Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, «Еңбек ардагері» медалінің иегері
Маңдай термен келген абырой
Жылнамасы мұрағат сөрелерінде том-топ кітаптарға арқау болған қай кезеңді алып қарасаңыз да, өз қайраткері, әр ауылдың өз арқа сүйер азаматы болады. Олар адал еңбек ету арқылы, несібесін арттырып, әулетінің түтінін түзу ұшырып, берекесін кіргізумен қатар, шаруашылық экономикасының көтерілуі мен халықтың игілігіне арнады. Міне, осындай өзінің маңдай терімен туған жерін гүлдендіріп, еңбектің даңқын асырған осындай тұлғалардың бірі – Қазыбай Латипов.
Адал еңбекпен шырақ жағып, өмірін халқының бақытына арнаған, ауылдың құрметті ақсақалы Қазыбай Латипов 1939 жылдың 20 қаңтарында Қостанай облысының Наурызым ауданы Дәмді ауылында дүниеге келді. 1940 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда бір жастан асқан бала Қазыбай, әкесі соғысқа аттанғанда қатты жылаған көрінеді. Анасы да «әкесі майданнан оралмайтынын Алла сездірген шығар, мүмкін» деп, сол бір күннің күңгіртін жеткізген. Ол соғыс салған қиындықтың ызғарын бала күнінде-ақ сезген. Балалығы сонау бір иінді басып, иықты қажытқан ауыр еңбекке толы жылдармен тұспа-тұс келген ол – еңбек білегін ерте түрінген, балалығын соғыс ұрлаған сол бір сұрапыл жылдардың баласы. Ауылдың азаматтары майданға кеткенде, ауылдағы тіршіліктің диірменін айналдырып, еңбек жолын тылда бастады.
![]()
Қостанай облысының Наурызым ауданы Қайғы ауылындағы (қазіргі атауы Мереке) мектепті бітіріп шыққан соң, туған жерінің қамы үшін еңбекке араласқан Қазыбай Латипов, өзінің алғашқы еңбек жолын 1961-1963 жылдары туған ауылы Дәмдіде Сельсовет секретары болып бастайды. Әр күнін адалдық пен жауапкершіліктің айнасына айналдырып, әр тиынды қадірлеп, әр еңбеккердің маңдай терін бағалай білетін санаулы мамандардың бірі бола білді.
1963 жылы жаз мезгілінде Торғай облысы Амангелді ауданы бойынша Степняк (Сарыадыр) совхозының ашылуына тікелей араласып, алғаш қазығын қағып, іргетасын берік қалаған азамат Қазыбай Латипов болды. Бұған бірінші директор Ақбасов Жағыпар негіз болған еді. Ардақты азаматтың айтуы бойынша Степняк совхозының ашылуына Амангелді ауданы комиссия мүшелері және кейіпкеріміз
![]()
қатысқан. Атап айтқанда, Есболов Қайырбай (І секретарь), Шамшиев Қуаныш Ақыбаевич (Сельхоз басқармасының бастығы), Ф.Сағындықов (Райсполком председателі), Ақбасов Жағыпар Әмірғалиевич (директоры), Латипов Қазыбай (замдиректоры) есімді азаматтар. Сол жылдың күзінде кассир жұмысына ауысып, 1 жыл еңбек еткен соң, 1964 жылы совхоз директоры Ж.Ақбасов кейіпкерімізді Қостанай қаласындағы Селолық бухгалтерлік мектепке арнайы жолдамамен бухгалтер оқуына жібереді.
Оқуын 1964 жылы ойдағыдай тәмамдап, Ұштоғай бөлімшесінде бухгалтер-кассир ретінде еңбек етіп, ауыл шаруашылығының қаржылық тіршілігін тиянақтап отырған Қазыбай Латипов, ісіне деген жауапкершілігі мен ұқыптылығының арқасында, 1965 жылы Кірпішкен бөлімшесіне меңгеруші болып тағайындалды. Бұл қызмет – тек басқару емес, бүкіл ауыл тіршілігінің тынысын бақылау, халықтың қамын ойлау деген сөз еді. Маман иесі бұл міндетті де абыроймен атқарды.
![]()
1968-1969 жылдары «Мұқыр» бөлімшесінде де басқарушылық қызмет атқарып, елдің сенімін ақтаған Қазыбай Латипов, күннің аптабына да, боранды түндерге де мойымай, шаруаның шырайын келтіруге бар күш-жігерін жұмсап, мал шаруашылығында, егін егу ісінде, тіршіліктің сан-салалы саласында тыным таппай еңбек етті. Білікті маманның арқасында бөлімшелердің шаруасы дөңгеленіп, ауыл тынысы жеңілдей түсті.
Мал шаруашылығы мен егіншілік – қазақтың ежелден бері келе жатқан тіршілік көзі. Бұл салаларда да Қазыбай Латипов өзін қажырлы еңбек иесі ретінде көрсетіп, бригадир, зоотехник, агроном-учетчик, снабженец – қандай қызмет берілсе де, ол бар ынтасымен, асқан шеберлікпен атқарды. Әр істі жүректен өткізіп, «Еңбектің аты – тәтті, нәтижесі – абырой» деген қағиданы өмірінің темірқазығына айналдырды.
Қазыбай Латипов 1973 жылы Степняк совхозына көршілес орналасқан қазіргі Ұштоғай (бұрынғы Рассвет)
![]()
совхозының ашылуына тікелей еңбек етіп, іргетасының қалануына көп күш салды. Кейіпкеріміз елдің өркендеп, берік дамып, қоғамдық өмірінің жандануына жасаған игі ісі арқылы тарих парақтарына өшпес таңбасын қалдырды. Күні бүгінге дейін ауыл ақсақалдары еселі еңбек иесін естен шығарған емес. Осылайша Рассвет совхозы ашылған соң, жем-шөп өндіру жөніндегі бригадирі ретінде еңбек жолын жалғастырады.
