Сұлтанов Руслан Қуанышкерейұлы

Рейтинг:

«Правда» совхозының директоры, «Есбол» АҚ президенті,
Индер ауданының Құрметті азаматы, 
Индер аудандық мәслихатының депутаты,
Атырау облыстық мәслихатының депутаты, 
«Астана» медалінің иегері


Елінің елеулі азаматы еді...

      Сұлтанов Руслан Қуанышкерейұлы 1952 жылы 19 қаңтарда қазіргі Атырау облысы, Новобогат ауылында қызметкердің отбасында дүниеге келді. 
      Ес білгеннен іскер әкесінің тәрбиесін көріп есейген Руслан «Әке көрген оқ жонар» дегендей, әке қанымен бойына сіңген асыл қасиетімен ауданның ең құрметті азаматы қатарына қосылды.      Әкесі Сұлтанов Қуанышкерей Гурьев рыбтехникумын 1938 жылы бітірген. Оқып жүргенде комсомол секретары болған. Гурьев Обкомкомсомолында жастар бөлімінің бастығы, Обкомда 1941 жылы нұсқаушы болып Маңғыстау ауданында ІІІ секретарь болды (1947-1949жж). 
      1950 жылы Новобогатта І секретарь болған. 1963 жылы қарашада «Есбол»-ға председатель райисполком болған. Өмірінің соңына дейін лесхозда директор болды. 
      Анасы - Сұлтанова Амина бала тәрбиесімен қатар, ер азаматының әр бастамасына демеу болып, өмірінің соңына дейін үй шаруасымен айналысқан мейірімді тұлға ретінде бала жүрегінде естеліктерімен мәңгілік орын ала білді.
      Әкесінің қызмет бабымен Индер ауданы Кулагин ауылына қоныс аударуына байланысты Жамбыл орта мектебінен білім алып, 1969 жылы онжылдықты ойдағыдай бітіріп шықты. Сол жылы жас түлек арман жетегімен Атырау ауыл шаруашылығы техникумына құжат тапсырып, «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» бөліміне оқуға түсті. 1970 жылы қарашада әскери міндетін өтеуге шақырылып, 1972 жылы Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келді. Келгеннен кейін оқуын жалғастырып, 1974 жылы «Техник-механик» мамандығын алып шықты. 1982-1989 жылдары Батыс қазақстан ауыл шаруашылығы институының «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» бөлімін толықтай аяқтап, «Инженер-мехник» мамандығын алып шықты.      1974 жылдан «Правда» қой кеңшарында трактор бригадасының механигінен өзінің алғашқы еңбек жолын бастады. 1974-1987 жылдары аралығында автогараж меңгерушісі, 1987-1989 жылдары бас инженер, 1989 жылдың 18 желтоқсанынан бастап шаруашылықтың директоры қызметіне тағайындалды. 1993 жылдың 13 желтоқсанынан «Есбол» АҚ басшысының міндетін атқарушы болды. 
      «Есбол» АҚ-ның қалыпты жұмыс істеуге ұжым мүшелері ғана емес, бүкіл халық мүдделі болды. Руслан Қуанышкерейұлы нарықтың қиын кезеңінде асыл тұқымды шаруашылықты таратпауға бар күш-жігерін салған іскер ұйымдастырушы, білікті азамат екенін көрсете білді. Ол ауыл шаруашылығына ден қойып, туған жерінің көркейіп, дамуына лайықты үлес қоса білді. Еңбек жолында қатардағы қарапайым жұмысшыдан бастап, еңбексүйгіштігінің арқасында өз ортасында, барша ауыл тұрғындарының алдында үлкен беделге ие болды. 1989 жылдан облыстың іргелі шаруашылықтарының бірінен саналатын «Правда» совхозы, «Есбол» акционерлік қоғамын басқарып, бұл шаруашылықтың экономикалық-қаржылық жағдайының қалыптасып, оның ырғақты дамуы, әсіресе, асыл тұқымды қаракөл қойын өсіру, халықтың әл-ауқатынының қалыпты болуына өзінің ерен еңбегін сіңірді. Осындай қасиетін ел-халқы жоғары бағалап, облыстық мәслихатқа депутат етіп сайлады. Ал сенім үдесінен ардақты азамат абыроймен шықты. 
