Ер атандырған еңбек
Қай дәуірді алып қарасаңыз да, қай кітаптың бетін парақтасаңыз да, қай ақынның үніне құлақ түрсеңіз де, қазақтың берекесі мен байлығы төрт түліктен болғанын білеміз. Ең жоқ кедейінің өзінде бір отар қойы болған, сонау аталарымыздың дәстүрлі кәсібі кешеге дейін келді, бүгін де жалғасын тауып жатыр. Бірақ сол мал шаруашылығы жайлы сөз қозғағанда, қысында қыстауыңды қарлы боранымен, көктемінде көгендегі қозысымен алысып, шаруашылықты шатқаяқтатпай ұстап, елдің берекесін кіргізген, тынымсыз еңбегі мен үлкен жауапкершілігімен бекітіліп берілген малды төлдетіп, түз тағысынан тағы бір қорғап, колхозға аман-есен тапсырып отырған қарапайым еңбек адамдары болған. Міне, санаулы ғұмырын бақташылыққа арнап, адамдықтың алтын тұғырына өзінің адал еңбегі, кісілік болмысымен шыға білген айбынды азаматтарымыздың бірі – Мейірманов Таңқай (Тілеуқабыл).
![]()
Мұхит түбін сәулесімен жарық еткен маржан тастай, көкірегі даналыққа толы, сабырлылығы мен кемеңгерлігі бір бөлек, отыз тістен шыққан сөзі отыз рулы елге таралып, өнеге мен тәрбиеге толы аталы сөздері ел арасында ауыздан ауызға айтылып жүрген қарттарға деген көрсетілер құрмет ерекше. «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» дейтін тәмсілді қаламымызға тұздық ете отырып, бейбітшілік пен ынтымақты, қарапайым қой баққан шопаннан, халық игілігі үшін белді де беделді қызметтерді атқарған, ешқашан аласармайтын Алатаудың шыңындай құрмет төріне көтерілген дария кеуде, тау мүсін тұлға Таңқай Мейірманұлы туралы кеңінен таратып айтсақ.
Таңқай Мейірманұлы 1924 жылдың 28 шілдесінде Қытай Халық Республикасының Құлжа қаласында дүниеге келді. Азан шақырып қойған есімі – Тілеуқабыл. Бірақ аттаған табалдырғының арғы жағындағы елдің үлкені мен кішісіне құрмет көрсетіп, есімін атамай, болмыс-бітіміне қарап, келіндердің қағаз бетіне түспеген дәстүрі бар емес пе? Жеңгелері таңырқай беретін қайын інісін «таңырқай қарайды әрі мұрның таңқиған» деп, «Таңқи» атап кетеді. Кейіннен ол Таңқайға ауысып, құжаттарын толтырғанда солай жазылып кете береді.
![]()
Таңқай Мейірманұлының кіндік қанының Қытай жерінде тамуы, аталарының табан ізі сол жақта жатқанығында еді. Қазақ ел болғалы басынан қандай нәубеттер өтпеген десеңші. Балапан басына, тұрымтай тұсына тартқан сонау бір жылдары кеңес үкіметінің солақай саясаты салдарынан әкесі Мейірман шекара асып, Қытай еліне барады. Көкке бас қойған төлінің бағытын бұзбайтын, төрт түлікті тіршілігінің тірегі еткен қазақ емеспіз бе, оның үстіне, кеңес үкіметінің «малыңды бер» деуі «жаныңды бер» дегенмен бірдей еді.
Сол бір қазақ елінің аспанын бұлт торлаған жылдары алдына салған қойын алып тау асып түскен әкесі Мейірман қой соңында жүріп, жары Күлімбаймен кездеседі. Тамыры бір соққан қасқалдақ қанды қазақтың жаны бір емес пе, тіршілігінің тірегі болған төлін сақтау жолында шекарадан өтіп, қытай еліне қонғанда танысып, білісіп, ел-жер сұрасқанда тағдырлас екенін білген екі жас бас қосып, екі жарты, бір бүтін болады. Осылайша, шет жерде жүріп табысқан Мейірман мен Найманның Қызай руының қызы Күлімбайдың тұңғышы Таңқай (Тілеуқабыл) дүниеге келеді. Артынан іні-қарындастары – Тұрсын, Тұрарбек, Керімхан жарық дүниенің есігін ашады.
