Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Созақ ауданының Құрметті азаматы,
«Тыңға 50 жыл» мерекелік медалінің иегері
Өскелең жасқа өмірі үлгі
Ауыл дегеніміз тек қана тіршілік көзі ғана емес, ол – ұлтымыздың сан ғасырлық мәдениетінің сақталып қалатын бірден-бір нүктесі. Расында ауыл дегеніміз – ұлтымыздың бастау алар қайнар көзі. «Іс тетігін білікті маман шешеді» деген ұлағатты сөз бұрыннан бар. Бірақ егіс алқабында таң атқаннан кеш батқанға дейін кім жұмыс істейді, төрт түлік малды кім бағады, техниканы кім жүргізеді. Ол – агроном, гидромелиоратор, механизатор.
![]()
Сондықтан да «Тауық сойса да қасапшы сойсын» деген аталарымыз болашағынан үлкен үміт күткен перзенттерін бір іске, кәсіпке баулыған. Десек те аталар үміті өшкен жоқ, атадан туса да адамзаттың баласы бола білген, бір ананың омырауын емсе де, дүйім елдің қамын ойлаған, табиғат пен адамзатты тілдестірген, байланыстырған, тіршілік үшін қажетті саланың көшін алдыға жүргізе білген азаматтарымыз баршылық.
Міне, осындай бала шақтағы тәлімді тәрбиесі, өнегелі өмір өрнегін көрсетуге алып келген айбынды азаматтарымыздың бірі, ауыл шаруашылығында алтын ізі мен қолының таңбасы қалған Досболов Әбдірахман Шәбденұлы туралы сөз қозғауды жөн көрдік.
Буыны қатпаған балаң күйінен еңбекке ерте араласып, Жер-ананың жіпсіген маңдайын сүртіп, топырақтың құнарын танып-білген, саналы ғұмырын механизаторлық салаға арнаған еңбек адамы, мал қыстауға үнемі көмектесіп, өзіндік үлесін қосуды басты мақсат еткен «Шу» совхозының механизаторы Досболов Әбдірахман Шәбденұлы 1950 жылы қыркүйек айының 10 жұлдызында Жамбыл облысының Сарысу ауданы Коммунар совхозында дүниеге келді.
Өте қарапайым отбасында өскендіктен, қиындықтың дәмін бір кісідей татқан Әбдірахман Шәбденұлы – көпшіл, адам талғамайтын, еңбекқор азамат. Ата-анасына көмектесу, бауырларына
![]()
қамқор болу, отбасын асырау оның басты парызы болды. Нағыз ер болсаң, сол атаққа ие бола білу – ер азаматқа тән қасиет. Ол сондай ержүректілікті, намысшылдықты, қайсарлықты әке қанымен сіңгенін мойындайды. Өйткені әкесінің бойындағы батылдық кейіпкерімізге күш-жігер беріп, алға ұмтылдыратын. Шабытты мақсаттан алып, сол ұлы мақсаттарына итермелеуші, ойының жүзеге асуына, жетістікке жетуіне себепші адамның әкесі екенін мақтанышпен айтады. Ал рухани байлықты анасының сүтімен берілген деп біледі. Анасы ақылға бай, қоржыны білімге толы, өте дана адам болған.
Тауықтың шақыруы мен шегірткенің шырылы қатар естілген ауыл таңы қандай керемет десеңізші, таңның атысы, күннің батысы егін басында болған ата-анасының қол ұзартар қолғанаты бола білген Әбдірахман Шәбденұлы бұғанасы қатпай жатып, еңбекке араласты.
Бүгінде, зейнеткерліктің көк дөненін тақымға қысқан шаққа келгенде табан тіреген құрмет төрі мен абырой биігінің алғашқы қадамдары сол ауыл өңірінде, қолына кетпен мен күрек ұстаудан басталды. Соғыстан кейінгі жылдары дүние есігін ашқан балада қайбір бақытты балалық болсын?! Бейбітшілікті медеу тұтқан аналардың тілеуі мен шүкірінің арқасында барын тартып, базарлы еткен көп отбасының бірі болды.
![]()
Ең үлкен тәрбиенің адал еңбек екенін перзенттеріне түсіндіре білген әкенің тәлімін көрген ол, кішкентайынан шаруашылық істерге епті болып өсті. Үнемі отбасына көмектесіп, қол қажетіне жараған кейіпкеріміз механизаторлықтың қыр-сырын үйрене жүріп, өмірлік мамандығының иесін осы саладан тапты.