      Ел азаматының ерен еңбектері үшін адалдығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында алған марапаттары баршылық. Атап айтар болсақ:
  •        «Индер ауданының Құрметті азаматы» атағы;
  •       1998 жылғы 17 тамыздағы Жарлық бойынша «Астана» медалі;
  •       1998 жылы қыркүйек айында Индер ауданының әкімі М.Еримановтың, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Р.Әбіловтың, Мәслихат хатшысы Е.Көшектің Алғыс хаты;
  •       1998 жылы 23 қыркүйекте облыс әкімінің орынбасары, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Е.Нұршаевтың Алғыс хаты;
  •       2001 жылы ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл толу мерекесіне орай «Есбол» АҚ-нан Алғыс хат;
  •       2001 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл толу мерекесіне орай Индер ауданының әкімі О.Кенжетаевтан Алғысхат;
  • 50 жасқа толу мерекесіне орай Индер ауданының әкімінен Құттықтау хат;
  •       2007 жылы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 62 жылдық мерекесімен Индер ауданының әкімдігі мен аудандық Мәслихаттың атынан Сұлтанов Русланның отбасы марапатталды.
      Индер аудандық Мәслихатының хатшысы Ерсайын Көшектің мақаласынан:
      «Ұлағатты істерімен қашан да көптің көңілінде жүретін жандар болады, сондай абзал азаматтығымен танылғандардың бірі Руслан Сұлтанов еді десек, мына кітап соның айқын айғағы. Онымен ауылдас, жұмыстас, ағайындас болғандар ағынан жарылып, әңгімелерін ортаға салған екен, сөз жоқ құптарлық іс. Редактор кезімде аудандық «Дендер» газетінің 1998 жылғы қаңтардағы алғашқы нөмірлерінің бірінде Руслан жөнінде мақала жариялап едім. Бүгін сол мақаланы түгел келтіруді жөн көрдім.
      ...Осыдан тоғыз жылдай бұрын яғни 1989 жылдың күзінде кең өріс алған басшыны сайлап қою науқаны кезінде басқа жұмысқа ауысып кеткен директордың орнына баламалы негізде дауысқа түскен Руслан Сұлтанов көпшіліктің қолдауымен бір күнде бас инженерліктен кеңшардың директорлығына жоғарылады. Және де таңқаларлығы ол бұл жұмысқа бұрыннан төселіп қалғандай тосырқамай кірісті. Ол жоспарлаған шара оң, ол берген тапсырма дұрыс көрініп, орындау үшін ұжымдаса үн қосты. 
      Соның арқасында кезінде «Правда» кеңшарының шаруасы шалқып-ақ тұрды. Ал Русланның бірден көпшілік көңілінен шығып, қошеметіне бөленуі оның осы ауылда туып-өсіп, шаруашылықта мамандығы бойынша жұмыс жасаған кезінде де өзінің бір сөзділігінен, орынсыз бұра тартпайтын турашылдығынан, өзінен көмек күткендерге қамқор болуға әзір тұрудан танған емес.
      Бірде қыс ішінде қалашықта тұратын бір соғыс ардагері малының шөбі таусылып, қиындық көріп отырғанын айтып, көмектесуді сұрайды ғой. 
      Ардагер Индерден Кулагинге келеді. Кеңшардың кеңсесіне келіп, Русланға жолығады. Басқа болса келген кісіні пәленге жұмсап, ол түгенге бар деп жүргізіп қояр еді. Руслан ардагер ағаның бұл ауылда кімнің үйіне тоқтағанын сұрайды. Сөйтеді де тиісті маманды шақырып алып, «Сыртта тұрған машинаға мін де Өмірәліге (шаруашылықтың артық дайындалған пішені үюлі тұратын жер) барып, толтырып шөп тиеп, пәленшенікіне әкеліп, мына ағаға тапсыр, ал сіз сол үйден күтіңіз», - дейді. Тапсырма бұлжымай орындалады. Басшының қарттарға көзқарасы ерекше еді.
