Кереев Ғафар Төлеуұлы

Рейтинг:

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, білікті басшы, Қаратөбе ауданының Құрметті азаматы, 
«Құрмет Белгісі» ордені, «Тың жерлерді игергені үшін»,
«Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдары, 
«Тоғызыншы бесжылдықтың екпіндісі» төсбелгісі және «1941–1945 жылдардағы 
Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл»мерекелік медалінің иегері

Өнегелі өмір, өшпес із қалдырған ер

      Өмір деген – өзен. Бір сәт тоқтамай, бір арнадан екінші арнаға асығып құйып жатқан ағын. Сол өзеннің бетінде кей толқындар жарқырап, артында із қалдырады. Сол із – адамның ісі, еңбегі, елге еткен қызметі. Ал ел игілігі үшін маңдай терін төгіп, туған жерінің көркеюіне үлес қосқан жандардың аты – мәңгілік. Осындай есімдердің бірі – ел жадында ерекше құрметпен аталатын, өмір жолы өнегеге толы Ғафар Төлеуұлы Кереев.
      Ғафар аға – тұтас бір дәуірдің куәгері ғана емес, сол дәуірдің өрісін кеңейткен, елдің еңсесін тіктеген еңбек майданының ері. Қарапайым ауыл баласы, соғыс пен бейбіт еңбектің қиылысына түскен ұрпақ өкілі. Қиын кезеңнің суығы мен ызғарына төзіп, адал еңбегімен абырой тапқан азаматтың ғұмырнамасы – қазақ ауылдарының тіршілік тынысын, тұтас қоғамның болмысын бейнелейтін көркем тарих іспетті.
      Кеңес дәуірінің қатаң тәртібі мен социалистік құрылыс заманында ел еңбегінің алғы шебінде жүрген жандардың бірі – Ғафар Кереев болатын. Оның өмірі – еңбекке, туған жерге, отбасына адалдық пен адамгершілікке арналған тағылымды тағдыр. Өмір жолының әр белесі – бір мектеп, әр қадамы – елдік пен еңбектің үлгісі.
      Батыс Қазақстанның сайын даласы – тарих пен тағдырдың тоғысқан мекені. Сол даланың қақ төрінде, киелі Қаратөбе топырағында 1931 жылдың көктем шуағы енді білінген наурыздың оныншы күні дүниеге келген сәби – кейіннен ел сыйлаған азамат атанған Ғафар Төлеуұлы еді. Қаратөбе – жусаны мен изені иіскетіп, самалы жанға сая болатын өңір. Қара топыраққа біткен қасиет пен елге дарыған рух сол ауылдың әр түтінінен сезіледі.
      Ғафардың әкесі Төлеу – еңбекті серік еткен, қарапайым да адал азамат болатын. Мал баққан, егін еккен, тіршіліктің қайнаған ортасында жүрген ел ағасы. Адал еңбектің қадірін, маңдай тердің тәтті дәмін ұлына сонау бала күнінен үйретті. Ал анасы Қалила – мейірім мен парасаттың үлгісі, ауылдастар арасында сыйлы, шежіре сөзге ұста, ақ пейілді жан болған. Оның ақыл мен сабырды қатар ұстаған қасиеті Ғафардың болашақ болмысына із қалдырды.
      Ол өскен орта – қарапайым ауыл тіршілігінің қайнаған ортасы. Таңертеңгі тұманмен оянған дала, желмен тербелген боз жусан, мал соңында жүрген балалардың күлкісі – бәрі де сол дәуірдің тынысын жеткізеді. Ғафар бала кезінен еңбекке жақын, ізденгіш болып өсті. Әкесінің еңбекқорлығын көріп, ананың мейірін сезіп, ауыл адамдарының бірлігі мен бауырмалдығын бойына сіңірді.
      Сол кезең – ел тұрмысы ауыр, бірақ рухы биік жылдар еді. Қиындыққа мойымай, жоқшылық пен тоқшылықты көріп өскен ұрпақтың бірі – Ғафар болатын. Ол ерте есейіп, адал еңбектің не екенін жастайынан түсінді. Ауылдағы әр үйдің түтіні, әр ананың тілеуі – сол ұрпаққа рух берді.
