Ысқақов Тұяқ Қапанұлы

Рейтинг:

Саятшы

Тектінің тұяғы, даланың қияғы


      Саятшылық – күнкөріс қарекеті ғана емес, көшпелі жұрттың болмысы мен мәдениетін айшықтайтын текті өнер. Бұл кәсіп ер жігіттің ептілігі мен мінезін шыңдап, табиғатпен тіл табысуға баулиды. Қыран баптап, тазы жүгірткен саяткердің бітімі бөлек: оның қырағы жанары мен сабырлы қадамынан дала заңын қастерлеген ұстамдылық байқалады. «Ит – жеті қазынаның бірі» деп түйген бабалар танымында аңшылық – қанағат пен киенің мектебі. Олжа қууды емес, түз несібесіне қиянат жасамауды мұрат тұтқан бұл дәстүр – табиғатқа деген шексіз құрмет пен өзіңді-өзің сынаудың биік үлгісі.
      Атадан балаға аманат болған осынау қастерлі жолды республикалық дәрежедегі аңшы Ысқақов Тұяқ Қапанұлы лайықты жалғады. Оның өмір жолы – әке мұрасына адалдықтың, дала рухымен үндескен тағдырдың жарқын көрінісі. Жеке басының беделін еңбегімен, абыройын аманатқа беріктігімен өрген саятшының ғұмыры ежелгі дәстүрдің заманауи жаңғырығы іспетті. Тұяқ Қапанұлының саяткерлік болмысынан далаға деген сүйіспеншілік пен ұлттық құндылықтарды қастерлейтін нағыз азаматтық тұлға айқын танылды.
      Ысқақов Тұяқ Қапанұлы 1957 жылдың 3 сәуірінде дүние есігін ашты. Бұл күн бір шаңырақ үшін сүйінші мен суық хабардың алмасқан сәті еді: өмірге ұл келіп, әулет қуанғанымен, аяулы қарындасынан айырылған отбасының қабырғасы қайысты. Ананың көз жасы мен әкенің мұңы араласқан сол бір ауыр кезең кейінгі жылдардың бедеріне де өз көлеңкесін түсірді. Тұяқ Қапанұлына ана сүті бұйырмады, ол сәби шағынан-ақ «жетімдіктің» ащы дәмін татып, мейірімге сусап өсті. Алайда, «артында бір тұяқ қалды» деген үмітпен ел-жұрт сәбидің есімін Тұяқ қойып, әулеттің болашағын осы баламен байланыстырды.
      Балалық шақтың беймәлім бір құпиясы бар еді: көрші үйдің ағасы жасырын келіп, кәмпит ұстатып, мұңлы жанарымен ұзақ қарап қалатын. Кейін ес жиғанда, сол жанның туған әкесі – Қапан екені, ал бұл ақиқатты баланың болашағы мен жұрттың сөзінен именген нағашы әжесінің жасырып келгені белгілі болды. Жүрек түбіндегі шындыққа құлақ түрген жасөспірім бір күні тәуекелге бел буып, әліппесін арқалап, туған әкесінің шаңырағына қашып келеді. Бұл қадам жат елдегі еркелік емес, өз арнасын тапқан бұлақтың бастауына оралуы іспетті еді.
      Әке үйі оған бөтен болған жоқ; бауырлары Махпуза мен Мәнзилла, Біләл мен Құрал, Мағира, Орал және Майраның қатарында бауырмалдық жылуына бөленіп, көңілдегі мұң сейілді. Алайда, бозбала шағында әкесі Қапан жол апатынан кенеттен көз жұмып, тағдыр тағы бір соққы берді. Қапанның өзі де ата-анасыз ерте қалып, өз еңбегімен елге сыйлы ұстаз, беделді азамат дәрежесіне жеткен тұлға еді. Оның соңында қалған жеті баланы отыз жасында жесір қалған Рахия ана (тәтесі) ақ сүті мен төзіміне суарып, ұядан ұшырды.
