Түсіпбеков Доскен Түсіпбекұлы

Рейтинг:

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісі, «Еңбек ардагері» медалі және «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалінің иегері

Еңбегі ерен ер

      Жау жүрек батырын, от тілді ақынын, парасатты әкімін, кемеңгер данасын дүниеге әкеліп, сәби жүзін күн сәулесімен нұрландырып, дархан даланың кеңдігін паш етумен қатар еліне қызмет ететін ғұламалар, жүректің батырлығын, сезімнің ақылдығын, мінездің күн шуағын көрсетіп, адамның асылдығы болған алтын жүректі ұстаздарды тудыра білген дархан қазақ даласы, ел қамын ойлаған азаматтар мен биіктігі аласармайтын тау тұлғаларға толы.
      Таңмен таласа тұрып, қордаланып қалған әлеуметтік мәселелер мен ел мұңын, мұқтаждығын мінберге жеткізіп, түйіні мол істің шешімін табатын, ел мен елдікті, халық пен билікті жалғастырып, тілдестіріп келе жатқан дархан көңіл, пейілі кең, сабырлылығы басым, парасат-пайымдылығы болмысына ерекше кескін беретін, алтын жүректі азаматтар болмысы қалыпқа сыймайтын, әрқайсысы бір-бір тұғырға сұранып тұрған мәңгілік ел болуға ұмтылған қазақ елінің, алтын жағалы ішік киген перзенттері!
      Өмір толқыны тағдыр қайығын жиі соқса да, адамдық қалпынан айнымай, сабырлықты серік, табандылықты тірек етіп, ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп, ел мұңын мінберге жеткізіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған азаматтарымыздың бірі – Түсіпбеков Доскен Түсіпбекұлы.
      Боямасыз болмысы бірнеше кітапқа арқау болған Доскен Түсіпбеков 1940 жылы 1 қаңтар күні Қарағанды облысы, бұрынғы Жезқазған ауданы, Байқоңыр совхозының Қарақұм жерінде «Ақши» бойында шаруа отбасында дүниеге келді. Талғажау етуге тілім нан табылмай, аш өзекке құрт түскен ашқұрсақ жылдар кімнің маңдайынан сипаған дейсіз... Жалғасбайдың да ит көйлегі ерте тозды. Әкесі Оразұлы Түсіпбек өз заманында еті тірі, елдің бас көтерер азаматтарының бірі болып, колхозда қызметтерін атқарды. Тұнық суды тұндырып ішкен тұлпардай, тектіліктің де таңдап қонатыны бар емес пе?! Ардың жүгін арқалаған азаматтығы өз алдына, тауы шағылып алдына келгендерді талап тұлпарына қайта мінгізіп, жігерін жанып қайраттандырып отырған. 
      Түбірінде тектілік болмаса, адамдық болмыстың асыл қасиеті ұрпақ тамырында үндесіп жата ма?! Ақ жаулықтысы азаматының алдынан кесе өтпеген қазақы дәстүрдің тұма бастауы, сонау мұсылмандық өркен жайған жылдарда жатыр. Анасы Нұржанқызы Алтынсары үй шаруасында, бала тәрбиесінде болған.
       – Әкем Түсіпбек анам екеуі жастайынан өмірдің ащы-тұщы өткелдерінен өткен. Соғысты бастан өткерген, одан кейінгі колхоз-совхоздарға аш-жаңалаш жүріп, тұрмыстарының нашарлығына қарамастан мені тәрбиелеп өсіріп, ер жеткізіп, оқытып немере сүйіп, аз да болса менің қызығымды көріп кетті.
      Біздің үй көбінде Қарақұмда шөп-шабумен айналысып, бір-екі үй ғана болдық. Жақын жерде мектеп болмағандықтан, мектепке 9 жасымда 1949 жылы «Ақши» бастауыш мектебінде оқып, 1960 жылы №1 Қарсақбай орта мектебінде он жылдықты бітірдім. Ауылға келіп, ата-анаммен ақылдасып, оқуға баратын болдым. Ата-анам ол кезде совхоздың бір қора қойын бағатын.
      Сонымен Алматы ауыл шаруашылық институтына түсуге бардым. Емтихан тапсырып, түсе алмай, Талғар ауыл шаруашылық техникумына агрозоотехнигі факультетіне түстім. 1963 жылы толық курсын аяқтап, елге келдім. Жезді ауданының ауыл шаруашылық бөлімі мені Байқоңыр совхозына жіберді. Совхоз директоры Байтасов №2 фермаға зоотехник болып барасың деп бұйрық берді, – деп, өмір баянында өз сөзін қалдырған Доскен Түсіпбековтің алғашқы еңбек жолы осылайша ферма зоотехнигі болып басталады. 