      Ғафар Төлеуұлының өміріндегі алғашқы үлкен белес – білімге деген құштарлығы. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Қаратөбе ауылындағы мектепте оқыған жас Ғафар – зерек, алғыр, ізденімпаз шәкірт ретінде ұстаздарының мақтанышы болған. Оқу озаты, сабырлы мінезді, тәртіпті бала елдің үмітін ақтап, білім жолына шынайы ынтамен кірісті.
      Мектеп қабырғасындағы жылдар – оның адамдық болмысын қалыптастырған кезең еді. Сол уақыттағы ауыл мектебі – тар, суық болса да, жүректер жылы, рух мықты болатын. Сол мектептің партасында отырып, Ғафар Төлеуұлы арман мен мақсаттың дәнін екті. Жас жүрегін білімге деген шынайы құштарлық биледі.
      Ол заманда елге қорған болатын ең абыройлы мамандықтардың бірі – әскери қызмет еді. Шымыр да жігерлі Ғафар Төлеуұлы да осы жолды таңдады. Украина жеріндегі Луганск қаласына барып, әскери дайындықтан өтті. Бұл – ауыл баласы үшін үлкен сынақ, жаңа белес еді. 
      Темірдей тәртіп, қатаң ереже, батылдық пен сабырды талап еткен әскери өмір оны шымыр, төзімді, тәртіпке үйретті.
      Кейіннен истребитель-ұшқыш мамандығы бойынша әскери училищеде төрт жыл білім алды. Биік аспанда самғап, көк жүзімен тілдескен шақтар – оның өмірінде ұмытылмас кезең болды. Сол жылдары ол тек ұшқыш болуды емес, жауапкершілік пен батылдықты да үйренді.
      Алайда заман өзгерді. Кеңес Одағын Хрущев билеген жылдары әскери құрылымдардың біразы таратылып, көптеген ұшқыштар елге қайтарылды. Солардың қатарында Ғафар Төлеуұлы да туған еліне оралды. Елге келген соң ол қарап отырмай, еңбекке қайта араласты. 1957 жылы тракторшы мамандығын меңгеріп, ауыл шаруашылығы саласына бет бұрды. Жас жігіт еңбек майданында шыңдалып, бригадир ретінде ауыл тіршілігінің нағыз өзегінде жүрді.
      Бірақ Ғафар Төлеуұлының көкейінде білімге деген шөл ешқашан басылған жоқ. 1963 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты ашылғанда, ол сол оқу орнының алғашқы студенттерінің бірі болып қабылданды. Көп ұзамай оқу озаты атанып, ұстаздардың үмітін ақтады. Сол кезде бұл институттың қабырғасында білім алып жүрген студенттер арасында Ғафар Кереевтің еңбексүйгіштігі мен жауапкершілігі ерекше бағаланған.
      Кейін бұл оқу орны Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті болып өзгергенде, сол университеттің қабырғасында алғашқы түлек ретінде Ғафар Кереевтің портреті ұзақ жылдар бойы ілініп тұрған. Білім жолындағы табандылық – Ғафардың өмірлік ұстанымының өзегі болды. Ол үшін оқу – мансаптың емес, рухтың нұрлануы еді.
      Еңбек – адамның маңдайына жазылған ең ұлы сынақ әрі ең үлкен бақ. Ғафар Төлеуұлы үшін де еңбек – өмірінің өзегі, тіршілігінің тұтқасы болды. Білім мен өмір тәжірибесін ұштастырған азамат елге оралған соң, бар күш-жігерін туған жерінің өркендеуіне арнады.
      1968 жылы Қаратөбе аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде жұмыс істей бастаған Ғафар Төлеуұлы көп ұзамай өзінің іскерлігімен, еңбекқорлығымен, ұжымға деген жауапкершілігімен көзге түсті. Аз ғана уақыт ішінде білімі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ол аудан көлеміндегі тәжірибелі мамандардың қатарына қосылды. 
      Қай іске кіріссе де табандылық пен ұқыптылық танытатын азамат «Саралжын» кеңшарына бас зоотехник болып ауысты.
