«Гүлім» шаруа қожалығының негізін қалаушы
Өмірі – өнеге, еңбегі – елге аманат
Қазақ даласының құдіреті – еңбекқор адамында. Өйткені жердің нәрін алып, елдің ырысын еселейтін де, ұрпаққа ізгілік дәнін себетін де – адал еңбек. Сол еңбекке ғұмырын арнап, ауыл шаруашылығының өркендеуіне серпін беріп жүрген табысты кәсіпкер, «Гүлім» шаруа қожалығының негізін қалаған, өмірден өтсе де жасап кеткен істері менмұндалап тұрған Қуанышев Асқар Қуанышұлы туралы айтып өтпекшіміз.
Жастайынан жердің қадірін, малдың қасиетін түсініп өсіп, ауылын өркендетуді, халықтың тұрмысын жақсартуды жүрек қалауымен мақсат еткен Асқар Қуанышұлы 1967 жылы 18 қарашада қазіргі Абай облысы Семей қаласында дүниеге келді. Асқар тау әкесі Құсаинов Қуаныш пен анасы Нұрғалиева Мария – Саржал ауылының құрметті азаматтары, 5 бала тәрбиелеп өсірген еңбек ардагерлері.
Адам өмірінің мәні – ізгілік пен еңбекке негізделген жолында. Кісі ғұмыры туған жердің топырағына, ата-ана аманатына, халық алдындағы адал борышқа қызмет еткенде ғана баянды болмақ. Сол өмірдің тағылымды белестерінен өткен, әр саланың шыңын еңсеріп, ел алдында абыройға бөленген азамат Асқар Қуанышұлы бала күнінен-ақ үлкеннің қамқорлығы мен мейіріміне бөленіп өсті. Әжесі Әнияның бауырында ер жетіп, оның әр сөзі мен тәлімін бойына сіңірді. Әжесінің жүрек жылуы мен дана кеңесі – Асқардың бүкіл ғұмырына бағыт-бағдар берген шамшырақ болды. Қаланың қара шаңырақ білім ордаларының бірі – №5 гимназияда 1975-1985 жылдары білім алып, зеректігімен, ізденгіштігімен көзге түсті.
![]()
Мектептен соң, 1986-1988 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеді. Жас жігіттің жүрегінде елге деген адалдық сезімі, ер-азаматқа тән қайсарлық пен төзімділік осы жылдары шыңдалды. Әскерден оралған Асқар үшін өмірдің жаңа белестері басталды. Жоғары білімге деген талпынысы оны Семейдің ет және сүт өнеркәсібі технология институтына алып барды. Бұл жерде ол білімнің нәрін терең бойына сіңіріп, экономист мамандығын иеленді. Кейін Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде оқып, білім көкжиегін кеңейтті. Осылайша ол өмірді тек еңбекпен емес, біліммен де өрнектеген жанға айналды.
Асқар Қуанышұлының қызмет жолы – елге адал қызметтің айқын көрінісі. Семей қаласында салық комитетінде еңбек етіп, экономист ретіндегі білімі мен білігін көрсетті. Кейін мемлекеттік тергеу комитетінде, ішкі істер органдарында қызмет атқарып, тәртіп пен әділеттің сақшысы бола білді. Әрбір қызметінде ол адалдық пен жауапкершілікті бірінші орынға қойды.
Ал «Қазақ кабель» ЖШС бас директорының орынбасары болған жылдары кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, ұйымдастырушылық қабілетін шыңдады. Оның іскерлігі мен табандылығы өндірістің өркендеуіне, ел экономикасының дамуына үлес болып қосылды. Одан әрі жеке кәсіпкерлікке келіп, 2005 жылдан бастап әке кәсібін қолға алып, «Гүлім» шаруа қожалығының жетекшісі атанды. Әке еңбегін жалғап, оны жаңа қырынан дамытуды азаматтық парыз санады. Мал мен жердің киесін ұғынып өскен Асқар ауыл шаруашылығына тың серпін берді.
