Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Ордабасы ауданының Құрметті азаматы,
«Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісі және «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл»,
«ҚР Конституциясына 10 жыл», «Тың және тыңайған жерлерді игеруге 50 жыл»
мерекелік медальдарының иегері
Дара жол
Қоғамда еткен еңбегі үшін мақтау да, мадақтау да күтпейтін, бірақ өзіне міндеттелген жұмысты тиянақты орындайтын адамдар болады. Біздің бұл жолғы кейіпкеріміз, уақытында шаруашылықты да, малдың жайын да оңды еткен, кәсіппен айналысып еңбегінің жемісін көрген, көзі-тірісінде «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері атанған ел ағасы – Дайрабай Ибраев.
Қызмет жолы 1972-1984 ж.ж. – қазіргі Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Киров кеңшарының Үшінші бөлімшесінде сақпаншы – қой шаруашылығы бойынша зоотехник, аға зоотехник;
![]()
1984 жыл – «Ақбұлақ» (бұрынғы Киров) мал шаруашылығы кеңшары, Үшінші бөлімшесінің (Қызыл-ту) басқарушысы; 1996-2016 ж.ж. – «Бадам» өндірістік кооперативінің төрағасы.
Кейіпкеріміз 1943 жылы мамырдың бірінде Түркістан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Бадам ауылында өмірге келген. Тоғыз жасында әкесіз қалған Дайрабайдың қиындыққа толы балалық шағы да осы ауылда өтті. Соғыстан кейінгі уақыт, жоқшылық пен кедейшілік өмір барлық қазақ ауылдарына тән еді. 1962 жылы ауылдағы қазыналы қара шаңырақ Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепті үздік аяқтады. Мектеп бітірген соң, тағы да жоқшылықтың қамыты қысып, оқуға түсе алмай, 4 жыл қатарынан бау-бақша егіп, іс етті. Алайда, бозбала Дайрабайдың ойында орындалмаған асқар таудай армандары болды. Соның бірі оқуын жалғастырып, маман иесі атану болатын. Сонау аласармас арман көп ұзамай шындыққа айналды. 1966 жылы алып шаһар Алматы қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түседі. Жоғары оқу орнында «Ветеринария және зооинженерия» бағыты бойынша «Зоотехник» мамандығын меңгерді. Жас студенттің мамандығы бойынша білім жолына ізденісі осы тұстан басталды. Уақыт сырғып, жылдар ағыны өз ізімен жүре берді. Кейіпкеріміз оқуын ойдағыдай тәмамдап, маман иесі атанды.
![]()
Осылайша қолында дипломы бар жас маманның алғашқы еңбек жолы қазіргі Түркістан облысындағы Ордабасы ауданына қарасты Киров кеңшарынан басталды. 1972 жылдан 1984 жылға дейін осы кеңшарда 3-ші бөлімшеде сақпаншы – қойды төлдетуден бастап, қой шаруашылығы бойынша зоотехник, аға зоотехник қызметтерін атқарды. Қоғамдық мал басын өсірудің барлық түрі де ойдағыдай орындалды.
Кейін Киров атындағы кеңшардың №3 бөлімшесінің басқарушысы лауазымын атқарды.
Дайрабай Ибраев үшін жемісті болған кезең 1985 жылы еді. Бұл жылы – 100 қойдан 140 қозы алды. Облыста, ауданда чемпион атанып, қойшысы Қ.З.Тасболатова облыстық Кеңес, одан кейін КСРО Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланды. Әрбір маман үшін еңбегінің нәтижесін көру үлкен жетістік. Сол бір мәртебелі жетістікке ағамыз аз уақытта қол жеткізді. Көп ұзамай соған лайық құрметін де алды.
