Аринов Уалихан Тұрсынұлы

Рейтинг:

«Әділбай» шаруа қожалығының басшысы

Адал еңбегімен еңселі ер

      Кең сахараның төсінде дүниеге келіп, туған жердің әр уыс топырағын қасиет тұтып өскен азаматтардың тағдыры қашанда тағылымға толы. Өйткені қарапайым ауылдан қанаттанып, адал еңбек пен табандылықтың арқасында елге сыйлы тұлғаға айналу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Мұндай ғұмырлар уақыт өткен сайын өз құнын арттырып, кейінгі буынға «еңбек пен төзім адамды биікке жетелейді» деген ұлы ақиқатты ұғындырады. Осындай өмір жолымен көпке үлгі болып келе жатқан жандардың бірі – табысты кәсіпкер, айбынды азамат, «Әділбай» шаруа қожалығының төрағасы Аринов Уалихан Тұрсынұлы.
      Ол 1965 жылы Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Жамшы совхозының Имек бөлімшесінде қарапайым отбасында дүниеге келді. Даланың қоңыр тіршілігі мен ауылдың шынайы болмысы оның мінезіне сабыр мен салмақтылық дарытып, қай істі бастаса да байыппен шешім қабылдайтын парасат иесі болуына ықпал етті. Бала күнінен үлкеннің сөзін тыңдап, кішінің көңілін таба білетін ізеттілігі мен жауапкершілігі оны қатарластарының арасында даралап, ерте есейген азамат ретінде танытты.
      Асқар тау әкесі Ермағамбетов Тұрсын – саналы ғұмырын Жамшы совхозының өркендеуіне арнаған, маңдай терін ел игілігіне арнаған нағыз еңбек адамы еді. Мал дәрігері болып төрт түліктің саулығын қадағалап, бас жылқышы ретінде жылқы түлігінің бабын таба білген, шопандық қызметте де табандылық танытқан ол қай салада жүрсе де жауапкершілікті бәрінен биік қойды. Дала тіршілігінің ыстығы мен суығына төзе жүріп, еңбектің қадірін ісімен дәлелдеген әке бейнесі жас Уалиханның санасына өшпес із қалдырды. Жылдар бойғы тынымсыз еңбегінің нәтижесінде құрметті зейнет демалысына шығып, артында адалдық пен табандылыққа толы өнегелі жол қалдырды.
      Ал анасы Ермағамбетова Қуаныш – шаңырақтың шуағын арттырып, отбасының берекесін келтірген алтын құрсақты ана. Жамшы совхозында ұзақ жылдар бойы түрлі қызметтер атқарып, қай істе де тиянақтылығымен, еңбекқорлығымен көзге түсті. Дүниеге жеті перзент әкеліп, оларды адамгершілікке, бауырмалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеген ардақты жан «Күміс алқа» иегері атанып, аналық мейірім мен төзімнің жарқын үлгісін көрсетті. Анасының мейірімі мен әкесінің қатал да әділ тәрбиесі тоғысқан сол шаңырақта өскен Уалихан Тұрсынұлы үшін отбасы – өмірлік бағыт-бағдар берген қасиетті мектеп болды.
      Осындай өнегелі ортада ер жеткен ол жастайынан тіршіліктің мәнін адал еңбектен іздеп, маңдай термен келген нәсіптің ғана баянды болатынын терең ұқты. Әке жанында жүріп шаруашылықтың қыр-сырын танып, еңбекке ерте араласуы оның мінезін шыңдап, қайсарлық пен төзімділікке баулыды. Дала заңы – тәртіп пен жауапкершілік екенін ұққан жас жігіт уақыт өте келе тек еңбекқор азамат қана емес, болашағын айқындай білетін көреген тұлға ретінде қалыптасты.
      Жарқын болашаққа бастар білім ордасының табалдырығын ол Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Жамшы совхозындағы Нүркен Әбдіров атындағы орта мектепте аттап, сол білім ұясынан өмірге қанат қақты. Мектеп қабырғасында өткен жылдар оның дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, бойындағы алғырлық пен жауапкершілікті шыңдай түсті. Ұстаздарының өнегелі сөзін санасына тоқып, қатарластарының арасында сабырлы мінезі мен тиянақты ісімен ерекшеленген жас шәкірт білімнің адамды биікке жетелейтін құдірет екенін ерте ұғынды.