![]()
2013 жылы ол өз алдына жеке қожалық құрып, сиырдың етті тұқымы – ақбас сиырларды өсіруге ден қойды. Алғашында малдың төлін сатумен айналысып, шаруасын дөңгелетті. Жеті-сегіз айлық таналары 160-200 кг-ға дейін жетіп, бұл оның іскерлігінің айғағы болды. Дегенмен жердің қолайсыздығына байланысты ақбас сиырларын өткізіп, басқа бағытқа бет бұруға тура келді.
Асқар Қуанышұлы қазақтың ежелгі кәсібі – жылқы шаруашылығына ден қойып, брендке айналған Саржалдың сары қымызын өндіруге кірісті. Табиғат сыйлаған шипалы сусынның дәмін тіл үйірер қасиетімен халықтың алғысына бөленді. Саржалдың қымызы ауылдың ғана емес, бүкіл аймақтың мақтанышына айналды.
2018 жылдан бастап ол заманауи әдісті қолданып, биені тоқпен сауу технологиясын енгізді. Бұл – еңбекті жеңілдетіп қана қоймай, өнім көлемін арттыруға сеп болды. Халықтың дәстүрлі сусынына жаңа сипат беріп, заманауи технологиямен ұштастыру – Асқар Қуанышұлының іскерлігінің тағы бір қыры еді.
Асқар Қуанышұлының арманы – бие сүтін ұнтаққа айналдырып, оны шетелге, әсіресе Еуропаға экспорттау. Бұл – ұлттың дәстүрлі тағамын әлемдік нарыққа шығаруды көздеген өршіл ой, алысқа жетелер арман. Қымыздың шипалы қасиетін шетелге таныту – ауыл кәсіпкерінің ғана емес, тұтас елдің абыройы.
Тек мал өсіріп, өнім өндіріп қана қойған жоқ, ауыл тұрғындарына жұмыс беріп, жастарға үлгі болып, қай істі бастаса да, адалдықпен, табандылықпен атқарып, елдің ризашылығына бөленген Асқар Қуанышұлы туысшыл, өте қамқор еді. Өзінің отбасына ғана емес, жақынға да, жатқа да қолынан келген қамқорлығын жасап жүретін. Соңынан ерген інілеріне деген қамқорлығы ерекше болатын. Үнемі айтатын ақылы «Ниетіңді түзе, ниетің дұрыс болса, өмірің жақсы болады» дейтін.
![]()
– Асқар – балажан еді. Ұлдарының тұлға болып қалыптасуына көп көңіл бөлетін. Семей қаласындағы биологиялық орталыққа жиі апаратын. Үйімізде құстың түр-түрі болды. Қарапайым тауықтан бастап үйрек, қаз, күрке тауық, цесарка асырадық. Көктемде инкубаторға тауықтың, қаздың балапандарын бастырып шығаратын. Оны өзі қадағалап, балаша мәпелеп күтетін. Балалардың кішкентай кезінде үйде папугай, канарейка болатын.
Көгершіндерді ерекше жақсы көретін. Бала кезден сүйікті ісі – қарапайым хат тасушы көгершіннен бастап, түрлі-түсті, пародасы бөлек көгершіндерді үйде ұстады. Енді көгершіндердің әдемілігіне сөз жоқ, көздің жауын алады. Асыл тұқымды ешкі өсіремін деп, чехтің сүтті ешкілерін де алғызды. Жаны табиғатқа жақын болатын, үйде 200 литрлік аквариум болды. Ұлдарын қасына алып, аквариум ішіндегі балықтарға қарап ұзақ отыратын. Жердің шалғайлығына қарамай, «Кейін немерелерім мініп жүретін болады» деп, Ақтаудан 2 пони сатып әкелді, – дейді, бізге келіп жеткен ақпаратта ағайындары кейіпкеріміз туралы айтып өтіп.
Адамды даралайтын қасиет – оның байлығы да, атағы да емес, адамдық келбеті.