      Бұл жылдар – ел шаруашылығының дамуы мен өркендеуінің жауапты кезеңі еді. Кеңшар деген – тек өндіріс емес, тұтас бір ауыл өмірі, ондаған отбасының тіршілігі. Мұндай мекемені басқару үшін білім мен тәжірибеден бөлек, адам жүрегіне жол табатын парасат қажет.
      Ғафар Кереев дәл сондай басшы еді – қатал да әділ, талапшыл да қамқор. Адам жанының қыр-сырын ұғынған, әр жұмысшының жағдайын түсінетін жетекші. Оның бір ауыз сөзі ұжымға серпін беретін, бір шырайлы күлкісі елдің еңсесін көтеретін.
      1972 жылы ол «Саралжын» кеңшарына директор болып тағайындалды. Бұл кезде шаруашылық жаңа құрылып, ел еңсесін тіктеп жатқан шақ. Кеңшардың құрамында небәрі бірнеше ферма мен шағын ауылдар ғана бар еді. Ал аз ғана жылдың ішінде Ғафар Төлеуұлының басшылығымен шаруашылық елге танымал іргелі кеңшарға айналды. 
      «Саралжын» қой кеңшары Батыс Қазақстан облысының совхоздар басқармасының 1961 жылғы 3 қарашадағы №168 шешімімен құрылған. Бірақ шын мәнінде шаруашылықтың өрлеу кезеңі 1970 жылдардың басында басталды. Сол жылдары Ғафар Кереевтің ұйымдастырушылық дарыны мен еңбекке деген құлшынысы шаруашылықтың дамуына тың серпін берді.
      Кеңшардың жер көлемі 146 361 гектарға дейін ұлғайды. Шаруашылықтың негізгі бағыты – қаракөл қойын өсіру, бағалы қаракөл елтірісін өндіру болды. Қаракөл елтірісі – қазақ даласының ғана емес, тұтас Одақтың мақтанышы. Әлем нарығына шығатын бағалы өнім. Ғафар Кереев басшылық еткен жылдары кеңшардағы қой саны 30 мыңнан асып, жылқы мен ірі қараның да өсімі жоғары деңгейге жетті. 1986 жылғы есеп бойынша шаруашылықта 1403 бас ірі қара, 30 174 қой, 524 жылқы өсірілген.
      Мемлекетке 63 152 центнер ет, 634 центнер сүт, 599 центнер жүн, 3 361 дана қаракөл елтірісі тапсырылған. Бұл – кеңшар тарихындағы рекордтық көрсеткіштердің бірі еді. Ғафар Төлеуұлының басшылық ерекшелігі – адамдарға деген құрмет пен сенім. Ол әр жұмысшының еңбегін бағалап, олардың тұрмысына қамқорлық жасады. Кеңшар жұмысшыларына үй салынып, жаңа мектеп, балабақша, мәдениет үйі бой көтерді. 
      Ғафар аға тек шаруашылықты ғана емес, ауылдың рухани өмірін де қатар алып жүрді. Ән мен жырға жаны жақын азамат ауыл мәдениетінің дамуына да үлес қосты. 
      Ол ұйымдастырған ауылдық концерттер мен мәдени кештер – халықтың рухын көтеретін ерекше мерекелер болатын. Ғафар Кереев сахнаға шығып, кең тынысты, шабытты әндерді шырқап, елдің ықыласына бөленетін.
      «Өнер – адамның жан азығы» дейтін ол жас таланттарға дем беріп, ауыл өнерпаздарының басын біріктіріп, мәдениет үйінің жұмысын жандандырды. Ел арасында: «Ғафардың кеңшарында ән де естіледі, еңбек те қызық!» – деген сөз тараған. Кеңшардың аты шықты. Саралжынның қаракөл елтірісі республика көлемінде танылып, Одақтың түрлі көрмелеріне қатысып, марапаттарға ие болды. Ал сол жетістіктің артында – Ғафар Кереев бастаған ұжымның маңдай тері мен табандылығы жатты. Атап айтсақ:
  •       «Құрмет Белгісі» ордені (КСРО);
  •       «Тың жерлерді игергені үшін» медалі (КСРО);
  •       «Еңбек ардагері» медалі (КСРО);
  •       «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл»мерекелік медалі;
  •       «Ерен еңбегі үшін» - В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» орай мерейтойлқ медаль (КСРО);
  •       «Тоғызыншы бесжылдықтың екпіндісі» төсбелгісі;
  •       «Қаратөбе ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісі.