1979 жылы Қазыбай Латипов мал шаруашылығы бригадасына басшылық етіп, тәжірибесі мол, шаруаның нағыз қыр-сырын жетік білетін азамат ретінде, малшылар мен бақташылардың ұйымдастырушысы, ақылшысы болды. Кейіпкеріміз 1980 жылы зоотехник болып, мал басының өсімі мен асылдануына зор үлес қосты. Қай іске бел шеше кіріссе, аяғына дейін тиянақпен жеткізетін мінезі оны ұжым арасында ерекше құрметке бөлеп отырды.
Қазыбай Латиповтың еңбек жолы сан қырлы болды. Снабженец ретінде ауылға қажетті тауарларды жеткізіп, бригадир болып егін егіп, мол өнім алудың жолдарын іздеді. Зерновой бригадасын басқарғанда,
![]()
бір өзі ғана емес, тұтас ауылдың берекесін арттырды. Сонымен қатар агроном-учетчик қызметін де атқарып, егін шаруашылығындағы әр гектар өнімді есептеп, ауыл тіршілігін нақтылы деректермен толықтырып отырды.
Еңбекпен шираған, тәжірибемен шыңдалған Қазыбай Латипов Ресейдің Магнитогорск, Свердловск, Уфа, Қазан сияқты алып қалаларына іссапарға барып, ауылға қажетті құрал-жабдықтарды, техникаларды алып келуге ұйытқы болды. Әр сапарынан ауылдастарына игілік әкелген азамат, еңбек еткен жерінің гүлденуіне шынайы жанашырлықпен қарады.
Оның еңбекке деген сүйіспеншілігі, әр іске деген ұқыптылығы ұжым арасында ерекше сый-құрметке ие етті. Қазыбай Латипов жұмыс орнында ғана емес, ауыл өмірінің барлық саласында тірек болды. Қай уақытта
![]()
да, ауылдастары «Қазыбай болса, тірлік ілгері жүреді» деп, сенетін дәрежеге жетті. Маңдайдан сорғалаған маңдай тер бос кетпей, еселі еңбегі «Еңбек ардагері» медалімен, «Лучший бригадир совхоза», «Лучший бригадир животноводства» сияқты мәртебелі марапаттармен бағаланды. Бұл марапаттар – тек жеке еңбектің емес, бүтін бір ауылдың алғысының, ризашылығының көрінісі еді.
Ардақты азаматты барлық Амангелді ауданы бойынша іргелес ауылдардағы Кеңесі үкіметі кезінде жұмыс жасаған кісілердің біразы танып, көзкөргендер есімі мен еңбегін бүгінгі күні де атап өтеді. Тіпті Қазыбай Латипов зиялы қауым, танымал еңбеккерлерді үйіне қонақ қылып, қымызы мен етін алдына қойып, қонақжайлығын жиі көрсеткен. Атап айтсақ, бұрынғы Торғай облысының әкімі болып жұмыс жасаған Жақан Қосабаев. Амангелді ауданы бойынша біраз жылдар совхоз директоры болып жұмыс істеген Жақупов Аманқұл ақсақал, Ахметов Қайыржан ақсақал секілді ардақты азаматтар, еңбек ардагерлері еді.
![]()
Қазыбай Латипов тек еңбегімен ғана емес, адамдық асыл қасиеттерімен де жұртшылықтың жүрегінен орын тауып, әділеттігі, қарапайымдылығы, жанының дархандығын өмірлік серігі етіп, жастарға үлгі, ақыл-кеңес айта білетін, әрдайым ауылдың рухын көтеруге ұмтылатын абзал жан бола білді. Адал еңбекті өзіне тірек етіп, қай қызметте жүрсе де, елдің бақыты мен ауылдың болашағы үшін жанын аямаған азаматтың өнегелі өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа төзімділік пен табандылықтың, елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Қазыбай Латипов еңбектен асқан абырой жоқ екенін өмір жолымен дәлелдеді.
1999 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шықса да, қол қусырып отырмай, әрқашан елдің жағдайына алаңдап, жас ұрпақ тәрбиелеу жолында өзінің өмірден көрген-түйген мол тәжірибесімен бөлісіп, ауыл өмірінің
![]()
жайма-шуақ болуын тілеп отырған Қазыбай Латипов – отбасында асыл жар, асқар тау әке. Совхозда сауыншы, «весовщица», қойма меңгерушісі болып еңбек еткен жары Құрманғалиева Мәрия екеуі 1962 жылы шаңырақ көтеріп, 6 ұл мен 2 қыз тәрбиелеп өсірді.
Тұңғышы Латипов Абылай – ішкі істер саласында қызмет еткен подполковник, зейнеткер. Қостанай қаласында тұрады. Екінші ұлы Латипов Асқар – ауыл шаруашылығы саласының қызметкері. Үшінші ұлы Латипов Адай – Әулиекөл ауданының тұрғыны. Латыпов Бейсен – Астана қаласындағы сауда орталығының қызметкері. Латыпов Бауыржан – Ұштоғай ауылындағы шаруа қожалығының басшысы. Латыпова Бибігүл – Қостанай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы кітапханасында кітапханашы. Латыпов Қуаныш – Ауыл шаруашылығының қызметкері.
Латыпова Майра – Қостанай қаласы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназияда мұғалім.
Туған жерін шексіз сүйген, бар ғұмырын адал еңбекпен өрген, қазіргі таңда Алланың қалауымен дүниеге келген перзенттерінің, олардан тараған немере-шөберелерінің қызығын көріп, құрмет төріндегі ақсақал Қазыбай Латиповтың деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()