![]()
Бұл – «даланың меңіреу үнсіздігіне жастайынан үйренген» азаматтар үшін үлкен мәртебе, құрмет. Біздің кейіпкеріміз де сондай құрметке лайық. Еңбек жолында небір күрделі белестерді бағындырды. Бар ойы қара қалтаның қамы емес, өзі туып-өскен ауылдың, халықтың жағдайын жақсарту, әлеуметтік әлеуетін көтеру болатын. Оған басты дәлел бола алатын қадамының бірі – 1986 жылы ауылға таза ауызсу тарату жұмыстарын ұйымдастыруы. Ол кезеңде ауылға ауыз су тарту бүгінгідей оңай іс емес еді. Соған қарамастан жоспардағы ісін ақиқатқа айналдырып, халық алдында өзінің іскер азамат екенін көрсете білді. Мақсатын жүзеге асыру үшін ауылға артезиан су құбырын тартқызды, 220 үйге құбыр қосылды. Оны ағаның көзін көрген замандастары, ауылдастары әлі күнге дейін ұмытпай, кейінгі буынға үлгі етіп айтып отырады.
![]()
Тоқсаныншы жылдардың соңында ел нарықтық қатынасқа көшіп, жаңа заман өз заңдылықтарын әкеліп жатқан тұста шаруа қожалығының құрылуы туралы кейіпкердің өзі аудандық «Ордабасы оттары», 1-қаңтар 2001жылы №1 (6521) газетіне берген сұқбатында былай дейді:
Журналист Базаргүл Қалбырова:
- Ауыл ақсақалдары «Осы өндірістік кооперативті басқар» дегенде, сіз бас тартыпсыз. Неге?
Дайрабай Ибраев:
- Бұрынғы мал шаруашылығының орнындағы «Ақбұлақ» кеңшары да сол кездегі мақтаулылардың бірі болды. Онда мен «Қызылту» бөлімшесінің меңгерушісі едім. Қарап тұрсаңыз, бәрі тоз-тозы шығып, бөлініп кетіп жатыр. Техника деген онсыз да ескірген. Ал, оларды қалай жаңартасыз? Ақсақалдар өтініш еткенде, «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген, ең ауыры сол болар деп ойлағаным рас. Өз отбасыма лайықты жер үлесін алып, өз қотырымды өзім қасиын дегенмін. «Сенен басқа шаруашылықты ешкім жүргізе алмайды деп тұрып алды». Сол кезде ол кісілерге солай көрінген шығар. Сөйтіп, 1996 жылы 558 отбасы бірігіп, тура алғаш колхоз құрылғандағыдай, бәрі тапқан-таянғанын ортаға салды. Біреуі 500, енді бірі 2000 теңге құйды. Сонда барлығы 1 миллиондай қаражат жиналды. 1-наурызда «Ақбұлақтан» бөлініп шықтық та, 22-наурызда қырман басына жиналып, не істеп, не қоятынымыз жөнінде әңгіме-дүкен құрдық. Көктем болса, есік қағып келіп қалған. Әлгі қаржыға сол кездегі ең керектіні - тұқым, дизель отынын алдық. Суармалы 250 гектарға арпа, 105 мақсары, тәлімі 370 гектарға бидай орналастырдық. Барлығы 1.5 мың гектар жыртылды. «Балапанды күзде санайды» дегендей, күзде түскен өнімдерді қарыздарымызға бере бастадық. 1000 тонна бидайды қарызға құйдық. Жыл сайын жер пайдалануды ұлғайта бердік. Келесі жылы тәліміні 970, суармалыны 230 жеткіздік. Екеуіне де бидай орналастырдық. Ал, мақсары 250 гектарға егілді. 1999 жылы барлық қарыздан құтылдық. Алғашқыда, осы кооперативті құрарда тұрғындардан 1 миллиондай қаржы жиналған еді ғой. Міне, осыдан да құтылдық. Жұмысшылардың жалақы орнына көбіне ұн, бидай, жемшөп бердік. Сөйте жүріп, осындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілгендерге, көп балалы, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға тегін 100 келі ұн, 200 келі бидай, жемшөп үлестіріп, көпшілік алғысына бөленіп отырдық.
