Бекетов Рүстем Бекетұлы

Рейтинг:


Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері

Табанды еңбектің шежіресі

      Жер тынысын жанымен сезінген адам болады. Ол – туған топырағына тіршілік нәрін дарытқан еңбекқор жан ғана емес, өзі өмір сүрген дәуірдің тұтас болмысын бойына сіңіріп, оны алдыңғы буынға мирас етіп қалдыратын тұлға. Осындай жандар халық жадында қалады, оларды уақыттың салқыны емес, елдің ықыласы жылытып тұрады. Солардың қатарынан орын алған азамат – Бекетов Рүстем Бекетұлы.
      Ол – кеңестік қоғамның қатаң жүйесінде өмір сүріп, қиындықты мойымастан еңсерген, ауыл шаруашылығы саласында жарты ғасырдан астам уақыт үздіксіз еңбек етіп, мал шаруашылығын жаңа биікке көтерген ірі ұйымдастырушы, кемел басшы, көреген азамат. Бекетов Рүстем – халықтың сеніміне ие болған, сөз бен істі үйлестіре білген шынайы еңбек адамы. Оның өмірі – тірнектеп жинаған тәжірибе мен табанды еңбектің шежіресі.
      Елдің тұтқасын ұстаған, шаруашылықты шын мәнінде өрге сүйреген адамдар туралы айту – өткенге құрмет, бүгінге сабақ, ертеңге өнеге. Рүстем Бекетұлының тағдыры да – бір адамның өмір жолынан гөрі, бүтін бір халықтың тұрмыс-тіршілігі мен тыныс-тіршілігінен сыр шертер шынайы тағдыр.
      1928 жылдың қаңтар айы. Қыстың қаһарына мініп тұрған кезі. Сыр бойының жазық даласында, бүгінгі Байқоңыр кеңшарына қарасты Лақбай елді мекенінде Бекетов Рүстем дүние есігін ашты. Кедейшіліктің керзі етігімен иілген қазақ ауылында өмір бастаған баланың тағдыры жеңіл болмады. Ұлы Отан соғысы басталғанда, ол небәрі он төрт жаста еді. Соғыс салған сүрлеу жол қолға қалам емес, кетпен ұстауға мәжбүр етті.
      Мектепке алғаш 1936 жылы «Алғабас» серіктестігінде барды. Алайда өмірдің сабағы оқулықтан бұрын келді. 1942 жылы алтыншы сыныпты аяқтап, оқуға деген үміті оянып келе жатқан тұста, тағдыр басқа бетке бұрылды. Әкесі Бекет пен оның үш бауыры бірдей майданға аттанып, үйдің тірегі саналатын ер азаматтардың барлығы ат үстінде, оқ пен оттың ортасында кетті.
      Қара шаңырақта қалған жас Рүстем Бекетұлы амалсыздан еңбекке араласты. Жасы небәрі он төртте болса да, бойында – қайсарлық, кеудесінде – ұлтқа деген жауапкершілік оянған шағы еді. Ол кезде ер азаматтың орнын әйелдер мен балалар басатын. Рүстем Бекетұлы да сол буынның бел ортасында жүрді. Алты кластық білімі бар, зерек те еңбекқор бозбаланы колхоз басшылығы сиыр фермасына есепші етіп тағайындайды. Жас та болса, жауапкершілігі зор қызметті иығына мінсіз алып, есеп-қисапты жүргізіп, мал шаруашылығындағы тәртіпті нығайтты. Бұл кезде ол жасөспірім емес, нағыз ауыл тірлігінің ауыр жүгін арқалаған азаматқа айналып келе жатқан.
      Кейіпкеріміз 1948 жылға дейін бұл қызметті адал әрі мінсіз атқарды. Сөзге тұрақты, іске ұқыпты, есепке жүйрік жас жігіт еңбекқорлығымен, ұқыптылығымен ауыл адамдарының көзіне түсті. Қарапайым есепшіден ауылдық кеңес хатшысына дейін көтерілген ол, өзінің қабілеті мен табандылығын дәлелдеп берді. Жастайынан осылай еңбекке ерте араласып, елге адал қызмет етудің қадірін жүрекке түйіп өсті.
      Еңбектің өріне шыққан адамды өмірдің өзі биікке бастайды. Есепшіліктен басталған Рүстем Бекетұлының жолы көп ұзамай ауылдық кеңестің хатшылығына ұласты. Бұл қызмет – жай ғана жазу-сызумен айналысу емес, ауылдың тыныс-тіршілігін ішінен білетін, адамдармен тікелей жұмыс жасайтын жауапты міндет. Жасы жиырмаға жетпеген бозбаланың бұл қызметке лайық болуы оның ел ішіндегі абыройын, тәртіпке беріктігін және іскерлігін көрсетсе керек.
