«Шегір» шаруа қожалығының негізін қалаушы, Ауыл шаруашылығы саласының ардагері,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, «Амангелді совхозының ауыл шаруашылығына сіңірген еңбегі үшін»
төсбелгісінің иегері
Дала төсіндегі дара тұлға
Көктемде Жер-ана жасыл кілемін жайып, жазда жусаны мен бетегесі самалмен тербелген, сары күзде алтынға боялып, қыста қырау шымылдығын тұтқан қазақ даласы – мәңгілік тынысын тоқтатпаған тіршілік мекені. Қазақ десе, берекелі мал шаруашылығы елестейтіні секілді, қазіргі таңда ата кәсіпті жалғап, отбасының ғана емес, әулетінің, ауылдың, ауданның берекесін кіргізіп, адал еңбек етіп, өрісін ұзартып, жергілікті халықты табиғи әрі сапалы өнімдермен қамтамасыз етіп отырған шаруа қожалықтары – ел экономикасының тірегі, ертеңгі жарқын болашақтың кепілі.
![]()
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Темірбеков Сейтжан Темірбекұлы. Кәсібін жүргізіп, төрт түлік арқылы ырысын кіргізіп, ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласқан, татулық пен бейбітшіліктің туын тік ұстаған ел ағасы болған.
Адал еңбек – адамның рухын асқақтатар ұлы қасиет. Маңдай термен суарылған, табандылықпен шыңдалған, уақыт сынынан өткен бұл қасиетті ұғым. Осындай адал еңбектің иесі, елдің ардақтысы, өмірдің өрінде тұрған тұлға – «Ұлытау ауданының Құрметті азаматы» Сейтжан Темірбекұлы 1929 жылы Қарағанды облысының кең даласында, Ұлытау бөктеріндегі Кішітау ауылы, Шығырлы өзенінің бойындағы Қызылшың қыстағында дүниеге келді.
Жасынан еңбек пен елдік рухқа қаныққан кейіпкеріміздің алғашқы ұстаздары – ата-анасы мен ауылдың көнекөз қариялары болды. Алғашқы білім есігін «Большевик» колхозының орталығы – Боздақ ауылында ашқан бала Сейтжан Темірбекұлы үш жыл шамасында осы жерде оқып, кейін Қарсақбай кентінде оқуын жалғастырды. Бар болғаны екі жылдық оқу мерзімі – тағдырдың оны ерте есейтудің басы еді. Өйткені соғыс жылдары еңбекті де, өмірді де аямайтын.
1941 жылы соғыс өрті тұтанғанда, небәрі он екі жастағы ол ауыл шаруашылығының ауыр жұмыстарына араласып, колхоздың тірлігін көтерісуге кірісті. Жас та болса, үлкендердің жанынан табылып, қолынан келген көмегін аянбады.
![]()
1946 жылы шаңырақ көтеріп, өмірлік серігі Шашаққызы Алтынаймен тағдырын тоғыстырған Сейтжан Темірбекұлы осы жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытының теміржол тасымалдау саласына жұмысқа орналасады. Паровоздың машинисі болу – үлкен жауапкершілік пен ептілікті талап ететін іс. Қара түтіні будақтаған, темір доңғалақтары тарсылдаған локомотивтің басында отырып, жүк пен адамдарды діттеген жеріне жеткізу – ерлікке пара-пар қызмет. Он бір жыл бойы білікті маман осы еңбектің майталманы болды.
1957–1958 жылдары ол кіндік қаны тамған ауылына қайта оралып, ауыл шаруашылығына бет бұрған Сейтжан Темірбекұлы колхоздан енші алып, қой бағады. Даланың заңына бағынып, сеніп тапсырылған отарды аман-есен қыстан алып шығып, өнімін көбейтіп, сан мәрте социалистік жарыстарда топ жарды. 1963 жылы ауыл шаруашылығындағы үздік еңбегі үшін оған сол дәуірдің мәртебелі сыйы – Волга ГАЗ-М21 көлігі табысталып, уақытпен санаспай еткен еңбегі өз бағасын алды.
