Ақбалаұлы Қамидолла (Қалекес)

Рейтинг:

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері

Ұрпағымен ұлағатты азамат

      Кейіпкеріміз Қамидолла табиғатынан сырбаз, терең ойлы, байыпты байламы бар азамат. Талай қырды асып, өмірдің түрлі сынақтарын көріп, тіршілікте адал еңбек етудің үлгісін көрсете білген жан. Қарапайым ғана адамгершілік қалпымен көптің көңілінен шығып, елдік істерге бел шеше кірісіп, өзінің азаматтығын таныта білді. Өмірінің соңына дейін өзінің жүріп өткен жолын ұрпағына ұлағатты тәлімімен жеткізе білген ардақты азамат.
      Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты – балада» деген ғой. Кез келген адам өмір бойы, құны жете алмайтын бақыт деген құдіретті сөздің өлшемі, өмірінің жалғасы ұрпағымен келетінін біледі. Адамға нағыз бақытты – тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек-ті. Олай болса, адам өмірінің мәні – өз ұрпағы екені даусыз. Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап-ақ, ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады, ол – бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз – ата-ана. Шәкәрім «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар: барлығынан үстем болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапаларға адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» дегендей, құнды қасиеттерге ие рухани адамды қалыптастыру шынында адам туған кезінен басталса керек. Ұрпағының ойы қырағы, көкірегі ояу, адамгершілігі мол болуы үшін дұрыс тәрбие берудің мәні зор. 
      «Адам ұрпағымен мың жасайды» - дейді дана халқымыз. Ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы мың емес, одан да көп ғасыр жасайды. 
      Ақбалаұлы Қамидолла (Қалекес) 1940 жылы қаңтар айының 1 жұлдызында Атырау облысы, Исатай ауданы, Ұштаған деген жерде дүниеге келген. 1944 жылы Сазды деген жерге көшіп келіп, сол жерде есейді. 1947 жылы 1 сыныпқа барған соң, ол жерде 4 жылдық білім алды. Қамидолланың Насихан және Мүлкәт есімді екі әпкесі болған. 1952 жылы (бұрынғы Забурын) қазіргі Зинеден ауылында Затон деген жерге көшіп, Забурн орта мектебіне оқиды. 1956 жылы Новагат мектеп интернатына барып, 9-10 сыныпты үздікке оқып бітіріп, Атырау облысындағы педагогикалық институтына «Тарих» факультетіне оқуға түседі. 1959 жылы кері шақырту алып, оқуын аяқтай алмайды. 1959-1962 жылдарының аралығында қойшыға көмекші болып жұмыс атқарған. 1962 жылға дейін әкесін бағады. 1962 жылы Ақбала әкесі дүниеден озды. 
      1962 жылы Атырау облысында Гурьев училищесінде трактористік курс оқып, пішен даярлау бригадасына МТЗ-32 тракторист болып жұмыс атқарды. 1983 жылы Забурн орталығына келіп, ауылды Жарықтандыру дизилист болып 1989 жылға дейін жұмыс жасап, 1989 жылдан бастап аға шопан болып, 1996 жылға дейін еңбек атқарды. 1996 жылы 56 жасынан бастап еңбек демалысына шықты. 
      Жұбайы Қалекенқызы Қамариямен 1965 жылы отау құрып, 13 перзент дүниеге әкеліп, оның 8 ұл және 1 қызын тәрбиелеп, өсірді. Қалекенқызы Қамария 1947 жылы маусым айының 1 жұлдызында дүниеге келген. Балалары - Бекболат, Әтенбек, Айдарбек, Есенбек, Жексенбек, Әсемгүл, Дидарбек, Райбек және Айбек. Ардақты ата-ана 6 әулетпен құда болып, төріне құдаларын отырғызып, Қамидолла құдаларына өлең жолдарын арнап үлгерді.
      Қалекенқызы Қамария 2005 жылы наурыз айының 3-жұлдызында дүниеден өтті. Ұлы Әтенбек 2006 жылы жол апатына түсіп, 1 ай 3 күн дегенде өмірден өтті. 
      Ақбалаұлы Қамидолла 2004-2007 жылдар аралығында ақсақалдар кеңесінің төрағасы болып жұмыс атқарған. 2004 жылы аудан әкімдері әкім болып отыруына ұсыныс білдірді, бірақ өзі арнайы оқу бітірмегенін алға тартып, өз орнына өзінің ауылдың қамын ойлайтын қалаған азаматын қоюын жөн көрді. Осылайша, Болат Құсайынов ауыл әкімі болып тағайындалды. 2004 жылдан өмірінің соңына дейін әкімшіліктің іс қағаздарын жеке қадағалап, әкімнің халық алдында есеп беру сөзіне дейін жазған, сауатты адам болды. Алайда, ертелі-кеш адам баласының табан тірер жері Алланың алды емес пе, отбасының тіреуі, балаларының асқар тау әкесі Ақбалаұлы Қамидолланың бұл тіршіліктегі дәм-тұзы таусылып, 2007 жылы ақпан айының 20-жұлдызында дүниеден өтті. 
      Қызмет еткен жылдары ауылдағы көптеген мәселелер жөнінде мақала жазып, газеттерге басылымға берген. Атап айтқанда, мектеп, телефон, газ, су мәселелеріне көптеген мақалалар жазған. 
