Биғазиев Мақсот Биғазыұлы, Бисенбайқызы Танзила

Рейтинг:

Өнегелі әулет

      Қазақ даласында адам ғұмыры жылдармен өлшенбейді, маңдай тер, елге сіңген еңбегімен, ұрпағына қалдырған өсиетімен бағаланады. Тіршіліктің тар жолында қарапайым еңбектің қадірін білетін, ел ішінің берекесін сақтап, дәстүрдің жібін үзбей жалғайтын жандардың өмірі әрқашан қастерлі. Осындай қасиетті тұлғалардың қатарында Мақсот Биғазыұлы мен оның өмірлік жары Танзила Бисенбайқызының да орны ерекше.
      Саналы ғұмырын мал шаруашылығына, соның ішінде шопандықтың ауыр да абыройлы қызметіне арнаған Биғазиев Мақсот Биғазыұлы 1936 жылдың 24 қаңтарында Батыс Қазақстан облысының, Ақжайық ауданына қарасты Алғабас ауылындағы Нагибин аталатын жерде дүниеге келді.
      Асқар тау әкесі Биғазы – бір қолымен таяғын ұстап, бір қолымен тіршіліктің жүгін көтерген, мал соңында жүріп маңдай терімен күн көрген, таяғы құт болып, қысы қытымыр, жазы ыстық даланың қыры мен сырын жанымен сезінген шопан еді. Ауыл жұрты оның қой өрісін дәл ұстайтын ептілігін, мал баласының тілін білетін шеберлігін ерекше бағалап, еңбегін еліне еткен адалдығымен әспеттейтін.
      Ал Анасы Шекер – жүрегі мейірімге толы, жары мен балаларының амандығын Алланың берген үлкен несібесі санап, алтын құрсақты ардақты жан болатын. Жібек пен Мұстақима, Мүсілима үш қыз бен екі ұл Мақсот, Мұханбедиярды дүниеге әкеліп, олардың әрқайсысын әлдиімен тербетіп, аялап өсіріп, адамдықтың жолына салған асыл ана еді.
      Биғазы мен Шекердей қарапайым да алғыр, еңбекке берік ата – ананың шаңырағында өсіп, сол кісілердің мінезінен рух алып, соның тәрбиесімен сусындаған Мақсот Биғазыұлының өмір жолында еңбекқорлық пен елге деген адалдықтың өзек болуы – ешқашан кездейсоқтық емес, тектің тамыры мен тәрбиенің тал бесікте берілгендігінде жатыр еді.
      Алғабас ауылындағы жеті сыныптық шағын мектепте білім алған Мақсот Биғазыұлы мектеп қабырғасынан шығысымен колхоздың қыруар шаруасына араласып, әкесінің жолын жалғастыруды парызы деп қабылдады. Әке құрығын қолына алып, қой соңына түскен бозбаланың жүрегі де, мінезі де дала өмірінің салмағын көтеруге дайын еді. Сөйтіп, ол шопандықты өмірлік кәсібіне айналдырып, 40 жыл бойы өрістің тынысын білетін, төрт түліктің тілін тапқан, еңбегінің қызуы көрінетін таңдаулы шопандардың біріне айналды.
      Мақсоттың салмақты, сабырлы мінезі, айтқан сөзінен қайтпайтын адалдығы және күн – түн демей мал басын аман сақтап, шаруашылыққа сіңірген еңбегі ел назарынан тыс қалған жоқ. Жастығына қарамастан, жауапкершілікті терең сезініп, жұмысына жан – тәнімен берілгендігін көрген басшылар оның азаматтық ұстанымын жоғары бағалап, партия қатарына өтуіне жол ашты.
      Одан әрі еңбекке ерте араласқан Мақсот Биғазыұлы ел азаматтарына тән міндеттен қашпай, Кеңес әскері сапына алынып, Отан алдындағы борышын Мәскеу өңіріндегі Можайский ауданында өтеп келеді. Қарулы күштердің қатаң тәртібі мен жауапты міндеттерге толы әскери өмір де оның мінезін шыңдап, тәртіп пен төзімділіктің нағыз мектебіне айналды.
      Әскер қатарында жүрсе де, ол өзінің ішкі жігері мен салмақты болмысының арқасында өзгелерден дараланып, офицерлермен қатар отырып партия жиналыстарына қатысуға мүмкіндік алған бөлімдегі жалғыз жауынгер болды. Можайскийдің қақаған аязынан, Мәскеу маңындағы жауын – шашын мен ұзақ сапарлы жаттығуларынан шыңдалып қайтқан Мақсот Биғазыұлы ауылына оралғанда, бұрынғыдан да бекем, бұрынғыдан да сабырлы, елге де, еңбекке де шынайы берілген нағыз азамат ретінде қалыптасқан еді.