Кейіпкеріміздің әкесі Мейірман арабша сауаты бар, құран қырағаттарын қаз-қалпында оқитын, мал соңында жүрсе де бес уақыт намазын қаза етпеген сауатты да иманы мықты адам болған. Ісі де, сөзі де жанына тартып тұратын,
![]()
жүрегіндегі мейірім мен имандылық өзгелерге ерекше жылулық сыйлай білген соң ауылдастары да ерекше құрмет көрсеткен. Құлжа қаласына жақын ауылда тұратын тұрғындар намаз оқып, сәжде қылған сол жерді «Мейірман шоқы» деп атап кеткен екен.
Баласының қарым-қабілетін ата-анасынан артық кім байқаған, әкесі Мейірман тұңғышы Таңқайдың зеректігін байқап, 7 жасынан арабша оқуға береді. Арабша хат таныған, өте зерек қабілетімен құранды жатқа оқыған ұлына әкесі 7 жасында құран кітабын берген екен. Көненің көзі, имандылықтың бастауы болған сол бір ғасырдан аса тарихы бар құран кітапты балалары әкесі мен анасының көздерінің қарашығындай сақтап, қилы заман – Кеңестік үкімет кезінен де аман-есен өткізіп, қазіргі таңда шаңырақ төріне іліп қойған.
Күншығыс елінің күні астында төлін өргізіп, көгендегі қозысын желіге иген Таңқай Мейірманұлы «туған жерге оралсам» деген әке аманатын орындап, 1962 жылы анасымен, бауырларымен атажұртқа келіп табан тірейді. Ол кезде қазақ жерін құшағына алып тұрған Кеңес Одағы кезінде де мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп, мал шаруашылығы мамандарының айдарынан жел есіп тұрған, мерейі үстем кез еді.
![]()
Қазақстанға келген соң да үйренген ата кәсібі – мал шаруашылығы саласында совхозға бақташы, сиыршы болып еңбек етеді. Миялы ауылының іргесінде орналасқан үлкен қорықта совхоздың сиырын баққан Таңқай Мейірманұлы сиыр өргізген қорықты «Ақтоғай» деп атайды. Ақтоғай қорығы қазіргі кезде Қазақстан картасында «Таңқай асуы» деген атпен аталып, мәңгі тарихта қалды.
Ата кәсіптің тізгінін ұстаған сол жылдары сүреңсіз ауылдың түтінін түзу ұшырып тұрған ұжымдасқан шаруашылықтар колхоздар мен совхоздар болатын. Кейіпкеріміз де ағалар басқан ізбен сүрлеуі мол соқпақты жолға түсіп, бүгінгі абырой төріне шығарған еңбек жолына алғашқы сатысын шопан болудан бастайды. Одан әрі шопан болып еңбек етіп, ауыл шаруашылығын танып білгеннен кейін мол тәжірибе жинақтағаннан соң, білікті істерді үйіріп алып кететін ептілігі, жұмысты атқарудағы еңбекшілдігі, тиянақтылығы мен жауапкершілігі қолынан қамшысын тастамаған жас шопанды араға жылдар салып, бедел биігіне көтере білді.
![]()
Дархын даланың саф ауасымен тыныстап, ғасыр ауысса да ғажайыбын жоймаған өлкенің төсінде төлін жайып жүрген Таңқай Мейірманұлы даланың кеңдігін, қой бағып жүріп, тұнық судың өзін кешіп ішетін жылқының тектілігін бойына сіңірді. Әкеден алған тәлімі, анадан бойына сіңген мейірім мен адалдық, бөлім меңгерушісі қызметінде жүргенде де оған дем беріп, азаматтық міндеттерін орындауда адалдық танытты.
Таңқай Мейірманұлы мал соңында жүрсе де ауыл-елден хабар алғызып тұратын, ауыл-ел ішіндегі түйінді мәселелердің шешімін әділ айта білген, көкірек көзі ашық, сауатты адам болатын. Колхоздың қоғамдық өміріне белсене араласып, ұлттық болмысты дәріптеп, ата дәстүрді күнделікті тұрмыста қолданған. Сәлемінің өзі саулықты тілейтін мұсылман дінін ұстанып, жанындағыларды да Алланың хақ дініне мойынсұнуға шақырады.
