«Қуанышбек» шаруа қожалығының басшысы
Іскер әйел
Жыл өткен сайын ата кәсіпті жалғастырып, төрт түліктен ризық-несібесін айырып отырған іскер жандардың қатары көбейіп келеді. Қазақтың кең даласы ауыл шаруашылығын өркендетуге өте қолайлы. Әсіресе, сапалы ет өнімдерін дайындап, шетелге экспорттауға мол мүмкіндік бар. Тек аузы қимылдаған жанның қолы да қимылдауы керек. Ол үшін еңбектің ебін таба білетін қабілет, күні-түні талмай қызмет ететін күш-жігер және төрт түлікті өсіруге деген шынайы ықылас болса жеткілікті.
![]()
Арамызда ата кәсіпті жандандырып, көп адамды еңбекпен қамтып жүргендер аз емес. Тіпті мал бағуды мақтаныш көретіндердің көбеюі – қазақылықтың иісі аңқып тұрғанының белгісі. Иә, біле білгенге мал ұстау – береке. Қазіргі таңда мемлекеттің қолдауы да шаруаның дамуына зор мүмкіндік ашып отыр. Ел игілігіне қызмет етіп жүрген, нәзік жанды болса да қажырлығы мен қайсарлығының арқасында ер-азаматқа лайық істерді атқарып жүрген жан – бір беттік мақалаға емес, тұтас бір кітапқа лайық тұлға.
Бүгінгі кейіпкеріміз – таңдағаны сөзінде – ақыл, кеңесінде – тәлім мен тағылым тұнған, әке жолын жалғап, кәсібін өрге сүйреп келе жатқан Оспанова Айнагул Сиыковна.
Ата кәсіптің тізгінін қолына алып, жергілікті халықты сапалы ет, сүт және өзге де өнімдермен қамтамасыз етіп қана қоймай, бірнеше адамды тұрақты жұмыс пен жоғары жалақымен қамтып келе жатқан Айнагул Сиыковна 1983 жылдың 27 қарашасында Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары елді мекенінде дүниеге келген.
Асқар тау әкесі Оспанов Сиық – тағылымы мол шопан болса, анасы Оспанова Мәдина – үй шаруасында, бала тәрбиесімен айналысқан.
Тарих парағын парақтасаңыз, талай дүлдүл мен бұлбұл, серпіген тұяғы таудан да асқан ұлы тұлғалар туған қасиетті топырақта балалық шағын өткізген Айнагул Сиыковна аузы дуалы ақсақалдардың есті сөзін тыңдап, батасын алып өскен, шын мәнінде баталы перзент. 1990 жылы ауылындағы бастауыш мектептің табалдырығын аттап, 2000 жылы осы мектептен түлеп ұшады.
Мектеп бітірген жылы Айнагул Сиыковна Дәулетқалиев Наурызбайға тұрмысқа шығып, жолдасының жанында жүріп мал шаруашылығымен айналыса бастайды. 2007 жылы екеуі біріге отырып «Қуанышбек» шаруа қожалығын құрады. Ата кәсіппен айналысқаннан кейін, қой сияқты ұсақ малдан бастап, сиыр, жылқы, түйе секілді ірі мал түрлерін де өсіреді.
![]()
Осылайша кәсіптің көзін тауып, қанында бар мал шаруашылығын одан әрі дамыта отырып, заман талабына сай асыл тұқымды малға басымдық береді. Сонымен қатар, сүт өнімдерін өңдеп, халыққа ұсынған кәсіпкер ауылдағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың біріне айналады.
Алайда, өкінішке орай, 2017 жылы жолдасы Наурызбай денсаулығына байланысты дүниеден өтіп, барлық шаруашылық Айнагулдің иығына түседі. Сол кезеңде қой малын сатып, оның орнына сиыр сатып алып, қазіргі таңда түйе, жылқы, сиыр секілді ірі мал түрлерін өсіріп отыр. Солардың сүтін сауып, шұбат, қымыз, айран өнімдерімен қатар, құрт, май, ірімшік секілді ұлттық тағамдарды да жергілікті тұтынушыларға ұсынып келеді.
– «Қуанышбек» шаруашылығы осындай ірі деңгейге жету үшін үлкен еңбек пен төзім қажет болды. Бірақ жолдасымның табандылығы мен еңбегінің арқасында біз бұл жетістікке қол жеткіздік. Әрине, кез келген істің өз қиындығы болады. Ал кәсіп бастау – үлкен тәуекел. Қазір бұл отбасылық шаруашылықты одан әрі дамытуды жоспарлап отырмыз. Болашақта балаларым жақсы нәтижелерге жетіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосады деп сенемін, – дейді 2017 жылдан бері шаруашылық тізгінін қолына алған Айнагул Сиыковна.
«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» демей ме қазақта? Айнагул Сиыковна қазіргі таңда да халықпен байланысын үзген емес. Бұл шаруашылықтың пайдасын тек отбасы мүшелері ғана емес, бірнеше адам да көріп отыр: жұмысқа алып, оларға жоғары деңгейде айлық жалақыларын уақытылы төлейді, халыққа малдың сапалы өнімдерін қолжетімді бағамен ұсынады. Жеке қожалық иесі ретінде күнкөрісі төмен отбасыларға да үнемі
![]()
көмек қолын созып келеді.
Айнагул Сиыковна – ешқашан бармын деп тасымаған, жоқ болса жасымаған жан. Керісінше, жоққа жанашырлық танытып, әркез мейірімін төгіп жүреді. Қожалықта еңбек етіп жүрген жұмысшылар да оған дән риза.
Кәсіпкерлік саласының қалыптасуына, ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып, ел өміріне белсене араласып келе жатқан Айнагул Сиыковна түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
- 2021 жылы Атырау облысының ауыл шаруашылығы саласын дамыту жолындағы қосқан үлесі үшін Қазақстан Фермерлері Қауымдастығының Атырау облыстық бірлестігінің төрағасы М.С.Сармановтың Құрмет грамотасымен марапатталды.
- 2022 және 2023 жылдары ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамоталарын иеленді.
- Жылыой аудандық «Іскер әйелдер» форумында «Үздік ауыл шаруашылығы» аталымының жеңімпазы атанды.
![]()
- 2023 жылы «Ауыл шаруашылығының үздігі» аталымының лауреаты болды.
Кәсіпкерлігімен қатар, іс бастаймын деген жастарға өз тәжірибесімен бөлісіп, оларды демеп келе жатқан Айнагүл Сиыковна – отбасында аяулы ана. Азаматы Дәулетқалиев Наурызбаймен бірге төрт перзент тәрбиелеп, жоғары білім беріп, барлығын құтты орындарына қондырды.
Тұңғышы Анаркүл – тұрмыста.
Ұлы Қуанышбек – үйленген, жары Ақжан екеуі бақытты отбасы құрған.
Екінші ұлы Бекарыс – биыл мектепті бітірген, талапкер.
Кенжесі Омар – 8-сыныпты үздік аяқтаған, озат оқушылардың бірі.
Ата кәсіптің ізін жалғап, оны жаңа инновациялық технологиялармен ұштастырып, отбасылық шаруашылықты дамытып келе жатқан табысты кәсіпкер, іскер әйел Айнагул Сиыковнаға зор денсаулық, отбасына амандық, кәсібіне береке мен табыс тілейміз!
![]()