Ауыл шаруашылығы саласының маманы
Өмір дерек
Адамзат баласы тіршілік етуінің алғашқы кезеңінен бастап күнделікті өміріне қажеттінің бәрін жерден, судан, өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесінен алып келгені баршаға белгілі. Мал шаруашылығы – үлкен жауапкершілікті, еңбекқорлықты және терең білімді қажет ететін сала. Бұл – атадан балаға мирас болған кәсіп. Мал шаруашылығы саласындағы мамандар ауылдың тірегі, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуші нағыз еңбек адамдары. Мал шаруашылығы саласындағы маман – бұл малдың күтімімен, азықтандыруымен, өсіруімен және өнім алумен айналысатын кәсіби маман. Оларды көбінесе зоотехник, мал дәрігері (ветеринар), фермер, мал өсіруші деп атайды.
![]()
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де – төрт түлікпен жаны бір азамат. Шаруашылыққа жаны ашитын, істің ығын біліп, оны ұйымдастыра алатын жан қашанда өзгелерден бір қадам алда жүреді. Ауылдың дамуы – ел ырысының еселенуі адамның ғана қолында. Әңгіме еткелі отырған Кабденов Изтелеу Наурызғалиұлы – мал шаруашылығында еңбек етіп, еліне игілікті ісімен танылған азамат. Өзі өмірден өтсе де, шаруашылықтың дамуына қосқан үлесі ауыл тарихында алтын әріптермен жазылып, есімі әлі күнге дейін ел аузында айтылып келе жатқан еңбек адамы.
Изтелеу Наурызғалиұлы 1942 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Киров колхозына қарасты «Нұралы» қыстағында (қазіргі Бөкей ордасы ауданы, Бисен ауылдық округі) дүниеге келген. Тағдыр жолында бағдаршам бола білген әкесі Қабден – қарапайым еңбек адамы, ал мейірімділік пен махаббаттың бойтұмары болған
![]()
анасы Канзия үй шаруасында болып, бала тәрбиесімен айналысқан.
Саф ауасының өзі таңғы ұйқыңды серпілтіп жіберетін өлкеде, тай-құлағында ойнап өскен Изтелеу Наурызғалиұлы жанұядағы екі қыздың арасында тәрбиеленіп өсті. Қыздардың үлкені – Нағима, екінші қызы – Мақташ. Мақташ әпкесі көп жыл бойы үй шаруасында болып, әртүрлі қызмет атқарды. 2008 жылы дүниеден өтті. Үшіншісі – біздің бүгінгі кейіпкеріміз Изтелеу.
Білім ордасының табалдырығын 1949 жылы Киров колхозындағы «Нариман» жеті жылдық мектебін аттаған Изтелеу Наурызғалиұлы кейін Орда совхозындағы М.Горький атындағы мектепте оқуын жалғастырып, мектепті 1959 жылы тәмамдап шығады. Одан кейін екі жыл Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келеді. Әскерде жүргенде де ширақтығы, қайсарлығы және батылдығымен көзге түскен ол елге оралған соң, Қазақ КСР-інің Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, 1965 жылы оны аяқтайды.
Алғашқы еңбек жолын Жәнібек ауданының «Ақоба» совхозының Мәңгүрт бөлімшесінде зоотехник болып бастаған
![]()
Изтелеу Наурызғалиұлы одан кейінгі жылдары Жиенбет бөлімшелерінде веттехник, зоотехник қызметтерінде болды. 1965–1968 жылдары Жәнібек ауданының №1 совхозында (қазіргі Т. Жароков) веттехник болып қызмет атқарды. 1968–1975 жылдары Жәнібек ауданы, Жәнібек совхозында веттехник болып қызмет жасады. 1975 жылы Орда ауданында «Мұратсай» совхозы құрылып, «Тайғара» бөлімшесі ашылды, ол жерде «Тайғара» елді мекенінде мал шаруашылығында бас маман, зоотехник болып қызмет атқарды. 1992–1995 жылдары «Тайғара» бөлімшесі тарап, кооператив болып құрылуына басшылық жасап, елді мекеннің дамуына үлкен үлес қосты. Кейін жеке шаруашылыққа бет бұрды.
1958–1970 жылдары аралығында Бүкілодақтық Лениндік коммунистік жастар одағының мүшесі болды, ал 1990 жылы Орда аудандық комитетіне де мүше болды. Сонымен қатар, совхоз көркем өнерпаздар ұйымының белді мүшесі ретінде домбыра, баян, мандолина сияқты аспаптарда жақсы ойнайтын, тамаша дауысы бар, ән айтатын және той-думан, салтанатты жиындарды басқарып, көңіл көтеретін жүргізуші, әншілік, кейде сөзге шешен асабалық қабілетімен де танымал бола білді. Ауылдарды аралап, елдің және халықтың қоғамдағы мәдени сауаттылығын арттыруға көп күш-жігерін
![]()
жұмсады.
