«Ахметов Ануарбек» шаруа қожалығының негізін қалаушы
Дала дидарлы дана тұлға
Тіршіліктің тамырына қан жүгіртіп, Жер-Ананың жомарттығын ыждаһаттылықпен ұштастыра білген, төрт түліктің тілін тауып, туған елін ырысқа бөлеген іскер азаматтардың бірі – Ахметов Ануарбек Қабиұлы. Оның өмір жолы адал еңбекпен, табанды тірлікпен және ауыл шаруашылығына деген шексіз сүйіспеншілікпен өрілген. Бүгін біз осы азамат туралы сөз қозғамақпыз.
![]()
Қазақ халқында «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөз бар. Жеке басының ғана қамын күйттемей, айналасындағы әрбір жанның бақуатты болуына шын көңілімен тілектес, жүрегі таза, жаны жомарт азаматтың қолы да кең, ниеті де дархан. Сондықтан болар, оны таныған жұрт тек іскер кәсіпкер ғана емес, нағыз азамат ретінде де ерекше қадірлейді. «Мен көмек бердім», «демеуші болдым» деп ешқашан мақтанбайды. Өйткені өзгеге қол ұшын созу – бала кезден көкейіне сіңген қасиет, ал қайырымдылық – ол үшін үйреншікті, табиғи әрекет.
Ата кәсіптің қадірін терең түсініп, мал шаруашылығын дамытуға аянбай еңбек ете білген ардақты жан – Ануарбек Қабиұлы. Ерте жастан еңбекке араласып, төрт түліктің қыр-сырын меңгеріп, тіршіліктің тірегі – малмен біте қайнасып өмір сүрген ол, заман тынысын дөп басқан іскер азамат ретінде танылды. Шаруа қожалығын құрып, оны табандылықпен өрге сүйреп, ауыл
![]()
тұрғындарына жұмыс көзі мен нәпақа тауып беріп, ел экономикасына сүбелі үлес қосты. Ол – «Ахметов Ануарбек» шаруа қожалығының негізін қалаушы.
Ануарбек Қабиұлы 1946 жылы 28 наурызда бұрынғы Гурьев облысы, Теңіз ауданының "Еңбекші" ауылдық кеңесінде, қарапайым отбасында дүниеге келген. Балалық шағының көктемін шуаққа бөлеген әкесі Қаби – колхоз басшысы болып қызмет етсе, мейірімі төгілген анасы Нұржамал – бала тәрбиесімен айналысқан.
Тіршілігінің тірегі – мал шаруашылығы болған, берекесі мен ырысы қатар өрбіген құтты мекенде ержеткен Ануарбектің бала кезден-ақ ауыл шаруашылығына, төрт түлікке деген ықыласы ерекше еді. Ол білім ордасының табалдырығын 1952 жылы Алға селосындағы орта мектепте аттады. Әкесінің қызмет бабымен көшіп-қонуына байланысты, 1959 жылы Ломоносов атындағы мектептің 7-сыныбын тәмамдап шықты.
Мектепті бітірген соң, аудандық ауылшаруашылығын механикаландыру училищесін «шофер-тракторист»
![]()
мамандығы бойынша аяқтаған Ануарбек Қабиұлының алғашқы еңбек жолы 1962 жылы басталды. Ол 1952 жылы жаңадан құрылған Атырау облысы, бұрынғы Теңіз ауданы, Құрманғазы совхозына жолдамамен барып, тракторист маманы болып жұмысқа орналасты.
Трактористік қызметпен қатар, мастер-наладчик және бригадирлік курстарын бітірген ол 1976 жылдан бастап трактор бригадасының бригадирі қызметін атқарды. 1982–1985 жылдары Гурьев ауылшаруашылық техникумынан зоотехник мамандығы бойынша диплом алды. 1992–1995 жылдары совхоз директорының мал азығын дайындау жөніндегі орынбасары болды.
Негізгі жұмысына қоса, 1979-1990 жылдары совхоз жанынан ашылған Теңіз ауданыдағы СПТУ филиалының «Тракторист мамандығын дайындайтын» училищесінде мастері ретінде шәкірттерге дәріс беріп,
![]()
көптеген Тракторист мамандарын даярлады. Сонымен қоса осы жылдар арасында Атырау облысы бойынша алғаш болып, совхоз жанында ашылған «Комсомол жастар» қыздар бригадасының тәлімгері болды. 1995 жылдан бастап Ануарбек Қабиұлы алғашқы болып «Ахметов Ануарбек» жеке қожалығын ашты.
Қазақ ұғымындағы Атымтай жомарт туралы тәмсілдер осындай жаны жомарт, қолы ашық жандар жайында сыр шертеді. Байлықты еңсеріп, оны парасат-пайыммен жұмсай білу, маңайындағыларға мейіріммен, қайырымдылықпен қарау – қанмен келетін қасиет болса керек.
