Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, «Қызыл-ағаш» шаруа қожалығының негізін қалаушы,
ІІІ-дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері
Еңбекпен есейген ел ағасы
Қазақтың кең сахарасы талай ердің тағдырын айқындап, талай еңбектің терін сіңірген құт мекен. Сол даланың төсінде еңбекпен шыңдалып, маңдай терімен мағына тапқан азаматтар бар, олар уақыттың өзіне өрнек салып, бір қауым елдің тіршілігіне тіреу болған тұлғалар. Малшыбаев Қойшыбай Иманалыұлы – сондай жандардың дарасы, еңбекті өмірінің өзегіне айналдырып, ауыл шаруашылығының ауыр жүгін азаматтық салмақпен көтеріп келе жатқан майталман.
![]()
Қазақтың шаруашылық дәстүрін кәсіби деңгейге көтерген, трактордың үнін даланың тынысымен үйлестіріп, қой өргізіп, ел ырысын еселеген бұл азаматтың жолы – бір өмірдің ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі. Оның әр күні – қарапайым көрінгенімен, мағынасы бар терең еңбек. Ауылдағы қара топырақтың иісін кеудесіне сіңіріп өскен адамға туған жердің әр белесі – аманат. Қойшыбай Иманалыұлы осы аманатты еш мүдірмей, елге қызмет етудің ең шынайы жолымен өтеп келеді.
Босағаның бозжусанды белдері мен жіңішке өзектерін жарып аққан самал жел әлі күнге дейін өткен күннің үніне толы. Сол желді құлақ түре тыңдасаңыз, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан қазақ тіршілігінің, малшылар шежіресінің, еңбек адамдарының тиянақты қимылының жұпар лебін сезесіз. Ешкіөлмес қыстағының ертеңгі шуағына бөленген 1941 жылдың қоңыр күзінде дүниеге келген оның алғашқы тынысы – сол жақпар тасты, қоңыр төбелі өлкенің иісімен ұштасқан.
Дүниеге келген жерінің табиғаты адамға мінез береді деген сөз бар. Түтіні түзу шыққан отбасылар Ешкіөлмес мекенінен талай тараған. Құшағы кең, қысы қатты, жазы шырайлы сол мекен Қойшыбайдың да болашақтағы қайсарлығын, тіршілікке деген төзімін ерте қалыптастырғаны анық. Көшпенді жұрттың қоңыр тірлігін бойына сіңірген бұл өңірдің әр сайы, әр жазығы – тіршілік сабағы. Сондықтан да болар, ол дүниеге келген күннен бастап дәл осы даламен тағдырлас болуға жазылған жан еді.
![]()
Әкесі Иманәлі – момын мінезді, шын дала адамы болатын. 1899 жылы жарық дүние есігін ашқан Иманәлі жастайынан аттың жалында, түйенің қомында өскен. Жерге жақын адамның өмірі ешқашан жеңіл болмағаны белгілі. Тіршілік түйінін тарқысыз ету үшін төккен маңдай тері тағдырдың өзінен бұрын сөйлеп тұратын.
Соғыс басталғанда, туған жердің түтіні тіпті қоюланып, әр шаңырақтың жүрегіне уайым ұялаған шақта, Иманәлі де Қарасаз колхозындағы жұмысын тастап, ел қорғауға аттанды.
Қойшыбайдың әлі бесіктен белі шықпаған шағы. Майдандағы төрт жыл оның тәнін ғана емес, жанын да жаралады. 1945 жылы аяқтан алған ауыр жарағы оның еңбекке деген қабілетін кеміткенімен, елге деген адалдығын әлсірете алмады. Үйіне оралған соң сол баяғы колхоздың Ақсеңгір фермасында жұмысын қайта жалғады.
Иманәлінің өмірі – «ердің құны еңбек» деген ұғымның дәл өзі еді. Қолына тиген шаруаны қалдырмайтын, істің қай тұсынан болсын жауапкершілікті мойнынан түсірмейтін, қарапайым тірліктің қадірін жақсы білетін адам болды. Ең бастысы – елге салмақ салуды ар санады. Сол ардың салмағы оның қысқа ғұмырын да күрделендіргендей. 1952 жылдың көктемінде өкпесіне тиген суық оны да алып тынды. Бірақ артына қалдырған өнегесі әлі талайға шамшырақ.
