Райымханов Болатбек Мирболатұлы
«Тоған» шаруа қожалығының негізін қалаушы
Жарқ етіп сөнген жұлдыз...
Пенделік жүзін жарық дүниенің шапағы шарпыған әрбір жұмыр жүректі адамның мына өмірге келгендегі атқаратын қызметі, мақсаты, мүддесі және алар орны болады. Осы бір адал еңбек етіп, абырой биігіне шығумен қатар, Жаратқанның аманат етіп тапсырған жары мен балаларын адал тамақтандырып, соларды жеткізіп, Алланың разылығын алу жолында, халықтың да ыстық ықыласына ие болу жолында барлық адам еңбектенеді, жетістікке жету жолында уақытпен санаспай тырбанады. Бірақ пендесінің жоспарына Жаратқанның бір ойлағаны болады емес пе?! Жасың жүзге жетіп те, сол бір алдындағы қыраттан көтеріле алмайтындар да бар, ал жас болса да жасамыс тартқан қариясының ала алмаған асуын бағындырғандар да болады. Міне, Тәңірден басқа ешкім тәржімалай алмайтын тағдырдың тосын сыйы да осы. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де, отыз алты жыл өмір сүрсе де, ұрпағына азық болар тағылым мен мұра қалдырып кеткен, тағдыр теперішін, өмір қиындығын көрсе де, бір мойымай, азаматтық кеудесімен көтере біліп, күнделікті табысын тағам еткен әулеттің түтінін түзу ұшырып, адал еңбегі, табанды жұмысы, ақ еден көңілінің арқасында шағын кәсіп ашып, оны үлкен шаруашылыққа айналдырып кетті.
Осы бір жерде жазушылар жиі қолданатын, өмір қиындығынан шаршаған жанның өзін жұбаныш ету үшін айтатын, «көзден кетсе, көңілден де кетеді» деген сөздің жалғандығын мойындатқан, әлі күнге есімі мен еңбегі, бастап кеткені ісі ағайын-туыстың, отбасы мен перзенттерінің жүрегінде жарық жұлдыз болып жанып, тағдыр қараңғылығында отбасына жарқын жол көрсетіп келе жатқан, азаматтық тұлғасы Алатаудан да биік Райымханов Болатбек
Мирболатұлы 1986 жылы 3 маусымда Ақтөбе облысының Шалқар ауданы Шалқар қаласында қарапайым отбасында дүниеге келді.
Асқар тау әкесі Райымханов Мирболат Шалқар локомотив жөндеу депосының тепловоз машинисінің көмекшісі қызметін атқарса, мейір
ім нұры таңғы шықтан да мөлдір анасы Жакупова Гүлзипа Сапарқызы Шалқар аудандық аурухананың перзентхана бөлімінде босану бөлмесінің акушері болып еңбек еткен. Жанұяда Болатбек, соңынан ерген Мұратбек және Әділет есімді інілерімен бірге тәрбиеленді.
Үлкен өмірдің алғашқы баспалдағы болған мектеп табалдырығын 1992 жылы Шалқар қаласы №3 орта мектебінде аттаған Болатбек Мирболатұлы жастайынан-ақ еңбексүйгіштігін көрсеткен еді. Күндіз ұстаздарының таптырмас көмекшісі бола білсе, сабақтан соңғы уақыттары үй шаруасында бас-көз болып, кетігі кетіп тұрған жерін жөндеп, өзін осы үйдің азаматы екенін танытты. Білімін одан әрі Ақтөбе қаласындағы №18 орта мектебінде жалғастырған Болатбек Мирболатұлы осы мектептен тәмамдап шықты. Кеңес одағының соңғы жылдарында өмірге келіп, балалығы жоқшылық жылдарымен тұспа-тұс келген балалардың балалығы да жетімдік күйде өтті десек, артық айтқандығымыз емес. Қара қазан, сары баланың қамы үшін бұйырған жұмыста жасап, отбасының қамын ойлап әке мен ана кеткенде, сол бір кісілерді осы тауқыметтен арылтсам деген ой, кейіпкеріміздің балалық жүрегінде болған еді.
Бала кезінен-ақ өзінің ерекше алғырлығымен көзге түсіп, мектеп қабырғасында жүргенде спортқа деген құштарлығы оны қа
тарластарынан ерекшелендіріп, алғырлығы мен табандылығы арқасында биік жетістіктерге жеткен Болатбек Мирболатұлының жарқын жеңістері шаңғы спортында болатын. Іске нық, шаруаға епті, тиянақты жас қай ұстаздың да мақтаулы шәкірті емес пе?! Оның үстіне жасар жұмысына ой көзін жібере алатын көрегендігіне қызығып, болашағынан үлкен үміт күттіретін шәкіртіне сенген ұстаздарының да ақ тілегі Болатбек Мирболатұлының жарқын болашағы болатын.