Мал шаруашылығы саласындағы маман ретінде, үй жануарларының ішінде жылқыны жаны жақсы көрді. Жылқы жануарына ат әбзелдерін, жылқы мінуге, күтім жасауға немесе жегуге арналған құрал-жабдықтарды дайындау әуесқойлық ісі болатын. Жәнібек ауданының «Ақоба» совхозының «Мәңгүрт» бөлімшесінде зоотехник болып жүрген кезінде «Ноқталы қара» атты бәйгеге шабатын жүйрік аты болған. Аудан аралық бәйге жарыстарында оза шауып, жүлдегер атанған. Орал қаласында ұйымдастырылған аламан бәйге жарысында жүйрік аты жүлдегер атанып, екінші орын алған. Бұл өз заманында, мал шаруашылығы саласындағы маман үшін ең үлкен жетістік еді.
Әрбір адал ниетті адам өз ғұмырының мәнді де мағыналы, атқарған ісінің жемісті де табысты болуын бар жанымен қатты қалайды ғой. Рас, адал еңбегі мен қалтқысыз қызметінің арқасында ғана ел-жұрт алдында абыройлы боласың.
![]()
Сол арқылы бедел жинап, сый-құрметке бөленесің. Ал ел алдында беделді адам өз ортасына, ағайын-туған, жақын сырласына жүзі жарқын болады. Ондайда айналаңа жақсы жандар үйіріліп, үлкендік үлгіңді алады, өне бойы өнегеңнің өрісін кеңейтеді. Изтелеу Наурызғалиұлы әрдайым осындай деңгейден көрініп келе жатқан, көпшілікке айрықша танымал, айтулы азаматтардың бірі болды. Оның өмір жолына үңілсең, үлкен өмірден адалдықты, адамгершілікті, парасаттылықты анық аңғарасың. Бала жасынан еңбекқор болып есейген ол таудай талап-талпынысымен-ақ келешегіне деген сенімі мол, еліне адал қызмет етемін деген асқақ арманын жүзеге асыра білді.
Изтелеу Наурызғалиұлы қайнап жатқан тіршілікті назардан тыс қалдырмайтын адам. Ол үшін ауылдың да, ауланың да жайы бір. Барлығына жанашырлықпен қарайды. Ауылының бір ағашының қисайғанын көрсе, жаны қалмай соны баптауға кіріседі. Кем-кетігі, қираған-қоқысты көрсе, бірден-ақ білек сыбанып, соны жөндемейінше тыным таппайтын жан.
![]()
Еңбектен шаршамаған азаматтың отбасында да мерейі үстем. Еңбек еткен жылдары көптеген марапаттарға ие болған, саналы ғұмырын мал шаруашылығының өркендеуіне арнаған Изтелеу Наурызғалиұлы 1998 жылы мәңгілік мекеніне аттанып кетті.
Жары – Имашева Бақыт Имашқызы 1942 жылы «Жаңа шаруа» колхозында дүниеге келген. (қазіргі Бөкей ордасы ауданы, Бисен ауылдық округі). 1965 жылы екі жас отау тігіп, еңбек жолын Жәнібек ауданының «Ақоба» совхозының (Мәңгүрт, Жиенбет), бөлімшелерінде, кейін 1975 жылы «Мұратсай» совхозы құрылып, «Тайғара» бөлімшесі ашылып, ауыл шаруашылық дүкенінде сатушы болып еңбек етіп, құрметті зейнет демалысына шыққан, 2010 жылы дүниеден өтті.
Жары Бақыт Имашқызы екеуі отбасында алты перзент: екі ұл, төрт қыз тәрбиелеп
![]()
өсірді. Ұлдары: Нұрбол, Ербол. Қыздары: Лаззат, Жаннат, Венера, Зухра. Ұл-қыздарының болашағы жарқын болсын деп, заманына сай білім алуға, әкелік бар мейірімі мен күш жігерін аямады.
Әр қоғамда да алған бетінен қайтпай, алға қарай қадам басатын жандар аз емес екенін көзімізбен көріп, пенделік көңілімізге түйіп келеміз. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де адалдық пен әділдікті ту еткен, ақ жолдан аттамаған, адал еңбегімен тәңір жазған несібесін тауып, өзінің бойындағы адамгершілік қасиеттерімен ағайынның да, ауылдың да арасында құрмет төріне көтеріле білген Изтелеу Наурызғалиұлының адал еңбегі мен ақ жүрегі ел жадында сақталып, ұрпағына үлгі болары сөзсіз, жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталмақ.
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()