      Өмірінің 14 жылын ол осы кеңшарды басқаруға арнады. Оның ізін басқан жас мамандар, кейінгі буын – бүгінде сол еңбектің қадірін айтып отырады. «Ғафар ағайдың мектебінен өткен адам жалқау болмайды» – деп еске алады замандастары. Ғафар Кереев үшін басшылық – мансап емес, елге қызмет ету аманаты болды. Ол қарапайым өмір сүрді, бірақ еңбегімен биікке көтерілді. Осы тұста бірге еңбек еткен әріптестері мен Ғафар ағаның көзін көрген ардақтылардың естеліктерімен бөлісе кетейік: 
 
МАХАМБЕТТЕР ТІРІ ЕКЕН...


      Қаратөбе ауданының құт мекені – Саралжын деген ауыл бар. Кеңестік кезеңде «Саралжын» қаракөл кеңшарына басшылық жасаған, шаруашылықтың өрлеуіне елеулі үлес қосқан азамат Ғафар Кереевтің есімімен байырғы тұрғындар жақсы таныс. «Ата көрген оқ жонар» демекші, Ғафар Кереевтің ұрпағы Серік Бралиев пен оның ұлы Абзал Бралиев ауданға сапарлаған уақытында бірге барып қайтқанбыз. Ақсақал Серік Бралиев әке өмірбаянынан сыр шертті. 
      – Әкеміз 1930 жылы туған. Жасынан бейнет көріп өскен. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Қаратөбе ауылындағы мектепте оқыды. Оқу үлгерімі озық, денсаулығы мығым, шымыр жігіт әскери саланы таңдайды. Украинаның Луганск қаласында әскери дайындықтан өткен соң, истребитель-ұшқыш мамандығы бойынша әскери училищеде төрт жыл білім алады. Кеңес одағын Хрущев билеген заманда жойғыштар эскадрильясы таратылды. Содан елге қайтып келді. 
      1957 жылы тракторшы мамандығы бойынша оқу курсынан өтеді. Бригадир ретінде еңбек майданында шыңдалды. Бір жағынан өнерпаз, әнге құмар, сері жігіт те болған. 1963 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты ашылды. Көршілес Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарынан келген студенттер іргелі оқу ордасына ағылды. Әкем ауыл шаруашылығы институтының алғашқы түлегі болды. Оқу үлгерімі озық болды. Осы институт мұрагері – қазіргі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің қабырғасында алғашқы түлек ретінде біраз уақыт портреті ілініп тұрды, – деді Серік Бралиев.

     1968 жылы Қаратөбе аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде жұмыс істеді. Көп ұзамай «Саралжын» кеңшарына бас зоотехник қызметіне ауысты. Жасы отыздан асқан азамат іскерлігімен де, жан-жақты талантымен де көзге түсті. Ғафар Кереев 1972-1986 жылдары кеңшар директоры болды. Кеңшар сол кезеңде одаққа аты шыққан өнім – Қаракөл елтірісін өндіріске шығаратын. Ресми деректерге сүйенсек, БҚО совхоздары басқармасының 1961 жылдың 3 қараша күнгі №168 шешімімен «Аққозы» және «Қалдығайты» кеңшарларының №5 фермалары негізінде «Саралжын» қой кеңшары құрылған. Екі ферма Саралжын және Сәуле елді мекендеріне орналасады. Одан кейінгі жылдары кеңшар құрамы бірнеше елді мекен және фермалармен толықты. Кеңшардың жер көлемі 146 361 гектарға жетті. Шаруашылық негізінен қаракөл қойын өсірумен шұғылданды. Қаракөл елтірісімен даңқы шықты. 
