Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Еңбек ері, екі мәрте Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің мүшесі, Қарағанды облыстық XXIII партия конференциясының делегаты, «Ленин», «Октябрь революциясы» ордендері, Қарқаралы ауданының озат механизаторы, «За Трудовые отличие», «Ветеран труда» медальдарының иегері
Еңбегі елге ұран, есімі тарихқа таңбаланған
Сыбызғы үнін шертіп, сары даланың төсінде ескен желге құлақ түріп, мұрағат беттерінде сақталып қалған өткенімізді парақтайтын болсақ, қазіргі Қазақстанның ел болып қалыптасуына өзінің үлесін қосып, бекітіліп берілген міндеттемелерді орындауда саналы ғұмырын сарп етіп, жеке басынан ел мүддесін жоғары қоя білген, есімі мен еңбегі тарихтың парақтарында жазылып, халықтың жүрегінде сақталып қалған ардақты азаматтарды байқаймыз. Олар қиын шақта өмірге келіп, еңбектің қамытын мойнына бір сәт те тастамай, «елге қызмет» деп аталатын шоқпарды беліне байлап, ғұмырының соңына дейін еңбек етіп, ел бірлігін, тыныштықты, адал еңбекті, адами асыл қасиеттерді кейінгі ұрпаққа өнеге етті.
Осындай, есімі мен еңбегі, адал еңбек, адами болмыстың асыл қасиеттерін бойына сыйдырған ақтаңдақ тұлғаларды топтастырған Республикалық деңгейдегі «Қазақстанның Алтын кітабына» алтын әріптермен жазылып қалған Қасқанов Боранқұл туралы айтып өтпекшіміз.
Қасқанов Боранқұл – есімі еңбекпен өрілген, жүрегі кең, жаны жомарт, көпке тілектес азамат ретінде ел есінде қалды. Ол – тек білікті маман ғана емес, сонымен қатар үлкен әулеттің түтінін түтетіп, шаңырағына пана болған, саялы бәйтерегі еді. Оның егін даласындағы ерен еңбегі өз заманында лайықты бағасын алды. 1969-1987 жылдар аралығында Боранқұлдың қажырлы еңбегі туралы мақалалар республикалық баспасөз беттерінде үзбей жарық көріп, көпке үлгі болды. Оның озат механизатор екендігін дәлелдейтін құжаттар мен естеліктер Қарқаралы қаласының тарихи музейінде арнайы бұрыш (уголок) болып ұйымдастырылып, келушілердің назарына ұсынылды. Сондай-ақ, Қарағанды қаласының Құрмет тақтасында оның есімі мен еңбегі алтын әріптермен жазылып, халықтың құрметіне бөленді.
Қанаттанып ұшады қайдан ақ қаз? Тағдыр деген табанға тайғанақ саз. Кімдерді танытпадың қайран Арқа? Кімдерді тумадың сен қайран Аппаз? Қарқаралы қашанда қанатты да, талантты ұлдарын ұлтқа танытып, кейін көзінен жас тамшылап еске алып отырады. Абзал азамат, әруақты ата, кешегі заман, өткен өмірдің Еңбек Ері, Аппаз ауылының айтулы ақсақалы Қасқанов Боранқұл 1940 жылы 12 қарашада дүниеге келді. Руы Толыбай-Қамбардың Қараша атасынан тараған. Өмір бұлағының бастауы болған әкесі – Қасқан еңбек адамы болса, анасы – Әзипа төрт қыз, бір ұл: Мүгілсім, Мәкен, Үміт, Рахила және Боранқұлды тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ана. Осылардың ішінде қазіргі таңда Мәкен мен Рахила ұрпағының ортасында аман-есен жүріп жатыр.
Дән болса ән болатынын жете түсінген жігіт ағасы егіс даласындағы ерен еңбегі үшін кезінде бірнеше рет Облыстық партия комитетінде делегат болған. Ол кісі жайында XI бесжылдықтың уақытында орталық газеттерінде былай деп баяндайды: «Ол 1969 жылдан бері компартия мүшесі. Жылдағы дәстүрлі әдет бойынша орақ басталған қарбалас шақта дала кемесінің штурвалына отырды. Сөйтіп науқан ішінде межелі 340 га жердің орнына 670 га-ға егін орып, бастырып, комбайнның бункерінен еліміздің дәулет дастарханына 5 мың центнерден астам астық жөнелтті. Еңбек жолын туған совхозында бұдан ширек ғасыр бұрын балаң жігіт кезінде бастаған. Талды ауданының коммунистері оған тағы да зор сенім көрсетіп, Қарағанды облыстық XXIII партия конференциясына делегат етіп сайлады», – деп, Мақсұм Омарбековтың «Адамның ізі» атты кітабында «Елдің еркесі» атанған Бөкен деген кейіпкер осы «Ленин» орденді шофер Боранқұл Қасқанов еді.
