Ізденбаев Мейрамбай Ізденбайұлы, Түркебайқызы Гүлбаршын

Рейтинг:

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Тыл ардагері, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65, 70, 75 жыл» мерекелік  медальдарының иегері

«Медаль материнства», ІІ, ІІІ дәрежелі «Материнская слава» медальдары және «Алтын алқа» иегері


Еңбекпен есейген жандар

      «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп ұлы Абай атқандай, Ізденбайұлы Мейрамбай еңбегі мен ақылы сай келетін азамат еді. Ол қандай іске болсын қабілетті болып ержетті. Өз мүддесінен елдің мүддесін жоғары қоятын, өзгені құрметтеп, сол арқылы өзін де сыйлата білген қарапайым еңбек адамы болды. Адамгершілігі мол, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, мансап қумай, елі үшін қиындықтан да қашпаған болмысы бөлек азамат-тын.
      Мейрамбай қарапайым отбасында дүниеге келді. Білімге ден қоймаса да еңбекке ерте араласты. Бала күнінен бастап қандай іс атқарса да өте тиянақты, тындырымды орындап, жан-жағына үнемі қамқорлық көрсетіп жүретін, бауырмал, елге үлгілі азамат қатарына қосылды. Мейрамбай шынайы көңілімен, адал сенімімен, ақ пейілімен адам тартып тұратын. Оның қарапайым да игі істеріне көпшілік қызығатын. Тілін тауып әңгімеге тартар болсаң, шаруашылық ісін, өзінің күнделікті тіршілігін уақыт тауып әңгімелеп те беретін. Барлық балаларына өнегелі тәрбие дәнін екті. Ағайын-туғанға қолындағы барын беріп, өзінің үлкендік жолын көрсетіп, жол-жоралғысын жасаудан тайған емес. Қашан да өзінің орнын білетін, ақылмен ойлап, бір айтатын тік мінезі де бар болатын. 
      Ізденбайұлы Мейрамбай 1931 жылы Қарағанды облысы, Жезді ауданы, Байқоңыр совхозында қарапайым отбасында дүниеге келген. Екі кластық білім алған. Әкесі әрі қарай оқытпады. Соғыстан кейінгі жылдары колхоздастыру кезеңінде әкесі бозбала жасынан еңбекке ерте араластырған. Жалғыз ұл болған соң, әскерге де жібермеді. Әкесімен бірге ерте кезде егін егіп, шөп шабу шаруашылықтарымен айналысты. 1953 жылы «Сарыөзек» ауылында әкесімен бірге қой шаруашылығын алған.       Мейрамбай мен жұбайы Гүлбаршын өте қарапайым болды. 1941 жылы Түркебайқызы Гүлбаршын қарапайым отбасында дүниеге келген. Байқоңыр совхозында 1959 жылы екеуі отбасын құрады. Бірі әке болып ұлдарына, ана болып қыздарына бар мейірімдерін төгіп, тәлім-тәрбие беріп, өсіріп жетілдірді. 1966 жылы Байқоңыр совхозының түйе шаруашылығын алды. Үкіметтің малын басына бас қосып, шығынға ұшыратпай, еңбегіне қарай марапаттарға ие болды. Жыл сайын төлін аман-есен төлдеткені үшін сыйлықтар алды. Ол кезде қол жетпейтін тауар ретінде кілем, үнді шайы, қыжымдар еді. Жыл сайын жаз айында Жезді ауданы бойынша шопандар тойы мерекесі болатын. Түйе шаруашылығымен жүріп, бәйгеге ат жаратып қосты. Бәйгеден озып, Урал мотоциклін ұтып алды. 1975 жылы Байқоңыр совхозына бөлініп, Сәтбаев совхозының директоры Ереже Шоланов «Ботабай» жаңа қыстағын берді. Механизм дамымаған кез, екі қолмен құдық қазып, мал суарып, еңбектері өте ауыр болды. Мейрамбай қыстың қақаған аязында, жаздық аптап ыстығында ат үстінде жүрді. Малды ет комбинатына өткізу мақсатында жермен сонау ауылдан Байқоңыр совхозына дейін мыңдаған шақырым атпен жүріп айдап әкеліп өткізген. Жары Гүлбаршын ауылдағы ақсақ-тоқсақ уақ малдарға қарап, құдықтан қауға шелекпен су тартып, баз қорадан шанамен көң шығарып, шөп салып еңбектенді. Ірі қараның ішінде түйе малын төлдету ең ауыр, ботаны көтеріп аяқтан тұрғызып емізу қара күшке түседі. Түйе қырқымы кезінде Гүлбаршын 40-50 адамға тамақ әзірлеп, нан пісіріп, аспаздық қызмет қылатын. Жайлауда «Итауыз» деген жерде отырып аудандық тапсырмамен 15 түйе сауып, шұбатын тапсырған.       