1956 жылы Ұланбел ауылында Ұланбел орта мектебінің табалдырығын аттаған Әбдірахман Шәбденұлы білімін одан әрі Шу савхозындағы бұрынғы «Ю.Гагарин» атындағы мектепте жалғастырып, 1965 жылы 8-сыныпты аяқтап шығады. Одан әрі еңбек күші жетіспей жатқан колхоздың өміріне белсене араласып кете барған жас, өзінің алғашқы еңбек жолын 1966 жылы тракторист болудан бастайды.
Шалғай жайылымдардағы отарлармен табындарға жемшөп тасымалдауда өзара социалистік жарысқа қатысып, күндік нормасын асыра орындап, әрбір техниканы тиімді пайдаланып, совхоздың үздік механизаторы атануымен қатар, қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытып, көппен туыс, талаймен дос бола білді.
Қара нардың белін қайыстыратын ауыр да жауапкершілігі мол жұмыстарды атқара жүріп, өзіне артылған басшылықтың сенім үдесінен шыға білген Әбдірахман Шәбденұлы жоспарларды өз уақытында жүзеге асырып, біліктілігін көрсете білді. Қайда жүрсе де адамдық қалпынан айнымай, ағайынмен мұңдас, доспен сырлас, ұжымдастарымен бір дастарқан басында отырды. Бұл да көп белдіден табыла бермейтін, кейіпкеріміздің бойындағы қарапайымдылығы еді.
![]()
Механизаторлық салада еңбек еткен жылдары Әбдірахман Шәбденұлы мінсіз қызметі, адал еңбегі, шаруашылықтың өркендеуіне қосқан үлесі үшін көптеген марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
- 1973 жылы Облыстық механизаторлық арасында ең үздік көрсеткішке ие болғаны үшін «Лучший механизатор области» атағы;
- 1976 жылы «Социалистік жарыс жеңімпазы» белгісі;
- 1987 жылы «Ұлы Октябрь Революциясының 70 жылдығы» қарсаңында Құрмет Грамотасы;
- 1990 жылы 1989-1990 жылғы мал қыстату науқанындағы жетістігі үшін «Социалистік жарыс жеңімпазы» белгісі мен Құрмет Грамотасы;
- Механизаторлық салада қол жеткізген жетістіктері үшін Құрмет Грамотасы;
- 1992 жылы 1992 жылдың басынан бері өзіне бекітілген техниканы ұқыптылықпен қарап, тиімді пайдаланып, жылдық эталон жоспарын 152%-ға асыра орындағаны және І орынға ие болғаны үшін Құрмет Грамотасы;
![]()
- 1998 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына Қазақстанның жаңа астанасына абаттандыру мен оның құрылысына қосқан үлесі үшін «Астана» естелік медалі;
- 2003 жылы «Тыңға 50 жыл» мерекелік медалі;
- 2008 жылы 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 17 жылдығы мерекесі қарсаңында «Ауыл шаруашылығының үздігі» Дипломы;
- 2011 жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына лайықты табыстарымен қарсы алу жолындағы ерен еңбегі және ауыл шаруашылығы саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін Алғыс хат;
- 2016 жылы «Созақ ауданының Құрметті азаматы» атағы;
- 2024 жылы «Мерейлі отбасы» байқауынан Алғыс хатпен марапатталды.
Ұзақ жыл бір салада еңбек етіп, бағындырғаны – белес, қол
![]()
жеткізгені – жетістік, аяқ салғаны – төр болған Әбдірахман Шәбденұлы – отбасында асыл жар, асқар тау әке. Жары Досполова Мейрамкүл екеуі Әбдіхалық, Дина, Әбдіқадір, Гүлнұр, Әбілхайыр, Гүлзат, Мұрат есімді 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, 24 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
Иә, өмірде мамандығына аса сүйіспеншілікпен қарап, өмірінің бір бөлшегіне айналдырып, шыңына жеткен адамдарды «өз ісінің хас маманы» дейді. Ондай азаматқа елі құрметпен қарайды. Елеулі еңбегін бағалайды. Көпке үлгі етіп, мақтан тұтады. Өмірдің ағысында көргені мен түйгені сол азаматтың айта берсек үлгі тұтарлық қырлары өте көп. Бастысы, міне, осы адамгершілік қасиетінің жоғарылығы. Себебі бұл – әкенің тәлімді тәрбиесінен келген асыл қасиет. Бала күнінен еңбекке құштар етіп тәрбиелеген әкесі, адал еңбекпен тауып жеген нанның тәтті болатынын санасына сіңіре алды деген сөз.
Қазіргі таңда жетпіс беске келіп қалса да, тепкішегі бесті жылқының үзеңгісінен де биік тракторға қиындықсыз мініп-түсетін, салауатты өмір салтын берік ұстанып, ісімен де, сөзімен де, өмірімен де өскелең жастарға үлгі көрсетіп келе жатқан Әбдірахман Шәбденұлының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()