      Бойындағы ізгі қасиеттері Рүстем Бекетұлын одан әрі биікке бастады. Көп ұзамай ол «Сталин» колхозының сиыр фермасына басқарушы болып тағайындалды. Бұл – сол кезеңдегі ауыл шаруашылығы құрылымындағы маңызды лауазымдардың бірі. Себебі соғыстан кейінгі жылдары елде азық-түлік тапшылығы, мал басының кемуі мен ұйымдастыру жүйесінің әлсіздігі байқалды. Осындай қиын шақта жас басшы мал шаруашылығын тәртіпке келтіріп, ферманы жүйелі басқарып, жаңа серпін бере білді.      Бұл жолдағы еңбегі еленбей қалған жоқ. Рүстем Бекетұлы аудан басшылығының назарына ілігіп, Ақмола қаласындағы ауыл шаруашылығына қажетті басшы кадрларды даярлайтын бір жылдық курсқа жіберілді. Жас маман үшін үлкен сенім мен мүмкіндікке ие болып, Ақмоланың ақ қарын жастанып, кәсіби біліммен қаруланып оралған Рүстем Бекетұлы, тек тәжірибелі ғана емес, теориялық жағынан да шыңдалған маман болып қайтты.
      Курс аяқталысымен ауылға қайта оралған ол, білімі мен жинаған тәжірибесін туған топырағына жұмсауға бел буды. Осылайша колхоз төрағасының орынбасары қызметіне кірісті. Бұл – тек шенеуніктік дәреже емес, бүкіл шаруашылық құрылымын жете білуді, әр адамның қабілетін танып, нақты шешім қабылдай алуды талап ететін жауапты қызмет еді.
      Ол кез – ірілендіру кезеңі. Қарапайым колхоздар біріктіріліп, совхоздар құрылып жатқан шақ. Рүстем Бекетұлы бұл үдерістің бел ортасында жүрді. Оның бастамалары мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары бағаланып, Қарсақбай, Байқоңыр, Сарысу совхоздарының партия ұйымдарына партком хатшысы етіп тағайындалды. Бұл қызмет – партиялық тәртіп пен шаруашылық жүргізудің қиылысқан нүктесі. Мұнда әр шешім тек экономикалық тиімділікті емес, идеологиялық бағытты да қамтуы тиіс болатын. Рүстем Бекетұлы осы күрделі кезеңде де өзін жоғалтпады. Әділеттілігімен, іскерлігімен, адами ұстанымымен көптің көңілінен шықты. Ол – көп сөйлеп емес, көп іс тындырумен танылған азамат еді.
      Өз ісіне ұқыпты, талапқа қатаң, алайда адамдарға жанашыр көзбен қарайтын басшы ретінде ол әрдайым адам тағдыры мен ауыл болашағын бір таразыға қоя білді. Осы арқылы ол өзгелерден дараланып тұрған-ды.
      Адамның өмір жолында ерекше бір биікке көтерілетін сәті болады. Өз ісінің шебері атанып, ел тағдырын шешетін үлкен істерге араласатын Рүстем Бекетұлы үшін бұл биік – аудандық ауыл шаруашылығы басқармасындағы қызметтен басталды.
      Ауыл шаруашылығы саласында үлкен тәжірибе жинап, ферма басқарған, партиялық ұйымдастыру жұмыстарын меңгеріп әрі білімін де ұдайы жетілдіріп отырған Рүстем Бекетұлы, Қарқаралы зооветеринарлық техникумын сырттай оқып, зоотехник мамандығын алып шығады. Бұл – оның кәсіби білігін тағы да бір сатыға көтеріп, маман ретіндегі беделін арттырды.
      1963 жылы аудандық партия комитетінің сенімімен Жезді аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бас зоотехнигі болып тағайындалады. Бұл – бүкіл ауданның мал шаруашылығын басқару, жоспарлы дамуын қадағалау, мал тұқымын асылдандыру және селекциялық жұмыстарды ұйымдастыру секілді жауапты міндеттерді атқаруға тиісті лауазым. Осы жылдары мал басының өсімі, өнімділікті арттыру, асыл тұқымды малдарды көбейту сынды мәселелер күн тәртібінде болатын. Рүстем Бекетұлы бұл жұмыстарға жаңа серпін әкелді. Ауылдық кеңестер мен совхоздардағы мал мамандарын үйлестіріп, әр шаруашылықтың мүмкіндігін толық пайдалануға күш салды. Ол басқарған жылдары мал басы өз төлі есебінен көбейіп, ауданның көрсеткіштері облыс көлемінде алдыңғы қатарға шықты. Мал өнімдерінің сапасын арттыру, ветеринарлық қызметтің тұрақты жұмысын ұйымдастыру, селекциялық негізде асылдандыру жұмыстары талапқа сай орындалды.