      Шопандықтың ауыр да шыдамды еңбегіне ден қойған Мақсот Биғазыұлы талай жылғы тынымсыз тіршіліктің бел ортасында жүрсе де, адал еңбек пен тиянақтылықты серік етіп, әр маусым сайын мал басын аман сақтап, қыстың қары, жаздың аптабына қарамай шаруашылықтың жүгін шын жанашырлықпен көтере білді. Қой өрісін ертелі – кеш күзетіп, төлді көбейтіп, колхоздың жоспарларын артығымен орындауы оның есімін ауыл-аймаққа ғана емес, аудан мен облысқа да танытқан еді.
      Еңбектің өтеуі – марапат. Шопандық қызмет атқарған жылдары Мақсот Биғазыұлы түрлі деңгейдегі жетістіктерге қол жеткізіп, шаруашылықтың алғысына бөленді. 1970 жылы облыс көлемінде берілетін ең жоғары марапаттардың бірі – «Лучший чабан области» атағына ие болуы оның кәсіби шеберлігінен туған әділ баға еді. Бұл марапат жай ғана атақ емес, Мақсот Биғазыұлының мал шаруашылығын терең меңгерген, қыстақ пен өрістің бар ауырлығын өз иығымен көтерген, қой өсіру ісіне жанын салған нағыз еңбек адамы екенін көрсететін айқын дәлел болатын.
      Таңғы салқын самалын мал иісімен аралас сезінген, мал өрісі мен ауыл тіршілігіне ерте бой үйреткен бозбаланың балалық шағы елдің еңсесін тіктеген соғыстан кейінгі қиын кезеңмен тұспа – тұс келіп, өмірдің ауыртпалықтары оның бойына төзімділік пен қажыр – қайратты ерте дарытты.
      Даланың кеңдігі мен табиғаттың тәрбиесін қатар көрген Мақсот Биғазыұлы, жастайынан ер – тұрманға жақын болып, мал соңында жүріп еңбекке бейімделді. Аласапыран уақытта күннің ыстығы мен жауынның астында жүрсе де, еңбектің адалдығы мен кәсібінің қадірін жастай сезінді. Осылайша, қарапайым шаруаның қалың ортасында жүріп қалыптасқан оның тағдыры шопандықты өмірлік мұратына айналдырып, қысы қыраулы, жазы аптап даланың әр түйір тасына еңбегінің табын қалдырды.
      Мақсот Биғазыұлының есте сақтау қабілеті ерекше болғаны ел ішінде көп айтылатын, ерте дәуірдің әңгімелерін, көненің өнегесін, салт – дәстүр мен әдет – ғұрыптың нәзік өрімдерін жадында жаңғыртып қана қоймай, оларды жыр шумақтарымен үйлестіріп, әдемі мақалалармен көркемдеп, керек кезінде суырып салма ақындық өнерін жарқыратып, домбыраның қоңыр үнімен жеткізетін. 
      Қай ортада жүрсе де, ағайын – туыстың, көрші – қолаңның, дос – жаранның көңілін көтеріп, берекесін кіргізіп жүретін Мақсот Биғазыұлы қыз ұзатқанда немесе келін түсіргенде арнайы үлкен бас құда ретінде шақырылып, төрінде отырып, атқарған құдалық қызметі мен айтқан ақылы, көрсеткен жолы отбасының берік болуына, екі жақтың татулығына негіз қалайтын.
      Ұзатып апарған қыздарының барған жеріне тез сіңісіп, абыройлы келін болуына, ал әкелген келіндерінің ата – енесін құрметтеп, әулетке бірден үйренісіп кетуіне дәл осы Мақсот Биғазыұлының көрегендігі, сөз ұстар кемелдігі оның ақ батасы мен ақылға толы сөзі әр шаңыраққа құт дарытып, ұрпақтар арасындағы үндестікті нығайтып отыратын.
      Мақсот Биғазыұлы өмірдің өзекті ақиқатын, көргені мен түйгенін, көңілге түйген сырын босқа жоғалтпайтын, жүрек қазынасын іште қалдырмайтын жан еді. Сол себепті де ол ел ішінде айтылатын небір тағылымды оқиғаларды, аталардың аманатындай салт-сана мен дәстүрдің мәйегін, тіршіліктің қатпарлы сәттерін қағаз бетіне өлең қылып түсіріп, өз өрнегімен өріп отыратын.
      Көңіліндегі күй мен сезімді қара өлеңге айналдырып, кейде жыр жолдарына сыйғызып, өз қолымен жазып қалдырған шумақтары – оның рухани болмысының айнасы, жүрекке жақын сөз өнеріне деген табиғи қабілетінің белгісі еді. Өмірдің шуағы мен бұлтын өлеңмен жеткізген Мақсот Биғазыұлы қағазға түсірген әр жолына өз жүрегінің жылуын қосып, халық даналығын жыр тілімен жаңғырта білген.
