Әрбір адал ниетті адам өз ғұмырының мәнді де мағыналы, атқарған ісінің жемісті де табысты болуын бар жанымен қатты қалайды ғой. Рас, адал еңбегің мен қалтқысыз қызметіңнің арқасында ғана ел-жұрттың алдында абыройлы боласың. Сол арқылы бедел жинап, сый-құрметке бөленесің. Ал ел алдында беделді адам өз ортасына, ағайын-туған, жақын-сырласына жүзі жарқын болады. Ондайда айналаңа жақсы жандар үйіріліп, үлкендік үлгіңді алады, өне бойы өнегеңнің өрісін кеңейтеді. Ұлы Отан соғысының ардагері Мұсабек Досымбекұлының өмір жолына қарайтын болсақ, үлкен өмір жолынан адалдықты, адамгершілікті, парасаттылықты анық аңғарасың. Бала жасынан еңбекқор болып есейген ол таудай талап-талпынысымен-ақ келешегіне деген керемет сеніммен, еліне адал еңбек етемін деген асқақ арманын жүзеге асыра білді. Мұсабек Досымбекұлы 1910 жылы Талдықорған облысының Қаратал ауданы Бірлік ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Досымбек пен анасы Мәйтеннен Әлдибек, Разбек, Мұсабек атты үш ұл және Жұмағыз есімді бір қыз дүниеге келген. Ол кезеңде әр отбасы мал асырып, бау-бақша егіп, егін салып, шаруашылықпен айналысып күн кешкен. Ата-аналары жастайынан еңбекке баулып, өмірдің ащы да тұщы дәмін көріп өскен. Қандай қиындықтар болса да қарсы тұруға, мойымауға, татулыққа, адалдыққа, бауырмалшыл болуға баулып тәрбиелеп өсірген. Ата-аналарына, туыстарына қолқабыстарын тигізіп, шыңдалып өскен үш жігіт ержетіп, отбасын құрғаннан кейін де, іргелері ажырамай екі бөлмелі жер үйде соғысқа аттанғанша ата-анасымен жарларымен бірге тұрып жатты. 1930 жылдары колхоз құрылғанда әріп танитындай (латынша) оқып білім алады. Колхоз шаруашылығының әр саласында аянбай еңбек етіп, халыққа көмек көрсете білді. Разбек ағасы есеп-қисапты жақсы меңгеріп, артельдің дүкенінде сатушылық қызметін атқарса, Әлдибек пен Мұсабек жарларымен бірге жаңадан құрылған колхоздың дамуына, өркендеуіне өз үлестерін қосып, еңбек етті. Ұлы Отан соғысы басталған кезде ағайынды үшеуі де майданға аттанды. Әлдибек пен Разбектен 1939 жылы туылған Бескен, Үшкен есімді бір-бір ұл қалды. Соғыстан Әлдибек жараланып, Мұсабек бір қолынан айырылып, аман-есен майданнан оралады. Ал, Разбек хабарсыз сол бойы оралмады. Досымбекұлы Разбек (1898-1942жж.) 1939-1940 жылдары Кеңес әскері қатарында болып, Ұлы Отан соғысына аттанып, хабарсыз кеткен оралмаған. Кейінде іздестіру арқылы, оның Москва маңында шайқаста қаза болғаны туралы СССР-дің архив документінен табылды. Сол құжаттар бойынша: Смоленский область, Сычёвский район, деревьня Большое Кропотово, магила №8, бауырластар қабіріне жерленгені белгілі болды. Әлдибек пен Мұсабек жарымжан болып оралса да қарап жатпады. Соғыстан оралған азаматтармен бірге еңбекке жарамды бозбалалар мен әйелдерге бас болып, құлдырап кеткен колхозды қалпына келтіру үшін аянбай еңбектенді. Мұсабек бір қолы кем болғандығына қарамастан бригадир қызметін атқарды. Кейін совхоз құрылғанда да өмірінің соңына дейін туған жеріне шаруашылық бригадирі болып еңбек сіңірді. Колхоздағы, совхоздағы, майдандағы ерен еңбектері бағаланып, бірнеше мәрте бағалы сыйлықтар мен мақтау қағаздар, орден-медальдармен марапатталды. 