      ...Ауданға сапарымызда желмен бірге жүйткіген көлік Сәуле ауылына келіп тоқтады. «Бұл ауылда санаулы үй қалды. Бірақ бір ерекшелігі, тұрғындар ауыл ішін таза ұстайды. Үйлерінің сыртын жазғы уақытта бәрі бірдей әктеп, ақ жұмыртқадай қылып қояды», – деп әңгімеледі ақсақал Серік Бралиев. Бұл елді мекенде еңбек ардагері Жаһан Оразов тұрады. Ақсақал Ғафар Кереевпен қоян-қолтық жұмыс жасаған. 1972 жылы Сәуле елді мекеніндегі ферма меңгерушісі болып тағайындалды. «Кеңшар директоры Ғафар Кереев мойныма жауапты міндет жүктейтінін айтып, ферма тізгінін ұстатты. Мұнда алғаш қорқақсоқтай келгенім есімде. Шаруашылықты аяғынан тік тұрғызу үшін қысы-жазы тер төгуге тура келді. Алғашқы жылдар мен үшін қиын кезең болды. Малға жайылым тарлық етті. Кеңшар басшылығымен ақылдаса отырып, жайылым мәселесін шештік. Сол кезде қаракөл қойының басы 18 мыңнан асатын. Сақман уақытындағы жұмыс қызу жүргізілетін. Қойлар төлдегенде, қозыларымен ұзын саны 28 мыңға жетіп қалатын. Жыл бойы қарбалас үзілмейтін. Жиырма жыл уақыт осы ауылдан тапжылмай, шопандармен еңбек еттім. Іскер де жайдары адам, кеңшарды ұзақ басқарған Ғафар Кереевтің орны мен үшін бөлек еді», – деді Жаһан Оразов.
      Ақсақал сөзінің жаны бар, кеңестік кезеңде «Саралжын» қаракөл кеңшарының маңдайы жарқырады. Кеңшар басшысы болып әр жылдары Мұса Қадиров, Төлеген Себепов, Ғафар Кереев, Зарлық Муслин, Мақсот Ермеғалиев сынды азаматтар еңбек етті. Олардың қатарында 1972 жылдан бастап директор қызметін атқарған Ғафар Кереевтің орны бөлек. Басшылық қызметін аяқтаған кез – 1986 жылғы есеп бойынша еңбек ұжымы 1403 ірі қара, 30 174 қой, 524 жылқы өсірген. Мемлекетке 63 152 центнер ет, 634 центнер сүт, 599 центнер жүн, 3 361 дана қаракөл елтірісін тапсырған. Кеңшарға қарасты Сәуле және Бесотар ауылдары мен №1 ферма болған. Облыста қаракөл елтірісін Тайпақ, Қаратөбе, Орда, Ақжайық аудандарындағы шаруашылықтар дайындаған. Қаратөбе ауданында Саралжын, Аққозы, Қаракөл кеңшарлары қаракөл қойын өсіріп, асылдандырып, терісін шикізат ретінде дайындаған. Қаракөл елтірісі – туғанына екі-үш күн өткен соң сойылған қаракөл қозысының терісі. Оның түсі қара, қызғылт сұр, көкшіл қызғылт және ақ болып құбылатын. Шикізат сапасына қарай бірнеше сұрыпқа бөлінді. Елтірі бағалы киім тігуге қолданылады. 