![]()
Журналист:
- Парды пайдаланасыздар ма?
Дайрабай Ибраев:
- Жерді тыңайтудың пайдасы ұшан-теңіз ғой. Мәселен, 2000-жылы ерте айдалған әр гектардан 19-20 центнерден өнім түсірдік. Ал, тәліміден 14 центнерден келді. Екеуіне де бір шығын кетті. Айырмашылығы – жер тек ерте көктемде жыртылады. Суармалының кей гектарынан 47 центнерге дейін өнім алынды.
Журналист:
- Ұжымда егіннен өзге тағы да қандай табыс көзі бар?
Дайрабай Ибраев:
- Өзімізде тұқым сақтайтын қоймамыз бар. Қазығұрт ауданындағы және «Қарабау» мемлекеттік тұқым шаруашылықтарымен, «Қызылсай» тәжірибе алмасып отырамыз. Олардан тұқым алып, сақтап, кейін сатып пайда табамыз. Мәселен, 1999-да 80 тонна, 2000-жылы 1000 тонна саттық. Шаруашылық арпаның «Береке - 54», «Бәйшешек», бидайдың «Стекловидный-24», «Красноводопад - 210», «Память - 48» сортты тұқымын түрлерін сақтауды үйренді. Ауданға – 100, сыртқа 200 тоннасын саттық. 400 тоннасын өзіміз ектік. Көктемде баға шарықтап тұрғанда, біз уақыт пен қаражатымызды үнемдейміз. Міне, бұл біздің пайданың бір көзі. Алдағы уақытта күздікті көбейтпекшіміз, 3 мың гектарға жеткізуді ойластырып отырмыз.
![]()
Осындай мақсатпен 1996-2016 жылдар аралығында, яғни, 20 жылға тарта уақыт ішінде «Бадам» өндірістік шаруашылық ұжымының төрағасы болып қызмет етті. Бұл – Қызыл-ту, Майколхоз, Бадам және Ордабасы ауылдарынан 558 отбасының жер және мүлік үлесі есебінен құралған жаздық және күздік бидай тұқымын өсіруші шаруашылық ұжымы болатын. Егістік аумағы 20 мыңнан астам гектарды құрайды. Төрағаның қарамағында 149 жұмысшы еңбек етті. Әсіресе, маусымдық жұмыстар қыза түскенде жұмысшылардың саны 200-ден асып жығылатын. Жалдамалы азаматтар мұндағы түрлі қызметті таңдамай, талғамай бар ынтасымен істейтін. Алқапта диқанның маңдай терімен өскен дақыл дән түгел құт қамбасына құйылды. Шаруашылық жұмысшыларына 5-15 жүздік арасында жер телімі беріледі. Жер жыртуы мен суы тегін. Қажетінше егін, бақшасын егіп ала алады 2004 жылы шаруашылық ұжым бидай тұқымын өндіруші шаруашылық мәртебесін алды. Биология, агрономия ғалымдарымен бірлесе бидай тұқымдарының «Красноводопадск-210», «Стекловидная», «Память-47» сорттарынан оңтүстік жеріне бидайдың жаңа сұрыптарын өсіре бастады. Бір гектардан 25-50 центнер өнім алуды жолға қойды. Өсірілген өнімдер аудан, облыс және көрші облыстар көлемінде сатылымға шығарылды.
Шаруаның қыр-сырын қабырғасы қатып, буыны бекімей жатып-ақ көзімен көріп, санасымен түйсініп өскен кейіпкеріміз 2005-2016 жылдар аралығында Ордабасы ауданының бюджетіне ең көп салық төлеуші шаруа ұжымы болып танылды. Жер телімі үлескерлерінің жылдық дивидендтері ретінде жем-шөп, басқа да мал азығы және 24 қап тартылған ұн таратылып отырды.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» ұжымның айнымас ұранына айналды. Бұл даналық сөз тек бірлесе атқарған істің жеңіл болатынын ғана емес, ұжымдық еңбектің құдіретін де көрсетеді. Осы қағиданы өмірлік ұстаным еткен Дайрабай Ибраев әрқашан өзімен бірге еңбек еткен командасын ерекше бағалайды.