Жастайынан еңбекке араласқан Боранқұл Қасқанұлы көктем мезгілінде егіс алқабына тұқым себу маусымын атқарғаннан кейін, малшыларды қыстаудан жайлауға көшіруге ат салысса, күзде орақ науқаны аяқтала салысымен малға жем-шөп таситын. Қыс уақытында аудан, облыс орталығынан елге отын-көмірін жеткізіп беріп, арасында ұзақ сапарларға шығып, еліміздің шекаралас облыстарынан ағайындарды көшіріп әкелген кездері болған.
«...Иә, орнында бар оңалар демекші, әкеміз Қазкен Әбәқашқызымен отау құрып, 6 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, 33 немере, 41 шөбере көрді. Анамыз ауылдық асхананың тәжірибелі, өз ісіне адал меңгерушісі болды. «Батыр Ана», «Алтын Алқа» ордендерімен марапатталған. Бала тәрбиесімен қоса, қоғамның да ісіне белсене араласып жүріп, атқарып жүрген қызметінің арқасында Қазкен анамыз да аудандық мәслихаттың депутаты болды. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған ордалы әулет болды. Анамыз 2021 жылдың 14 тамызында 82 жасында дүниеден озды.
1989 жылы әкеміз зейнеткерлік жасқа шыққаннан кейін совхоздың ірі қара мал басын көбейтуге үлесін қосты. Өзінің ата-бабасы қоныс еткен «Қарабұлақ» деген қыстауда мал шаруашылығымен айналысты. Ірі қара малының төл басының жылдық жоспарын асыра орындап, сонымен қоса ауыл басында отырған отбасыларға жәрдемін аямай, сауынға сиыр беріп тағы да ел алдында алғысқа бөленді. Оқу жылы аяқталғаннан кейін жазғы каникул басталғанда бала-шаға, немерелерімен жаз бойы қой бағып, қымыз сапырып, даланың қарақаты мен бүлдіргенін армансыз теріп, демалысты қызықтап өткізуге келген қонақтарға анамыз екеуі қонақжайлық ықыластарын аянбады...
Сонымен қоса, ол кісі кітаптарды, газет-журналдарды көп оқитын, әсіресе тарихи аңыз-әңгімелерді көп білетін, арасында бәрімізге айтып беретін», – дейді, перзенттері әке туралы естелігінде сағыныштың мөлдір тамшыларын тамдырып тұрып.
Жасы 90-ға таяған Мәкен апа бірге туған бауыры Боранқұл туралы естеліктерімен бөліскенде, көзіне жас үйірілді. Оның әр сөзінен сағыныш пен мақтаныш лебі есіп тұрғандай еді: «Әкеміз жылқышы болды. Бала күнімізде екеуміз әкемізге қолғабыс етіп, көмектесетінбіз. Әкеміз мал бағып жүріп, бізге еңбектің қадірін, адалдықтың бағасын ұғындырды. Осы қасиеттер бауырымның бойына терең тамыр жайып, берік орнықты. Әкеміздің үмітін ақтаған, еңбегімен елге танылған жан еді. Келінім Қазкен екеуі ұл-қыздарына ғана емес, тұтас ауылға үлгі бола білді. Техникаға шеберлігімен, елге деген жанашырлығымен дараланған бауырым Боранқұл – біздің әулетіміздің ғана емес, тұтас елдің мақтанышына айналған азамат еді. Оның еңбегі еленіп, тарихта есімі алтын әріппен қалатынына қуаныштымын. Ол қазір ортамызда болмаса да, біздің жадымызда мәңгі өмір сүрмек, рухы әрдайым бізбен бірге!» – деп, бауырымен бірге өткен өмірінің бір сәтімен, жүрегінің түкпіріндегі жылы естеліктерімен бөлісті.
Боранқұл Қасқанов совхоздағы «Халықтық бақылау» тобының белсенді мүшесі болды. Қандай науқан болмасын, өзі араласып жүрген істе ол ысырапқорлыққа қарсы күресе біліп, жастарға өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаруды үйретті. Сондықтан да жас комбайншылар оның ағалық ақылына, іскер тәжірибесіне қашанда құштар болған. Ол комбайндарды талапқа сай жабдықтауда аз жұмыс атқарған жоқ екен. «Бақылау тобының мүшесі» ретінде осы дайындықтың басында болды. Бұл нәтижесіз еңбек емес еді. Совхоздың астық тапсыруда жылдық жоспарды орындауы бақылаушылар үшін де үлкен мерей болған екен.
