Мырғанбаев Қайрақбай

Рейтинг:

Еңбек көрігін қыздырған ер

      Көздіғара ауылдық округіне қарасты "Қайрақбай" шаруа қожалығының төрағасы Мырғанбаев Қайрақбай Амандықұлы Атырау облысының Қызылқоға ауданында заман талабына сай белгілі бір кәсіппен айналысып, табыс көзін тауып, шаруасын дөңгелетіп жүрген азаматтардың бірегейі. 
      Әрбір адамның өмір жолы, еңбек еткен кезеңі сол өңір тарихының бір бөлшегі іспетті. Әсіресе елдің өркендеуіне үлес қосқан айтулы жандардың ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпаққа үлгі, қатарластарына қуаныш. Қара жұмыстан қайтпаған ондай қарапайым жандар еңбек көрігін қыздырып, халықтың игілігі жолында аянбайды. Еңбек адамын қадірлеу қай заманда да басты қағидат болып қала бермек. Бұл жағынан алғанда кеңестік кезеңнің жақсы дәстүрінен өнеге алған дұрыс. Ол уақытта шыны керек, шопан, механизатор, сауыншы, токарь секілді қарапайым еңбек адамдары жоғары марапаттарға ие болып, партия съездеріне делегат болып қатысатын. Бұл қай заманға да қажет, керек тәжірибе екені сөзсіз. 
      Адамның атын еңбек шығарады. Бақыт деген киелі ұғым да түсінген жанға адал еңбек, маңдай термен келеді. Қайрақбай Амандықұлы өзінің бар бақытын мамандығынан, бейнелеп айтқанда, қойшының құтты таяғынан тапқанын айтып та, жазып та кеткен екен. Халқымыз еңбектің қадіріне жете білген. Сондықтан да адал еңбек етіп, маңдай терін төгіп, үлкен жетістікке жеткен жандар туралы ғибратты сөздерді көп айтқан. Жастарға олардың толағай табыстарын үлгі еткен. «Еңбек ер атандырады» деген даналық сөз содан қалса керек. Бұған кейіпкеріміздің өнегелі өмірі нақты дәлел деуге болады.
      Мырғанбаев Қайрақбай Амандықұлының елге, халыққа тигізіп отырған пайдасы да зор. Абырой-атаққа ие болуы да заңдылық. Құрылғанына 20 жыл болып отырған қожалық тарихы Қайрақбайдың әке таяғын ұстауынан бастау алды. Ұзақ жыл "Комсомол" совхозында аға шопан, аға бақташы болған Амандық Мырғанбаев құрметті еңбек демалысына шыққанша мал бағудан қол үзген жоқ. Отбасылық шаруаларын дөңгелентіп, төрт түлік малды барынша өсіріп, қиыншылығын да, қызығын да көрді. Ақ жаулықты анасы Мырғанбаева Балхия бала тәрбиесімен ер азаматының әр бастамасына демеу болып, өмірінің соңына дейін үй шаруасымен айналысқан мейірімді тұлға ретінде бала жүрегінде естеліктерімен мәңгілік орын ала білді. Балалары ат жалын тартып мінген соң, әке жолын жалғастыруды жөн көрді. Бұрынғы қыстақтары «Абдолқорадан» жайлы үй, сайлы қоражай бой көтерді. 
      Әке таяғын иемденген Қайрақбай ата-анасымен, бауырларымен ақылдаса келе, 2004 жылы "Қайрақбай" шаруа қожалығын құрды. Төрт түлік малды өсіріп, ет, сүт өнімдерін сатуды қолға алды. Ата-ана ақыл-кеңесі, бауырлардың ауызбірлігі, ізденгіштік пен еңбекқорлық табыс кілтін ашты. Берекелі тірлік тұрмыстың түзелуіне де бастау болды. Округ орталығы Қоныстану ауылынан екі бірдей ақшаңқан үй бой көтерді. Машина, трактор, басқа да ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Осылардың барлығы - Қайрақбай басқарған, бауырлары қостаған шаруа қожалығындағы қайнаған қызу еңбектің, моншақтаған маңдай тердің жемісі.
      Қожалық иесі - Қайрақбай Амандықұлы ауыл, аудан көлемінде абырой-беделі зор азамат. Облыс деңгейінде де танылып келеді. 1980 жылдың 6 сәуірінде Көздіғара ауылдық округінде дүниеге келген Қайрақбай Амандықұлы Қоныстану ауылындағы Жаңашаруа орта мектебінде оқып, орта білім алды. Содан соң, жоғарыда айтқандай, әке жолын қуып, ата кәсіппен айналысты. Бүгінде, аймаққа аты мәлім, танымал кәсіпкер. Ауыл, аудан, облыс басшылығынан алған Алғыс хаттары, дипломдары жеткілікті. 
      Атап айтсақ:
  •       2009 жылы Атырау облысы ауыл жастарының бірінші форумы аясында жарияланған Атырау облыстық "Жастар" сыйлығы байқауының үздік жас ауыл жеке шаруа қожалығының басшысы номинациясы бойынша Қазақстан Республикасы Атырау облысының әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Ә.Қыстаубаевтың Дипломы;
  •       2009 жылы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Атырау облысы Қызылқоға аудандық әкімі Б.Ж.Сәрсенғалиевтің Алғыс хаты;
  •       2011 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Қызылқоға ауданы әкімінің Алғыс хаты;
  •       2013 жылы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Атырау облыстық мәслихат хатшысы С.Лұқпановтың Алғыс хаты;
  •       2014 жылы "Ауыл бизнесін дамыту - экономиканың басты бағыты" атты Көздіғара ауылдық округіндегі кәсіпкерлер күні мерекелік шарасында "Кәсіпкер отбасы" атағына ие болып, Атырау облысы Қызылқоға ауданының әкімі М.Мұқановтың Құттықтау хатымен марапатталды;
  •       2021 жылы Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай Қызылқоға аудандық мәслихат хатшысы А.Аққайнановтың Алғыс хаты;
  •       2022 жылы Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай Атырау облысы Қызылқоға ауданының әкімі Қ.Әзмұхановтың Алғыс хатымен марапатталды.
      Кәсіптің көзін, нәсіптің өзін адал еңбекпен тауып жүрген ардақты азамат қайырымдылық шараларға да белсене араласады. Сол үшін оған ауыл халқының да ризашылығы зор. Туған жер төскейінде төрт түлік малды мыңғыртып, пайдасын өзі көріп қана қоймай, елге де тигізіп жүрген аптал азамат - өнегелі отбасының иесі де. Жары Гүлдариямен бірге алтын асықтай ұл, күміс қасықтай қыз өсіріп отырған бақытты ата-ана.
      «Жүзіктің өзінен де көзі жақсы, 
      Шешеннің сыйынан да сөзі жақсы. 
      Қанша ұзақ жасаса да ер жігіттің, 
      Еліне себі тиген кезі жақсы»
- деп Мұзафар Әлімбаев айтқандай, елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік болары хақ. Бақуатты тірлік үшін, егемен елдің ертеңі үшін еңбек көрігін қыздырып, бар мүмкіндікті пайдаланып, келбетті келешекке бастаған көрікті көштің алдыңғы легінде жүрген Қайрақбай Амандықұлының алар асуларының әлі де асқақтай береріне сенім мол!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...