      Жақан Оразов Саралжын саңлағы 

      Директор қызметінен босаған соң да, шаруашылықтан қол үзбей еңбек еткен Ғафар Кереев зейнет жасына шығып, ауданның мәдени, қоғамдық өміріне де белсенді араласқан. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған әке ізі туған жерінде сайрап жатыр. Халық ілтипатына бөленген ақсақал 2009 жылы дүниеден озған. Сапар барысында Б. Қаратаев атындағы Саралжын жалпы орта білім беретін мектебінің музейіне бас сұғудың сәті туды. Зәулім мектепте орналасқан музей «Қасиет» деп аталған. Атына заты сай қойылған музейде Саралжынның қасиетті топырағында дүниеге келген небір марғасқалардың фотосуреттері бар. Өткен ғасырда кеңшар бой көтергеннен бастап тасы өрге домалаған кезеңге дейінгі аралықта еңбек еткен ардагерлер туралы мәлімет беріліпті. Ауыл тарихынан сыр шертетін жәдігерлер де көзге түсті. Танымал тұлғалар қатарында алғашқы қазақ заңгері Бақытжан Қаратаев, әдебиет теориясының негізін қалаған ғалымдардың бірі Қажым Жұмалиев, академик Рахымжан Елешов, филология ғылымдарының докторы Отарәлі Бүркітов бар. Ауыл ардақтыларын бекерге тілге тиек етіп отырғанымыз жоқ. «Үш жүзден ән оздырған» Мұхит Мерәліұлы дүниеге келген қасиетті топырақ тарландары да текті болды. Кеңшар басқарған Ғафар Кереев өнер әлемінен алыс емес еді. Мәдениет саласындағы іс-шаралардың бел ортасында жүретін. Көпшілік алдында арынды, кең тынысты әндерді емін-еркін шырқайтын. Кеңестік кезеңде танымал өнер адамдары, ақын-жазушылар, мемлекет қайраткерлерінің ауыл-ауылды аралап, шаруашылық ұжымдарымен кездескені мәлім. Олардың біразы «Саралжын» кеңшарына да ат басын бұрып, талай мәрте мейман болған. Танымал композитор, дүлдүл әнші Әсет Бейсеуов Алматы облысынан келіп, ән маржанын төгіп өткен. Ақ Жайық атырабынан алты Алашқа аты мәшһүр болған Ғарифолла Құрманғалиев та туған жерінде сан мәрте ән қалықтатқан. 1968 жылы Қаратөбе ауданына қазақтың дарынды ақыны Мұқағали Мақатаевтың келгені аңыз болып, ауыздан-ауызға тарап кеткен. Оның қасында белгілі шайыр Хамит Ерғалиев пен қарымды қаламгер Берқайыр Аманшин болған. Олар Шөптікөл ауылында оқырмандармен кездескен соң, Мантай көлі жағасында демалады. Берқайыр Аманшинді туысы Сағын Саралжын ауылына қонаққа шақырады. Бұл жөнінде Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Тілекқабыл Сағынов қызғылықты әңгімелейді.       «Сол кезде совхоз директоры Төлеген Себепов, партия хатшысы Мерген Рахметов болатын. Ақбақай көлінен балық аулап, дала дастарқанынан дәм татқызуды жоспарлап, ұйымдастырған Ғафақаң екен. Аудан орталығынан келген райком өкілі Сәңкібай Қажымұратов алып келген меймандарға әкем Сағын үйінен қонақасы береді», – деді ол. 
      Ауыл іргесіндегі Ақбақай көлі маңындағы Мұхит Мерәліұлы бейіті басына арнайы барған қадірлі меймандардан Хамит Ерғалиев Құран оқиды. Қаратөбе өлкесінің табиғаты тамылжып тұрған сәті болса керек, ақиық ақын Мұқағали мөлдір көл бетіне тамсанып, ауыл жігіттерінің кең пейіл құрметі мен меймандос көңіліне, алып тұлғасы мен асқақ келбетіне риза болып, бір шумақ өлеңді төгіп кеп жібереді. 
      Саралжын деген ел екен, 
      Ақбақай деген көл екен, 
      Аққу-құсы да көп екен, 
      Айнала тегіс гүл екен. 
      Қызғыштар қорып жүр екен. 
      Салттары да дүр екен, 
      Саф алтындардың бірі екен. 
      Жігіттері де ірі екен. 
      Махамбеттер мен Мұхиттар 
      Тірі екен, әлі тірі екен. 

      Осы кезде Мұқағалидың қасында ауылдың алып азаматтары Ғафар Кереев, Амантай Сүлейменов, Қаршыға Бүркітов тұрған деседі. Өнерлінің өрісі кең екенін білетін Ғафар Кереев жас таланттарға қамқор болып та жүрген. 
      «Әнші Жақсылық Сәрсенғалиев он жылдық мектепті бітірген соң, кәсіптік-техникалық училищені бітіріп, ауыл шаруашылығына атсалысты. Еңбекке араласа жүріп, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, өнер көрсетті. Сол совхоздың директоры Жүсіп Мәтжанов пен драма үйірмесін басқаратын ағасы Ғафар Кереев бір күні жас жігітке ақыл қосты: «Сен болсаң басың жас, өнерлісің. Сондықтан Алматыға барып оқуға түсіп, өнеріңді шыңда! Біз «Өзіміздің Жақсылық» деп мақтанатындай әнші болсаң қайтеді», – деген. Жас жігіт аз-кем ойланып қалды. Әр адамда алға қойған мақсат болады. Жақсылықтың көптен мазалап жүрген ойы да осы еді», – деп еске алады БАҚ-тарда жарияланған сұхбатында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева. 
