«Ақжар» шаруа қожалығының басшысы
Еңбегімен елге сыйлы азамат
Ауылдың еңсесін тіктеп, жердің қуатын еселеп, елдің нәсібін молайтып отырған еңбек адамдары бар. Олар мақтансыз тірлік кешіп, маусымның ыстығы мен суығында алқаппен бірге тыныстап, шаруасын тындырған сайын туған жердің ықыласына бөленеді. Солардың бірі, ауыл өмірінің өзегіне айналған, жүздеген адамның нәпақасын қамтамасыз етіп отырған «Ақжар» шаруа қожалығының басшысы, елге сыйлы азамат Қомшабаев Нұрлан Жәмитұлы.
![]()
Қызылорданың сайын даласы еңбекпен көгеріп, тындырымды тірлікпен түлеп отыратын қасиетті өлке. Сол өңірдің Ақжар атты қарапайым ауылында 1968 жылдың 19 қаңтарында дүниеге келген Қомшабаев Нұрлан Жәмитұлы кейіннен бүтін бір қауым елдің тірегіне айналып, «Ақжар» шаруа қожалығын өрге сүйреген іскер азамат ретінде елге танылды. Оның өмір жолы – бір адамның тынбай ізденуінен ғана емес, туған жерге деген адалдық пен елге қызмет етудің биік парасатынан құралған тағдырлы еңбек кітабы іспетті.
Нұрлан Жәмитұлының басшылығындағы «Ақжар» шаруашылығы бүгінде жүздеген адамды тұрақты жұмыспен қамтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып отыр-ған ірі өндірістік құрылымдардың бірі. Табиғатқа бағынбайтынын білген ол еңбек пен тәртіпке, ұқыптылық пен ұйымдастырушылыққа сүйеніп, шаруашылықтың бағытын айқындады. Осылайша, ауылдың тынысын кеңейтіп, халықтың тұрмыс сапасының артуына тікелей ықпал ететін ірі кәсіп иесіне айналды.
Нұрлан Жәмитұлының өмір жолына үңілсек, оның бойындағы қайсарлық, талапшылдық, адалдық пен еңбекқорлық қасиеттердің қайнар бұлағы туған топырақтан, ауылдағы қарапайым тіршіліктен бастау алғанын
![]()
анық байқаймыз. Ол кейінгі ұрпаққа еңбектің құнын, табандылықтың жемісін, ауызбіршілік пен жауапкершіліктің мәнін ісімен көрсетіп келе жатқан арда азамат.
Нұрлан Жәмитұлының өмірлік жолы мен мінез-бітімін танып-білу үшін оның түп–тамырына, ата–анасы мен өскен ортасына үңілу – заңды іс. Әрбір азаматтың тұлға болып қалыптасуында отбасындағы тәрбие мен ата–ананың адамдық бейнесінің әсері ерекше екені мәлім. Шаруа адамының да өмірлік ұстаны, еңбекке деген құрметі, адамдарға деген ықыласы сол қасиетті шаңырақтың жылуынан бастау алады.
Әкесі Жәмит – елге сыйлы, еңбекқор жан болған. Ол ұзақ жылдар бойы есепші болып, ауыл шаруашылығы саласының ауыр жүгін арқалап, маңдай терімен адал еңбек еткен тұлға. Тіршіліктің тауқыметінен мойымайтын, табандылығы мен шыдамдылығы мол әке балаларына ең алдымен еңбектің қадірін, маңдай тердің қасиетін үйретті. Жәмиттің қарапайым да бекзат болмысы Нұрлан Жәмитұлының бойына сіңіп, оның болашақта іскер басшы болып қалыптасуына негіз қалады.
Анасы Зибагүл – саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған ұлағатты ұстаз. Ол тек сыныптағы балаларға
![]()
ғана емес, өзінің он перзентіне парасат пен мейірімнің, ізгілік пен жауапкершіліктің айнасындай болды. «Ұстаздық – жүректен берілетін нұр» десек, Зибагүл апайдың жүрегіндегі сол мейірім отбасының әр мүшесін жылытқан. Оның сабырлы да салмақты мінезі, балаларына деген аялы алақаны, адам тәрбиелеудегі биік талабы – Нұрланның да өмірлік ұстанымдарын айқындаған рухани іргетас еді.
Зибагүл ана – ауылдағы ел анасы атанған, алтын құрсақты батыр ана.