      Әке тағдырының бұралаңдары да аз болмаған: алғашқы жары Күләннен екі қызы өрбісе, Тұяқты дүниеге әкелген екінші жары Змия ана ерте бақилық болды. Кейін шаңырақ көтерген Рахия ана Тұяқ үшін туған ананың орнын басып, жүрегіне шуақ сыйлаған қамқоршысына айналды. Осылайша, Тұяқ Қапанұлы әулеттің шежірелі тарихын, әкесінің абыройы мен аналардың асыл қасиетін бойына сіңіріп, үлкен өмір жолына қадам басты.
    Қапан ақсақалдан тараған ұрпақ бұтағы уақыт өте келе кеңге жайылып, үлкен бір қауым елге айналды. Әулеттің үлкені Махпуза апасы жолдасы Қайыржанмен түтін түтетіп, Бахытжан, Сайлаужан, Бауыржан есімді үш арысты тәрбиелеп өсірді. Ал Мәнзилла апасы Файзулламен бірге Ақадыр кеңшарында тұрақтап, Бектұр мен Зураның қызығына кенелді.
      Әулеттің әрбір перзенті – бір-бір шаңырақтың алтын діңгегі. Біләл бауыры жары Орынжанмен бірге Теміртас, Айымжан, Данияр, Дидар есімді төрт перзент сүйіп, берекелі ғұмыр кешті. Алайда 2017 жылы Біләлдің кенеттен өмірден өтуі әулеттің қабырғасын қайыстырып, жүрекке өшпес жара салды.
      Бауырлары Құрал жары Гүлнашпен Жақсылық, Айбар, Айдос есімді үш ұлды қатарға қосса, Орал жары Сәулемен Қарағанды қаласында Дәурен, Мәулен, Бахытгүлді тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды.
      Қарындастары Мағира Саятпен бірге Қарағайлы селосында Гүлден, Айнұр, Айдана, Тоғжан есімді төрт қызды өсірді. Майра алғашқы жары Мейраммен 12 жыл отасып, өмірге Медет, Назерке, Жанерке және Әділет есімді төрт перзентті әкелді. Мейрам 34 жасында өмірден ерте өтсе де, артында ұрпағы қалды. Кейіннен Майра мен Думан осы төрт өренді бірлесіп тәрбиелеп, ұлдарды ұяға, қыздарды қияға қондырды.
      Әулеттің бас иесі Қапанның болмысы бөлек еді. Ол – құралайды көзге атқан мерген, ат баптап, ит жүгірткен, есімі елге танымал аңшы болған жан. Сондықтан саятшылық бұл әулет үшін жай ғана ермек емес, атадан балаға қанмен берілген қасиет, сүйекке сіңген киелі мұра. Тұяқ Қапанұлының өмір жолы – осы асыл мұраны ардақтауға, даланың даңқты дәстүрін өшірмей, әке атына кір келтірмеуге арналды.
      Қарқаралының қоңыр жондары – адам баласына үнсіз тіл қатып, талай сырды ұқтыратын қасиетті мекен. Таңғы шықтың салқынынан бастап, түскі күннің аптабы мен іңірдің қызыл шапағына дейінгі дала ырғағы Тұяқ үшін жат емес. Оның тағдыры – даланың тынысымен өлшенген, табиғаттың қатал мінезімен сыналған, жүректің сабыры мен көздің қырағылығына негізделген саяткерлік жол. Оның еңбек жолы бір ғана парақ бетімен шектелмейді.
      Тұяқ Қапанұлы әке өнерін кәсіп қана емес, биік өнер деңгейіне көтерді. Оның есімі республика көлеміне жайылып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, жұрт аузында аңызға айналды. Бірақ бұл атақ-даңқ арзан танымалдықтан емес, табанды төзім мен көп жылғы маңдай терден келді. Аңшылық – түздің қыңыр мінезі мен аңның айласына қарсы тұратын, бейқамдықты кешірмейтін қатал мектеп. Тұяқ үшін саяттың мәні олжа қуу емес, өз бойындағы салғырттықты жеңіп, ішкі рухын шыңдау болды.