      Ұйымдастырушылық қабілетімен, талапшылдығымен және салмақты мінезімен ерекшеленген Рүстем Бекетұлына жоғары сенім артылды. 1965 жылы ол «Қаракеңгір» совхозына директор етіп тағайындалады. Бұл – нағыз басшылық мектебі. Директорлық қызмет – жай ғана әкімшілік жұмыс емес, елдің күнделікті тіршілігіне, экономикалық жағдайына, әлеуметтік мәселелеріне тікелей жауап беретін міндет еді.
      «Қаракеңгір» совхозын басқарған он жыл ішінде Рүстем Бекетұлы бұл шаруашылықты нағыз үлгілі ұжымға айналдырды. Ол тек өнім өндірумен емес, еңбек тәртібі, мәдениетті жұмыс жүргізу, ұжым ішіндегі ұйымшылдық сияқты көрсеткіштермен де көш бастап тұрды. Совхоз жыл сайын жоғары табыстарға қол жеткізіп, бес рет республикалық, екі рет Одақтық Социалистік жарыстың жеңімпазы атанды.
      Еңбектің ескерусіз қалмасы анық. Басшының ұйымдастырушылық қабілеті мен табандылығы үшін Рүстем Бекетұлына «Құрмет белгісі» ордені табыс етілді. Бұл марапат – адалдық пен елге деген сүйіспеншілікке берілген баға.
      Адам өмірінің соңғы белесі – жиған-терген тәжірибесін, парасатын, еңбектің шын мәнін көрсететін тұс. Бұл кезде бұрынғы істеген қызметтерден жинақталған білім мен бедел, сабыр мен сыр, елге деген адалдық шынайы сынаққа түседі. Рүстем Бекетұлы осы кезеңде де өз биігінен түспей, қоғам алдындағы парызын толық өтеді.
      1975-1981 жылдары ол Жезді аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы қызметін атқарды. Бұл басқарма аудан көлеміндегі ауыл шаруашылықтың жалпы даму бағытын айқындайтын, егін мен малдың жағдайын бір арнаға тоғыстыратын басты мекеме болатын. Ел ішіндегі ахуал, шаруашылықтардың табысы мен жетістігі, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, еңбек өнімділігі басқарманың тікелей бақылауында болды.
      Рүстем Бекетұлы бұл қызметте де жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық пен біліктіліктің үлгісін көрсетті. Шаруашылықтарға нақты тапсырмалар беріп, оларды орындауға басшылық жасады. Мал тұқымын асылдандыру, жем-шөп қорын молайту, еңбеккерлерді ынталандыру жолында көп еңбек етті. Аудан шаруашылықтары бірінен соң бірі өндірістік көрсеткіштерді жақсартып, алдыңғы қатардан орын ала бастады.
      1981 жылдан 1986 жылға дейін Рүстем Бекетұлы КПСС ХХIII партсъезд атындағы совхоздың директоры қызметіне кірісті. Ауыл шаруашылық өндірісі қиыншылықтарға ұшырап, жаңа әдістер мен ұйымдастырушылық шешімдер қажет еткен бұл уақытта, Рүстем Бекетұлы шаруашылықты тығырықтан алып шығып, жаңа серпінмен алға бастырды. Ол өндірісті жолға қойып қана қоймай, ұжым ішіндегі ынтымақ пен тәртіпті де сақтай білді. Ауыл халқы оның әділеттілігі мен қарапайымдылығына, ел қамын бірінші орынға қоятынына сеніммен қарады.
      Кейін Рүстем Бекетұлы аудандық мал бордақылау мекемесінің директоры болып тағайындалды. Бұл мекеме аудан көлеміндегі ет шаруашылығын орталықтандырып, өнімді өңдеуге, жеткізуге бағытталған. Нәтижесінде мал бордақылау жұмыстары жүйелі жолға қойылып, ет өнімдерін өткізу мәселелері шешімін тапты.