Ерлі-зайыпты екеуі үкіметтің малымен алысып жүріп, 5 ұл мен 4 қызды дүниеге әкеліп, тәрбиеледі. Қатарынан қалдырмай тәрбиелеп оқытып, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Осы балаларынан бүгінгі күні 30 немере, 34 шөбере сүйді. Мейрамбай өте ақкөңіл, көпке қол ұшын беріп, әрдайым көмегін аямайтын азамат еді. Мейірімділігімен жан-жағына сыйлы болды. 
      Ізденбайұлы Мейрамбайдың ерекше қасиеттерінің бірі - ұсталық өнері болған. Сиырдың терісін өзі илеп, өңдеп қайыс жасайтын. Сол қайыстан ат әбзелдерін, тоқым, жүген, ноқта, қамшы өрген. Өз қолынан тусамыс, өре, шідер жасаған. Тағы да бір сүйікті істерінің бірі - асау аттарды үйретуден алдына жан салмайтын.       Жұбайы Гүлбаршын қой жүнінен текемет - киіз басатын, шиді тартып әкеліп, оған боялған әртүрлі жүндерді орап, киіз үйдің жабдықтарын жасаған. Киіз үйдің сыртқы туырлық, түндікті де сол қойдың жүнінен басып жасаған. 
      Мейрамбай соғыс кезінде 10 жаста болатын. Әкесімен ерте жастан еңбекке араласқандықтан, ол тыл ардагерлері қатарына қосылды. Жыл сайын 9 мамыр күні марапатталып отырды. Ұлы жеңістің 70, 72, 74 жылдығына орай Сәтбаев қаласының әкімі А.Ыдырысовтың Құттықтауы, Құрмет грамотасымен марапатталды. Ұлы жеңістің 65, 70, 75 жылдығына орай мерейтойлық төсбелгісімен наградталды. 
      Гүлбаршын ана «Медаль материнства», ІІ, ІІІ дәрежелі «Материнская слава» медальдары және бірнеше Алғыс хаттармен марапатталды 2010 жылы 21 қыркүйекте «Алтын алқа» иегері атанды.      Балаларына үлгілі жол көрсетіп, өнегелі отбасы иелері болған жандар 1991 жылы құрметті зейнет демалысына шықты. Құлжанбай ауылының сыйлы жандары болып, 2012 жылы ақпан айында Сәтбаев қаласына қоныс аударды. Мейрамбай 2022 жылы 7 қыркүйекте 91 жасында дүниеден өтті. Гүлбаршын ана 2024 жылдың 11 маусымында 83 жасында дүние салды.
      Иә, бейнеттің зейнетін көріп, еңбегінің еленгені ел алдындағы беделінің айғағы осы деуге болады. Адамға бедел де, абырой да еңбекпен келеді емес пе?! Мейрамбай мен Гүлбаршын адал еңбектің жемісін көрген шынайы адамгершіліктің, үлкен парасаттылықтың адамдары еді. Ешкімнің ала жібін аттаған емес. Олардың өмір жолы бүгінгі ұрпағына үлгі болатыны да сөзсіз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
8 февраля 2025 18:33
Рыскуль

Ардакты әкем 
Асыл анам
Жаткан жерлериң жарык
Имандарың жолдас болсын
Осы Казакстан алтын китабының
Еңбек еткен жандарына улкен алғыс
Алдағы кундериңизге саттилик
4 февраля 2025 20:43
Асем

Акешем -анашым сағындым ғой😭😭😭жандарыңыз жәннәтта болсын🙏🙏🙏
4 февраля 2025 19:10
Арай

Ата-Әжем😘
Жандарым🙌😘😘

Последние комментарии

12 июня 2026 14:28
Жаркын
Какая молодец, девушка из казахских степей Галина! Ее яркий творческий и целеустремленный, в то же время позитивный...
19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....