Колхоздың дамуына, қанатан кең жаюына межелі жоспардан шығуына сіңген еңбегі үшін «Социалистік Еңбек ері», «Адал еңбегі үшін», 1975 жылдың қорытындысы бойынша «Социалистік жарыстың Жеңімпазы» төсбелгісі және 1980-1981 жылдары облыстық кәсіподақ комитетінің Құрмет Грамотасы марапаттарына ие болған Таңқай Мейірманұлын 1984 жылы «Бақанас» совхоз басшылары, кәсіподақ комитеті құрметпен зейнет демалысына шығарып салады.
Зейнеткерлікке шыққан соң да, қолын төмен түсірмей, имандылыққа бет бұрғандарды арабша оқытып, сәл аяғың тайып кетсе, тірсектен алуға дайын тұрған кеңес үкіметінің «қызыл көздеріне» жасқанбай, өзінің баспанасын мешіт етіп, жергілікті тұрғындарға діни сабақ беріп, ұстаздық етеді. Сонымен қатар, 1989 жылдан бастап Ауыл ақсақалдар және дін басқармасының бірауыздан ұйғарымымен Қарағаш ауылының Бас имамы болып сайланып, өмірінің соңына дейін өскелең жастарды имандылыққа, әдептілікке, үлкенді сыйлауға тәрбиелейді.
![]()
Әр кезеңнің, әр отбасының мақтан етер ұлы тұлғасы болады. Жалпы адамзат баласы өзінің арғы ата тегін ардақтап, оны келесі ұрпақтың жадына қалдыру үшін атын алтын әріптермен тарих бетіне қалдыруды көздейді. Бұл әрине, құптарлық іс. Біз әңгімелеп отырған арда азамат Таңқай Мейірманұлы ауыл елінен жыраққа кетпей, өзінің туған жерінің өсіп, өркендеуіне үлкен үлесін қосқан, көпке сыйлы, ақылымен жанындағы жиналғандарды тәрбиелей білген, парасат пайымы келіскен, алысты болжай білетін нағыз «елім» деген азаматтың бірегейі болды. Оның назарында ауыл-елдің тыныс-тіршілігі ғана емес, болашақ жастардың тәрбиесі де тыс қалмаған. Енді ғана жан-жағын танып, өсіп келе жатқан жастарға өзінің өмірлік сабақтарын айтып, болашаққа бағыт-бағдар беріп, өзгенің баласы үшін де өз баласындай жанашырлықпен қарап, қамқорлық таныта алды. Сондықтан да көпшілік ел оны күні бүгінге дейін құрметтеп, сыйлайды. Аузы дуалы ақсақал деп әспеттейді. Тіпті оның батасын алу үшін арнайылап шаңырағына алыстан сәлем бере келетіндер де бар.
Қанша қызметтің басында болса да ол өзін үнемі қарапайым ұстайтын. Жанындағылармен жақсы қарым-қатынас жасап, басқаның жағдайына түсіп, олардың жайын түсінуге тырысатын. Адам болған соң аласы мен құласы да кездесетіні рас қой. Кей ортаның өзіндік тентегі болады. Ондайда өмір көрген азамат тентегін тезге салып жататын. Күш қолданып, не балағаттап тіл тигізуден аулақ-тын. Жай ғана жанына тиетін бір-ақ ауыз сөз айтатын. Оны түсінетін «тентек» тез-ақ есін жиып, өзінің жақсы қырымен көріне бастайтын. Ешқашан ешкімді мезі қылмайтын. Артық ақыл айтып, өзін
![]()
көсемсітпейтін. Тек алдына ағалап келгеннің меселін қайтармай, барынша қамқор пейілін танытып, ақыл-кеңесін беретін. Үлкенге әрдайым құрметі шексіз болды. Өзі қанша жасқа келсе де, өзінен бір немесе бірнеше жас үлкендігі бар азаматтарды «аға» тұтып, төрден орын босатып жататын. Жай ғана сөйлеп, мәдениетті жүріп-тұратын сондай сыпайы, парасатты азамат болды.