«Бөкең – ел азаматы еді. «Қазақ қандай десе, мынандай!» деп айтуға лайықты-тын. Ал, «халық айтса, қалт айтпайды» дегенге көзім жетті. Бөкең – өте қарапайым, көпшіл, мінезі бірбеткей. Бойы қандай биік болса, оның ойы да сондай заңғар-тын. Жүрегі кең даладай еді ғой. Сол кеңдігінің белгісі Бөкеңнің құшағына бір ел сыйып кететіндей еді» – деп, 25 жыл ағайындай досы болып кеткен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Ботаника кафедрасының меңгерушісі, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты, профессоры, доценті Темірғали Шәушеков Орталық Қазақстан газетіне «Ардақ тұтар ел азаматы еді» деген тақырыпта әкемізді еске алу туралы ой-пікірімен бөліскен.
2021 жылы ауылымыздың әкімшілігінің бастамасымен ауылдың соғыс және тыл ардагерлеріне, сонымен бірге еңбек ерлеріне арнап естелік тастардан парк-аллея ашылды. Сол естелік тастың біреуіне әкеміздің де аты тасқа ойылып жазылды...
Әкем менің айбынды едің, асқар ең,
Бауырына алды сені басқа әлем.
Ұлдарыңды желбіретіп жалаудай,
Қыздарыңа құшағыңды ашқан ең.
Сезім шіркін көңілімді кернеді,
Сағынышты күйін шертіп тербеді.
Түскен кезде сіз есіме - Жан әке,
Өксіп - өксіп жылап алғым келгенді.
Бұл өмірде талай жанға кездестім,
Айта алатын сен айтқанды жоқ ешкім.
Өмір бойы қарыздармын алдыңда,
Сен мен үшін алыс арман белессің...» - дейді әке рухына тағзым еткен ұрпақтары.
Боранқұл Қасқановтың көкейінде жүрген арманы, алдына қойған мақсаты – анасынан, әкесінен жастай қалған немерелері Ержан, Жұлдыз бен Ақнұр, Жаннаға қамқор болып, соларға бір-бір мамандық алып беріп кетсем деген ізгі арманы болды. Сол немерелерінің бірі – Боранқұл Жұлдыз Мейрамқызы қазір Қарағанды қаласындағы дизайнер маманы, отбасылы.
Осы Жұлдыздың жұдырықтай жүрегі былай деп жырлайды:
«....Ата сонау қиын кезде туыпсыз,
Ата жолын еңбек іздеп қуыпсыз,
Аппаз елі апта апталап жатпаған,
Болса-дағы қыста қаңтар суық, сыз.
Жүрегінен табылам деп жалпының,
Аман болсын төрт қызың мен алты ұлың.
Туған жердің тірегі болып жүрдіңіз,
Қасиетін ойлап дала халқының.
Сіз бар кезде басқа еді әлемі,
Асыл ана сізге адал жар еді.
Әбақаштан сонау - Қазкен әжеміз,
Адамзатқа Аспаз еді әдемі.
Немереден шөбереге ұласып,
Жүректерден жан атаға жыр асып,
Бір Алладан сізге шуақ тілейміз,
Қабыл болсын Бар халықтың дұғасы...». Еңбек еткен жылдары табан тіреген төр мен толағай табыс болған Боранқұл Қасқанұлы туралы көптеген мақалалар жарық көрді. Кеңес одағы кезінде «Халықтық бақылау», 1983 жылы «Боранқұл сенім биігінде», «Механизатор Боранқұл Қасқанов», Шәріп ағасының балалары атынан жарық көрген Құрманның «Өлмейтұғын артына із қалдырды» мақалалары өз оқырмандарын тауып, халықтың жүрегіне жетті.
Өмірге келген әрбір адамның алатын орны, қол жеткізетін жетістігі, табаны тигізер төбесі мен өмірден алатын еншісі болады. Жетістікке жеткен әрбір адамды Жаратушының қалауы десек те, сол бір жолда оның қаншама тері төгіліп, табандылығы, қайсарлығы мен жігерлілігі, уақытпен санаспай еткен еңбегі жатыр. Жеңіс пен жетістік өз-өздігінен келмейді. Ол үшін тынбай еңбектене білу керек. Өзіңнің еркіңді жеңіп, аяғыңды ілгері салып, темір етігің теңгедей болғанша, темір таяғың тебендей болғанша еңбек еткен адамның ғана бағы жанып, халық жүрегінен орын алады. Бұл – мыңның емес, жүз мыңның ішінде, тек біреуге ғана бұйыратын бақ.