      Мектептен кейінгі кезеңде уақыттың бір сәтін де бос жібермей, білімін одан әрі жалғастыруды мақсат еткен Уалихан Тұрсынұлы Балқаш қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсіп, 1983–1984 жылдары «связист» мамандығын меңгеріп шықты. Бұл сала дәлдік пен ұқыптылықты, жедел шешім қабылдауды талап ететіндіктен, жас жігіттің бойындағы тәртіп пен жауапкершілікті одан әрі нығайтты. Училищеде өткен әрбір күн оны еңбекке жақындатып, кәсіби тұрғыдан шыңдай түсті, ал алған білімі өмірдің түрлі белестерінде сенімді тірек боларына ол сол кездің өзінде-ақ кәміл сенді.
      Азамат үшін Отан алдындағы парыздан асқан қасиетті міндет жоқ. 1984–1986 жылдары әскер қатарына шақырылып, ел қорғау жолындағы борышын абыроймен өтеген Уалихан Тұрсынұлы үшін бұл кезең нағыз ерлік пен ерік-жігер мектебі болды. Әскери тәртіп пен темірдей талап оның мінезін шыңдап, сабыр мен төзімділікке үйретті. Қиындыққа мойымай, қандай жағдайда да табандылық танытуға баулып, туған жерге бұрынғыдан да кемел ойлы, жауапкершілігі жоғары азамат болып оралды.
      Елге оралғаннан кейін өмірдің қайнаған ортасына батыл араласқан Уалихан Тұрсынұлы 1987 жылдан бастап Ақтоғай аудандық ауруханасында бас дәрігердің жүргізушісі қызметін атқара бастады. Өз міндетіне адал қарап, әр тапсырманы мінсіз орындауға ұмтылған ол ұжым арасында сыйлы болып, еңбекқорлығымен көптің ықыласына бөленді. Қай іске кіріссе де жан-тәнімен беріле жасады.
      Жастық шағын еңбекпен шыңдаған Уалихан Тұрсынұлы 1988 жылы Ақтоғай ауданына қарасты Жамшы совхозында жүргізуші болып қызметке кірісіп, шаруашылықтың қайнаған тіршілігіне бірден араласып кетті. Бұл қызмет сырт көзге қарапайым көрінгенімен, ауыл өмірінің күретамыры саналатын маңызды сала еді, өйткені көлік – тіршіліктің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ететін сенімді тетік. Жас маман өзіне жүктелген міндетті терең сезініп, әр сапарға үлкен жауапкершілікпен қарап, тапсырылған істі мінсіз орындауға ұмтылды.
      1992 жылы шопанның көмекшісі қызметін атқара жүріп, мал шаруашылығының сан қырлы тіршілігін жақыннан таныды. Төрт түліктің бабын табу, олардың күтімі мен жайын бағу – тек күш-жігерді емес, үлкен ықылас пен жанашырлықты талап ететін іс. Осындай ортада шыңдалған Уалихан Тұрсынұлы еңбекке деген сүйіспеншілігін одан әрі арттырып, дала тіршілігінің жазылмаған заңдарын жүрегімен ұғынды.
      1989 жылы техника тілін жетік меңгерген білікті жүргізуші ретінде өзіне сеніп тапсырылған «ГАЗ-53» автокөлігін әрдайым техникалық талаптарға сай ұстап, ұқыптылықтың үздік үлгісін көрсетті. Қандай жағдайда болмасын сенім үдесінен шығуды басты парызы санаған ол жүктелген күнделікті міндеттерін тиянақты әрі мінсіз орындап, ұжым ішінде беделге ие болды.