Ол Нағашыбай, Шырынкүл, Ерғазы, Алтынкүл, Майра, Гүлдариха, Нұрлан, Ерлан, Еркін және Айгүл есімді он перзент дүниеге әкеліп, әрқайсысына бөлек мейірім, бөлек тәрбие берген. Балаларының әрқайсысын еңбекке баулып, адамгершілікке үйретіп, өмірдің бұралаң жолына дайын күйде шығарып салды. Осындай берекелі үйдің кіндігінде өскен Нұрланның болашақта ел сенетін азаматқа айналуы да заңдылық еді.
Бұл үлкен әулеттің жүрегін бір арнаға тоғыстырып, шаттығын да, ауыр күндерін де бірге көтерген әке мен ананың еңбегі – бүгінгі Нұрлан Жәмитұлының игілікті істерінің рухани бастауына айналды. Ата-анасының адалдыққа құрылған өмір философиясы оның әр қадамынан көрініс тауып, елге қызмет ету жолындағы қайрат–жігерін бекітіп отыр.
Нұрлан Жәмитұлының өмір жолындағы алғашқы үлкен белестердің бірі – білім ордасының табалдырығын аттаған сәт. Ол туған ауылындағы қара шаңырақ № 28 қазақ орта мектебінде алғашқы әріпті танып, білімнің кең әлеміне есік ашты. Осы мектептің қабырғасында Нұрланның бойындағы еңбекқорлық, жауапкершілік, талапшылдық секілді қасиеттер шыңдала түсті. Ауыл мектебінің қарапайым да кең пейілді ұстаздары оның жүрегіне адамгершіліктің нұрын сеуіп, болашаққа нық қадам басуына ықпал етті. 10-сыныпты ойдағыдай тәмамдаған соң Нұрлан Жәмитұлының жастық қадамы бірден үлкен жауапкершілікке ұласты. Ол Кеңес әскері қатарына алынып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп шықты. Әскери қызмет – тек тәртіп пен төзімділікті талап ететін орта емес, жігітті шынайы ерлікке, ұстамдылыққа, мықтылыққа тәрбиелейтін өмір мектебі.
Жас Нұрлан дәл осы мектептен өтті: таңғы суықта сапқа тұру, күнделікті жаттығулар, қырағылықты талап ететін тапсырмалар, бірлік пен бауырмалдыққа үйрететін әскери тәртіп бәрі оның мінезін шыңдап, ертеңгі өмірге деген көзқарасын қалыптастырды. Ол өзіне артылған міндетті мінсіз атқарып, елге абыройлы азамат болып оралды.
![]()
Әскерден аман-есен елге оралған жас жігіт енді білім мен мамандық жолын таңдауға кірісті. Уақыттың, елдің, ауылдың талабын терең сезінген Нұрлан Жәмитұлы өзінің болашақ тағдырын ауыл шаруашылығы саласымен байланыстыруды жөн көрді. Осылайша ол Комсомол совхоз техникумына оқуға түсіп, жаңа өмір белесіне қадам басты.
Техникумдағы жылдар – оның білімге деген құштарлығы мен жауапкершілігін тереңдеткен кезең болды. Егіннің тілін үйреніп, жер-ананың қасиетін танып, ауыл шаруашылығының негізгі заңдылықтарын игеру – жас Нұрлан үшін қызыққа, ізденіске толы мектепке айналды. Ол таңдап алған «агроном» мамандығын тек мамандық емес, ауылдың болашағына қызмет ететін, елдің ырысы мен берекесін молайтатын игі іс деп ұғынды.
Сабақ аудиториясында алған білім, тәжірибелік учаскелердегі күнделікті еңбек, егіншілік шаруашылығының қыр-сырын үйрену Нұрлан Жәмитұлының болашақ іскерлігіне мықты іргетас қалады. Агрономия ғылым мен тәжірибені бірдей қажет ететін сала, ал ол бұл жолға үлкен қызығушылықпен, табандылықпен кірісті.
Оқу орнының қабырғасында жүріп-ақ жердің ерекшелігі, дақылдың өсімдік физиологиясы, мелиорация, топырақ құнарлылығын арттыру, агротехникалық шараларды жоспарлау секілді күрделі бағыттарды меңгеріп, болашақ кәсібіне сенімді қадам жасады.