Ануарбек Қабиұлы да – «Елі ерге қарағанда, ері жерге қарамаған» азаматтың бірі болды. Ол шаруашылық басшысы ретінде өңір экономикасының дамуына сүбелі үлес қоса білді. Басты мұраты – адамға қамқор болу, қолдан келгенше жомарттық таныту еді. Бұл – есеппен емес, жүрекпен жасалатын іс. Қайтарымын күтпейтін қайырымдылық – оның болмысына біткен байлық. Белгілі кәсіпкер әрі ірі ауыл шаруашылығының ұйымдастырушысы ретінде ол мұқтаж жандарға, өз еліне үнемі көмек қолын созуды дәстүрге айналдырған еді.
![]()
Ануарбек Қабиұлы негізін қалаған қожалық – адал еңбекке, жүйелілік пен жаңашылдыққа, ізгілікке негізделген берекелі тірліктің үлгісі. Мал тұқымын асылдандыру, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, табиғи әрі сапалы өнім өндіру – оның кәсібіндегі басты бағыттар. Әрбір ісінде адамгершілік пен іскерлікті қатар ұстанған ол ауылдастарының зор құрметіне ие болды.
Жұмысына тиянақты, талапшыл, өзін де, өзгені де сыйлата білген асыл қасиеттерімен танылған Ануарбек Қабиұлы осындай болмысымен ел сыйлаған азаматқа айналды. Тек өз ауылында ғана емес, Атырау облысы көлемінде де есімі елеулі, жауырыны жерге тимеген алпауыт тұлға болды. Сөзінің салмағы бар, әрбір ісінде ұлт мүддесін көздеген, кеңшардың дамуына сүбелі үлес қосқан нағыз отаншыл, ардақты азамат 2024 жылдың 28 желтоқсанында бақилыққа аттанды. Қай істе болмасын сабыр мен парасатты серік еткен Ануарбек Қабиұлы – ұрпағына үлгі, замандастарына тірек бола білді. Оның еңбекқорлығы мен жауапкершілігі, алға ұмтылушылығы мен биік мақсаттарға жетудегі табандылығы – бүгінгі күннің де, ертеңгі болашақтың да бағалы мұрасы.
Жан дүниесі дархан, жүрегі мейірім мен адамдыққа толы Ануарбек Қабиұлы тек қожалық иесі ғана емес, ауылдың арқа
![]()
сүйер ақылманы, туған жерінің шын жанашыры болды. Оның жемісті де адал қызметі лайықты бағасын алды деуге болады. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудағы зор табыстары үшін Құрмет грамотасын, мал шаруашылығын жақсартудағы көп жылғы үлесі үшін, еңбек жетістіктері, адалдығы мен кәсіби шеберлігі үшін алған марапаттары көп.
Жұмыспен қатар, 1974 жылдың қараша айында Ануарбек Қабиұлы Рахметова Сәулеш Рахметқызымен отау құрып, бақытты ғұмыр кешті. Екеуі ауылға өнеге болған тәрбиелі де берекелі отбасы ретінде 3 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Ұрпақтарына тәлімді тәрбие беріп, бар күш-жігерін жұмсай отырып, олардың қалаулы маман иелері болуына жол ашты. Ұлдарын ұяға қондырып, қыздарын қияға ұшырды. Көптеген іргелі отбасылармен құдандалы болып, 14 немере мен 15 жиен, 3жиеншардың сүйікті атасы атанды.
![]()
Шәкәрім ақын айтқандай, «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» деген тәмсілді Ануарбек Қабиұлы өмірлік темірқазығына айналдыра білді. Ол табысының бір бөлігін қайырымдылық шараларына жұмсап, сүрінгенді демеп, жылағанның көз жасын сүртіп, барын елмен бөлісе білді. Бұл – әкеміздің ешкімге жария етпей, тек Жаратқан үшін жасаған жақсылықтарының бір парасы ғана еді.
Бүгінде оның артында қалған еңбегі мен еселі істері – ұрпақ санасында мәңгілікке жазылған рухани ескерткіш іспеттес. Ануарбек Қабиұлы – еліне еңбегімен елеулі, ісімен із қалдырған шынайы халық перзенті. Уақыт өте көне сүрлеулердің шаңы басылар, алайда оның еңбегі мен есімі ел жадында жаңғырып, асыл бейнесі жүректерде мәңгі сақталары анық.
Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнап, білген-түйгенін өскелең ұрпаққа аманат етіп, шаруашылығын перзенттеріне табыстаған Ануарбек Қабиұлының жаны пейіште, иманы жолдас болғай деп дұға ете отырып, шағын мақаламызды тәмамдаймыз.
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()