ұзақ жылдық маңдай тері мен адал еңбегінің арқасында 2019 жылдың cәуір айында зейнеткерлікке шықты. Зейнеткерлікке шыққан соң да еңбек етуден жалыққан емес. Қашанда қызу еңбектің ортасында келе жатыр. Қазіргі таңда Тасшағыл ауылында тұрады.
Әр істі үлкен жауапкершілікпен, шынайы құлшыныспен істеп, жұрт құрметіне бөленіп жүрген Таспан Жанас бұл күндері ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан немере, шөбере сүйіп отырған әулеттің тірегі.
![]()
![]()
![]()
![]()