      Әсіресе мал азығын дайындау науқандары кезінде оның ерекше еңбекқорлығы айқын көрінді. Қарбалас шақта әр минуттың қадірін бағалап, әзірленген жемшөптің мал басына дер кезінде, ысырапсыз әрі толық жеткізілуін қамтамасыз ету – үлкен ұйымдастырушылық пен іскерлікті қажет ететін шаруа болатын. Ол бұл міндетті абыроймен атқарып, шаруашылықтың берекесінің артуына сүбелі үлес қосты. Адал еңбегі ескерусіз қалмай, ұжым тарапынан жоғары бағаланып, «Жас жүргізуші» марапатына ие болды, тіпті сол кезеңде Нүркен совхозының газет бетінде есімі аталып, еңбегі көпшілікке үлгі ретінде жарияланды.
      Алайда уақыт бір орында тұрмайды. Кеңес Одағы ыдырап, шаруашылықтар тарап, ел өмірі жаңа арнаға бет бұрған алмағайып кезең талай жанның төзімін сынады. Көпшілік үшін бұл уақыт белгісіздікке толы болса, қайсар рухты азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Уалихан Тұрсынұлы да дәл осындай сындарлы шақта жасымай, жеке кәсіпкерлікке қадам басты. Әрине, нарықтың алғашқы жылдары оңай болған жоқ: жоқтан бар жасау, тіршіліктің тізгінін өз қолына алу, тәуекелге бел буу – үлкен батылдықты талап етті. Бірақ оның іскерлігі, еңбексүйгіштігі, қайсарлығы мен табандылығы барлық қиындықты жеңуге жетеледі.
      Біртіндеп қалыптасқан еңбек тәжірибесі мен көрегендігі оны үлкен істің иесіне айналдырып, бастаған қадамын іргелі шаруашылыққа ұластырды. 1996 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Ақтоғай ауданының Нүркен ауылдық округіне қарасты «Әділбай» шаруа қожалығының жетекшісі болып қызмет атқаруда. Шаруашылықты дамыту арқылы тек өз кәсібін өркендетіп қана қоймай, ел тұрмысының жақсаруына, ауыл экономикасының нығаюына ықпал етіп келеді.
      Ел игілігі жолында тынымсыз еңбек етіп, кәсіпкерлік саласының қалыптасуына, мал шаруашылығының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатырған Уалихан Тұрсынұлының жылдар бойы жинақталған тәжірибесі мен тынымсыз ізденісі кәсіпкерлік саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып, өңірдегі мал шаруашылығының ілгерілеуіне серпін берді. Шаруашылықты өркендету арқылы тек жеке кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруына ықпал етіп, көптеген жандардың тұрақты еңбек етуіне мүмкіндік туғызды.
      Осындай ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Уалихан Тұрсынұлы түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болып, ел сенімінің биік бағасына бөленді. 2000 және 2005 жылдары ауыл шаруашылығы экономикасын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін марапатталды.
      2005 жылы «Ауыл-береке» жобасына қатысуы оның жаңашылдыққа ұмтылатын, заман ағымын дөп баса білетін көреген басшы екенін айқындады. Жоба аясында атқарған нәтижелі еңбегі жоғары бағаланып, Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатына ие болды, сонымен қатар «Сүйінші» сыйлығының иегері атанды. Мұндай құрмет белгілері азаматтың мерейін өсіріп қана қоймай, оның жауапкершілігін одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз.
      Ал 2013 жылы облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, қазақстандық қоғамның дамуына қосқан жеке еңбегі мен шығармашылық үлесі жоғары бағаланып, Қарағанды облысы әкімінің кезекті Алғыс хатымен марапатталды.
      Адам баласының ғұмыры туған жермен тамырлас болғанда ғана мағыналы болмақ, ал сол жердің ырысын еселеп, елдің берекесін арттыру жолында тер төккен жанның өмірі – шынайы тағылымға айналары сөзсіз. Уалихан Тұрсынұлы да саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнап, ата кәсіптің абыройын асқақтатып келе жатқан азаматтардың бірегейі. Оның өмірлік ұстанымына айналған еңбек пен жауапкершілік, туған жерге деген сүйіспеншілік пен елге деген жанашырлық – барлығы да терең пайым мен парасаттан туған қасиеттер.
