Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, «Ауыл шаруашығы саласының үздігі» төсбелгісі, «Ерен еңбегі үшін», «Елеулі
еңбегі үшін» медальдары және «Сырдария ауданына 95 жыл» мерекелік медалінің иегері
Еңбек адамы – елдің құты
Адал еңбек – арлы адамның ісі. Бұл – көптің ыстық ықыласына бөленген шаруа адамының ұстанымы. Қара жұмыстан қашпайтын, нағыз еңбектің дәмін татып жүрген қолы алтын азамат, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері – Бейбіт Белгібаев.
1961 жылы қаңтар айының 7 жұлдызында Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Асқар тау әкесі Төлеген бар ғұмырын шаруашылыққа арнады. Алғашқы еңбек жолын жай трактор айдаушыдан бастап, шаруашылық инженеріне дейін көтерілген ол, 46 жылын осынау салаға арнады. Тер төгіп, елге еткен еңбегі үшін, көзі-тірісінде «Құрмет» орденін иеленді. Ақ жаулықты ана Айтжан Әміровамен шаңырақ көтеріп, одан 7 ұл, 2 қыз сүйді. Саналы ғұмырын ел өміріне араласа жүріп, осы балаларына арнады. Нәзік жан болса да колхоздың өркендеуі жолында еңбек етіп, техника тапшы кезде колхоз каналын екі қолға бір күрек ұстап, маңдай терімен қазғандардың бірі. Екеуі де еңбек адамы болатын...
![]()
Кейіпкеріміз Бейбіт Белгібаев – осынау өсіп-өнген отбасының үшінші баласы. Бала күнінен әкесіне қарап бой түзеген ұл, әкесінің үмітін ақтауға, жүріп өткен жолымен жүруге талпынды. Алғаш мектеп табалдырығын туған жері Бесарық ауылындағы білім ордасынан бастады. Сөйтіп 1968-1978 жылдар аралығында Ы.Алтынсарин атындағы мектепте білім алды. Кейін орта мектепті бітірген соң, Қызылорда қаласындағы Комсомол техникумына оқуға түседі. Онда техник-механик мамандығы бойынша білімін шыңдады. 1981 жылы техникумды бітіріп, алғашқы еңбек жолына қадам басты.
Жас маманның алғашқы еңбек жолы КСРО-ның 50 жылдығы атындағы совхозда техника қоймасының меңгерушісі қызметінен басталды. Басында қиын болса да, бұл саланы кейіпкеріміз аз уақыттың ішінде меңгерді. Арада жыл өткенде, яғни 1982 жылы бригадир механигі қызметіне ауысады. Бір жұмыс орнының түрлі бағытынан өз күшін сынап көрген Бейбіт Белгібаев, 1983 жылы жүргізуші болуға келісімін береді. Осылайша 2 жылы осы жұмысынан нәпақасын тапты. Үнемі айналасына сыйлы, әріптестеріне құрметті маман еді. Қиналған жанға көмек қолын созуға, білгенін
![]()
жанындағыларға үйретіп жіберуге еш қаймықпайтын.
1986 жылы инженер ретінде өзін жаңа қырынан сынап көрді. Бұл қызметті де абыроймен атқарып, шашасына шаң жұқтырмай, тапсырылған жұмысты адал істеді. Араға 2 жыл салып, МТМ меңгерушісі болды. Ал 1990 жылы автогараж меңгерушісі лауазымын да атқарып көрді. 9 жылын нақ осы қызметке арнап, машина қоймасына бұзылып келген темір тұлпарлардың уақытылы жүруіне ықпал етті. Кейін 2002 жылға дейін қайтадан бригадир, 2002-2003 жылдары «Абзал және К» ЖШС механигі болып жұмыс істеді.
Ол ылғи да еңбек етуден жалықпайтын. Өзіне тапсырылған әрбір тапсырманы тиянақты атқаруға тырысатын. Сондай жанқиярлығының арқасында 2004 жылы жаңа жұмыс орнынан бас инженер болуға ұсыныс алды. Осылайша 1 жыл ішінде «Бесарық» ЖШС-дан бас инженерлік жұмысына кірісті.
Еселі еңбек елеусіз қалмады. Өз ісінің маманы 2008 жылы Сырдария ауданының әкімі С.Тәуіпбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Ал 2009 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде жоғары нәтижеге қол жеткізгені үшін «Абзал және К» ТС директоры А.Ералиев оған «Жигули – 2017» автокөлігін сыйға тартты. Негізінен бұл компания Бесарық ауылына 2003 жылдан бастап келген болатын. Содан ауылдың қарыштап дамуына 2017 жылға дейін қолдау көрсетті. Ауыл азаматтарын еңбекке баулып, жұмыспен қамтамасыз етті. Ал 2018 жылы Бесарық ауылын «Абай-Даулет» ЖШС қамқорлығына алған болатын. Бұл туралы кейіпкеріміз өз естеліктерінде:
«2018 жылы «Абай-Даулет» ЖШС ауылымызға инвестор болғалы трактор, комбайндар, ауыл шаруашылық
![]()
техникалары жаңаланды. Күріш өнімділігі артты. Ауыл көркейді... Қазақша айтқанда, жаңа нысандар салынды. Ауыл жолдары асфальтталып, көшелердің жарығы түгелдей жаңаланып, іске қосылды. 2023 жылы Облыс бойынша «Үлгілі – ауыл» атандық. Облыс әкімі ауыл тазалығына деп тегін екі трактор берді. Соның арқасында ауыл көшесіндегі қоқыс азайды. Ел-жұрт тұрмыстық қалдықтарды қапқа салып, есік алдына қояды. Кейін нақ осы жүк көліктеріне тиеліп, қоқыс орындарына жеткізіледі. Бұл да ауылдағы ағайын үшін үлкен қолдау болды. Аймақ басшысына ауыл халқы атынан рақмет айтамыз… Яғни ауылдың қарқынды өркендеуіне облыс, аудан, ауыл әкімдері және «Абай-Даулет» ЖШС атсалысты», – дейді.