      Насихан әпкесінен қалған 4 қыз, 3 ұлы бар: Балқия, Жолдыбек, Самиған, (Жамиған) Әлдібек, Қожабек және Орынша. Ал Мүлкәт әпкесінен Қуанғали, Одақ, Нұрсұлу, Аманғали, Айгүл, Генади, Меңдіғали, (Кенжеғали), Шәрбану, Гүлзейнеп деген ұрпақтары бар. 
      Аяқтанбай қалған жалғыз қызы мен екі ұлы аяқтанды. Үлкен ұлы Бекболат - жұбайы Дина себек руынан. Балалары Жалғасхан-келіні Айдана. Немерелері Медина, Ағлан, Асыл. Қызы Дана - күйеу баласы Асылхан, жиені Асия. Баласы Жарасхан. 
      Екінші ұлы (Әтенбек) – жұбайы Жазира шеркеш руынан. 
      Бауырына басқан баласы – Әбілхан (інісі Жексенбектің баласы). 
      Үшінші ұлы – Айдарбек, жұбайы – Жеміс табын руынан. Балалары: Айкөркем, Айсұлтан, Аяулым, Айсатхан, Аселхан. 
      Төртінші ұлы – Есенбек, жұбайы – Дина жайық руынан. Балалары: Шұғыла - күйеу баласы Мейірман, жиені – Малика. Ұлдары: Асылхан, Ақжол. Қыздары: Ақниет, Гүлсезім. 
      Бесінші ұлы – Жексенбек, бірінші жұбайы – Диғаным. Балалары: Әзілхан, Әбілхан, Ақмоншақ - күйеу баласы Қайнар. Жиендері: Жалғас, Әміре, Асылым. Жексенбектің екінші жұбайы – Шахризада. Қыздары: Аружан (көйлекті қызы) және Салидат. 
      Жалғыз қызы – Асемгүл, күйеуі – Ардақ. Балалары: Аружан, Аяжан, Ханкелді. 
      Алтыншы ұлы – Дидарбек, жұбайы – Толқын алаша руынан. Балалары: Әділхан, Ернар, Шыңғыс-Хан. 
      Жетінші ұлы – Райбек, жұбайы – Айнагүл тоқтамыс-адай руынан. Балалары: Диляра, Ақерке, Айлин, Амир, Мұхамбет. 
      Кенже ұлы – Айбек, жұбайы – Ақмоншақ тама руынан. Балалары: Наз, Айкүнім, Алихан, Аяла, Алимхан. 
      Қазіргі кезде әулеттің ізін жалғап 30 немересі, 3 жиені, 3 шөбересі, 5 жиен-шөбересі өсіп келеді. 15 немересі жоғарғы оқу орнын оқып, алды бітіріп жатыр. Қалекес Шұғыла Есенбекқызы Қ.Дутбаева атындағы гуманитарлық колледжінің орыс тілі және орыс тілі әдебиет пәнінің мұғалімі бітіріп дипломын алды. Қалекес Асылхан Есенбекұлы 2005 жылғы, 2022 жылы мектеп бітіріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне физика техникалық факультетке электр энергетикасы мамандығы бойынша грантқа түсті, қазір 2-курс оқиды. Қалекес Ақжол Есенбекұлы 2007 жылғы, 2022 жылы Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжіне Теміржол жүрісіндегі қозғалысты ұйымдастыру және басқару мамандығы бойынша оқуға түсті, қазір 2-курс оқиды. Қалекес Айсұлтан Айдарбекұлы Атырау индустриалды колледжін пісіруші (сварщик) мамандығы бойынша оқып бітірген. Қазір Отан алдындағы борышын өтеуде. Қалекес Айкөркем Айдарбекқызы – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін оқып, қызыл дипломмен бітіріп жатыр. Қалекес Аяулым Айдарбекқызы – Алматы қаласындағы лобарант, Республикалық медициналық жоғары колледжін оқып жатыр, қазір 2-курс студенті. Қамидолла Жалғасхан Бекболатұлы – Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетін бітірген, дене шынықтыру пәні мұғалімі. Бекболатқызы Дана – Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетін химия-биология мамандығы бойынша бітіріп диплом алды. Қамидолла Жарасхан Бекболатұлы Қ.Дутбаева атындағы гуманитарлық колледжінің дене шынықтыру пәні мұғалімі бойынша мамандығында білім алуда, қазір 3 курс оқып жатыр. Қамидолла Әділхан Дидарбекұлы 2023 жылы Астана қаласындағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау» бойынша білім алып, Автоматтандыру және басқаруда 2 курс оқып жатыр. Қамидолла Ернар Дидарбекұлы Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінде темір жол мамандығы бойынша 3 курс студенті. Қамидолла Әзілхан Жексенбекұлы Атырау энергетика және құрылыс колледжінде сварщик мамандығын бітірді. Қамидолла Әбілхан Жексенбекұлы О.Көшеков атындағы Атырау аграрлық техникалық колледжінде электрик мамандығымен тәмамдаған. Ақмоншақ Жексенбекқызы Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінде жер қатынастар бөлімін бітіріп, дипломын алды. Басқа немерелері мектеп қабырғасында жүріп білім алып жатыр. Немересі Қамидолла Ақерке Райбекқызы сабағын үздік оқып, облыстық сайыстардан жүлделі орын алып, Республикалық «Алтын ұрпақ» энциклопедиясы 2-томына шықты және «Алтын ұрпақ» медальмен марапатталды.
      «Дүниеде көп адамды бақытқа кенелткен адам – бақытты» деген әдемі сөз бар. Қаншама жыл еліне еселі еңбегімен танылып, көпке өзінің өмірлік тәжірибесінен сабақ бере алған азамат Ақбалаұлы Қамидолланың жаны жәннатта болып, жаратқан иенің шапағатына бөленіп, нұры пейіштің төрінде шалқысын!
      Мақаламызды Ақбалаұлы Қамидолланың жазған шығармаларымен аяқтағанды жөн көрдік.