![]()
Қойшыбайдың анасы Зейнекүл – тылдың таудай еңбегін арқалаған қазақ әйелдерінің бірі. 1906 жылы туған ол да ел басына күн туған шақта ерлермен бірге еңбек даласының ауыр жүгін көтерді. Соғыс жылдары өгіз жегіп, соқа айдап, арбаға шөп тасыды. Қазақ әйелі ешқашан мойымаған, ал Зейнекүл сол ерлік дәстүрін өзінің күнделікті тұрмысымен дәлелдеген жан. Қарасаз колхозында сауыншы болып жүріп, бір үйдің ғана емес, тұтас ауылдың берекесін ойлаған.
Әкесі дүние салғаннан кейін отбасы Жылыбұлақ колхозына қоныс аударады. Сол жерде Шәкірат атты ақсақал қой бағып, қара жұмысқа қолғабыс ететін балаға мұқтаж болатын.
Қойшыбайдың тұла бойы әлі жас болса да, еңбектің емеурінін ерте сезген еді. Ол Шәкірат қарияның қасында жүріп қозы бағудың, мал ішіндегі тәртіптің, табиғаттың тілін түсінудің қыр-сырын меңгере бастады. Дала мектебінің алғашқы сабағы оған осылай берілген. Туған жердің топырағы оған мінез, әке еңбегі – жауапкершілік, ана мейірімі – төзім сыйлады. Осы үш қасиет кейін Қойшыбай Иманалыұлының бүкіл өмір жолының темірқазығына айналды.
![]()
Ауыл мұғалімдерінің бейнесі оның есінде мәңгілікке сақталған. Олар – қардың боранында да, күннің шақырайған ыстығында да балалардың көзін ашу үшін жанын салатын қарапайым, бірақ қадірі биік жандар болатын. Дегенмен ауылда оқу деген – тек дәптер мен қаламға үңілу емес, ол – бір қолыңда кітап, бір қолыңда кетпен ұстап өту деген сөз. Мектептен келе сала, үй тірлігіне жегілетін. Кейде қозы бағуға, кейде отын-суға көмектесетін. Еңбекке бейімделген бала үшін оқу – бір демалыс сынды еді. Қызыл шақа өмірдің алғашқы ауыртпалығын сезіп өскен бала болғандықтан, білімнің қадірін ерте ұқты.
Жетінші сыныпты аяқтаған тұста өмірдің жаңа кезеңі есік ашты. Әкеден ерте қалған баланың мойнына туған-туыстың, үйдің, шаруаның жауапкершілігі түсті. 1957 жылдан бастап Қойшыбай еңбектің ауыр жүгін өзі көтере бастады. Әлі толық ер жетпеген жасөспірімнің қолына өгіз жегіп, жер жыртып, шөп шауып жүрген күндері дәл сол кез еді. Косилка К–1,2 секілді техникаларды меңгеруі – оның азамат ретінде қалыптасуының бір белесі. Ол техниканы құрал ретінде емес, жердің тілін түсіндіретін серік ретінде қабылдады.
Уақыт алға жылжыған сайын ауыл шаруашылығы жаңа техниканың тілін білетін
![]()
мамандарды қажет ете бастады. Осындай бетбұрысты кезеңде Қойшыбай да заманға сай маман болудың маңызын түсінді. 1961 жылдың желтоқсан айында Босағадан 11 жігіт Қарағандыға оқуға аттанғанда, олардың арасында Қойшыбай да бар еді. Бұл сапар – оның тағдырын жаңа арнаға бұрған, болашақ еңбегінің іргесін бекіткен шешуші қадам.
Свердлов совхозындағы УМСХ–28 училищесі – жас жігіт үшін өмірдің екінші мектебі іспетті болды. Мұнда ол тек трактор мен комбайнның құрылымын жаттап қойған жоқ, техниканың мінезін, темірдің тілін түсінуді үйренді. Бес айлық курс оның көзқарасын өзгертті. Техника – шыдамдылық пен тиянақтылықты талап етеді. Жерге қызмет етемін деген адамның қолы да, ойы да дәлдікке, ұқыптылыққа бейім болуы керек. Қойшыбай осы талаптардың бәріне толық сай келетінін дәлелдеді.
Уақыт адамды талғап сынамайды, бірақ әркімге өзіне лайық жолды ұсынады. Қойшыбай Иманалыұлының училищені тәмәмдап, 1965 жылы туған ауылына қайта оралуы – бір дәуірдің жаңғырып, жаңа белестің басталған сәті еді. Ешкіөлмес пен Босағаның арасында құлдилап жатқан кең алқап сол жылы ерекше қоңыр тірлікке толы болатын. Осындай шақта Қойшыбай тізгінді бірден қолына алды.