      Оны біз мың бір өлең жолдарынан біле аламыз.
Өлеңді айт дегенде айтпаған кім,
Жарық жоқ өлгендерге қараңғы түн.
Біріңді бірің сыйла тіршілікте,
Біріңе бірің қонақ аз ғана күн.
Өлгенше әуреленбе дүние қуып,
Артыңа ұрпақ қалдыр ұл-қыз туып.
Тиеді өлгеннен соң жалғыз мола,
Басыңда ешкім қалмас жақын-жуық.
Төбеден жаңбыр жауар қар аралас,
Тоғайда жиде өседі тал аралас.
Ағайын, келін балаң өсе берсін,
Арытында кемпір менен шал аралас.

* * *
Дүние бірде оңда, бірде солда,
Дүние шіркін тұрмайды үнемі қолда.
Ту ұстап, тұлпар мінген ер болсаң да,
Қалады ажал жетсе басың жолда.
Жігіттер ашу дұшпан, нәпсің жауың,
Алдыңда ақыл деген асқар тауың.
Басыңа қиыншылық іс түскенде,
Білмессің қай жеріңнің ауру-сауын.
Дегенде дүние шіркін өтер-кетер,
Түбіне сұм дүниенің кімдер жетер.
Қадір тұт, бір-біріңді құрмет көрсет,
Тірлікте сыйластыққа бар ма жетер...

Еңбек ардагері, Ержан Қабдоллин «Асылдың сынығы еді» атты мақаласында былай деп жазады: «Өмірдің бір сыры – естелік. Ол бізге өткен мен бүгіннің арасындағы сабақтастықтың алтын көпіріндей емес пе. Ардақты әке, сүйікті ата, елдің сыйлы абзал ақсақалы болған. Мақсот Биғазиев ағамыздың өмірден өткеніне де он жыл өте шығыпты. Уақыт деген осы. Бірақ оның жарқын келбеті ұмытылар м? Ұмытсақ, дәуір бізді кешіре ме!?
      Мақсот ағамыз жоқтықты, қиындықты көріп өсті. Әке таяғын жастайынан ұстап, қой шаруашылығын дамыту үшін «Алғабас» кеңшарында ұзақ жыл қажырлы еңбек етіп, өзіндік із қалдырған еңбек адамы. Отардан отар өсірді. Көптің бірі емес, бірегейі еді. Ерен еңбегін мемлекет жоғары бағалап, «Еңбек Қызыл Ту» ордені және көптеген медальмен марапаттады.
      Мақсот аға ескінің көзі, асылдың сынығы еді. Есте сақтау қабілеті жақсы, көсемдігі, сөзге шешендігі, тіпті суырып салма ақындығы да болатын. Бұрынғылардың әңгімелерін, салт – дәстүр, әдеп-ғұрыптарды жыр – шумақтарымен үйлесімді жеткізетін. Бас қосу жиындар – да тұщымды әңгімелерімен, орынды әзілімен, әдемі мақалымен көпшіліктің ықыласына бөленетін. Әсіресе, елдің болашағына, ой – санаға, жастардың аянбай еңбек етіп, ұлттық құндылықтарды сақтауына қатысты айтқан пайымдары ешқашан ескірмейді.
      Ағамыз үлкен әулеттің басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі болды. Ол өмір жолында Танзила апамызбен бірге үйлесім мен жарасым тапқан шаңырақтың түтінін түзу ұшырып, 2 ұл және 6 қыз тәрбиелеп өсірді. Олардың, сондай-ақ немере-жиендерінің қызығын көріп, бақытты ғұмыр кешті. Соның бәрі ерен еңбектің арқасында келді. Ағамыздың өмір жолы әлі де жалғасардай еді, бірақ тағдырдың жазуы басқаша болды.
      Құдайға шүкір, артында үлкен әулет, тәрбиелі ұрпақ, ғибратқа толы асыл өнеге қалды. Бүгінгі бүкіл игілігімізде осындай асқар тау ағалардың маңдай тері, еңбекте піскен алақанының табы жатыр. Мұны зердеде сақтауға міндеттіміз.Саналы ғұмырын мал шаруашылығына арнап, дүние мен тіршіліктің бар ауырлығын маңдай терімен көтерген, абыроймен танылған Мақсот Биғазыұлы тіршіліктің талай белесін еңсерген, алайда уақыт деген қатыгез тоқтамға ешкімнің шамасы жетпейтіні сияқты, ол да өмірінің соңғы беттеріне таяп, 2015 жылдың 19 наурызында дүниеден өтті.