      Осылайша Рүстем Бекетұлы саналы ғұмырын, қажырлы еңбегін туған өлкесінің өркендеуіне арнады. Ол ауыл шаруашылығына арналған 40 жылдан астам уақыт ішінде тек басқарушы емес, шынында ұйытқы, ұйымдастырушы, бағыт көрсетуші тұлға бола білді. 1988 жылы ұзақ жылдық еңбегінің лайықты бағасын алған ол республикалық дәрежедегі зейнеткер мәртебесіне ие болды. Бұл – тек еңбекке берілген баға емес, өмір бойы елге адал қызмет еткен азаматтың беделі.
      Рүстем Бекетұлының өмірі – адал еңбекпен, табандылықпен, туған халқы мен еліне деген шексіз сүйіспеншілікпен өрілген тағылымды жол. Ол небір ауыр кезеңдерден сүрінбей өтіп, қандай қызметте болса да әділет пен ел мүддесін ту етіп ұстады. Оның бойындағы іскерлік пен жауапкершілік, тәртіп пен тиянақтылық – ел есінде мәңгілікке қалған қасиеттер.
      Ел мен жердің қамын күйттеген бұл азаматтың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ұзақ жылғы жемісті қызметінің нәтижесінде «Құрмет Белгісі» орденімен, «Октябрь революциясы» орденімен, түрлі мерекелік медальдармен марапатталды. Бұл марапаттар оның жеке жетістігі ғана емес, тұтас ауылдың, тұтас бір буынның маңдай тері мен табандылығының көрінісі болды. Ол әрбір наградаға қарапайым ғана жауап беретін: «Мен емес, менің халқым еңбек етті» деп.
      Рүстем Бекетұлы қоғамдық өмірдің де бел ортасында жүрді. Ол аудандық, облыстық Кеңестердің депутаты болып сайланып, елдің көкейіндегі мәселелерді жоғары мінбеде көтере білді. Халық қамы, ауыл жағдайы, малшы мен механизатор тұрмысы оның назарынан тыс қалған емес. Ол қандай деңгейде сөз алса да, шындықты жасырмай, елдің сөзін сөйлей білді.
      Құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да Рүстем Бекетұлы қол қусырып отырмады. Өмірінің соңғы жылдарын рухани мұра қалдыруға арнады. Өмір жолын саралай келе, естіген-көргенін, түйген-білгенін қағазға түсіріп, «Естігендер мен естегілер», «Тарих шындықтары» атты екі кітап жазып қалдырды. Бұл еңбектер – бір адамның емес, бір дәуірдің шындығы, бір ұрпақтың өмір сүру философиясы. Кітаптарында ол қоғамдағы келеңсіздіктерді де, ауыл өмірінің шынайы болмысын да бүкпесіз баяндады. Бұл кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие, тағылым болары анық.
      Басшы, ағартушы, ақылман, өмір мектебінен өткен ұстаз ретінде халық бағасын алған Рүстем Бекетұлы – отбасында арқа сүйер азамат, асқар тау әке еді. Отбасылық өмір жолында да сан түрлі соқпақтар болады емес пе?! Анасы Дамағой ерте өмірден өткенде, өзі 23 жастағы жас жігіт болса, ізін басқан бауырлары Дастан 15-те, Сайлан 13-те, Әсем 10 жаста еді. Ақтық сапарға аттанбас бұрын бауырларын табыстаған кездегі анасының жүзі оны ерте есейтіп, мойнына жауапкершілік жүгін жүктеген еді. Осылайша жұбайы Бибажармен шаңырақ көтерді. 18 жасқа жаңа толған жары мектеп жасындағы бауырларына бас-көз болып, ана мен жеңгенің рөлін қатар ала білді. Барлығын құтты орнына қондырып, 1970 жылы 23 қаңтарда ұлы Мұратты дүниеге әкелген соң, 2 күннен кейін мәңгілік сапарға аттанып кете барды.
      6 баланың әрі әкесі, әрі анасы болған Рүстем Бекетұлы кейіннен жары Күләйіммен отау құрды. Күләйім ана да шаңыраққа береке орнатты. Инабатты, адал жан болып кездесіп, адал ана ретінде тәрбиесін жалғастырып, бауырға ана, туған мен бөтенді бірдей көре білгенімен дараланды. Ардақты азаматпен бірге перзенттерін өсіріп, мағыналы ғұмыр өрнегін құрды.
      2016 жылы 6 мамырда ел ардақты азаматынан айырылды. Бұл – туған ауыл, тұтас аудан үшін орны толмас қаза. Артында мол рухани мұра, өнегелі өмір, ел есінде сақталған адал бейне қалды.       Ел азаматы Рүстем Бекетұлының жаны пейіште, иманы жолдас болғай деп дұға етеміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...