Комсомол совхоз техникумын табысты аяқтаған Нұрлан Жәмитұлы қолындағы дипломымен қоса, ауылдың тағдырына жанашырлықпен қарайтын, туған жердің өсімін молайтуды борышы санайтын азаматтық көзқарасын қалыптастырды. Бұл білім оның кейінгі шаруашылықты басқару жолындағы басты тірегі мен кәсіби өзегіне айналды.
![]()
Еңбек жолының алғашқы қадамын Нұрлан Жәмитұлы туған өлкесі – Ақжар ауылында бастады. Комсомол совхоз техникумынан агроном мамандығын алып шыққан жас жігіт бірден биік лауазым қуған жоқ; керісінше, жердің, еңбектің, шаруашылықтың нағыз мектебінен өтетін қарапайым қызметтен бастады. Ол егіс бригадасында есепші (учетчик) болып еңбекке араласты.
Бұл қызмет – сырт көзге жеңіл көрінгенімен, ауыл шаруашылығындағы ең жауапты буындардың бірі. Егіс алдындағы жоспарлау, күнделікті атқарылған жұмыстарды тіркеу, жұмысшылар еңбегін есептеу, техника мен жанармай шығынын бақылау, өнім түсімін нақтылау – бәріне есеп жүргізу керек. Әр қате цифр – бүкіл бригаданың жоспарына әсер ететінін ол ерте түсінді.
Алқаптағы тіршілік оның көз алдында өріліп, агрономиядағы теориялық білім күнделікті тәжірибемен толықты. Осы қарапайым қызмет жылдары Нұрлан Жәмитұлына шаруашылықты тереңнен түсінудің, есеп пен тәртіптің маңызын сезінудің, адамдармен жұмыс істей білудің алғашқы іргетасын қалап берді.
Егіс бригадасында есепші болып жүріп–ақ еңбек ырғағын, жердің тілін, адамдардың көңілін терең түсінген Нұрлан Жәмитұлының табандылығы мен ұқыптылығы ел көзіне ерте түсіп, көп ұзамай шаруашылықтың жауапты
![]()
буындарының біріне – бригадирлік қызметке тағайындалды. 1990–жылдардың басы – ауыл шаруашылығы үшін де, ел үшін де үлкен сындар кезең еді. Экономикалық өзгерістер, жаңа талаптар, нарыққа бейімделу… Осындай аласапыран тұста бригадир болу – тек еңбек ұйымдастыру емес, адамдардың үмітін ұстап қалу, тіршіліктің тетігін дәл табу деген сөз.
1995 жылдары Нұрлан Жәмитұлы бригадир ретінде егіс алқабындағы жұмыстың тиімді жүріп, әрбір шаршы метр жердің өнімді болуына, әр жұмысшының еңбегінің әділ бағалануына, техниканың уақытылы жүруіне, жоспардың орындалуына күш–жігерін салды. Ол қарапайым шаруаны да, ауыр жұмысты да бірге атқарып, бригададағы әр адамның жағдайын түсінетін, сөзі өтімді, әділ ұйымдастырушыға айналды. Ауылдың еңбек тынысы осы жылдары оның қолынан өтіп тұрды десек, артық айтқандық емес.
Уақыт өте келе ел ішінде жекешелендіру процесі басталды. Бұл – көптеген отбасы үшін жаңа өмірдің бастауында тұрған шешуші кезең еді. Біреу қауіптеніп шегінді, бірі тәуекелге барып, жаңа мүмкіндікті пайдаланды. Сол тәуекелдің алдыңғы қатарында Нұрлан Жәмитұлы да болды. Оның бойындағы еңбекқорлық, ұйымдастырушылық қабілет, шаруашылықты іштен таныған тәжірибе оған зор сенім берді.
Сол кездің қиындығына қарамастан, қолында барын екі етіп, туған ауылдың болашағына жауапкершілікпен қарай отырып, ол «Ақжар» шаруа қожалығын құрды.
![]()
Алғашқы күндері техника да аз, жұмысшы да аз, қаражат та мардымсыз еді. Бірақ Нұрлан Жәмитұлы жерге сенді, еңбекке сенді, ауыл адамдарының бірлігіне сенді. Сол сенім ақталып, уақыт өте келе «Ақжар» шаруа қожалығы тек өз отбасын емес, жүздеген адамды жұмыспен қамтыған ауданның ірі шаруашылықтарының біріне айналды.