      Ферма кеңшар бойынша ең ірі шаруашылық еді. Ауыл ақсақалдары барлығы атақты қойшылар: Жақаев Мейрам, Герой соц-труда Сыздықов Әбілқас, Тынымбаев Уәлшер, Қожахметов Тапай, Есқалиев Мүгір, Қынабаев Әбдікәрім, Ахметов Тойман. Ферма меңгерушісі Қожахметов Ескендірмен жұмыс жасап, жақсы көрсеткішке жетіп, кеңшар экономикасын көтеруге ат салысты.
      1965 жылы денсаулығына байланысты Қарақұм сегіз жылдық мектебіне «Биология» пәнінен сабақ беруге оқу бөлімінің бұйрығы бойынша тағайындалған Доскен Түсіпбекұлы 1968 жылға дейін осы мектепте істеп, 1966 жылы Қызылорда пединститутына биология-химия факультетіне сырттай оқуға түсіп, 1972 жылы бітіріп, жоғарғы деген дипломын алып шығады. 
      Одан әрі педагогикалық қызметі 1968 жылы Қызыл үй бастауыш мектебінің директоры болып жалғасқан Доскен Түсіпбекұлы 1975 жылы жаңадан «Сатпаев» совхозы ашылып, февраль айының 17 күні Жезді аудандық партия комитетінің және Халық депутаттары аудандық советтің ұсынысы бойынша Қоскөл селолық атқару комитетінің председателі етіп ұсынды. Осылайша, Халық депутаттары Қоскөл селолық Советінің /1 шақырылуы/ сессиясының шешімі бойынша 17 февраль күні Халық депутаттары Қоскөл селолық Советі атқару комитетінің мүшесі және председателі-депутат болып сайланды.
      – Жаңадан құрылған Сатпаев савхозының директоры болып Ереже Шоланов жолдас сайланды. Алдымызда істелінетін үлкен шаруалар күтіп тұрды. Совхоздың орталығын салу, жаңадан бірнеше үйлер салу, жеке мекемелер салу, контор, больница, мектеп, гараж, клуб, сауда орталықтарын салдыру жұмыстары күтіп тұрды. Сонымен қатар, малшыларға мәдени-тұрмыстық жағдай жасау, азық-түлікпен қамтамасыз ету, газет-журнал, хат-хабарларын тарату жұмыстарын ұйымдастырдық. Совхоз директорына көмек көрсетіп, жергілікті халықтармен тығыз байланыста болдық. Соның нәтижесінде аудан басшыларының көмегінің арқасында күзде орталық салынып, көшіп келіп орналастық. Бұл жұмыстарды ауыл азаматтары, қарапайым еңбеккерлер, мысалы: глав. бухгалтер: Есмағанбетов Әбікен, прораб: Алібеков Сейтқазы, мал мамандары: Ембергенов Қалмағанбет, Жиенбаев Сенбі, Кентаев Жұртшыбай, Әбенов Ахат, Нұрғамысов Сайын, Өксікбаев Өмірхан, Ташенов Кәкімжан, Құрманбаев Нүрпейіс, Әбілов Жандарбек, Омаров Қали, Сыздықов Сұлтан, Әлмағанбетов Нұрлыбек, Сәбитов Сайлау, Сыздықов Әбілхас, Жақаев Мейрам, Тынымбаев Уәлшер тағы басқа да көптеген азаматтардың халықтың бірлігінің арқасында, үш жыл ішінде совхоз құрылды. Совхоз орталығынан 450 балалық мектеп, 10 койкалық больница, контор, сауда мекемесі, 200 орындық клуб, монша, библиотекалар салынып, пайдалануға берілді. Бұл жұмыстарға селолық советтің депутаттары Е. Шоланов, Құрманбаев Н, Яров.Ғ, Сабитов Сайлау, Әбуталипова А., Мәженова А., Сүлейменова З., Қорғанбекова А., тағы басқа да көптеген депутаттар еңбектерін атап өтуге болады.
      Халық Депутаттары Қоскөл советі атқару комитеті өзіне қарайтын депутаттарды ұйымдастыра отырып, халықтың білімін көтеруге, олардың балаларын оқытуға интернатқа жатқызып, денсаулықтарына басшылық жасау, Орталық денсаулық жұмыстарына, Мәдени жұмыстарына, сауда жұмыстарына басшылық жасай ауданның берген тапсырмаларын орындап, аудан бойынша алдыңғы қатарлы Селолық Советтердің ішіне жоғарғы орын ала бастадық.
      Мысалы: Қоскөл селолық Советі Жезді ауданы бойынша оныншы бесжылдықтың 1977 екінші жылында селолық және поселкелін советтердің социалистік жарысындағы үлкен жетістіктері үшін халық депутаттары облыстық советінің грамотасымен наградталдым. Сонымен қатар: 300 сом ақшалай сыйлық, селолық советке «Москвич» автомашинасымен марапаттады. Халық депутаттары Облыстық советтің атқару комитетінің председателі Қ.Б.Жұманбеков, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Төрегелдин аудандық Советтің председателі Б.Капанов келіп, арнайы тапсырды.