      Тағдырдың тауқыметі мен ерте басталған жауапкершілік оның ұзақ білім алуына мұрсат бермеді. Алайда, көкірегі ояу азамат үшін айналасы – мектеп, көрген-білгені – кітап болды. Ол қашанда жақсы мен жайсаңның қасында жүріп, кісіліктің үлгісін сөзбен емес, іспен дәлелдеді. «Өзі еңкейгенге еңкей, өзі шалқайғанған шалқай» деген қағиданы ұстанған ол, кішіпейілдік пен өрліктің тепе-теңдігін сақтай білді. Оның ел арасындағы беделі – бір күндік жарқыл емес, жылдар бойы қалыптасқан парасаттылықтың жемісі.
      Аңшылық кәсіп оған дүниенің есігін айқара ашты: талай қырқаның қиясын асып, ел ағаларымен дәмдес болып, сыйластық тапты. Саятшылықтың басты жұмбағы – ол адамды қажытпайды, керісінше, жанын жібітіп, бойын тазартады. Тұяқ үшін дала – тұрмыстың тауқыметі мен көңілдің кірін жуып жіберетін рухани тыныс мекені болды.
      Ол өзінен кейінгі жастарға да осы киені ұқтырды: аңшылық – олжаға мастану емес, обал мен сауапты ойлау, табиғатқа өктемдік етпей, оны қадірлеу екенін үйретті. Саяткерлік әдепті жол үстінде, іс-қимылмен көрсетіп, қай жерде тоқтап, қай жерде тыйылу керектігін сөзсіз-ақ саналарына құйды.
      Тұяқ Қапанұлының даңқын алысқа жайған айнымас серігі – қазақтың «жеті қазынасының» бірі саналатын құмай тазылары еді. Түздің тылсым тілін иттен артық ұғатын жануар жоқ: ол иесінің демін сезіп, аңның аңысын алыстан болжайды. Саяткердің есімі елге жайылғанда, алдымен оның Жолды, Ақтұйғын, Көктұйғын, Аққоян есімді дүлдүлдері ауызға ілінетін. Бұл есімдер – жай ғана лақап ат емес, саятшының маңдай тері мен сеніміне айналған, бір-бір дәуреннің куәсі болған асыл тұқымды тұлпар-тазылардың белгісі еді.
      Тұяқ Қапанұлының түз кезген ғұмыры қаншалықты кең болса, оның көңіл қазығы – өз үйінің берекелі іргесі еді. Саяттың салқыны мен даланың аптабын кешіп келген ер азамат қашанда ошақ басының жылуын, жарының мейірі мен баласының бал үнін аңсайды. Ол өмірлік серігі Зоя Қабыкешқызымен бас қосып, тағдырдың ыстық-суығын бірге еңсерді. Бірінің қабағы түйілсе, екіншісі демеу болып, қиындықта сүйеу, қуанышта ортақ бола білді. «Ердің бағы – жарының ырысы» деген аталы сөздің ақиқатын Тұяқ осы татулыққа толы тіршілігінен таныды.
      Бұл киелі шаңырақта екі ұл, екі қыз өсіп, бой түзеді: Әділназар, Ерназар есімді ұлдары әке үмітін арқаласа, Ақжарқын мен Жансая үйдің шырайын кіргізді. Бала өсірудің бейнетінен гөрі, олардың әрбір қадамы мен жетістігіне сүйсіну – әке үшін үлкен мәртебе болды. Уақыт өте келе Әділназар мен Ақжарқын өз алдына отау құрып, әке жүрегін немере сүйгізіп жаңғыртты. Немеренің күлкісі – қажыған көңілді жібітіп, жүректің тоңын ерітетін тәтті шуақ іспетті бұл шаңыраққа жаңа қуаныш сыйлады.
      Тұяқ Қапанұлы дүниеден өткенде Арқаның тауы мен тасы, орманы мен тоғайы күңіреніп сала берді. Оның қимас ағасы Бағдат Түшкенұлының жүрегінен шыққан мынау жоқтау-жыр – асыл азаматтың болмысына қойылған ескерткіш іспетті.
      Қалай, қайтып емдермін, жан жауырын,
      Тағдыр ерте қадады-ау, қандауырын.
      Денең жерге кірсе де жаңа ғана,
      Сені әлден сағындым, жан бауырым.