Сол жылдан бастап ол Амангелді совхозының ферма меңгерушісі болып тағайындалып, ұзақ жыл шаруашылықтың жүгін көтеріп, ісін ілгері жүргізген Сейтжан Темірбекұлы бұл қызметті 1986 жылға дейін абыроймен атқарып, құрметті зейнет демалысына шығады.
Еселі еңбек – қай дәуірде де өз б
![]()
ағасын алады емес пе? Ауыл шаруашылығының дамуына қосқан үлесі үшін түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды.
Атап айтар болсақ:
- 1963 жылы ауыл шаруашылығында мал санын көбейткені үшін Мақтау қағазы;
- 1965 жылы Амангелді совхозының ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін Мақтау қағазы;
- 1986 жылы «Амангелді совхозының ауыл шаруашылығына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды;
- Сонымен қатар әр жылдары алғыс хаттар, грамоталармен қатар бағалы да заттай сыйлықтарға ие болды.
Зейнеткерлікке шыққан соң да Сейтжан Темірбекұлы қол
![]()
қусырып қарап отырмады. Өмір бойғы еңбекке деген құштарлығы мен елге қызмет етсем деген ниеті оны тоқтатқан жоқ. Ол туған жердің тіршілігіне дем беру, ата кәсібін жалғастырып, ұрпаққа мирас ету мақсатында «Шегір» жеке шаруа қожалығын құрды. Бұл қожалық ауыл экономикасына сүбелі үлес қосып қана қоймай, жас кәсіпкерлер үшін үлгі-өнеге мектебіне айналды. Асыл тұқымды мал шаруашылығы бағытында атқарған ауқымды жұмыстары мен жүйелі істері талайлардың батасын алдырды. Шаруашылықта төрт түлік өсіріліп, әр маусымда өнім молайып, ауыл тұрғындарына жұмыс көзі де ашылды.
Сейтжан Темірбекұлы қоғамдық өмірге де белсене араласты. Ауыл жастарына ақыл-кеңесін аямай, әрбір бастамашыл азаматқа дұрыс бағыт-бағдар беріп отырды. Қай іске де жүрекпен қарап, адалдықты ту еткен жан 2008 жылы қасиетті Мекке-Мәдинаға барып, қажылық парызын өтеді. Бұл —
![]()
оның рухани кемелденуінің бір белесі еді. Ал 2010 жылы халқы қадірлеген, ұрпағы мақтан еткен ардақты азамат бұл дүниемен қоштасып, артында өнегелі із қалдырды.
«Адал еңбек – ең ұлы байлық» деген ұстанымы оның бар ғұмырын айқындады. Еңбекті сүйген адам – елге сүйкімді, еліне қадірлі. Өмір жолы – жастар үшін тағылым болып, әр күні – еңбекпен өріліп, әр ісі – ел игілігіне бағытталған Сейтжан Темірбекұлы отбасында асыл жар, асқар тау әке бола білді. Шаңырағының шаттығын көріп, саналы ұрпақ тәрбиелеп өсірген жары Алтынай екеуі дүниеге екі ұл мен бес қыз әкеліп, оларға жоғары білім беріп, құтты орындарына қондырды. Қазіргі таңда перзенттері – бір-бір отбасының иесі, таңдаған мамандықтары бойынша елге қызмет етіп келеді.
Сейтжан Темірбекұлының бүкіл ғұмыры туған жеріне, еліне адал қызмет етумен өтті. Артында өнегелі өмір жолы, атқарған еңбегі, елінің құрметі мен ықыласы қалды. Оның адалдық пен еңбекқорлыққа толы ғұмыры, адамгершілік қасиеттері мен ұрпаққа қалдырған өсиеті ел жадында мәңгі сақталады.
![]()