      Мақсот Биғазыұлының орны тек шопанның орны емес, елдің ортасында сөз айтар, жөн сілтер, жыр шертер, ақыл қосар ағаның орны болатын. Оның артында қалған еңбек жолы, жыр ырғағындағы ойлары, елге жасаған жақсылығы – бәрі де тірілердің жүрегінде өшпей сақталған асыл мұраға айналды.
      Жары Танзила Бисенбайқызы 1939 жылдың 10 маусымында Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданына қарасты Степной колхозындағы Чукалин аталатын шағын ғана ауылда дүние есігін ашып, бала күнінен ауыл тіршілігінің талқысына төселіп өскен, жаны жомарт, бойы бекзат жан болатын. Өмірін адалдықтың ақ жолына арнап, әділдікті ту еткен қарапайым еңбек адамдары әкесі Бисенбай мен анасы Зібираның шаңырағында дүниеге келген Танзила жасынан – ақ ата – анасының еңбектен айнымаған мінезін көріп, адамшылық пен еңбекқорлықтың үлгісін бойына сіңіріп өсті.
      Қаным, Жаңылсын, Қансұлу есімді сіңлілері мен інісі Серіктің ортасында мейіріммен, тәрбиеге бай отбасылық ортада өсіп, Танзила Бисенбайқызы да әке мен ананың тағылымға толы тәрбиесін қатар көріп жетілді. Олардың әрбір сөзі, әрбір өнегесі кейінгі өміріндегі парасат пен пайымның негізі болып қаланды. Әкесі Бисенбайдың көрегендігі, тиянақты мінезі мен сабырлы ақылы, анасы Зібираның мейірімі мен кішіпейілдігі осы отбасының ұйытқысы болып, балалар сол өнегенің нәрімен өсті.
      Жаратылысынан жайдары, үй ішін берекеге бөлейтін Танзила әже өмірінің соңғы жылдарына дейін шаңырақтың шамшырағына айналды. Алайда 2023 жылдың 19 шілдесінде ол бұл фәниден бақиға озды. Бірақ артында қалған жарқын бейнесі, жүрекке жылы сөздері, ұрпағына аманат еткен мейірімі мәңгі өшпес мұра болып қалды.
      Бүгінде Танзила мен Мақсоттың ұрпақтары бақытты, татулығы жарасқан, бірін-бірі қолдап, бір шаңырақтың жылулығын сақтап отырғанының өзі, сол кісілердің көзі тірісінде берген тәрбиесінің, ата – аналық көрегенділік пен тектіліктің шынайы жалғасы.
      «Әкемізге барлығы да алғыстарын жаудырып жататын. Әкеміз бен анамызға алғысымыз шексіз. Алланың рақымында, жандары жәннатта болғай. Әкеміз бен анамыздың өмір жолы біз үшін Алланың ең үлкен сыйы. Әкеміздің әр кеңесі мен әр батасы, әрбір өмір жолы бізге үлкен сабақ, бізге бағыт – бағдар беріп, жол көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта екі ұлы әке таяғын қолына алып, ісін жалғастырып, «Мақсот» жеке қожалығының шаруашалығын жүргізіп келеді.» дейді перзенттері әке – ана рухына тағзым етіп.
      Мақсот Биғазыұлы мен Танзила Бисенбайқызының ғұмыр жолы – қарапайым қазақ ауылының жүрек жылуы мен дала мінезін қатар өрген, маңдай тер мен адамдықтың құнын биік ұстап өткен қос тағдырдың тұтас бір тарихы. Бірі – саналы ғұмырын мал шаруашылығына арнап, шопандықтың ауыр жолын абыроймен атқарған, өнері мен өсиетін жырмен өрген, ел ішінде сыйлы азамат Мақсот болса, екіншісі – кең пейілдігі мен текті тәрбиесі арқылы ұрпағын ұйытып, шаңырақтың берекесін арттырған Танзила әжей еді.
      Екі өмірдің өрнегі – елдік пен еңбектің, дәстүр мен тектіліктің, сабыр мен парасаттың сабақтастығы. Мақсоттың өрісі мен өнері, Танзиланың мейірімі мен көрегендігі – бүгінгі ұрпақтың болмысын қалыптастырған, олардың бақытты, тату – тәтті өмір сүруіне рухани негіз болған асыл мұра.
      Тіршіліктің талай сынағына мойымай, ұрпағы үшін еңбек еткен бұл қос арыс бұл дүниеден озса да, олардың жүректен шыққан жылы сөзі, арда мінезі, артта қалған жақсы аты ел жадында мәңгі сақталады.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

12 июня 2026 14:28
Жаркын
Какая молодец, девушка из казахских степей Галина! Ее яркий творческий и целеустремленный, в то же время позитивный...
19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....