![]()
Жас маман тракторға отырған күні даланың үні оған адамша сөйлегендей болды. Темірдің ыстығына қол үйретіп, мотордың әр дірілін жүрегімен сезіп, көктемгі жердің жұмсақ қабатын жыртқанда, ол өз еңбегінің тағдырын анық аңғарғандай еді. Сол жылды ауыл халқы әлі күнге дейін ерекше еске алады: бір маусымда 500 гектар бидай, 300 гектар арпа егілді. Бұл – жай сан емес, зор төзімнің, табандылықтың, дәлдік пен ұйымдастырудың нәтижесі.
1965 жылы жауапкершілігі мен тынымсыз еңбегінің арқасында №2 фермаға бригадирі болып тағайындалды. Бұл қызмет – құр атақ емес, бүкіл бригаданың жұмысы, техникасы, тәртібі, күндік жоспары оның мойнында деген сөз. Жасы отызға толмаған жігітке мұндай сенім беру – оның бойындағы қабілетті елдің ерте танығанын көрсетеді.
Жылдар алға жылжыған сайын тәжірибесікөбейіп, маңайындағы адамдарға сөзі өтімді бола бастады. 1976 жылы №3 фермаға басқарушы болып ауысуы – оның қайраткерлік қабілетін айқындаған кезең. Басқарушы деген – жай ғана басқаратын адам емес, бір қауым елдің тұрмысын, техникасын,
![]()
малын, қыстауын, жазғы жайлауын, барлық тіршілік қан тамырын үйлестіріп отыратын тұлға.
Еңбек майданы оны одан әрі шыңдады. 1978 жылы мастер-наладчик болып бекітілгені – техникаға деген епті қолдың, есепке жүйрік ойдың нәтижесі еді. Техника тоқтаса, жұмыс тоқтайды. Сондықтан Қойшыбай үшін әр бұранда, әр білік, әр майлау – жай бөлшек емес, бүтін бір шаруашылықтың жүрегі болатын.
1979 жылы механик қызметін атқара жүріп, сол жылдың 16 сәуірінде қайтадан №2 фермаға бригадир болып тағайындалуы – оның кәсіби жолының шырқау сәттерінің бірі. Жігіттер оның сөзін екі етпей, ал үлкендер еңбегін бағалайтын. Ол соның бәрін мінсіз атқарды.
Уақыт өз талабын қояды. 1990 жылдың 23 мамыры Қойшыбайдың өмірінде жаңа дәуірдің есігін ашқан күн болды. Ол Қызыл-ағаш қыстағында бір отар қой алып, 850 басқа иелік етті. Бұл – нағыз малшының шыңына шығатын кезеңі. Мал ұстау – есеп пен шыдамның, түн ұйқысы мен күндізгі қамның, қырағылық пен ақылдың тоғысқан өнері. Еңбек даласында шыңдалған Қойшыбай үшін бұл қадам – қорқыныш емес, жауапкершілік еді.
1991 жылы жеке шаруа қожалығын құруы – оның өмір жолын елден даралаған шешім. Шаруашылықты өзі бастап, өзі жүргізіп, оны Шет ауданының алдыңғы қатарлы қожалықтарының біріне айналдырды. Қойшыбай Иманалыұлына берілген ІІІ дәрежелі Еңбек Даңқы ордені мен басқа марапаттар – оның ұзақ жолының нақты айғағы ғана. Бұл марапаттардың салмағы – әрбір күндік еңбектің, әрбір түнгі
![]()
жауапкершіліктің, әрбір қысқы қыстаудың, жазғы жайлаудың төленген ақысы.
Жылдар өте келе, ауылдың дауысына айналған Қойшыбай ақсақалдық жолға қадам басты. Ақсақалдар алқасын 10 жылдан аса басқаруы – оның адамгершілік беделін айқындайтын тағы бір биік. Ақылын тыңдағанға айтар сыны да, бата сұрағанға берер алғы сөзі де дайын тұратын. Қарапайымдылығы – оның шапаны, көрегендігі – оның асасы іспетті еді. Ал бүгінде шаруа қожалығын баласы Бауыржан жалғап отыр. Қызыл-ағаш қожалығы – әкенің қолымен қаланған іргесі берік шаңырақ, ұрпақ жалғастығының көрінісі.
Осылайша Қойшыбай Иманалыұлының еңбек жолы – бір адамның ғұмыры емес, тұтас бір елдің еңбек шежіресі секілді. Бұл жолда тер де төгілді, тәжірибе де жиналды, абырой да қалыптасты.