      «Ғафақаң алғашқы облыстық ақындар айтысына қатысқан. «Облыс ақыны» атағын алған Келісті де әдемі, зор дауысымен әсем ән шырқайтын. 1981 жылы Мұхит Мерәліұлының туғанына 140 жыл толуына байланысты ұйымдастырылған мерейтойында Мұхит образын сомдады», – дейді өлкентанушы Тілекқабыл Сағынов. 
      Талай арда азаматтарды қанат қақтырған Саралжын ауылының тұрғындары айрандай ұйып отыр. Бірақ қазіргі уақытта аңыз болған Ақбақай көлінің орны кеуіп жатыр екен. Сол маңда Мұхит Мерәліұлының 165 жылдығына байланысты қойылған кесене үнсіз сыр шертеді. 
      2005 жылдың 22 қыркүйегінде осы мазарды облыс әкімі Нұрғали Әшімов пен ауыл ақсақалы Ғафар Кереевтің салтанатты түрде ашқаны өңір мәдениетіндегі тарихи күн.
      Адамның ең үлкен байлығы – отбасы. Ғафар Төлеуұлының өмірінде де отбасы – тіршіліктің тірегі, қуаныш пен тыныштықтың ордасы болды. 1957 жылы ол өмірлік серігі Утегалиева Уәкиламен танысып, шаңырақ көтерді. Бұл қос жүрек – тағдырдың қос қанатындай үйлесіп, өмірдің бар қызығы мен қиындығын бірге өткерді.
      Уәкила апай 1936 жылы 10 қазанда қазіргі Жәнібек ауданында дүниеге келген. Орда орта мектебін тәмамдаған соң, өзінің бар ғұмырын балалар тәрбиесіне арнап, Саралжын ауылындағы балабақшада меңгеруші болып еңбек етті. 
      Жаны мейірімге толы, пейілі кең, еңбекқор Уәкила апай ауылдағы әйелдерге өнеге болды. Ол – тек жарының тірегі емес, бүтін әулеттің алтын діңгегі еді. Екеуінің отауы махаббат пен сыйластыққа толы, берекелі шаңырақ болды. Ғафар мен Уәкила он бір баланы өмірге әкеліп, елге сыйлы ұрпақ тәрбиеледі. Олардың әрқайсысы әке жолын жалғап, ел игілігі үшін түрлі салада еңбек етті.
      Бралиев Серік Ғафарұлы – өмірін білім саласына арнаған ұстаз, зейнет жасында. Жұбайы – Жұмағалиева Қазира Ермекқызы, дәрігер болып еңбек еткен, бүгінде зейнеткер. Төрт баласы бар. Олар – әке-шеше жолын жалғаған, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген еңбек адамдары.
      Кереева Шолпан Ғафарқызы – ақ халатты абзал жандардың бірі, ұзақ жылдар бойы дәрігерлік қызмет атқарған, бүгінде зейнеткер. Жолдасы – Мамбетов Мейрамбай Екпінұлы, педагогика саласында еңбек еткен ұстаз, зейнеткер. Үш баланың ата-анасы.
      Кереев Адақ Ғафарұлы – көлік жүргізушісі, өмірін адал еңбекпен өткізген, зейнеткер. Жұбайы – Әбдікаримова Раухел Орынбасарқызы, байланыс саласында (АТС бөлімінде) қызмет атқарған, зейнеткер. Бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі ата-ана.
      Кереев Азат Ғафарұлы – мәдениет саласында ұзақ жылдар қызмет етіп келе жатқан ел азаматы. Өнер мен руханиятқа жақын, ауыл мәдениетінің дамуына өз үлесін қосып жүрген тұлға. Жұбайы – Айталиева Таңсәуле Есенғалиқызы, кітапханашы болып қызмет атқарған, бүгінде зейнет жасында. Отбасында екі ұл, бір қыз өсіп келеді.