Боранқұл Қасқанұлы ерен еңбегінің өтеуі мен бағасы ретінде 1970 жылы ерен еңбегі үшін «В.И.Лениннің 100 жылдығы» мерекелік медалі, «За Трудовые отличие» медалі және 1990 жылы «Ветеран труда» медалімен марапатталды. «Қарқаралы ауданының озат механизаторы» деген атақпен Қазақ ССР, Қарағанды облысының энциклопедияларында мәліметтер қамтылған.
Өзі өмірден өтсе де, жасаған жақсылығы мен еткен еңбегі, өнегелі өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалған Боранқұл Қасқанұлы отбасында арқа сүйер азамат, асқар тау әке бола білді.
Ұл-қыздары: Болат-Жайкен, Алмагүл-Аятбек, Сайран-Гүлнәр, Бағдат-Қарлығаш, Мейрам-Назым, Айнагүл-Мейірхан, Саят-Сандуғаш, Замзагүл, Мақсат-Нұргүл және Айнұр-Асқар.
Ұлдары Болат, Сайран, Бағдат және Мейрам кен-байыту, көмір өндіру карьерлерінде ауыр техникаларды бағындырып, әке жолын жалғастыруда. Немере-жиендері Берікбол, Дастан, Ұлан, Ербол, Ернұр, Наурыз, Ержан осы саларарда әртүрлі қызметтерін атқарып жатыр. Алмагүл мен Саят, және немерелері Әлішер, Ерлан мал шаруашылығымен айналысады. Айнагүл – тері өнімдерінің тігінші маманы. Зәмзәгүл, Мақсат жиен-немересі Нұрби, Айдана, Бақтияр прокуратура, полиция және әскери саладағы қызметшілер болса, Айнұр қызы әкімшілік маманы.
Немере-жиендері: Арайлым, Берікбол-Меруерт, Айдана-Ерлан, Ернұр-Айдана, Ержан-Балдәурен, Дастан, Ербол-Айдана, Наурызбай, Ақнұр-Жасұлан, Ұлан-Зәуре, Ерлан-Гаухар, Жанна-Жансерік, Әлішер-Жадыра, Еркебұлан, Жұлдыз-Нартай, Құндыз-Ерлат, Ермахан-Жанар, Әділет, Әлия, Назерке, Нұрби, Нұралы, Жібек, Заңғар, Нариман, Нұржол, Жаннұр, Бақтияр-Іңкәр, Нұрдана-Айдос, Диана, Раяна, Әдия және Сәния есімді ұрпақтар сүйді.
Сонымен қатар, қазіргі таңда әулетінің тамырын тереңге жіберіп отырған Ерасыл, Нұрислам, Айқын, Нұрасыл, Ерслан, Раяна, Шырайлым, Санжар, Нұрай, Ерсұлтан, Мариям, Аягөз, Қырмызы, Айару, Әмірәлі, Айзере, Аруназ, Шапағат, Әзима, Әли, Айбын Дінмұхамед, Асылым, Тілектес, Мәди, Әміре, Зере, Ілияс, Жанарыс, Алима, Бекарыс, Мұстафа, Айсамал, Аят, Әл-Ғани, София, Бекзат, Омар, Бекарыс, Ажар, Хамза, Томирис, Әзипа есімді шөберелері өсіп келеді. Нұралы, Айқын, Ерсұлтан – спорт күресінің жүлдегері, Ақнұр мен Айзере – көркем-өнердің әнші-бишілері. Назерке, Ермахан, Әділет – ұлағатты ұстаздар.
Міне, осындай ордалы іспен қордалы еңбектің ерен кейіпкерінің бақилық болғанына 12 жыл толды. 2013 жылдың 17 қазанында Құрбан айттың соңғы күнінде Қарағанды қаласындағы «Бала Қажы» мешітінде бір атадан тараған ағайынның асына келген мезгілінде мәңгілік мекеніне аттанып кете барды.
Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына, ел мүддесі жолына арнап, ісімен де, сөзімен де өнегелі өмір үлгісін көрсетіп, ағайын ортасынан мәңгілік мекеніне аттанып кете барған Боранқұл Қасқанұлының жаны пейіште, иманы жолдас болғай деп дұға ете отырып, шағын мақаламызды тәмамдаймыз.
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()