      Бірде қатты жаңбырдан Гребенщик селосында тұратын екі зейнеткер мұғалімнің үй құлап қалады. Р.Сұлтанов «бұлар мектепте - бюджеттік мекемеде істегендер ғой, солар шығындансын, кеңшарға қатысы жоқ» демеді. Екі үйге керек бар материалды шаруашылықтан шығарып, зейнеткерлердің үйін жөндеттіріп берді. 
      Халық қамы үшін қызмет қылуда, жоққа жәрдемдесуде, жұмыссыздарға қызмет ауқымың анықтауда Руслан сөзі мен ісінің арасында көбіне алшақтық болмайтын. Ол тек өзі басқаратын шаруашылықтың жұмысшы-қызметкерлерін ғана емес Кулагино мен Гребенщиктің қамқорлық қажетсінген қай тұрғынын да назардан тыс қалдырып, шетқақпай жасаған жоқ. Сол үшін де халқы оны облыстық мәслихаттың депутаты етіп сайлады.
      Заман өзгеріп, жағдай қиындап кетті. Арзан ешнәрсе жоқ,керісінше қаржы тапшы. Адамдар аңтарылып қалды. Осындай бірқатар отбасының жағдайдан шығуына Русланның бастамасы септігін тигізді. Ол тың жерді әдейі қоршаттырып, су жүйелерін салғызды, суын бергізді. Және осының бәрі шаруашылық есебінен жүргізілді. Сөйтіп жүздеген тұрғын картоп, бақша дақылдарын егіп, отбасы қажетін өтеу мүмкіндігіне қол жеткізді. 
      Немесе жұмыссыз қалғандарды жұмыспен қамтуда ізденістер аз болған жоқ. Алдыңғы жылы отыздаған отбасы пияз өсірсе, былтыр картоп баптады. Қай дақылдың тұқымын да шаруашылық өзі тауып берді, жерді жырту мен су беру де шаруашылық мойнында. Шартқа отырған адамдар дақылды күтіп баптап, жақсы жұмыстанса өнімнің көп мөлшері өз игілігі болды. Мұның пайдасын көрген отбасылары бұл ауылда аз емес.
      «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» - дейді халқымыз. Біз бүгін Руслан Сұлтановтың ауыл немесе аудан көлемінде атқарған жұмыстарын түгелдей баяндауды мақсат тұтып отырған жоқпыз. Тіпті кеңшардың директоры ретін түрлі ауыл шаруашылық науқандарын өзінің ұйымдастыра білуінің арқасында табысты өткізгеніне де терең тоқталмадық. Шынында ол жасаған жұмысты кез келген шаруашылық басшысы мойнымен көтеріп, қолымен жасауы әбден мүмкін. Бірақ бір нәрсенің басы ашық. Р.Сұлтанов басқарған кеңшар аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі болды. Қант қызылшасын өсіру, шемекі майын шығару ауданда, тіпті облыста бірінші болып Р.Сұлтановтың бастамасымен осы ауылда жүзеге асты. Кеңшардан акционерлік қоғамға айналып еді, енді асыл тұқымды қой өсіретін зауыт болды.
      Шаруашылықтың бас мамандарының бірі, жас жігіт селолық округтің әкімі болып тағайындалды. Сонда Руслан өзі шара өткізсе, үнемі қасынан табылды. Кеңшардың балабақшасы жабылғанда оның үйін селодағы мәдени орталыққа айналдыруға өзі бастамашы, қайта жабдықтауға қамқоршы болды. Ақырында клуб, кітапхана және басқа да халыққа қызмет ету орындары бір мекенге шоғырландырылды, әп-әдемі жабдықталды. Елге еткен еңбек еш кетпейді ғой. Басқа жерлерде клубтар жабылып жатқанда Кулагинода клуб қызметкерлері оны жолға алып, осыған дейін жасап келген қызметін одан әрі жалғастыруда. Және айта кетуіміз керек, нәтижесіз емес.
      Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні кезінде кемел істердің, тың ізденістердің көшбасшысы болған, сонысымен көптің қалаулысына айналған Руслан Сұлтанов жөніндегі кітап та оқырманын бей-жай қалдырмасына сенеміз». (23 қаңтар, 2008 жыл.)