«Ақжар» шаруа қожалығы бүгінде жай ғана ауыл шаруашылық құрылымы емес, тұтас өңірдің тіршілігін ұстап тұрған қуатты еңбек ұжымы, маңдай термен өрілген мол ырысты алқап.
Нұрлан Жәмитұлы негізін қалаған бұл шаруашылық уақыт өте келе кеңейіп, техникасы сай, ұйымдасуы жүйелі, еңбек мәдениеті жоғары ірі өндірістік ошаққа айналды.
Қожалықтың негізгі тірегі – егін шаруашылығы. Мұнда жердің құнарын танып, маусымның ырғағын дәл біліп, ауа райының мінезімен тіл табысатын нағыз мамандар еңбек етеді. Шаруашылық қазіргі таңда күріш, бидай,
![]()
мақсары және жоңышқа егіп, алқаптың әр гектарын тиімді пайдаланып келеді. Әсіресе, күріш алқабы – «Ақжардың» басты тынысы, ондаған жылдық тәжірибемен қалыптасқан дәстүрлі дақыл. Жыл сайын 1000 гектарға дейінгі аумаққа күріш егіп, өнімділікті арттыру мақсатында ауыспалы егіс жүйесін тұрақты жүргізіп келеді.
Шаруашылықтың қарамағында бүгінде 2500 гектар жер бар. Бұл ауқымды аумақты игеру — тәжірибе мен біліктілікті, бірлік пен ұйымдастыруды қажет етеді. Сол үшін «Ақжар» шаруа қожалығының әр қызметкері өз ісінің шебері болып қалыптасқан.
Қожалықтағы еңбек күші де аз емес:
• 20 механизатор – ауыр техниканың тізгінін ұстап, егін егу, ору, жер жырту, егістікті дайындау жұмыстарын жүргізеді.
• 50 сушы – күріш алқабының күре тамыры саналатын су жүйесін қадағалап, әр арықтың, әр каналдың уақытылы су алуын қамтамасыз етеді.
![]()
• Қалған 30 адам – әртүрлі салада, қосалқы жұмыстарда, қойма мен логистикада, әкімшілік пен шаруашылықта қызмет етеді.
Осылайша, барлығы 100 адам маусымдық емес, тұрақты жұмыспен қамтылып, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға айтарлықтай үлес қосып отыр. «Ақжардың» қуатын арттырып тұрған тағы бір ерекшелігі – заманауи техникалар.
Шаруашылықта егін егуге, оруға, жерді дайындауға, өнімді сақтап, тасымалдауға арналған арнайы машиналар мен агрегаттар жеткілікті. Жердің ырғағын білетін механизатор мен техника үйлесім тапқанда, әр маусым еңбек мерекесіне айналады.
2024 жыл «Ақжар» шаруа қожалығының ғана емес, бүкіл Қармақшы ауданының мерейін үстем еткен тарихи жеңіс жылы болды. Жердің қасиетін сезініп, маусымның әр демін дәл басып, тиянақты еңбектің құдіретіне сүйенген шаруашылық сол жылы айрықша жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
![]()
Әр гектарынан 70 центнерден өнім алу – бұл тек жақсы нәтиже емес, облыс көлемінде сирек кездесетін, кәсіби деңгейі жоғары, маусымдық жұмыстардың мінсіз орындалғандығының дәлелі. Күріш шаруашылығында мұндай өнім жинау — егіс жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылуының, ауыспалы егістің тиімді жүргізілуінің, суару жүйесінің уақытылы қадағалануының және механизаторлар мен сушылардың үйлесімді еңбегінің айқын жемісі.
Осы еңбектің арқасында «Ақжар» шаруа қожалығы облыс бойынша «Жыл үздігі» атағына ие болып, марапат Қармақшы ауданына табысталды. Бұл – бір шаруашылықтың ғана емес, бүкіл аудан еңбеккерлерінің абыройын асырған, Қармақшы өңірінің ауыл шаруашылығы саласында да, экономикалық әлеуетінде де жоғары деңгейде екенін дәлелдеген маңызды оқиға.
Осылайша, 2024 жыл «Ақжар» шаруашылығының тарихында алтын әріппен жазылып, алдағы жылдарға шабыт берген үлкен серпінге айналды.