Өмірден өткен жұбайы Қамарияға арнауы

Бір құс бар құс төресі аққу деген,
Сыңарын жоқтайды екен, азалы үнмен.
Тағдыры соған ұқсас мен бір жанмын,
Өтетін өзін-өзі жазалаумен.
Сыңсуменен өмірлері өтеді екен,
Жалғыз жүріп жапанда етіп мекен.
Тағдыр оған жазбаған екінші өмір,
Жұп болуды қосылып өзгеменен.
Бірақ мен тағдырыма налымаймын,
Бәрі бар, бәрі жақсы, бәрі дайын,
Немерелер аталап асылғанда,
Жадыратып мәз етеді айналайын.
Кешір мені, кешір мені серігім,
Ақтамасам жүрегіңнің сенімін.
Пенделікпен көңіліңді қалдырсам,
Кешіре гөр мықты еді ғой төзімің.


Немересі Әділханның туған күніне арнауы

Әділхан, міне бүгін екідесің,
Осылай Құдай қосса жетілесің .
Үш пен төрт, беспенен алты жаста,
Жігіт болып толысар ақыл-есің.

Сыры бар әрбір заттың атауында,
Еліктің туып едің матауында.
Әділ бол деп қойып едім атыңды,
Үміттімін сенемін ақтауыңа.