Қиындық тірсегін қайсарлықпен қиып, табандылық қанжарын беліне байлаған жас талап тұлпарын тақымға басқан күйі Ақтөбе политехникалық колледжіне оқуға түсті. Осылайша, 2001-2005 жылдар аралығында техникалық білім алып, колледжді «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану» мамандығы бойынша тәмамдап, техник-технолог біліктілігін игеріп шықты. Меже мақсатына қол жеткізу үшін, сенім қадамын алшақ алған Болатбек Мирболатұлының алғашқы еңбек жолы Мұнай және газ өндіру саласында қызмет көрсететін американдық транс-ұлттық корпорация – «Halliburton Kazakhstan» (Халлибуртон Қазақстан) ЖШС-де басталды. Сәттілік айдынына сілтеген құлашы еңбекпен бекіп, өзінің міндеттерін жоғарғы деңгейде атқара білген ол қызметінің негізгі бағыты мұнай мен газ өндіруді жүзеге асыру үшін қызметтер мен технологияларды ұсыну болған компаниясында еңбек етіп, 2018 жылға дейін әртүрлі лауазымды қызметтерді атқарды.
Кейінгі жылдары кәсіпкерлікке бет бұрып, бұла бойындағы дарыны мен өзінің ұйымдастырушылық қабілетіне сенген Болатбек Мирболатұлы 2018-2020 жылдар аралығында жеке кәсіпкерлікті қолға алып, «Лукум» кондитерлік өнімдерін дайындап сату дүкендер желісін жүйеге қояды. Қазіргідей, бәсекелестіктің қазаны қайнап тұрған шағында, бірден іс бастап, оны өзгелердікіндей емес, өзгеге ұқсамайтын өзінше бастаған кейіпкеріміз үшін кәсіпкерліктің алғашқы сатылары оңай болмады. Бірақ темір тағасы желінсе де, жолдың тасы тұяғын аршыса да, аламанға бірінші болып келуді мақсат еткен сүйегі асыл тұлпардай ілгері жүріп, бастаған ісінен бір нәтиже көру үшін уақытпен санаспай жұмыс жасады. Еңбегі еш кеткен жоқ, шағын кәсібін үлкейтіп, кондитерлік өнімдер желісін іске қосып, халыққа тәтті өнімдерін ұсынды. ![]()
Кейін де кәсібінің қанатын кеңейтіп, қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын көбейту мақсатында мал шаруашылығымен айналысу кәсібін де қолға алып, 2020 жылы «Тоған» шаруа қожалығын ашты.
Үйіріле түскен ірі қараны, айналдырған аз ғана уақыт ішінде, үйірленген 500 басқа жеткізді.
Осы тұста, жақындарын, тума туысын Болатбектің ерекше батылдығы тағы да таң қалдырды. Қарапайым отбасының баласы, қолында асып жатқан ерекше капиталы да жоқ, тапқан қаражатын жинап, банктен кішігірім несие де алып, бейнеті бес етектен қайнап жататын мал өсірумен айналысуға бел буды. Мал екеш мақұлық тәулік бойы күтімді қажет ететін, оның суы, жемі, күтімі, жайылымы, мал қараушы жұмысшылар жалақысы, жүріп тұруы, тамағы тағысын тағы. Аса жауапкершілік пен батылдықты талап ететін кәсіпке, жасы небәрі 33-тен асқан шағында кіріседі. Осы мал өсіру шаруашылығын жүргізуге жатпай-тұрмай, күні-түні қызмет етеді. Малдың қыста жейтін шөбін шауып, арпа-жемін өсіріп, орып, жинап алу, малдың жоспарлы ветеринарлық бақылауын өткізу, емдеу, егу дегендей. Жас бейнесі толып тұрған батылдық пен жауапкершілік және еңбекқорлық еді ғой. Қазақта «жігіт» деген теңеу бар. Ісі тиянақты, сөзі миятты, өзі ұятты білетін адамды жігіт санатына қосады. Ер жігіт мінезді болады. Ержігіт бір сөзді болады. Болатбек міне, осындай жігіт еді. Егер асыл тұқымды ақбас өсірумен айналысатын шаруашылықтар туралы айтатын болсақ, бүгінде Қазақстанның барлық бұрыштарында олардың саны 15 мыңнан асады. Оның 400-ге жуығы – Қазақтың ақбас тұқымы (Qazaq Aqbas) республикалық палатасының мүшелері. Палатаның негізгі қызметі қазақтың ақбас тұқымымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты ұйымдастыруға және үйлестіруге бағытталған.