![]()
Кісіліктің кілті – адалдық, ал еңбектің мәні – елге қызмет ету. Сол асыл қасиеттерді бойына жиған, адамгершілік пен даналықты өмірлік ұстаным еткен азамат, табысты кәсіпкер, ауылдың ардақтысы бола білген Асқар Қуанышұлының жаратылысы қарапайымдылық пен кеңпейілділіктен құралған. Ол қандай биікке көтерілсе де, әрқашан ел-жұртына жақын, қарапайым қалпын сақтап қалды. Жақсының қуанышын бөлісіп, мұқтаждың қолын ұстау – оның табиғатындағы қасиет. «Адамның ұлылығы – оның жасаған жақсылығында» десек, Асқар ағамыздың өмірінде жақсылықтың ізі сайрап жатыр.
Асқар Қуанышұлының табысқа жетуінің сыры – маңдай тер мен табандылықта. Ол әр істі жауапкершілікпен атқарып, еңбектің қадірін ерте түсінді. Мал мен жердің қыр-сырын жетік біліп, шаруашылықты өрге сүйреген қажырлы еңбегі – елге үлгі. Еңбексүйгіштік – оның бүкіл ғұмырына өрілген қасиет. Оның әрбір шешімінде даналықтың ізі бар. Ол қиындықтың да, жеңістің де мәнін түсініп, сабырмен шешім қабылдайды. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі оны тек іскер кәсіпкер ғана емес, ауылға ақылшы, халыққа қамқор жан
![]()
дәрежесіне көтерді. Оның даналығы –халықтың қамын ойлаудан туған парасат.
Өкінішке орай, ауыл шаруашылығына саналы ғұмырын арнаған, дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре білген кәсіпкер Асқар Қуанышұлы өмірден ерте өтті. Ер адам өмірге ұрпақ жалғастыру, үй салу, ағаш отырғызу сияқты үлкен міндетті атқару үшін келеді екен. Асқар Қуанышұлы өмірден ерте кетсе де, сол міндеттердің барлығын артығымен орындап кетті. Әрбір кірпішін өзі қалап, кең сарайдай үйін салып, қожалығын ашып, ұрпағына мұра етіп қалдырды.
Жолдасы Жарылғасина Айгүл Маратқызы – 35 жылдан астам ұстаздық қызмет атқарып келе жатқан ұлағатты ұстаз. Мейірім мен сүйіспеншілікке, ақыл-парасатқа бөлеп, үш ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Мұхтар – финтех стартапта жұмыс істейді. Жұбайы Салтанат, қызы Алишамен бірге Варшавада тұрады. Ортаншы ұлы Әсет – банкте деректерді зерттеу және талдау директоры болып қызмет атқарады. Жары Айгерім екеуі қара шаңырақта, анасының жанында тұрады. Кенже ұлы Санжар – Сүлеймен Демирел университетінде IT саласы бойынша 4-курста оқып жатыр.
Қазіргі таңда әке аманатына адалдықпен қарап, оның өмірлік ісін жалғастырған ұлдары мен інілері – асқар таудай әкелерінің, ардақты ағаларының еңбегін әрі қарай өрістетіп келеді. Ол негізін қалаған «Гүлім» шаруа қожалығы бүгінде ұрпақтарының қолында жаңа серпінмен дамып, «Асқар» атауымен қайта тірілді. Бұл – тек атау ауыстыру емес, бұл – әкеге деген шексіз құрметтің, ұрпақтың парызына деген адалдықтың көрінісі. Берекелі тіршіліктің бастауында тұрған әкенің аты – енді ел арасында қожалықтың атауымен қатар жаңғырып, жасампаз істермен ұштасып жатыр.
«Тау алыстаған сайын асқақтай түседі», – дейді дана халқымыз. Бүкіл ғұмырын балаларына арнаған, көптеген жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған Асқар Қуанышұлының өлшеусіз еңбегі – ұрпақ есінде. Әкенің тұлғасы барған сайын асқақтай, күн өткен сайын биіктей түсуде.
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()