Еңбекпен есейген азаматтың рухани кемелдену жолы да ерекше. Мәселен, 2000 жылдың ақпанында ол Жаратқанның қалауымен мұсылманның бес парызының бірі – қажылық сапарын өтеп, рухани тазарудан өтті. Бұл сапар оның жүрегіндегі имандылық нұрын арттырып қана қоймай, елге деген қамқорлығын жаңа белеске көтерді. Соның айқын дәлеліндей, 2005 жылы туған жері Босаға ауылында зәулім мешіт тұрғызды. Бұл ғимарат тек құлшылық орны емес, халықтың бірлігін бекемдейтін, жастарды имандылық пен ибалылыққа баулитын рухани тәрбие ошағына айналды. Осылайша, ол елдің көркеюіне ғана емес, ұлттың рухани дамуына да өлшеусіз үлес қосты.
Жаратқан әр пендесіне өз сынын береді, бірақ адамның адамдығы сол сынақты қалай еңсергенінен көрінеді. Қойшыбай Иманалыұлы үшін өмірдің ең үлкен несібесі – маңдайына жазылған адал жар, артынан өрген бала-шаға еді. 1962 жылы өзі сияқты еңбекпен есейіп, төзіммен пісіп жетілген Несіпкүл атты қойдай
![]()
момын, нардай төзімді, текті әулеттен шыққан сұлу жанмен шаңырақ көтеруі – оның өміріне тыныс берген, төзіміне тірек болған жаңа дәуірдің бастауы болды.
Несіпкүл – қазақ келіндеріне тән иба мен ақылдың, кеңдік пен сабырдың тұнық бейнесі еді. Біреулер отбасын шаттық деп түсінсе, енді біреулер тірліктің ауыр жүгін жеңілдететін орта деп ұғынуы мүмкін. Ал Қойшыбай үшін отбасы – өмірдің өзегі, еңбектің шеңберін толықтырып тұратын алтын діңгекке айналды. Екі жас қосылған күннен бастап олардың шаңырағы тек қуаныш емес, еңбек пен жауапкершіліктің де ордасы болды. Үйдің де, түздің де қазанын бірдей қайнатып, бірге жүріп, бірге еңсерген тірлік олардың арасындағы сыйластықты одан сайын бекітті.
Бағзы қазақ «Ұл – әкенің айнасы, қыз – ананың қазынасы» дейді. Сол айтқандай, Қойшыбай мен Несіпкүлдің шаңырағынан тараған он ұл-қыз – бұл әулеттің ғана емес, елдің де көркі. Әр баланың өзіндік тағдыры, өзіндік мінезі, өмірге салған ізі бар, бірақ барлығының жүрегінде әкенің адалдығы мен ананың мейірімі қалды. Әрқайсысы бөлек тағдыр, бірақ бәрін біріктіретін – туған үйдегі тәрбие мен еңбекке деген құрмет.
Үлкені Нұрлан – әкенің алдында жарқылдап өсіп, уақыттан оза шауып, тағдырдың қиындығын ерте ұғынған жігіт еді. Ол өмірдің мағыналы сәттерін толық көрмей кеткенімен, артында қалдырған екі ұлы мен бір қызы – оның жүрегінің жалғасы. Әке көргендіктен шығар, Нұрлан да жауапкершілігі мол, адал жан болған. Ажалдың қақпасын ешкім жауып қалмаса да, артында қалған ұрпағы соның орнын толтырып тұрғандай.
Екінші ұл Нұржан – әулеттің кәсіпке бейім, шаруаны іскерлікпен үйлестіре білетін перзенті. Қарағанды қаласында өз ісін дөңгелетіп, шағын кәсіптің өзінен үлкен табыс пен тиянақтылық жасауға болатынын дәлелдеді. Оның үш ұлы – өркен жайған жас шыбық секілді, ата жолын қуған еңбекқорлықтың белгісі.
Үшінші болып өмірге келген Ауезгүл – әке көңіліндегі мейірімділік пен ана бойындағы сабырдың нәзік келбетке айналған көрінісі.
Зейнет жасына келсе де, өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған, адал еңбектің шуағын көрген жан. Жолдасымен бірге Қарағанды қаласында тұрып, екі қызы мен ұлын өрбіткен. Бұл қыз – әкеге тірек, шешеге медеу болған инабаттың белгісі.