1950 жылы ағасы Әлдибек соғыстан алған жарақатынан қайтыс болып, жұбайы Нұрғамила жесір, ұлдары Бескен, Аманбай, қызы Жамал жетім қалды. Разбек ағасының отбасында жеңгесі Балғын мен ағасының ұлы Үшкен жетім-жесір болып қала берді. Мұсабек екі ағасының отбасын қамқорлығына алып, Үшкен мен Бескенді өз балаларымен бірге тәрбиелейді. Ол кісінің адамгершілігінің жоғары болғандығы сондай, тіпті туыстығы жоқ, баспанасыз қалған. Бірлік ауылына соғыстан кейін келген өзге ұлттың адамдарын да екі бөлмелі жер үйіне отбасымен бірге паналатты. Олар: соғыс мүгедегі Ғафи атты татар жігіті, украиндық Костенко, беларусь Гордей, орыс қыздары Марюся, Мария. Жұбайы екеуі тату-тәтті, берекелі туған еліне, ағайын-туысына сыйлы отбасы болып Мұнарбек, Жұмабек есімді екі ұл, Секен, Мәкен есімді екі қыз тәрбиелеп өсірді. Иә, Мұсабектің өмір жолы үлкен тарих. Соғыс кезімен тұспа-тұс келген жастық шағы тек қарапайым тірлік кешумен өтті. Азаматтық ар-ождан, намыс жас жігітті қамшылай түсті. Сол қамшылаудың арқасында пісіп-жетіліп, жан-жағын танып-білді. Жанына жақын тұтар, пікірлес жандарды тарта білді. Бір елде, бір жерде тұрып жатқаннан кейін ауыл-аймақтың жай-жағдайын, қалың жұрттың мұң-мұқтажын, олардың арман-аңсарын жақсы түсінді. Көптің мүддесін тереңінен түйсінді. Соғысты көзбен көрді. Жаңа ғасырға да аттады. Екі ғасырдың куәгері ретінде көрген-білгені, оқыған-түйгені де бар. Өзінің балалары ескі мен жаңаны жақсы біліп есейді. Қажеттісін ардақтап, өздеріне керегін алып, бүгінгі күні тіршіліктерінде пайдаланып та жүр. Соған қарағанда Мұсабек Досымбекұлының өмір жолы бәріне үлгі өнеге бола білді. Елінің қайғысына да, қуанышына да ортақтас болып, елінің болғашағы үшін теңіздің тамшысындай болса да, ерен білек күшімен де, табанды еңбегімен де үлес қоса алғаны үшін, екіншіден кереметтей айрандай ұйған отбасының асқар тауы болып, өмірлік серігімен ұл-қыз өсіргені үшін өзін шын бақытты сезінген азамат. Сол кездегі асқар таудай қорған, емендей берік тірек жандары жайсаң, көңілдері көк теңіз, дархан дала болған мейірімдерін төгіп тұратын, татулықтарын, сыйластықтарын, қамқорлықтарын, бауырмалдықтарын ештеңеге теңгере алмайтын асыл әкелерді, аяулы аналарды, абзал аға-жеңгелерді, сүйікті әпкелерді көріп өсіп, тәлім-тәрбие алған ұрпақтары бұл өмірдегі ең бақытты жандар деуге болады. Мұсабектің анасы Мәйтен заманының қарапайым тіршілігімен айналысып, бала тәрбиесіне қарап, ауыл еліне сыйлы болған жан. Әкесінің бауырының баласы Әділбекұлы Қошақан да Мұсабектің қамқорлығында болды. Бірлік совхозында Қошақан