      Кереева Маржан Ғафарқызы – іскерлігімен танылған кәсіпкер әйел. Жолдасы – Нурушев Нұржан Жауынбайұлы, жеке кәсіпкер. Олар екі баланы – бір қыз бен бір ұлды тәрбиелеп, отбасылық ынтымақ пен еңбектің үлгісін көрсетіп отыр.
      Кереев Айшуақ Ғафарұлы – көлік жүргізушісі, адал еңбегімен күн көрген, өмірден ерте өткен азамат. Жұбайы – Кәдіржан Әлия Кәдіржанқызы.
      Кереева Шарбану Ғафарқызы – білім мен мәдениет саласын қатар ұштастырған нәзік жандылардың бірі. Қазір Теректі колледжінің кітапхана меңгерушісі болып қызмет етеді. Жолдасы – Бүркітов Жарылғаған Хайралыұлы, Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің дене шынықтыру бөлімінің жетекшісі. Екі баласы бар – білімді, тәрбиелі ұл-қыздар.
      Кереев Абат Ғафарұлы – туған жердің топырағын қадірлей білетін еңбек адамы, өз күшімен шағын жеке шаруашылығын дөңгелетіп отыр, қара шаңырақтың иесі. Жұбайы – Шанашева Жайнагүл Есенгелдіқызы, мектепте қызметкер. Төрт баласы бар – әрқайсысы ата-анасының үмітін ақтап келе жатқан өнегелі ұл-қыздар. 
      Кереев Асхат Ғафарұлы – «адамға қызмет – ізгілік» қағидасын ұстанған, жедел жәрдем көлік жүргізушісі болып еңбек етеді. Жұбайы – Жантлеуова Айнұр Жалғасқызы, Б. Қаратаев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі. Үш перзент – екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
      Кереева Динара Ғафарқызы – ұстаздықты өз өмірінің бағыты еткен жан. Әлкей Марғұлан атындағы №71 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі. Жолдасы – Тұрмұхамбетов Мұхас Қуатұлы, жеке кәсіпкер. Төрт баласы бар: бір ұл, үш қыз – отбасына шаттық сыйлап отырған жас ұрпақ өкілдері.
      Міне, осылайша Кереевтер әулеті – адал еңбектің, бірлік пен татулықтың символына айналды. Бұл әулеттің ұрпақтары елдің түкпір-түкпірінде түрлі салада еңбек етіп, ата-ана атына кір келтірмей, аманатын арқалап жүр. 2004 жылы жары Уәкила апай дүниеден өтті. Ал 2009 жылы ел құрметіне бөленген Ғафар ақсақал да бақилық сапарға аттанды. Бірақ артында қалған ұрпағы мен ел жүрегіндегі ізі – оның мәңгі өмірін жалғап тұр. 
      Ғафар Кереевтің өмірі – адалдық пен еңбектің, білім мен парасаттың жарасым тапқан шежіресі. Ол қарапайым ауыл баласынан елдің тірегіне айналған азаматқа дейінгі жолды жүріп өтті. Әр белесі – бір ғибрат, әр ісі – бір тағылым.
      Ол ел үшін еңбек етті, ұжым үшін тер төкті, ұрпақ үшін өнеге қалдырды. Басшылықта әділ, отбасында мейірімді, қоғамда абыройлы болды. Қарапайым тіршіліктің өзінен ұлылықтың нышанын таба білген адам еді. Адамның өмірі өлшеулі, бірақ оның ісі мен сөзі, артында қалдырған ізі өлшеусіз. Ғафар Төлеуұлының өмір жолы – ұрпаққа үлгі, елге аманат. Ол – туған жерін түлеткен тұлға, елі сүйген ер, еңбегімен биікке көтерілген азамат. Бүгінгі ұрпақ оның өмірінен бір ғана сабақ алуы тиіс: еңбек етсең – еленесің, елге қызмет етсең – есің мәңгі сақталады. Солай, «Өмірін ел игілігіне арнаған абзал азамат» – тек бір адамның өмірбаяны емес, бүтін бір дәуірдің рухани айнасы, ел еңбегінің, қазақы қайсар мінездің көрінісі.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...