Төртінші перзент Бауыржан – қара шаңырақтың иесі, әке аманатын жалғастырған азамат. Қызыл-ағаш шаруа қожалығын өз қолына алып, әке бастамасын үзбей, іргесін одан сайын кеңейтіп келе жатқан еңбек адамы. Әкесінің әрбір сөзі, әрбір ісі оның бойынан көрініп тұрады. Үш ұл мен бір қызды тәрбиелеп, ауылдағы тірліктің тұтқасын ұстаған бұл азамат – әулеттің тірегі ғана емес, әке еңбегінің жалғасы.
Бесінші бала Бақытжан – өмірге деген талпынысын өнеркәсіп жолынан тапқан. «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» зауытында еңбек етіп, техниканың тілін меңгерудің әке қанымен келген қасиет екенін дәлелдеді. Төрт ұл, екі қызды тәрбиелеп отырғанының өзі оның да үй мен түздің тірлігін тең ұстайтын азамат екенін көрсетеді.
Алтыншы перзент Гүлзада – отбасының сәні мен жылуы, елдің іргелі тірлігіндегі сыздықты еңбектің көрігін қыздырып жүрген жан. Ағадыр кентіндегі спорт басқармасында қызмет атқарып, үш ұл мен бір қызды тәрбиелеп отыр. Оның өмірге деген шынайылығы мен еңбекқорлығы ата-анасынан дарыған.
Жетінші қыз Гүльнара-Босаға ауылында тұрады.Тігін кәсібімен айналысып, он қолынан өнер тамған, өз ісінің шебері. Екі ұл мен бір қызды тәрбиелеп отырған бұл жан-қазақ қызының парасаты мен ұқыптылығынын айнасы.
Сегізінші ұл Нұрғали – елорда төрінде кәсіпкерлік жолын жалғастырып, қай ортаға барса да өзінің орны мен сөзін айқындай алатын жігіт. Бір қыз, екі ұлдың әкесі, ел ішіндегі іскер азаматтардың бірі.
Тоғызыншы қыз Айнұр – ата-ананың мейірімін сезінген, бала күнінен-ақ үлкендердің тәлімін бойына сіңіріп өскен қыз. Бір қыз,екі ұлдың анасы болып,отбасының берекесін келтіріп отыр. Оныншы ұл үйдің кенжесі – Нұрхан,кішкентай кезінен зерек,еңбекқор,білімді болып өсті. Қазақ мемлекеттік заң Академиясын аяқтап,қазіргі кезде Қарағанды қаласында мамандығы бойынша қызмет етуде. Жұбайы Маржан екеуі төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.
Он перзент – он түрлі тағдыр. Бірақ олардың бәрі бір қайнардан – сол бір шаңырақтың қасиетінен нәр алған. Әрқайсысының жүрегінде әке еңбегінің ізі, шеше мейірімінің нұры бар. Бүгінде сол балалардың өсіп-өнгені, немере-шөберелердің шат күлкісі – Қойшыбай мен Несіпкүлдің ең үлкен бақыты. Әулеттің ырысы да, мерейі де сол – ұрпақтың амандығы, бірлігінің берік болуы.
Қойшыбай Иманалыұлы үшін отбасы – өмірдің түп тамыры, ал ұрпақ – сол тамырдан өсіп шыққан мәуелі бұтақтар. Дәуір алмасса да, тірлік өзгерсе де, адамды танытатын да, уақытпен бірге жасайтын да – осы отбасылық іргетас. Оның нығайған шаңырағы – әкенің адалдығының, ананың мейірімінің мәңгілік айғағы.
Қойшыбай Иманалыұлының өмір жолына көз жіберген адам оның ғұмырының әр белесі еңбекпен көмкеріліп, туған жерге деген адалдықпен шегеленгенін бірден аңғарады. Ол – маңдай тердің қадірін білген, ел алдындағы жауапкершілікті ешқашан еңсермей қоймаған, өрісін де, өрісіндегі малын да, жұмысын да, адамын да бағалай білген дала перзенті.
Уақыттың ағысы талай тарауды өзгерткенмен, оның жүрегіндегі тұрақты құндылықтар – еңбекке деген құрмет, ұрпаққа деген мейірім, елге деген сүйіспеншілік – ешқашан бәсеңдеген емес. Бүгінде артында құт-берекесі тасып тұрған әулет, ізіне ерген саналы ұрпақ, еңбегімен өрнектелген ел ықыласы бар. Қазақ даласының кеңдігі секілді, оның ғұмыр жолы да кең тынысты, мағынасы терең. Осындай тұлғалардың бар екені – ұлттың нығыз тірегі, ауылдың ажары, елдің есесі.