Байырхан Бекжан Мәлікұлы

Рейтинг:

«Шұбар» шаруа қожалығының төрағасы

Еңбекқор ер – елдің ырысы

      Ақылдылық, білімділік, саналылық, еңбекқорлық, талапшылдық, ынсапшылдық – адам баласының бойындағы бұл қасиеттер адамгершіліктің ең биік сатысы болып саналмақ. Терең, өрелі ой қозғап, санаға салмақ салатын әдемі әңгімесімен кейінгі ұрпаққа үлгі болатын аға ұрпақтың өнегелі жолы қашанда керек-ақ. Қазақтың нағыз айбынды азаматтарымен еліміз бірге жасап, өсіп-өркендеп келеді. Ананың ақ сүтімен дарыған кие, атаның қанымен сіңген қасиет адамның өмір жолында өсуге ықпал етері сөзсіз ғой. Міне, сондай еңбегімен еңселі, еліне ардақты азаматтың бірі, «Шұбар» шаруа қожалығының төрағасы – Байырхан Бекжан Мәлікұлы жайында қалам тербемекпіз.
      Табысты кәсіпкер Бекжан Мәлікұлы 1978 жылы 28 қыркүйекте Атырау облысы, Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылында Сабиров Мәлік пен Мусина Гүлзипанның шаңырағына тұңғыш перзенті болып дүниеге келді.
      «Есімімді әжем қойған екен. Атамызды көрген жоқпыз, 1968 жылы дүние салған. Атам Байырхан – соғыс ардагері, одан бері колхоз кезінде құм нарын өлкесінде дүкенші болған. Әкем Мәлік 37 жыл Исатай ауданы С.Балғынбаев кен орыны «Жайықмұнайгаз» мұнай өндіру мекемесінде мұнайшы болып қызмет атқарды. Анам аудандық тұтынушылар қоғам мекемесінде кассир болып жұмыс жасаған, қазір зейнеткер.
      Балалық шағымызда ауылымыздан қырық шақырымдай жердегі Қызыл үй елді мекеніне әжелермен бірге жайлауға шығатынбыз. Жаз бойы бота, бұзау, қой бағып, мал суарып, әжелерімізге қолғабыс болатынбыз. Қызыл үй шағын ауылынан әрі қарай құм Нарын өлкесі басталады. Қазір де Нарын құмы – шаруагерлер мекені. Тарихшы ағаларымыз айтқандай, құм Нарын өлкесі жеті жұрт көшіп, жеті жұрт көшіп келген жер», – деп, кіндік қаны тамған қасиетті топырағы туралы айтып өткен Бекжан Мәлікұлы білім ордасының табалдырығын 1985 жылы М.Горький мектебінде аттады.
      Мектеп қабырғасында жүріп-ақ тиянақты ісімен, жауапкершілігімен көзге түскен Бекжан Мәлікұлының бойында сурет салуға деген құштарлық, қолына алған қылқаламынан әсем бейнелер қағаз бетіне түскен қабілеті де болды. Одан әрі жоғарғы сыныптарда психология және педагогика пәндерінен тереңделген қосымша білім алып, 1995 жылы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепті бітіріп шықты.
      Өзінің алғашқы еңбек жолын 1995 жылы күзде Аудандық мәдениет бөліміне суретші-безендіруші болып жұмысқа оналасумен бастаған Бекжан Мәлікұлы 1997 жылы көктемде әскер қатарына алынып, Ақтау қаласына Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды.
      «Біз әскерде болған №3502 батальон Маңғыстау атом энергетикалық комбинатын (МАЭК) күзететін сарбаздары болдық. Әскерде де батальон суретшісі атандым, еңбегімді бағалап, әскери бөлім басшылығы он күнге демалысқа жіберді», – деп, қандай ортаға барса да өзінің белсенділік қабілетін көрсетіп, ортасының үздігі бола білген Бекжан Мәлікұлы 1999 жылы әскери борышын өтеп келгеннен кейін Атырау мұнай және газ институтының сырттай бөліміне «Мұнай және газ құралдары мен жабдықтарын өңдеу» инженер механигі мамандығы бойынша оқуға түсті.
      Сырттай білім ала жүріп, аудандық мәдениет үйіндегі жұмысын жалғастырған азамат 2005 жылы жоғары оқу орнын аяқтап, мұнайшы мамандығын игеріп шығады.