      «Ауыл шаруашылығы – ата-бабадан аманат болып жеткен қасиетті кәсіп қана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ауылдың әлеуметтік-экономикалық тірегі болып саналатын маңызды сала» деген тұжырымы оның бұл бағытқа кездейсоқ келмегенін, керісінше, жүрек қалауымен таңдағанын аңғартады. Шынында да, жермен тіл табысып, төрт түліктің бабын келтіру – тек кәсіп емес, табиғатпен үндескен тұтас бір өмір салты. Осы салада ұзақ жылдар бойы еңбек ете жүріп, Уалихан Тұрсынұлы ауыл шаруашылығы табандылықты, жауапкершілікті әрі жер мен малға деген шынайы жанашырлықты талап ететінін терең ұғынды.
      Шаруа қожалығын басқару – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, шын мәнінде сан қырлы ұйымдастырушылық қабілетті, көрегендікті және тәуекелге бара білетін батылдықты қажет етеді. Осы жауапкершілікті абыроймен арқалап: «Мал басын көбейту, өнім сапасын арттыру, еңбек өнімділігін жақсарту – менің басты мақсатым», – деп санайды.
      Табиғатпен біте қайнасқан тіршіліктің өз заңы бар: кейде қуаңшылық қысып, кейде боран жолды бөгейді, кейде бейнеті мол маусымдар қажытады. Осындай сәттерде сабыр сақтап, қиындыққа төзіммен еңсере білу – нағыз шаруа адамына тән қасиет. Уалихан Тұрсынұлы да талай сындарлы кезеңдерден өтіп, «тұрақты нәтиже мен өсімге тек табандылық арқылы қол жеткізуге болады» деген өмірлік тұжырымға келді. Оның пайымынша, адал еңбек пен ауызбіршілік бар жерде шаруашылық та өркендейді, ауыл да ажарланады.
      Қандай биікке көтерілсе де, азаматтың тірегі – оның шаңырағы, жүрегіне жылу сыйлар мекені – отбасы. Уалихан Тұрсынұлы да ел алдында абыройлы еңбек етіп, құрмет биігіне көтерілгенімен, өз жанұясында асыл жарға сүйеніш, перзенттеріне қамқор әке, немерелеріне мейірбан ата бола білген жан.
      Өмір жолында сенімді серігіне айналып, шаңырағының шырағын маздатып келе жатқан жары – Серсембаева Гүлнар Қабылдақызы. Ол 1967 жылы Қарағанды облысының Сарань қаласында дүниеге келген. Адам денсаулығын сақтауды мұрат еткен медицина саласын таңдап, балалар дәрігері-терапевт мамандығын игерді. Саналы ғұмырын бала денсаулығына арнаған Гүлнар Қабылдақызы талай отбасының алғысын алып, өз ісіне адалдықтың жарқын үлгісін көрсетті. Сонымен қатар, отбасының ұйытқысы болып, үш перзентін тәрбиелеп өсірген аяулы ана ретінде шаңырақтың берекесін кіргізіп, тіршіліктің сан тарау белестерінде жұбайымен бірге иық тірестіре білді.
      Алланың нәсіп еткен бір ұл, екі қызынан бүгінде бес немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже.
      Тұңғыш қызы – Тұрсын Перизат Уалиханқызы, білім мен біліктілікті қатар ұштастыра білген, еңбегімен абыройға жеткен жан. Астана қаласында отбасымен тұратын ол «Ақпараттық жүйелер» мамандығын тәмамдап, бүгінгі күні «Ұлттық ақпараттық жүйе» акционерлік қоғамында бас инженер қызметін он жылдан астам уақыт бойы жоғары деңгейде атқарып келеді. Техникалық салада табандылық танытып, жауапкершілігімен танылған Перизат – кәсіби шеберліктің үлгісі ғана емес, екі немеренің аяулы анасы. Жолдасы Дәулет те елге қызмет етудің жауапты жолын таңдаған, Қазақстан Республикасы Әскери сотында абыройлы еңбек етіп жүрген азамат.