Нағыз көшбасшы өзімен қатар еңбек еткен әрбір адамның еңбегін бағалап, оларға алғыс білдіре білуі керек. Дайрабай Ибраевтың командасына деген шынайы ризашылығы – оның ұжымшылдыққа, сыйластыққа және ортақ жауапкершілікке негізделген басшылық ұстанымының айқын көрінісі.
![]()
Бүгінде Дайрабай Ибраев өзімен бірге жұмыс істеген әрбір әріптесіне жүрекжарды алғысын білдіре отырып, олардың еңбегін мақтан тұтады. Себебі, ол үшін ұжым – жай ғана қызметкерлер тобы емес, бір-біріне демеу бола алатын үлкен отбасы. Осыншама қыруар еңбек шаруашылық ұжымы құрылғалы басы-қасында жүрген ветеринар, төраға орынбасары Арзанбек Тобағабылов, есепші-бухгалтерлер Ғалымжан Аташов, Шорманова Оразкүл, Сейфулла Ташев, бас агроном Барыс Меңліқұлов, бас инженер Алиасқар Өскенбаев, механик Оразбай Шорманов, қамбашы Шайхуалы Орынбаев, қырманшы Сымбат Тәңірбергенов және тағы да басқа мамандардың кәсібилігі мен бірлігінің нәтижесінде жүзеге асып отырды. Жолында осындай сенімді серіктерімен ауылдың жас мамандарын еңбекке бірге баулып, кәсіпке үйретті: «Кез келген жетістік – бірліктің, ауызбіршіліктің, ортақ күш-жігердің жемісі. Байлық та бірлікте» - деп өзінен кейінгі буынды өсіріп шығарды.
Дайрабай Ибраев қызметтің қай-қайсысын атқарғанда да жаратылысында қарапайым азамат «Ұлық болсаң, кішік бол» принципін ұстанды. Әр кез ақырын жүріп, анық басты, әділдікті, тазалықты ту етті. Оның ауыл халқына жасаған жақсылығы ел есінде...
1996-2016 жылдар аралығында көктем сайын ауыл ішіндегі арықтарды тазалау жұмыстарын ұйымдастырып, халыққа бау-бақша суын жеткізіп отырды. Жомарт жүректі ағаның қамқорлығын көргендер үнемі көпке үлгі етіп айтып отырады.
«Халқымызда «Дихан жерін анасындай сүйсе, жер диханды баласындай сүйеді» деген әдемі сөз бар. Осы айтылғанды қолымыздан келгенше Жер-Ананы мәпелейміз. Өкпелетіп жатқан жоқ» деген бірде, ылғи егіншілік бағытта бір істі қолға алса, содан нәтиже шығармай қоймайтын қайсар азамат. Ол бір кездері Дербес (бұрынғы Қызыл-ту) ауылында шаруашылық ұжымына тиесілі 2 гектарға жүзім, 2 гектарға алма бағын баптап, өсірді. Өнімдер үлескерлерден құралған жергілікті халыққа тегін таратылып отырды. Ауыл баласы экологиялық таза бір үзім жүзім мен бір дана алма жесе де, ауыл халқының денсаулығына жасалған қамқорлық пен дені сау ұрпақ қалыптасуының кепілі деп түсінді.