      Бірақ, сол бір ғасырлар тоғысы жылдарында елдің аңсары мал шаруашылығына ауып, кәсіпкерлікке мойын бұрып жатқан кезде жоғарғы оқу орнын бітірген жас маман үшін әкенің қасында қалып, қолғанаты болу қажеттілігі туындап еді. Ауыл тұрғындары үшін қорасын төлсіз ұстау мүмкін емес еді, кейіпкеріміздің әкесінің де қолында азын-аулақ малы болатын. Дені жылқы өсіретін.
      Әкесінің жанында көмекшісі бола білген Бекжан Мәлікұлы әке жолын жалғастырып, бертін келе Нарын құмы өлкесінен «Шұбар» шаруа қожалығын ашып, ауданның шаруагерлер қатарына қосылады.
      Адам қашанда еңбегімен сыйлы болатыны белгілі. Қай іске болмасын бастамашы болып, өзінің табиғат берген сабырлы қалпымен, белсенді іс-қимылымен, адамзатқа тән адалдығымен көзге түсіп, елдің алғысын алып жүрген азамат жайлы көп нәрсе айтуға болады. Түгін тартса майы таматын құнарлы жердің қойнауын игілікке кенелтіп, халықтың құрметіне бөленген ол ешқашан қарапайым қалпынан танған емес. Еңбекті өмір салтына айналдырған азаматтың артық сөзі жоқ, бірақ, шындықты бетке айтатын, өз ісінің білгірі. Қолынан келсе, өзгеге көмектескісі келіп тұрады. Көпшілікпен бірге ақылдасып, кеңесіп отыратын «елім, жерім, халқым» деген азаматты барлығы сыйлап, құрметтейді.
      «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», - дейді ғой атам қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенге сүйеу болу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет емес пе?! Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тумауы мүмкін емес. Ата-бабамыз әрқашан ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. «Бір үй аш болса, бір ауыл аш, бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш» деген қағиданы берік ұстанып, адам тағдыры ұлыс тағдырымен тығыз байланысты екенін қапысыз таныған. «Қыран жемін шашып жейді, құзғын жемін басып жейді» деген мақалдың мәніне терең бойлап, жалғыз өзі тойғанша жұртпен бірге қиналуды жөн көрген. Баяғыда қазақтың байлары жан-жағының жағдайын ойлап отыратын менеджер іспетті болған. Олар мал-дүниесімен ғана емес, ақыл-парасатымен, жомарттығымен де сый-құрметке бөленген.
      Міне, сондай игі істі Бекжан Мәлікұлы дәстүрге айналдырған. Шаруашылықтан қолы қалт еткенде жан-жағымен кеңесіп, ақылдасып, ауыл-аймағының жайын білмекке отырады. Жыл сайын жағдайы төмен отбасыларына материалдық көмек көрсетіп отырады әрі сол жасаған қайырымдылығы үшін алғыс алып келеді. Жарияға жар салмаса да жомарт жүректі жанның бұл ісін көпшілік жақсы біледі. Осы жетістіктері үшін облыс, аудан әкімдігінен Құрмет грамоталарын алды.
      «Ежелден халқымыз жылқы малын қадір тұтқан. Сол ізді елмен бірге жалғастыра отырып, қазақтың шұбар жылқы тұқымын өсіру – жоспардағы мақсатымыз. Ауылымыздың, еліміздің, халқымыздың жағдайы жақсы болса екен деп тілеймін.
      Тұрып жатқан кіндік қаным тамған ауылымның қауымдастық кеңесінің мүшесімін. Туған жер мен туған елге саналы ұрпақтың қызмет етпеуі, белсене араласпауы үйлеспеген пікір деп санаймын. Алла берген өмірде адамзат баласына пайдаң тиіп жатса, одан артық бақыт болмас деген ойдамын», – дейді Бекжан Мәлікұлы, азаматтық ұстанымын ашық айтып.
      Алла берген абыройыңыз артып, еңбегіңіздің жемісін жей беріңіз, жақсы аға!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

14 сентября 2025 21:51
Nursultan Naukenov
Менің Анам Алтын! Аллах Разы Болсын!...
14 сентября 2025 12:57
Рвйса
Сәлеметсізбе Абила апа бүгінгі күн ағатаймен шаңырақ құрғаныңызға 40 жыл толып жатыр екен алла сіздерге зор денсаулық...
14 сентября 2025 12:14
Айнагуль
Отбасыңызға 40 жыл болып жатыр екен, аз ба-көп па, бәрі Алланың қолында, бастарыңа амандық, жан ұяларыңда бақ пен...