Болатбектің де шаруа қожалығы осы палатаның мүшесі еді. Қазақтың ақбас тұқымының қанын жаңарту үшін Болатбек малды Ресейден алып келді.
Қазақтың ақбас тұқымды сиырларының құнды ерекшеліктері – жылу мен аязға жақсы төзе білу, тез серуендеу және тірі массаның жоғары салмақ қосуын қамтамасыз ету. Қатаң жағдайларға бейімделген мал, тіпті, аз жайылымдарда да қосымша азықтандырусыз салмақ қосуды жалғастырады. Жас жануарлардың тірі салмағы төлдеген кезде 27-30 кг, кең жайылымда баптаса, 8 айға дейін 220-270 кг жетеді. Күнделікті салмақ қосу 1200-ден 1600 г-ға дейін б
олуы мүмкін. Мал ерте жетіледі, жақсы жүреді және бордақыланады. Сою өнімділігі 53-55%-ды құрайды, жақсы азықтандырылған бұқаларда ол 60-65%-ға жетеді. Бұл сиырлардың еті шырынды, бұлшықет арасында май жиналады. Міне, бала кезден жоқшылықтың жамаулы шекпенін киіп, мойнындағы кедейліктің темір құрсауын жарып шыққандағы жеткен жетістігінің басы болатын. Қолына мал бітсе, Жаратқанның бергені деп түсінетін ол, түскен табысының бір бөлігін мұқтаж жандарға, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек ретінде беріп, олардан әрдайым назарда ұстап отыратын. Әрбір сәтін бақытқа балап, отбасындағы жары мен ізінен ерген екі қамшы ұстары және өрісін ұзартар екі қызының қамы үшін, болашақта олар өзі көрген жоқшылықты көрмесін деп, олардың ештеңеден мұқтаж болмауы үшін тынымсыз еңбектене білді.
Жолда кездесетін қиындыққа мойымай, өзінің қажырлы, қайратты адам екенін дәлелдей түсу үшін алған бетінен қайтпай еңбек ете беру керек. Өмірге келгенің де, өмірді сүргенің де ешкімге міндет емес. Біреуге алақан жайып отыратын қоғам да емес. Адам өзінің күшіне, біліміне, адал еңбегіне ғана сенетін уақыт. Адам ерінбей еңбектенсе ғана ойындағысының бәрі орындалады. Болатбек Мирболатұлы жоғарыда айтып кеткеніміздей, өзінің күшіне ғана сеніп, нар тәуекелмен кәсіпті қолына алып, жолда кездескен кейбір қиындықтарға қарамастан, жемісті еңбек еткен, ел ризашылығына бөленген, абыроймен қызмет етіп, кәсіпкерлігін дамыта білген.
Жоғарыда айтып өткен сөздеріміздің тұздығы бола білген адамдық болмысы мен кісілік келбетін төкпелдеп жазсақ та толықтай аша алмайтын, өзін де, жанындағыларды да тұрақты жұмыспен қамтыған Болатбек Мирболатұлы әлеуметтік жауапкершілігі бар кәсіпкер бола білді.
Халықты сапалы сиыр етімен қамтамасыз ету мақсатында, мал өсірудің өзіндік қиындығына қарамастан, сиыр басын 100 бас табыннан бастап, өмірі кенеттен үзілген шағында 500-ден астам бас табынға жеткізген. Сонымен қатар оның алдына қойған мақсаты мен арманы көп еді. Болатбектің арманы мал шаруашылығын әрі қарай дамытып, сиыр басын көбейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде табиғи сүт өнімдерін, ет өнімдерін шығаруды қолға алу еді.
Әттең, «ажал деген атқан оқ – бір Алланың қақпаны» демекші, іші берекеге толы шаңырағына келіп, бала-шағасының ортасында бақытқа кенеліп, бүкіл ауыртпашылықты көріп, қиындықты табандық таныта отырып жеңіп шығып, енді көрген бейнетінің жемісін көремін деп отырған шақта небәрі 36 жасында кенеттен жүрек талмасынан қыршын кетті де барды... Артында көз жасын бұлап, қимастары қалды.
Қазіргі таңда, шаруа қожалығы жұмысын жалғастыруда, Болатбек Мирболатұлының жасап үлгермей кеткен істерін ағасы Айбол жалғастыруда.