      Жезді ауданындағы Халық депутаттары Қоскөл селолық советі жоғарғы көрсеткішке жеткені және 1983 жылы Облыстағы селолық және поселкелік советтер арасындағы социалистік жарыста ІІІ орынды жеңіп алғаны үшін Халық депутаттары облыстық Советінің грамотасымен марапатталдым. 300 сом сыйлығымен марапаттады. Бұл облыс бойынша үлкен марапат болатын, – дейді Доскен Түсіпбекұлы.
      Доскен Түсіпбекұлы 1988 жылы XXXXIII Жезді аудандық партия конференциясына Қоскөл селолық советі бастауыш партия ұйымынан делегат болып сайланды. 1975 жылдан 1995 жылға дейін 20 жыл еңбек етіп, зейнет демалысына шықты. Зейнеткерлікке шықса да қолын төмен түсірмей, 2001 жылы жеке шаруашылыққа араласып, кәсіпкерлікке бет алады. Бұл туралы кейіпкеріміз былай деп сөз соңын түйіндейді. 
      – Балаларымды еңбекке тәрбиелеу мақсатында мал бағып, қолымыздағы аз малымызды көбейтіп, қыстақ салып, үй салып, еңбек еттік. Қазір балаларым Жамбыл, Серіктер басқарып отыр.
      Еңбектің арқасында 2008 жылы балаларым «Прада» джип машинасын алып берді, сол жылы желтоқсан айында, яғни 2008 жылы Үлкен Қажылықтың шарттарын Шариғат бойынша толық орындап, куәлігін алып қайттым, – деп, перзенттеріне деген алғысын білдірді.
      Міне, қысқаша айтқанда бүгінгі кейіпкеріміздің шағын өмірбаяны осындай. Бірақ, осы бір шағын сөздің астында бейнет мен қиыншылығы таусылмайтын жылдар, таңның шығысы кетіп, күннің батасы оралатын уақыттар, саналы ғұмыр, адами асыл қасиеттер тізбектеліп, қатталып жатыр еді. 
      Адал еңбек еткен әр адамның жүзі жарқын, көңіл көгінде дархандықтың құсы қалықтаған жанның жүрегі кең болды. Істедім деп міндетсінбей, совхоздың жұмысын да алып жүрген абзал жан, парасат-пайымында сабырлылық пен даналық жатқан Доскен Түсіпбекұлы аядай ауылдың тыныс-тіршілігіне араласты. Ол саналы ғұмырын ел қызметіне арнаған, парасат бигіне көтеріле білген жан. Еңбекке ерте араласып, ел ішінде болып жатқан қозғалыстарға сырттан қарап отыра алмайтын, даулы мәселеде әділін айтатын, ақсақалдығы өз алдына тіспен байланғанды тілмен шеше білген кейіпкеріміз елге сыйлы болып, 2020 жылы мәңгілік сапарына аттанып кете барады. 
      Ақ көйлектің жағасындай арын әркез таза ұстаған, тағдырдың қатты толқыны адамдықтың қайығын қатты соққыласа да кісінің ала жібін аттамаған, үлкенге құрметі ерекше, кішіге ізеті бөлек, ақеден аккөңіл жан еді. Туған халқының жақсы әдет-ғұрпын, оның өзіне тән өмірлік пәлсапасын бойына табиғи түрде сіңірген, сонымен қатар, өркениеттің адамзатқа ортақ жетістіктерін заман талабына сай игерген парасат иесі бола білді. Басын бұлт шалса да, шыңдары шынарланып «менмұндалап» тұратын, алыстаған сайын биіктей түсетін, шоқтығы биік азамат болатын. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де жарқын жетістіктерімен совхозды талай биікке көтере білді. 
      Еңбек еткен жылдары түрлі жетістіктерге қол жеткізіп, марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
      1970 жылы «Ерен еңбегі үшін. Владимир Ильич Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай» мерейтойлық медалі;
      1972 жылы «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісі;
      1978 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісі;
      1989 жылы «Еңбек ардагері» медалі;
      «Қарағанды облысы, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы» атағы;
      2015 жылы «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
      «Жақсының төңірегі нұр болады, 
      Әр сөзі естен кетпес сыр болады. 
      Түйіндеп түйдек-түйдек сөз айтқанда, 