Әтенбек ауырғанда

Ішкен ас өн бойыма тарамайды,
Ұйықтасам түс көремін, тұрсам қайғы. 
Сыртым бүтін тұрғанмен, ішім түтін,
Бастарыңа бермесін мұндай қайғы.
Адамға алғандай бір бас үйретіп,
Дедің бе үлкейгенде әлсіретіп.
Уайымға тағы салып қойғаның ба,
Қаламның қол аяғын әлсіз етіп.
Жарымды алдың, іні алдың, ағаны алдың,
Жыл жарымды аз боп па сынағаның.
Балаларымнан садақа мен болайын, 
Қажет болса менің де құлағаным.
Өзімнің өкінбес ем өлгеніме,
Қарамайсың, көнбейсің көнгеніме.
Сауығып Әтенжаным үйге кірсе, 
Разы болар едім көргеніме.
Тарамыстан таралған жаным сірә,
Қанша қайғы көрсем де жүрмін тірі.
Құдалық дастарханын ашу

Ақындығым жоқ еді бұдан бұрын, 
Ең бақытты адамдай болдым бүгін.
Құдалармен қосылып шабыт келді,
Өлеңмен өрнектейін сөздің жібін.
Қош келдіңдер құдалар, құдағайдар,
Құдашалар, қош келдің құда балдар.
Туыстықпен сіздермен сыйласуға,
Кешіктірді біздерді кейбір жайлар.
Өтсе де бір аз мезгіл, бір аз айлар,
Бұйрықсыз еш нәрсе де болмайды екен
Басыңа келгенменен талай ойлар.
Ал енді қош келдіңдер құдаларым,
Келмейді ешбіріңді дараларым. 
Сіздермен дастарханда дидарласу,
Болып еді зор мақсатым, зор арманым.
Сағаты соққан күні бүгін болды,
Құтты болғай отырған орындарың.
Мың жылдық құда болып сыйласайық,



Баласы Әтенбектің өмірден өткенде шығарған өлеңі

Адамға беріледі бірақ тірлік, 
Бәріне ету керек шүкіршілік.
Тағдырың таразыға тартылғанда,
Мойымай жеңіп шығу ол да ерлік.

Өмірдің көріп жатсың сын сағатын,
Кез келді жігеріме от жағатын.
Бықсыма, шала сөнбе жалындай бер,
Келеді бұрынғыдай күш-қуатың.

Ер жігіт сәл нәрсені уайымдаған,
Өмірдің өткелінде кедергі көп.
Дұрысы ақылмен пайымдаған,
Бұлт басып күннің көзін көлеңкелеп.

Артынан күн шығады көрдіңбе деп,
Сол секілді кез келді өтпелі шақ.
Сеніміңнің сәулесін өшірме тек,
Сеніміңді шыңдап ал Құран қылып.

Намысыңды қолыңа ал қылыш қылып.
Жеңесіңде шығасың сап-сау болып,
Ажал менен ауыруды ұрыстырып.


Жүз күндік қадесіне арнау

Қара жер жамбасыңа жайсыз тиіп,
Тар көрде жатырмысың әзер сиып.
Қырық жыл бауыр басқан қосағым ең,
Тастармын қалай сені көзім қиып.

Үстіңдегі бес киімді тұйықтап,
Кеттің бе екен өте қатты ұйықтап.
Неше бардым бір тұрмадың орныңнан,
Жатсың ба әлде қол-аяғың ұйып қап.

Кеселдің бағытынан күдіктенгем,
Сонда да жақсылықтан үміттенгем.
Қаншама өзіңді өзің сендіргенмен,
Адамды алдайды екен үміт деген.

Тағдырдың сынағы ма, мазағы ма,
Шыдасын деп жіберген азабы ма.
Сенен бұрын білмеймін неге алмаған,
Сан қуырып салса да тозағына.

Құлағымнан кетпесе де азалы үн,
Сұм ажалдың көтерем ғой азабын.
Басқа түссе кім көнбейді тағдырға,
Тек артының қайырын бер қазаның.


Атыраудың айбынды азаматы, белгілі сын семсері Нұриден Муфтақовқа арнау

Журналисттер адамның адалдары, 
Қасиетті олардың үш бармағы.
Үш саусақпен жеткізу өмір мәні,
Болашағы олардың басты арманы.
Журналистер жаудан да жасқанбайды,
Елдің қамы оларға басты қайғы.
Тәжбенен тақ оларға керек емес,
Халқы үшін "Аттан!" деп ұрандайды.
Нарынның қайда кеттің сын семсері,
Өзіңді жоқтап жатыр Нарын жері. 
Елім, жерім, отаным деп жүргенде ,
Қандай сұм көзі қиып жықты сені?
Теңізде буырқанып мұзды жарып,
Шағылдарда бұрқырап құм суарып .
Табиғат та танытты өзге мінез,
Халқың отыр естітіп естен танып.
Аза тұтып жоқтайды елің сені, 
Бөгет бермес сөзіңді тасқын селді.


Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...