жары Мәмиләмен 40 жылдан астам трокторист болып еңбек етіп, бүгінгі күнде ата-әже атанып, мәуелі бәйтеректей болып отыр. Ұлдары Айдар, Азамат, Алмас, қыздары Алма, Алтынай, Айгул барлығы өз отбасының ошағын жаққан жандар. Мұсабектің қарындасы Жұмағыз үй шаруасындағы ана. Әкімбай атты азаматқа тұрмысқа шығып, Екібастұз қаласында тұрады. Ұлдары Қанат, Қуандық, қыздары Сауле, Зәуре, Бикеш барлығы да ел қатарлы тіршілік кешуде. Ағасы Әлдибектен үш бала: Әлдибекұлы Бескен бірлік совхозында инженер механик, жабдықтаушы болып, 40 жылдай қызмет атқарды. Ұлдары: Бейбіт, Нұрлан, Асқар, Бауыржан. Қыздары: Бибігүл, Назгүл, Ақмарал. Әлдибекұлы Аманбай Талдықорған қаласында автокөлік жүргізушісі болып, 30 жылдай еңбек етті. Облыстық мәслихаттың депутаттығына сайланды. Ұлдары Арман, Әсет, Әділ, қызы Салтанат бір-бір отбасының иелері. Әлдибекқызы Жамал Талдықорған қаласында автокөлік басқармасында бас маман бастығының қызметін 20 жылдан астам атқарды. Елубекұлы Меліс атты азаматпен тұрмыс құрып, Аслан есімді бір ұлы мен Асылжан есімді келіні бар. Ағасы Разбектен бір ұл қалды. Разбекұлы Үшкен 40 жыл Бірлік совхозында электрик, көлік жүргізуші болып еңбек етті. Жары Оңдыбала совхозда бас есепші болып қызмет атқарды. Ұлдары Қалибек, Данабек, қыздары Бибігүл, Бибінұр өсіп-өніп жатыр. Мұсабектің өзінен 2 ұл, 2 қыз тарады. Мұсабекқызы Секен Бірлік совхозында бас есепшінің орынбасары, бас есепші болып 40 жыл қызмет атқарды. Жолдасы Манархан екеуі 4 баланың ата-анасы. Ұлдары: Талғат, Жанат, қыздары: Жанар, Ақсауле. Мұсабекұлы Мұнарбек Бірлік совхозында 40 жылдай гараж меңгерушісі, механик болып қызмет атқарды. Жұбайы Рәш екеуі Эльмира, Айнұр есімді қыздары мен Әлібек есімді ұлын тәрбиелеп өсірді. Мұсабекұлы Жұмабек пен жұбайы Ләтипаның Бағлан есімді ұлы мен Гүлмира, Гүлнұр есімді қыздары бар. Мұсабекқызы Макен ауыл шаруашылық, педагогикалық институттарды бітірді. Қос мамандық иесі атанды, Нарынқол ауылында 30 жыл мектепте ұстаз болып қызмет атқарды. Жолдасы Тілеуберді екеуі 4 бала тәрбиелеп өсірді. Ұлы Мұратжан, қыздары Айгүл, Айнара, Аяна барлығы да өз жолдарын тапқан жандар. Мағыналы өмір сүрудің үлгісін көрсетіп, артындағы ұрпақтарына ғибратты ғұмырымен өнеге көрсеткен азаматты халық қадірлеп, ардақтайды. Өзгелер де осындай өмір иелерін оқып, танысу арқылы өздерін тәрбиелейді. Қазақта «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғысы солай жүреді» деген сөз бар. Бұл адамның өмірде қалай жүріп өткенін, не іс тындырғанын, ұрпағына не қалдырғанын меңзейтін де тәмсіл дер едік. Отбасын шағын мемлекетке теңейтін қазақ үшін баласына ата-анадан артық тәрбиеші де жоқ. Сондықтан сол ұядан түлеп ұшқан балапандар үшін үлкендерінің жасаған істері сабақ. Мәуелі бәйтеректей тұлғаның ұрпағына тәлімі жемісін төгуде. Лайым, осындай өнегелі өмір жолын өзгелерге де бұйыртсын деп тілейміз!