Ағамыз үнемі қайырымдылық істің басы-қасынан табылатын. Айталық, 2000 жылдан бастап, ұжым қызметкерлері мен жұмысшы мамандарының отбасында дүниеге келген әрбір төртінші балаға 100 мың теңге көлемінде сыйақы беруді дәстүрге айналдырды. Қызметтік істе де көшбасшы болатын. Ұжымды басқарған жылдары шаруашылық ұжымын тиімді басқару мен ауыр жұмыстарды оңтайландыру, агротехникалық шаралар мен еңбек шарттарын қатаң сақтау тетіктерін нәтижелі ұйымдастырды. Қызметкерлер мен жұмысшылардың өмір сүру деңгейі мен еңбек сапасын көтеруді жетілдірді. Көктемгі егін егу, жаздық егін ору науқандарында ұжым жұмысшыларына тегін ыстық тамақ берілуді, көпбалалы отбасылардың балаларын мектепке дайындауды қамтамасыз етті. Егін жинауда «Үздік комбайншы», «Үздік суғарушы», «Үздік механизатор», «Үздік шөп орушы», номинациялары бойынша жұмысшылар арасында жыл сайынғы сыйақыларды тағайындады. Үздік еңбек еткендер қатарында Серік Ақбаев, Келісхан Мырзалиев, Бағдат Тәңірбергенов, Серік Ахметов, Сағынтай Молдалиев, Шәріпбай Сарыбеков, Абай Түрікпенов, Мұхтар Ниязовтар болды.
2000 жылы Өзбекстаннан отанға оралған қандастар үшін ерулік те ұйымдастырды. Қандастардың ауылға сіңісіп кетуіне барынша қолдау білдірді. Олардың ата-бабасының кіндік қаны тамған жерінде еркін жүруіне ықпал етті. Жұмысқа орналасуына күш жұмсады, жергілікті жұмыс орындары мен «Бадам» өндірістік кооперативінде еңбек етіп жатыр.
Ауылдағы бұқара спортты дамыту үшін де тер төкті. Армрестлингтен Бадам ауылының тумасы, Хасанов Жаналының республикалық, әлемдік турнирлерге (Канада, 2014) баруына да қаржылай қолдау білдіріп отырды. Шаруашылық ұжым балансындағы жер телімінен Дербес ауылына стадион салуға жер берді және бірқатар спорт бағытындағы жобаларға қаржылау қолдау көрсетіп, демеушілік танытып, мұрындық болды.
Жалпы, Дайрабай ағамыз қызмет жолынан бөлек, қоғам өміріне де белсенді араласты. Бірқатар әлеуметтік нысандардың жаңадан салынуына, қайта жандануына арқау болды. Тіпті, бір жылдары Ордабасы, Бадам, Дербес ауылдарындағы кітапханалардың жабылып қалмауын қадағалап, кітапханашылардың жалақысын ұжым есебінен төлеп отырды. Мұндай парасаттылық кез келген жанның қолынан келе бермейді.
«Елге қызмет ету мінезден» деп даналарымыз бекер айтпаса керек-ті. Әркез халқының жанынан табылып, игі істе төбе көрсетудің өзі мәрттік һәм туған жерге, өскен өлке жұртына қамқорлық. Сондықтан да, апталдай азаматтың жеткен жетістігі мен толағай табысы да аз болмады. Мәртебе мен құрмет иесі облыс экономикасы мен егін шаруашылығына қосқан үлесі үшін ҚР «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Конституциясына 10 жыл», «Тың және тыңайған жерлерді игеруге 50 жыл» толуына орай мерекелік медальдарға ие болды. «Ордабасы ауданының Құрметті азаматы» атанды. Тіпті, қатарынан бірнеше рет Кеңес депутаты болды. Ел жолында қызмет ете жүріп, 2016 жылы қазанның 31-ші жұлдызында өмірден озды. Өмірінің соңына дейін халықтың қалаулысы, отбасының шамшырағы бола білді.
Артында өмірлік жұбайы, ұлағатты ұстаз Мереке апамыз бен 2 ұл, 1 қызы, 6 немересі қалды. Жақсының орны қашанда жарық. Ағамыздың аты-ешқашан өшпек емес. Өмірден озса да, ел есінен кетпейді. Артында қалған жандарға дәйім бақытты, бақуатты ғұмыр тілейміз!