Елі үшін еміреніп, жұрт үшін жүгіріп қызмет еткен азаматтардың ерен еңбегі қашан да елеулі болады. Халықпен бірге жасап, әлеуеттің артында аянбай қызмет еткен ағалардың арқасында бүгініміз жарқын, ертеңімізге деген сенім мол болатыны рас. Таңқай (Тілеуқабыл) Мейірманұлы өмірде көрген-түйгені мол азамат болды. Ол өзімен қызметтес болып, бір жүрген азаматтарды еске алып, бүгінде сол жылдардың естелігін еске алып отырды. Өңірінде әсіресе өз саласында адал да абыройлы тер төгіп, еңбегін аямаған жан жұмысының жемісін бергеніне қуанышты болды. «Әрбір жетістікке жеткен ер азаматтың артында жары тұрады» демекші, Таңқай Мейірманұлы Нұрмаханбетова Дариға Темірханқызы екеуі тоғыз перзент тәрбиелеп өсірді.
Осы бір жерде кейіпкеріміздің әулетінің түтінін түзу ұшырып, шаңырағына береке кіргізген жары туралы толығырақ айтып өтсек.
Дариға Темірханқызы 1936 жылдың 18 мамырында Қытай халық Республикасы, Құлжа өңірінде дүниеге келген. Жоғарыда айтып өткеніміздей, аталары Құлжа жеріне қоныстанған. Кейіпкеріміздің жары – текті жердің қызы. Аталары ел билеу ісінде болған, арғы тегі – Қабанбай руының болысы болған Мергенбай батыр. Болыс-бидің тұқымынан тараған бір үйдің жалғыз қызы болған, ол ағасы Мендеке екеуі тай құлындай бірге өседі.
1952 жылы Таңқай Мейірманұлымен шаңырақ көтерген Дариға Темірханқызы кең пейілді, дастарханы ешқашан жиылмаған, қолынан өнер тамған жан болған. Қазақстанға көшіп келген соң
![]()
сауыншы болып еңбек ете жүріп, қазақтың қолөнер бұйымдарын жасауды жақсы меңгеріп, киіз басу, ши тоқу, текемет басу, пима жасауды шебер білген. Жас қыздар мен келіншектерге кесте тігу, ұршық иіру, тоқыма тоқуды үйрететін болған. Дастарханы әрқашан да ұлттық тағамдарға толы – құрт, ірімшік, май, кілегей, қатық, күбіге піскен айран, қымызбен толып тұратын болған. Барлығын да өз қолымен жасаған, шетінен дәмді болған. Бал татыған қолымен дайындағанын совхоз басшылары мен аудан басшылары үнемі келіп «облыс басшылығының алдына қоямыз» деп молдау етіп алып кетеді екен. Дариха Темірханқызы қолынан тіпті қазақтың біртуар азаматы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев та дәм татқан. Міне, абырой. Міне, үстем болған мерей деген осы. Балаларының қай салаға бейім екенін аңғарған әке ұл-қыздарының мамандық таңдауына өзі себепкер болған еді, қазіргі кезде ұлдары да, қыздары да, немерелері де өз жемістерін берекесімен көруде.
Ол ұл-қыздарының барлығының жоғары білім алуға және олардың өмірден өз орындарын тауып, адал еңбек етуге бар күш-жігерін жұмсады. Сол тәрбиесі өз жемісін берді де. Уәлибай – денсаулық сақтау саласында ойып алар орны бар, ауданға сыйлы жоғары деңгейлі білікті дәрігер. Үлкен қызы Сара медицина саласында еңбек етсе, Рамазан – киноинженер, Мәдина – жоғары санатты ұстаз, филолог, Жамиля – қаржы саласында қызмет етеді, экономика ғылымдарының кандидаты, Швейцария мемлекетінде жоғарғы білім алды (МВА, Цюрих). Фарида – аудармашы.
Қара шаңырағының отын өшірмей отырған ең кіші ұлы Талдыбай 2013 жылы Ауған соғысы Ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан Ардагерлері» қауымдастығының «Қарулы Күштер» медалі, 2021 жылы «Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі» төсбелгісі және 2022 жылы «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған Талдыбай Мейірманов мектепте шәкірт тәрбиелеумен қатар, үлкен спортшы, жаттықтырушы және әскери дайындық пәнінен сабақ береді, Қарағаш орта мектебінің ұлағатты ұстазы. Қыздары Іңкәр, Бикен әке жолын қуып ұстаз болды.