«Ақжар» шаруа қожалығының жетістігі – тек егіннің мол шығымы ғана емес, адамдарға деген құрметтен, еңбекті бағалай білуден бастау алатын нағыз азаматтық ұстаным. Нұрлан Жәмитұлының басшылығымен бұл шаруашылықта әрбір еңбек адамының маңдай тері ескерусіз қалмайды, әр жетістік ортақ қуанышқа айналады.
![]()
Маусым аяқталып, өнім жиналған соң, ұжымның үздік механизаторлары мен сушы мамандары автокөлікпен марапатталады. Бұл – еңбекке деген шынайы алғыс, жыл бойғы ауыр бейнеттің нақты бағалануы. Оның үстіне, маусымдық көрсеткіштері жоғары жұмысшыларға қомақты ақшалай сыйақылар табысталып, атқарған еңбектеріне лайық құрмет көрсетіледі. Еңбектің қадірін жоғары қойған мұндай мәдениет – шаруашылықтың берекесін арттырып, ұжымның бірлігін нығайта түседі.
Бірақ Нұрлан Жәмитұлының адамгершілік пен жомарттыққа толы ісі тек қожалық ішінде ғана шектеліп қалмайды; ол бүкіл ауылдың тыныс-тіршілігіне жылы шуағын төгеді. Ауылдың әр тойы мен мерекесінде «Ақжардың» қамқор қолы сезіліп тұрады. Әсіресе, Наурыз, Жеңіс күні, Тәуелсіздік күні секілді ұлттық мерекелерде Нұрлан Жәмитұлының ұйымдастыруымен ауыл тұрғындары үшін көркем де, мағыналы шаралар өткізіледі. Мұнда дастархан жайылып, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлерге және ардагерлерге арнайы ақшалай
![]()
сый-сияпаттар мен азық-түлік қоржындары үлестіріледі. Бұл істер жай ғана міндет емес, туған жердің әр тұрғынына деген шын жүректен шыққан құрметтің, адами жылудың көрінісі.
Ол ауылдың дамуы үшін демеушілік жасап, спорттық нысандарды жөндеуге, мәдени іс-шараларды өткізуге, мектеп пен балабақшаларға қолдау көрсетуді жыл сайынғы дәстүріне айналдырған. Мереке күндері ауыл тұрғындары үшін ұйымдастырылатын тағылымды шаралар да осы азаматтың елге деген ықыласын айғақтайды.
Ең бастысы – шаруашылықтың әлеуметтік жауапкершілігі. Жұмысшылар мен ауыл тұрғындарының қыстық отынын түсіріп беру, қорадағы малын бағуға қажетті шөп дайындап беру – бұл да Нұрлан Жәмитұлының ауылға жасаған үнсіз қамқорлығының айқын көрінісі. Мұндай көмекті ол елдің қажетіне қарап, шын ниетпен атқарады.
Шаруашылықтағы еңбеккерлердің жалақысы да жоғары, уақытылы төленіп, отбасылық жағдайларын жақсартуға, тұрмыстық әл-ауқатын тұрақтандыруға ықпал етіп отыр. Осылайша, «Ақжар» шаруашылығы – егін даласының ғана емес, бүтін бір ауылдың тірегіне, жұрттың тыныс–тіршілігін ұстап тұрған берекелі ошағына
![]()
айналған. Оның жүрегінде Нұрлан Жәмитұлының елге деген адалдығы, адамдарға деген қамқорлығы, еңбектің мәнін терең түсінетін парасаты жатыр.
Нұрлан Жәмитұлының қажырлы еңбегі мен ауыл шаруашылығы саласындағы табанды қызметі ел назарынан тыс қалған емес. Жердің тілін біліп, маусымның мінезіне бағынбай, тындырымды тірліктің арқасында табысқа жеткен азаматтың еңбегі түрлі деңгейде еленіп, лайықты марапаттарға ие болды.