      Арнау-өлең Русланға арналады (2008 жыл)

Әріден бастайыншы сөздің басын,
Өмірде ақын болып жаралғасын.
«Әулетті Мәкең жақсы біледі»,- деп,
Айтатын сөзді маған жолдағасын.

Сұлтекең ақ сақалды жездем еді,
Әзілдеп мені жақсы көрген еді.
Барғанда ата-бабам тарихынан,
Бір ұзақ әңгіме айтып берген еді.

Көкеңнен естіген сөз жүр есімде,
Бабаңды Давай деген білесің бе?
Исатай-Махамбетке серік болған,
Ерлігі аңыз болған ел есінде...

Ұмытпай жаза салдым газеттерге,
Айтқаны жазып, көрді газеттерде.
«Атырау», «Ақ Жайық»-тан оқығандар,

Талқыға салды емес пе, талай жерде.

Асыл жан Зиба апам қандай еді,
Мінезі нұрлы шуақ, таңдай еді.
Қаумалап немерелер отырғанда
Солардың ортасында нардай еді.

Қуекең ел ағасы болып еді,
Халықты ардақтады, қамын жеді.
Сол күндер шақырысқан әлі есте,
Әрдайым ортамызда қадірлі еді.

Аға еді-ау тау мүсінді орны бөлек,
Сүйеніш ортасында, ол бір тірек.
Әмина, Күлән жеңгей екеуінен,
Өсірді он баланы тәрбиелеп.

Тірі де орындалды басты арманы,
Қыз ұзатып, балаға келін алды.
Құдаға, ағайынға, дос-жаранға,

Жаюлы тұрушы еді-ау дастарханы.

Қуекең отыратын қонақ жайлап,
Әңгіме, әзіл сөзбен күліп-ойнап.
Бір кезек Русланды еркелетіп,
Дейтұғын: - Осы балам әкім болат.

Айтқандай зерек болды жасынан-ақ,
Қонғандай Русланның басына бақ.
Атырау, Оралға барып білім алды,
Бір емес қос диплом қолына ап.

Келген соң гараж ісін басқарғанды,
Тазалық, тәртіп үшін жан салғанды.
Айбарлы басшы сөзі орындалып,
Жыл өтпей қатарының болды алды.

Сыйлаған ауыл, аудан кәрі-жасы,
Болды ол бас инженер, іскер басшы.
Есболдың директоры болған кезде,
Өркендеп алға басты шаруасы.

Қыспаққа нарық деген алған кезде,
Жүргенде жекешелендіру барлық жерде.
Іргелі ісіменен көзге түсіп,
Сақталды бұл шаруа бөлінбеді.

Өсіріп, тұқымы асыл қойды жылда,
Кенелді қаракөлмен мол пайдаға.
Үкімет қаулысымен зауыт болып,
Өнімі жетті Арабия, Данияға.

Айтыскер осы ауылдың ақыны едім,
Озатын айтыс сайын айтып едім.
Ісіне Русланның риза болып,
Арнаған әр жылдағы сөзім менің:

...Жүлделі біздің гараж вымпел таққан,
Көрмейміз бос темірді алқан-талқан.
Зав.гараж Руслан іскер басшы,
Тыңдайды жігіттері сөзін айтқан.

Машина жұмыстан соң сапқа тұрып,
Кеш келіп, кетеді екен таңда жүріп,
Бос жүріс болмаған соң сіздегідей,
Тұрмайды техника жөнсіз сынып.

Ауданда сауын жұртым тағы алда,
Ризамыз автопарк гаражыма
Бір жылдық ісі емес Руслан,
Вымпелді алып отыр әрбір жылда.

Болған соң президент Руслан,
Ашты ол жаңалықты ойға алған.
Қант пенен өсімдіктің майын алып,
Кезі бұл облыста даңқы жарған.

Есболым тұрғындарға көңіл бөліп,
Жер бөліп дайын етті, суын беріп,
Бау-бақша егуіне көмектесті,
Алуға несібесін жерден теріп.

Пана боп тарыққанға жылда тағы,
Болғаны сүйеніштің елдің бағы,
Мүгедек, көпбалалы отбасының,
Аз болмас бұл Русланға алғыстары.

Осылай мақтап едім кезінде мен,
Айтыста, шаршы топта өлеңменен.
Ауданда, облыста да депутат боп,
Халықтың шығып едің сенімінен.

Көп еді-ау Руслан мамандығың,
Туғандай оң-солыңнан ай мен күнің,
Бір сөзді, терең ойлы, парасатты ең,
Ісіңе ең бастысы адалдығың.