Тұңғыш немересі Мейірманова Гүлжан Асанқызы ғылыми салада тарихшы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінде оқытушы, профессор болса, тұңғыш немересі Мақсат Мейірманов үлкен компанияны басқарып отыр, немересі Таңқай Бағжан Астанада полиция қызметінде адал қызметін жасап жатыр.
«Зейнетке шыққан соң ауылдың бас имамы болып сайланды, мешітте қаншама шәкірт тәрбиелеп, ауылдың абыз ақсақалына айналған әкем қартайған шағында өз орнын шәкірті Бақтығали ағаға тапсырады, сол Бақтығали ағаның ұлы қазір әке жолын жалғастыруда. Ақтоғай ауылынан көшіп келген соң совхоз берген үй ескі заманда мешіт болған екен, сол үйді ауылдың үлкен мешіті ашылмай тұрғанда шағын мешіт етіп, шәкірттер тәрбиелеген.
Әкем қайтқанда жиналған халық: «Сендер білесіңдер ме, бұл үй Миялыдағы алғашқы мешіт» дегенде біз таң қалдық. Расында біз білмейтін едік. Біз ол кезде жан-жағымызды енді танып жатқан студентпіз. Оның үстіне әкем жасаған істері мен жақсылықтарын бізге айта бермейтін. Бірақ әкең туралы ыстық лебіздерді естігенде жүрегімді бір қуаныш пен мақтаныш сезімі билеп алды.
Әкеміздің тағы бір ерекшелігі - сырқаттанып қалған ауыл адамдарын емдеп, аяққа тұрғызатын және түс жору қабілеті де жоғары еді (емдеу тәсілі де ерекше еді, құран кітаппен, ұшықтаумен), анамыз Дариға да ерекше жан болатын, ешкіммен алыс-жұлысы жоқ, көп әңгімеге жоқ жан болатын, дастарханы жиналмайтын кеңпейіл қонақжай болатын. Аузынан Алласы түспеген әкемнің «Мені» бар қайсар жан еді.
Әке, сен біздің мәңгі есіміздесің. Өзіңнің әр сөзіңнен, әр қимылыңнан, әр жүріс-тұрысыңнан тәрбие алған біз батамен өсіп-өнудеміз» – дейді перзенті Жамиля әке есімі мен еңбегін арқалана айтып, осындай ел сыйлаған, құрметтеген әкенің презенті болғанын мақтаныш тұтып.
Жалпы адамзат баласы «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, отбасында ата-анадан алған тәлім-тәрбиесіне, өскен ортасына, алған біліміне, таңдаған кәсіп-мамандығына қарай азамат болып қалыптасады. Ал елге сіңірген еңбегіне, жасаған қызметіне қарай абыройға бөленіп, сый-құрметке ие болады. Әйгілі қаз дауысты Қазыбек бидің: «Ерден ердің несі артық – ептестірген ісі артық» деген қанатты сөзі осындайдан қалса керек-ті. Адамзат тарихындағы кішісінен үлкеніне дейін ұлы тұлғалардың бәрі сондай үлгілі-өнегелі істерімен көзге түсіп, айрықша бағаланып, халықтың жадында қалған. Тіпті данышпан Абайдың: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен оздым ғой деудің бәрі де – ақымақшылық» деуі де терең ойды меңзейді емес пе?! Бұл аз десеңіз, философ Карл Маркстің «Адамның мәні қоғамдық қатынас арқылы айқындалады» дегені бар. Міне, осындай көңілге нәр беріп, көкейге жылылық ұялататын, қиялға қанат бітіретін сөздерді Тілеуқабыл Мейірманұлына арналып айтылғандай дерсіз.
Ел есінде есімі мен еңбегі сақталып қалған Таңқай Мейірманұлы Миялы колхозына есімін тасқа қашап жазып қалдырды. Жүзін топырақ жасырғанымен, жүрегінен ескен леп әлі күнге Миялы колхозының тұрғындарын иманыдылыққа, адами асыл қасиеттерді құрметтеуге шақырып тұр. Оның артында іздеп сағынатын, құшағын жая еркелейтін перзенттері ізін жалғап, оның көзіндей болып өмір сүріп келеді.