Атап айтар болсақ:
• 2020 жылы Өзінің кәсіби шеберлігі мен біліктілігін ұштастырып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қармақшы ауданының әкімі М. Қалдарбековтен ІІ дәрежелі Диплом;
• 2021 жылы Аудандағы аз қамтамасыз етілген балаларға және мектептің алға дамуына әрқашан қолдау көрсетіп, қайырымды іс жасап, жанашырлық танытқаны үшін Қармақшы аудандық білім бөлімінің басшысы Д.Нәзікбаевтың Алғыс хаты;
• 16 Желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында ауылдың әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуі мен дамуына қосқан үлесі үшін Ақжар ауылдық округі әкімі Н.Тұрсынбаеваның Алғыс хаты;
• 2022 жылы Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев пен облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамовтың Құрмет Грамотасы;
![]()
• «Алтын дән – 2022» мерекесі қарсаңында Қармақшы елінің даңқын паш етіп, ел қамбасына мол өнім жинауға қосқан қажырлы еңбегі үшін Қармақшы ауданының әкімі Ә. Ерсұлтановтың ІІ дәрежелі Дипломы;
• «Мәслихаттардың рөлі мен әлеуетін күшейтудің заманауи тәсілдері» тақырыбы бойынша депутаттардың біліктілігін арттыру семинарынан Сертификат;
• 2023 жылдың қорытындысымен «Озат шаруа қожалығы» аталымының иегері;
• 2024 жылы Қазақстан Республикасы мәслихатының құрылғанына 30 жыл толуына орай, Аудандық мәслихаттың депутаттық мандатымен халықтың сенімін арқалап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Қармақшы ауданының әкімі Ж.Еркінбектің Алғыс хаты;
• «Жылдың үздік ауыл шаруашылығы қызметкері» аталымының Жеңімпазы;
• 2024 жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласында жоғарғы көрсеткіштерді қамтамасыз еткені үшін Қармақшы ауданы әкімінің ІІ дәрежелі Дипломы;
• Еліміздің өсіп–өркендеуі жолындағы атқарған адал еңбегі мен «Ауыл» партиясының қоғамдық саяси өміріне белсене атсалысқаны үшін «Ауыл» ХДИП төрағасы Ә. Бектаевтың Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Нұрлан Жәмитұлының өмір жолының ең берекелі тұсы – отбасылық құндылықтарға деген адалдығы. Еңбекпен өрілген күндердің барлығының шырайын кіргізіп, қуанышын еселеп отырған жанұясы – оның ең үлкен тірегі, рухани демеушісі. Үлкен шаруашылықты басқару, жүздеген адамды жұмыспен қамту, ауылдың тұрмысын жақсартуға күш салу сияқты үлкен жауапкершіліктердің артында әрдайым отбасының қолдауы тұрғанын өзі де жиі айтып жүр.
![]()
Жары Таубаева Зағира Жүнісқызы, жан жылуы мол, сабырлы да парасатты қазақ әйелдерінің бірі. Үйдің ұйытқысы, берекенің бастауы болып келе жатқан Зағира ханым Нұрлан Жәмитұлының барлық жетістігінің үнсіз серіктесі десек, артық айтқандық емес. Ерінің әрбір қадамына сенім артып, отбасылық тыныштық пен тәрбиенің үлгісін көрсетіп келеді.
Олар 1 қыз бен 1 ұл өсіріп, бүгінде немере сүйіп отырған бақытты отбасы.
Қызы Ақниет – облыстық ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы болып қызмет атқарады, өз ісінің шынайы маманына айналған. Ауыл шаруашылығының маңызды бағыттарының бірі – мал денсаулығын сақтау ісінде абыроймен еңбек етіп жүр. Жолдасы Асыл – әкімшілік салада қызмет ететін, елге сыйлы, жауапкершілігі жоғары жан. Бұл шаңырақтағы балалар: Алина, Ислам – ата-әженің қуанышы, шаңырақтың сәні.
Ұлы Қайырбек – әкесі Нұрлан Жәмитұлының жолын жалғастырушы, «Ақжар» шаруа қожалығында көмекші болып еңбек етіп, аграрлық саланың қыр-сырын әкесінен үйреніп жүрген жас, іскер азамат. Оның жары Аида – отбасының берекесін арттырып отырған ибалы, іскер жан. Аида – мұғалім болып қызмет атқарады, ол бойындағы білімі мен тәрбиесін отбасына арнаған жан.
Олар Нұрбибі, Нұрәли және Шахнұр есімді үш перзент тәрбиелеп отырған бақытты жанұя. Сонымен қатар атасы мен әжесінің де көңілін қуантқан, шаңыраққа шуақ сыйлаған, өмірдің мәні мен бақыты болып табылатын үш жұлдыздары.
Маңдай термен келген табысты, адалдық пен еңбекқорлықты, туған жерді түлетуді азаматтық ұстанымы еткен Нұрлан Жәмитұлының деніне саулық, отбасына амандық, еңбегіне табыс тілейміз.
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()