      Бойласам да өн бойын қиялдың да,
      Қайтейін, сені бұған қия алдым ба?
      Анда-сонда сағынып бір соққанда,

      Таудай боп отырушы ең үй алдында.

      Біз тағдырдың дегеніне бағындық,
      Енді сені қойса-дағы сағым қып.
      Биік орындықта отырып ап айтатын,
      Әлден сенің әзіліңді сағындық.

      Әрқашан бөліп жедік үзім нанды,
      Елес боп күлімдеген жүзің қалды.
      Өзіңнің жаратылыс болмысыңмен,
      Артыңда өшпестей боп ізің қалды.
      Тау шыңындай тектінің Тұяғы едің,
      Әлі де жер бетіне сияр едің.
      Үш күн болды, күңіреніп жоқтап жатыр,
      Тау мен тас, орман-тоғай, қия-белің.

      Торлады-ау бір қара бұлт елдің жайын,
      Үш күн болды жүректе шерлі уайым.
      Бұқатышқан бұртиып зарын төксе,
      Қан жұтты Қия кезең, Белгібайың.
      Битембай бұйығады бас көтермей,
      Тоқшора торығады аш кеселдей.
      Аршалы ауық-ауық аһ ұрады,
      Бойын билеп алған бір тас жөтелдей.

      Босаға безереді, өксік атып,
      Қалақтас мұңаяды, мұңға батып.
      Жалғызбау жетімдіктен жылап жатса,
      Көшен де кемсеңдейді қырда жатып.
      
      Сымтасың, Қаракемер, Қызылсораң,
      Әбен, Омбай, Аюшат, Қарамолаң.

      Жүруші ең, қойнауынан қасқыр қуып,
      Соқса да күндіз-түні қара боран.

      Дұғай сәлем айт деді Қарашоқы қайқаңы,
      Енді қашан көрем деп Бесшоқы бас шайқады.
      Қарасораң, Қаламбек, Нияз, Айжан, Темірші,
      Саған деген әлден-ақ сағынышын айтады.

      Не шара, тәуба дейміз бір Аллаға,
      Атар әлі талай таң қылаңдана.
      Жан бауырым, бізден барар жеңілдік,

      Артыңнан оқылатын Құран ғана.
      Тұяқ Қапанұлының есімі Арқаның әр тасына, әр шоқысына жазылғандай. Ол өзі аң қуған Қарашоқы мен Қаракемердің қойнауында мәңгілік із қалдырды. Әке жолын абыроймен атқарып, ұрпағына қанағат пен бірлікті аманаттаған саятшының рухы дала төсінде әрқашан өшпек емес. Саяттың серті мен отбасының бірлігін қатар ұстаған Тұяқ Қапанұлы үшін ең басты олжа – түздегі аң емес, ұрпағына қалдырған асыл өнегесі. Ол перзенттері мен соңынан ерген жас буынға: «Байлықтың басы – қанағат, ерліктің басы – тәртіп, тірліктің басы – бірлік» деген қасиетті ұғымдарды санасына сіңіріп өсті.
      Қорыта айтқанда, әке жолын лайықты жалғап, еңбегімен ел ықыласына бөленген саятшының ғұмыры – дала дәстүрін ұлықтап, шаңырақ шырағын маздатып, кейінгіге асыл мұра қалдырған нағыз қазақы ғұмырдың жарқын бейнесі. Әулеттің түтіні түзу, керегесі кең, берекесі баянды болсын!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...