      Ұлы – Тұрсын Алпыс Уалиханұлы, ерлік пен батылдықты талап ететін мамандықты таңдап, бүгінде Балқаш қаласындағы №4 мамандандырылған өрт сөндіру-құтқару бөлімшесінде аға құтқарушы болып қызмет атқаруда. Қауіп-қатерге толы сәттерде тайсалмай, адам өмірін арашалау – нағыз жүректі азаматтың ісі. Жары Назерке де – жүрегі жылуға толы жан. Абай атындағы лицейде психолог болып еңбек етіп, жас буынның жан дүниесіне үңіліп, оларға сенім мен жігер сыйлап келеді. Осындай ізгі жолды таңдаған қос жанның шаңырағы да берекеге толы. Бүгінде бұл үлгілі отбасы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай үш бала тәрбиелеп, өсіріп отыр. Әкесінің батылдығы мен анасының мейірімін бойына сіңіріп өскен үш бүлдіршін – осы шаңырақтың басты қуанышы мен мақтанышы.
      Кенже қызы – Тұрсын Нұржанат Уалиханқызы, талап пен табандылықты серік еткен жас маман. Балқаш қаласындағы «Қазақстан Темір Жолы» мекемесінің Балқаш-1 станциясында аға қабылдаушы қызметін атқарып, темір жол саласының қарбалас тіршілігінде жауапты міндеттерді мінсіз орындап келеді. Биылғы жазда алтын ұясынан қияға қанат қағып, жаңа өмір белесіне қадам басқалы отырғаны – ата-ана үшін толқынысқа толы қуаныш, ал перзент үшін үлкен өмірге бастар жарқын жол.
      Перзенттерінің жетістігіне марқайып, немерелерінің шат күлкісін тыңдап отырған Уалихан Тұрсынұлы мен Гүлнар Қабылдақызының шаңырағы – бірлігі бекем, тірлігі көркем әулет. Мұндай отбасының іргесі қашанда берік болады, өйткені оның негізі – өзара құрмет пен шынайы қамқорлықта.
      Адам баласының ғұмыры – артында қалдырған ізімен, ел есінде сақталған еңбегімен, ұрпаққа аманат еткен өнегесімен өлшенеді. Тіршіліктің сан тарау жолынан сүрінбей өтіп, маңдай терін туған жерінің игілігіне арнаған азаматтың өмірі қашанда құрметке лайық. Осындай еңбегімен ел алғысына бөленіп, іскерлігімен танылып, адамгершілік болмысымен көпке үлгі болып келе жатқан Аринов Уалихан Тұрсынұлының ғұмыр жолы – мағынасы терең, тағылымы мол тағдыр.
      Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнап, ата кәсіптің тамырына нәр беріп келе жатқан ол үшін еңбек – жай ғана тіршілік қамы емес, азаматтық борыш, ел алдындағы жауапкершілік. Жердің қадірін жете түсініп, төрт түліктің бабын таба білген жан туған өлкенің ырысын еселеп, ауыл тіршілігінің жандануына сүбелі үлес қосты. Осындай табандылық пен төзімнің арқасында ол ел сенімін ақтап, абырой биігіне көтерілді.
      Уалихан Тұрсынұлының өмір жолына зер салған сайын, оның болмысынан қарапайымдылық пен парасат, кеңпейілділік пен кісілік қасиеттердің үйлесім тапқанын аңғару қиын емес. Қандай жетістікке жетсе де, кішіпейілдігін жоғалтпай, елмен етене араласып, көптің қуанышын бөлісіп, мұңына ортақтаса білу – нағыз азаматқа тән мінез. Өйткені адамды ұлық ететін – мансап емес, оның айналасына тигізген шапағаты мен жасаған игілігі.
      Еңбегімен ел құрметіне бөленген, парасатымен көпке қадірлі Аринов Уалихан Тұрсынұлына мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Отбасының берекесі артып, шаңырағы шаттыққа толсын, ұрпағының қызығын көріп, мерейі үстем болсын. Кәсібіне құт-береке дарып, бастаған игі істері әрдайым жемісті жалғасын таба бергей. Туған жерінің гүлденуіне қосқан үлесі еселеніп, абыройы асқақтай түссін.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...