«Менен қазіргі заманның батыры қандай болады деп сұраса, мен «ол менің досым Болатбекқой» деп жауап берер едім! Болатбек әрдайым жаныңнан табылатын адал дос бола білді,
Болатбек сөзіне ісі сай, бойында нағыз азаматқа сай намыс бар көшбасшы бола білді. Басына бизнес идея келсе, ештеңеден қаймықпайтын, жоқтыққа, қиындыққа сынбайтын. «Біз ала алмайтын қамал болмайды, досым» деп қойып батыл қимылдайтын. Болатбектей ер азаматтың Қазақстанымыздың экономикасына, ауыл шаруашылығына қосар үлесі мен алып келер жаңалығы көп болар еді...әттең, менің өмірдегі жақын досым, бизнестегі үзеңгілесім Болатбек жарқ етіп жанды да, небәрі 36 жасында жұлдызша ағып кете барды... Досымның жарқыраған жарқын бейнесі мәңгілік менің жүрегімде!» – деп Болатбектің өмірдегі жан досы, бизнестегі үзеңгілесі, Касай шаруа қожалығы басшысы Исенов Бекболат Асетдилаевич тебірене еске алады.
Зарина, Айша, Райымбек, Әлімдей төрт баланың ардақты әкесі болған ол өмір бойы іскерлікке ұмтылды, өзіне де, өзгелерге де қол ұшын созып, барын салатын. Оның мейірімді жүрегі, қайырымдылыққа толы жаны мәңгі есімізде. Ардақты азаматтың жан жары Баян Болатбек Мирболатұлына еске алу сөздерін арнайды:
«Менің жан-жарым болғаның үшін бас иіп рақметімді айтамын. Жақсы-жаман күндерде әрқашан жанымнан табылғаның үшін, сүйікті жарым деп мені ғана атағаның үшін, тәп-тәтті балаларымыздың әкесі болғаның үшін, «әке» деген құрметті атқа лайық болғаның үшін, біздің арқа сүйер тірегіміз болып, жан жылуын төккенің үшін, жұмыстан үйге қайтқанда үнемі күліп кіріп, жарық шуақ сыйлағаның үшін, мені және де балаларыңды қуантуға бар жағдайды жасағаның үшін, бақытты отбасы болуға барынша талпынғаның үшін алғысым шексіз!
Аллам саған қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр нәсіп етіпті. Тағдырдың басқа салған сынағына сабыр қылмасқа шара жоқ. Көнеді екенсің. Біздің емес, Алланың маңдайға жазғаны болады екен. Жаның жұмақта деген сөз ғана көңіліме медет.
Төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей болған, ешкімнің ала-жібін аттамаған, ешкімнің алдына түспеген, қанағатшыл, қарапайым, жүрегі кең, адамгершілігі мол, жаны жайсаң, бауырмал, өз Отанының лайықты ұлы, қамқор әке, сүйікті жар едің.
Сенің орның, сөйлеген сөзің, таза пейілің, жарқын бейнең, ерлігің мен батылдығың біздегі көңілдің ең бір биігінде мәңгі сақталады. Рақмет саған, Болатбегім!».
Жарының тебіреніспен, сағынышпен өрнектелген жазбасы өмірге келген әрбір адамның алатын орнын, қол жеткізетін жетістігін, табанын тигізер төбесі мен өмірден алатын еншісі болатынын көрсетіп тұрғандай. Жетістікке жеткен әр адамды Жаратқанның қалауы десек те, сол бір жолда оның қаншама тері төгіліп, табандылығы, қайсарлығы мен жігерлілігі, уақытпен санаспай еткен еңбегі жатыр. Жеңіс пен жетістік өздігінен келмейді. Ол үшін тынбай еңбектене білу керек. Өзіңнің еркіңді жеңіп, аяғыңды ілгері салып, темір етігің теңгедей болғанша, темір таяғың тебендей болғанша еңбек еткен адамның ғана бағы жанып, халық жүрегінен орын алады. Бұл – мыңның емес, жүз мыңның ішінде, тек біреуіне ғана бұйыратын бақ. Міне, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Болатбек Мирболатұлы да осы соқпақты сүрлеуден өткен еңбек адамы, нарықтың тілін таба білген кәсіпкер, елдің алғысына ие болып, ыстық ықыласына бөленген халық қалаулысы бола білді.
Өзі өмірден өтсе де, кәсіпкерлік саласында толағай істер атқарып, кәсіпкерліктің қалыптасуына, ел экономикасының өркендеуіне өзінің үлесін қосып кеткен Болатбек Мирболатұлының жаны пейіште, иманы жолдас болғай деп дұға етеміз!