      Қиысқан қиқымы жоқ жыр болады» - демекші, бүгінгі таңда ауылдың аузы дуалы ақсақалына айналған Доскен Түсіпбекұлы топырағына қасиет дарыған өлкенің бағына туған ұл. Том кітап етіп жазып қалдырсақ та, ақынның арқасына шым етіп шабыт болған өлеңнің жолдары арналса да, келер ұрпақтың есінде ғазиз есімі сақталып қалатыны анық. Өмір өз білігінде жақсы адамдардың күшімен айналып келеді. Бұған дәлел, бүгінгі өнегелі өмірін сөз етіп, өміршең істердің бастамасшысы бола білген азаматтың жүрген жолы.
      Ел құрметіне бөленген ардақты тұлға Доскен Түсіпбекұлы отбасында жары, сауда саласында еңбек еткен Алькеева Разия екеуі 10 перзент дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Бүгінде әрқайсысы бір-бір саланың мамандары. 
      Тұңғышы Түсіпбекова Камал Алматы қаласында тұрады, жоғарғы білімді маман.
      Қызы Түсіпбекова Марал Сатпаев қаласында тұрады, жоғарғы білімді маман.
      Үлкен ұлы Түсіпбеков Жамбыл Жезқазған қаласында тұрады, жоғарғы білімді маман.
      Қызы Түсіпбекова Майра Жезқазған қаласында тұрады, жоғарғы білімді маман.
      Бесінші перзенті Түсіпбеков Серік Қоскөл селосында тұрады, жоғарғы білімді маман, жеке шаруашылық иесі.
      Қызы Түсіпбекова Сайра Жезқазған қаласында тұрады, жоғарғы білімді маман.
      Одан кейнігі қызы Түсіпбекова Шолпан Жезқазған қаласында тұрады, жоғары білімді маман.
      Қызы Түсіпбекова Әсел Қоскөл селосында тұрады, жоғарғы білімді маман.
      Қызы Түсіпбекова Жадыра Сатпаев қаласында тұрады, жоғары білімді маман.
      Үйдің кенжесі Түсіпбекова Жазира өмірден ерте озды, 1984 жылы қайтыс болды.
      Өмір еңбексіз ештеңе бермейді. Ерікті, саналы еңбек қана пендені бақытқа жетелейді. Үлкен қиындықтарсыз үлкен істер болмайтыны секілді, алып игіліктердің барлығы үлкен жүректі адамдарсыз іске аспайды. Тығырықтан тұғырға тұрақтап қалу да мұзжарғыш тіршілік иесінің қолынан ғана келетіні анық. Құлдырауда құзға өрмелеуді басты меже еткен жандар қашан да ардақтауға лайық.
      «Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін» деген дана сөз бар халқымызда. Өмір деген толғауы тоқсан, жолы сан сала, кейде оның қыр-сырын саналылар ғана ұғатын жұмыр жұмбақтай көрінетіні бар. Ол да ақиқат. Білімі терең, тұлғасы кесектер сол өмір көшінде өзгеден ерек, ой байламы бөлек көрініп тұрады. Ондай азамат алғашқы қадамынан-ақ қарым-қабілетін танытып, жас болса да бас болар тірлігімен дараланып, сөзі өтімді, ісі толымды болып тұрады. Адал еңбегімен, өнегелі ісімен, адамгершілік қасиеттерімен басшылық қарым-қабілетімен ел мүддесі жолында еш аянып қалмастан, тер төге еңбек ете білген ел ағаларынан еліміз кенде емес. Солардың бірі деп, бүгінгі кейіпкеріміз Доскен Түсіпбекұлын айта аламыз.
      Кейінгі ұрпақ аға буынның өздері үшін қандай іс жасап кеткенін білуі керек. Ешқандай төлем өтей алмайтын еңбектің ащы тері мен Доскен Түсіпбекұлы сынды жайсаң жанның жанқиярлық еңбегін жас буынның білуі тиіс. Алтыннан тұғыр орнатсақ та құдіретін ұғынып, болмысын толық аша алмайтын ерекше ел ағасы туралы айту – біздің парызымыз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
14 сентября 2024 15:22
Камал

Аспандағы темірқазық жұлдызындай жарқыраған Асыл Әкем,Қазақстанның Алтын кітабына шығып,өнегеге толы ғибратты ғұмырыңыз жастарға үлгі болуда!
"Жақсының аты өлмейді" деген осы болар!
Сіздей Әкенің баласы болғаныма Аллаға сансыз шүкір!🙏
Сіз мәңгі тірі екендігіңізді ерен еңбегіңізбен тағы да дәлелдеп жатырсыз,Әкешім!
Жатқан жеріңіз жұмақтың төрінен болсын,Әке!🤲🙏
14 сентября 2024 12:28
Камал

Ақтаңгер Әкешім,і
згілік пен даналыққа толы ғирбатқа толы ғұмыр жолыңыз бізге ғана емес жас өркендерге үлгі болады.
Артына осындай ерен еңьбегімен өшпес із қалдырған Әкешім, Сіз бізбен бірге мәңгі жасай бересіз! 
Жатқан жайыңыз жұмақтан болсын!🤲🙏

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...