Бейбіт Белгібаевтың жастық шағы өзгелер секілді қызық қуып, ел-жер көріп, саяхаттаумен өтпеді. Ол бар уақытын жаны сүйген мамандыққа, сол салада үздіксіз еңбек етуге, отбасы мен балаларын асырауға арнап келеді. Тіпті зейнет жасына дейін бір салада шүбәсіз тер төкті...
Кейіпкеріміздің өмірлік жұбайы, құдай қосқан қосағы – Сәуле Қосекеева да бүгінде Бейбіт Белгібаевпен бір
![]()
шаңырақ астында тату-тәтті, бақуатты, жүзі жылы қалпында бірге қартайып келеді. Алдымен балабақшада, кейін мектепте аспазшы болып жұмыс істеді. Осы қызметтен құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты. Бүгінде олар – үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана. Екеуінің де балаларынан күтері көп.
Ардақты азамат қызмет еткен жылдарында толағай табысқа қол жеткізді. Ел-жұрттың алғысына бөленіп, әріптестері арасында адал еңбегімен танылып, үлгі алар азаматқа айналды. Қоғамдық жұмыстардан да қалыс қалмады. Соның арқасында мақтаулы болып, марапат биігінен көрінді. Айталық, 2024 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтан «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалін алды. Қызылорда өңірінің қамбасы астыққа толып, ел қазынасы еселенгенде сол кездегі облыс әкімі Н.Нәлібаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Және бір жылдары «Сырдария ауданына 95 жыл» мерекелік төсбелгісін алғанын да айта кеткен жөн. Бұл төсбелгі де оның елжанды азамат екенінің бір дәлелі.
Ағамыздың құрметті марапаттары мұнымен шектелмейді. Ол бір кездері «Елеулі еңбегі үшін» медалін де иеленді. Қызылорда облысының күріш өңдеушілер және өндірушілер қауымдастығының атынан «Ыбырай Жақаев
![]()
атындағы» төсбелгісін алды. «Ауыл шаруашығы саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Бүгінде зейнет жасына жетсе де, қоғам өмірінен қалыс қалмай, жаны сүйетін қызметін әлі де жасап жүр. «Абай-Даулет» компаниясы 2020 жылдың қорытындысымен мол өнім алып, әрі 60 жасқа толуына байланысты «Камри-70» көлігін сыйға тартты. Бұл кейіпкеріміздің еленген еңбегінің бір парасы ғана. 2011 жылы асқар тау әкесі Белгібаев Төлегеннің есімімен ауылда көше есімі берілді.
Кәсіби, білікті маман қай кезде де керек-ақ. Тіпті жұмыс орны оған биыл да жұмыс жасауға өтініш білдірген. Ауыл шаруашылығы саласының жұмысы оңай емес, әрине. Қанша қиын болса да, темірдей төзімге үйренген еңбек иесі сағатпен санаспай, демалыссыз жұмыс жасап келеді.
Халқымыз: «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды», – дейді. Кейіпкеріміздің еңбекке араласқаннан бастап ауыл-аймақтың сый-құрметіне ие, абыройлы азаматқа айналды. Адам баласының көңілін қалдырмайтын кішіпейіл мінезі, елге болсын дейтін кең пейілі, ізетті ұстанымы жылдан-жылға тұлғасын асқарландырып, қадірлі аға, қоғамшыл қайраткер, абыройлы зейнеткер деңгейіне көтерді. Бұл «Жаңбырменен жер көгерер, Батаменен ер көгерер» дегендей, жасынан өзін мәпелеп өсірген ата-анасының алғысы мен ақ батасын алғанының жемісі деп есептейміз.
![]()
Жылдар бойы егістік алқабында егін егіп, науқан басталғанда оны жинауға атсалысты. Сондықтан көп тер төгуді қажет ететін бұл іске, көп жас бет бұра да қоймайды. Әрі бұл шаруаны тек, кейіпкеріміздей, өзі ісінің маманы ғана жасай алады. Шындығында ағамыз қызмет еткен жылдары шаруашылықтың ескі техникасын пайдаланды. Ал онымен жұмыс істеудің өзін елестету мүмкін емес-ті. Десе де сол қиындықтарды еңсеріп, елдің дамуы жолында іс етті. Ал қазір шаруашылыққа жаңа техникалар келе бастады. Шетелдік трактор, комбайндар жұмыс істеуге тіптен қолжетімді...
Жалпы қоғам түсінігінде белгілі бір дәрежеге, мансапқа, байлыққа қолы жеткен адамдар ғана «Еңбек адамы» болып саналады. Шын мәнінде табысы аз болса да сонымен күн көріп жүрген қаншама жан бар. Олардың да істеп жүргені – еңбек. Тек бір адамдарда ми еңбегі, ой еңбегі басым болса, енді біреулері керісінше физикалық тұрғыдан көп қимылдап, күннің ыстығы мен суығына қарамай іс етеді. Осы екінші қатардан Бейбіт Белгібаевты көреміз.
Еңбек – қашан да қадірлі. «Адамды адам еткен – еңбек» деген қағиданы былай қойғанда, онсыз нәпақа, күнкөріс жоқ. Қажыр-қайратымен, өнегелі ісімен барлығына үлгі бола білген кейіпкеріміз қандай да құрметке лайық!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()