Сондықтан еңбектері бағаланып,
Бірнеше мақтау қағаз жүрді алып.
Медалін «Тәуелсіздікке 10» жыл толған,
Шығатын жарқыратып төске тағып.
Құрметті азаматы еді ауданымның,
Шақырды облысқа ардақты ұлын.

Алпысқа келгенімде тілек айтты,
Сонан соң мінгізгенді торы атты.
Отбасы тілесе де бас аманын,
Әр адам тәңір берген татар дәмін.
Келдің де елу бірге кете бардың,
Алпыс жас ең болмаса жасамадың.

Жұбайың Рузия еске алады,
Болды деп мейірімді әке жаны.
Шаңырақ көтергелі отау құрып,
Өмірге әкеліп ек бес баланы.

Атасақ ұлдары бар Абзал, Артур,
Қыздары Айман, Айнұр және Айгүл.
Атырау, Алматыдан білім алды,
Жалғасы өмірінің емес пе бұл?

Жаралған пенде жоқ қой, мәңгі жасар,
Бұл өмір өсіп, өшіп, ілгері асар.
Әйтсе де ұрпағы бар, өлмеген жан,
Ұлдары аман жүрсе, ізін басар.

Замандас, жақын, достар сөзін құрап,
Шықпақшы Русланға жақсы кітап.
Кейінгі ұрпақтарымыз үлгі алсын деп,
Мендағы барды салып, жақтым шырақ.

Аз болмас көрмегенім, көргенімнен,
Жыр еттім өстіп және көргенімнен.
Рухы риза боп, аунасын деп,
Осымен аяқтаймын сөзімді мен,
- деп арнау-өлең арнаған үлкен нағашысы, «Құрмет белгісі» орденді мәдениет ардагері, өлкетанушы, ақын Мәжит Мұхтарұлының осы жазбасынан-ақ кейіпкеріміздің қандай азамат болғанын ұққандай боласың. Парасат-пайымы келіскен, өзінің қызмет еткен тұсындай ортасында беделді көшбасшы болғанын байқауға болады. Жалпы азаматтың жарқын бейнесін оның жүріп-өткен жолы айқындап беретіні рас. 
      Сұлтанов Руслан күн-түн демей, уақытпен санаспай ел игілігін молайтуға, совхоз, аудан экономикасын көтеруге бағытталған барлық ісі, ізгі ниеті кейінгілерге үлгі болды. Оның тапшылықтан тарыққан отбасыларына жасаған жақсылығы, көмек сұрай барғанның қолын кері қайтармайтын қамқор қайырымдылығы, адамгершілік адал қасиеттері көптің жадында. Абзал азамат жайында аудандық, облыстық газет беттерінде талай татымды дүниелер жазылды.
      Абзал азаматтың жұбайы Сүлейменова Рузия – ағылшын тілі маманы болды, қазіргі күні зейнеткер. Көптеген шәкірттің жүрегінен орын алған ұлағатты ұстаз отбасының берекесін келтіріп ғана қоймай, ел-ағасы болған ерінің жағдайын жасап, балаларына мықты тәрбие берді. Ардақты ата-ана отбасында 5 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.
      Сұлтанов Руслан еңбекке араласқан бірнеше ондаған жылдар бойы жалындаған жігермен, қайсар күш-қайратпен жұмыс жасады. Ұзақ уақыт ауыл шаруашылығының өрісті дамуына лайықты үлес қоса жүріп, іскерлігімен, тиянақтылығымен танылды. Көптеген ұтымды ұйымдастырушылық қасиеттерін іргелі шаруашылықтың бірінші басшысы болған кездерінде халық ерекше бағалады. 
      Облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаты ретінде көптеген қоғамдық-саяси және әлеуметтік мәселелердің шешілуіне Сұлтанов Русланның қомақты табыстары бар. Сол арқылы және қарапайым да кішіпейіл адамгершілік қасиеттерімен биік беделге, үлкен абыройға бөленді. Адал еңбегі кезінде бағасын алды да. Сұлтанов Русланның есімі облыс, аудан тарихының бір парағы болып, халық есінде мәңгі сақталады.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

12 июня 2026 14:28
Жаркын
Какая молодец, девушка из казахских степей Галина! Ее яркий творческий и целеустремленный, в то же время позитивный...
19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....