Байсеркеев Жақсылық

Рейтинг:

Қазыналы қария

      «Ерді кебенек ішінен таны» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаса керек. Қай салада жүрсе де, еліне елеулі, халқына қалаулы болып, жүзі жарқырап жүретін азаматтар арамызда аз емес. Халқына қадірі мол, еңбегін ел таныған азаматтарымыздың есімі қай уақытта да бек мақтаулы. «Еңбегімен ер сыйлы» дейді емес пе?! Көпшілікке еселі еңбегімен танымал, тынымсыз еңбек жолы арқылы халықтың жүрегіне жол, көңіліне кілт тапқан азаматтың бірі – Байсеркеев Жақсылық жайлы әңгіме тарқатпақпыз.
      Ел басына қара бұлт үйіріліп, қатер төнген жылдары дүниеге келіп, балалық бақытты сезінбесе де, бұқараның игілігі үшін ұжымдаса тірлік қылған колхоз бен совхоз, фермаларда жұмыс істеп, ауыр еңбек етсе де адамдық қалпынан ажырамай, сынбайтын алып бәйтеректей бейнеттің зейнетін көріп, бүгінде халық алдында жүрген ақсақалдарымыз туралы кейінгі ұрпақ білуі керек. Еңбектің қара тонын құрсана киініп, ауыл шаруашылығының дамуына өз үлесін қосып, саналы ғұмырын мал шаруашылығының өркендеп-өсуіне көп еңбегі сіңген Жақсылық Байсеркеев 1938 жылы 10 шілде күні Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қақпақ ауылында кедей шаруаның жанұясында дүниеге келді. Өмір бұлағының бастауы болған әкесі Құлмырзаев Байсерке 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда әскер қатарына шақырылып, 1943 жылы Ленинград түбіндегі болған ауыр шайқаста ерлікпен қаза тапса, анасы Құлмырзаева Батен колхозда көп жыл қара жұмыс істеп, кейін сүт фермасында сауыншы болып, зейнеткерлікке шыққан еңбек адамы болған.
      Төлдің өрісінің бетін қақпай, шұрайлы жерлерде қоныстанған малшы ауылда мектеп болмағандықтан, Буденный атындағы жеті жылдық мектебінің табалдырығын 1948 жылы барып оқыған Жақсылық Байсеркеұлы білімін одан әрі аудан орталығындағы Абай атындағы орта мектебінде жалғастырып, 1958 жылы бітіріп шығады. Жақсылық Байсеркеұлының балалық шағы өзінің қатарластары секілді қиын-қыстау кезеңде өтті. Бала болып алаңсыз ойнаған күндері болды ма, болмады ма есінде жоқ. Алайда бірсарынды ауыл өмірі, бірде бар, бірде жоқтық анық жадында сайрап тұратын. Сондағы жеген бір үзім нанның дәмі жайлы тоқшылық заманда қатарластарымен бірге басқосуда айтып отыратын. Қандай қиын заман болса да мойымаған, еңбектен бақыт тапқан азаматты өмір ерте есейткен еді.
      Он жыл интернатта жатып білім алып, тәрбиеленген ол 1958 жылы аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен туған ауылына барып, колхозда үш жыл әртүрлі жұмыс жасап, 1960 жылы Алматы қаласында зоотехникалық мал дәрігерлік институтына оқуға түседі.
      Осылайша Жақсылық Байсеркеұлы өзінің алғашқы еңбек жолын 1965 жылы Целиноград облысы, Жақсы ауданы «Есильский» астық совхозында мал дәрігері болумен бастайды. Уақыт өте келе, өзінің туған жеріне табан тіреген жас маман ауыл өмірінің қайнаған қазанына араласып кете барады.
      Момақан төлдің, қой малының жай-күйін жақсы біліп, бабын тапқан жас жігіттің еңбекқорлығы мен өзіне тапсырылған істі атқарудағы жауапкершілігіне, тиянақтылығына тәнті болған колхоз бен аудан басшылары 1968 жылы Жақсылық Байсеркеұлын кернеу кетігі кетіп тұрған шаруашылыққа жұмсайды. 
      1981 жылдың мамыр айына дейін Нарынқол аудандық партия комитеті мен аудандық ауыл шаруашылық басқармасының шешімімен, Энгельс атындағы колхозға (қазіргі Қарасаз ауылы) бас мал дәрігері болып ауысады. 
      Жақсылық Байсеркеұлы сол колхозда 13 жыл жұмыс істеп, 1975 жылы партия қатарына қабылданады. 1981 жылдың мамыр айында аудандық партия комитетінің бюросының шешімімен Карл Маркс атындағы картоп совхозына (Текес ауылы) партия комитетінің хатшылығына келеді. 
      Сол совхозда 14 жыл кеңес өкіметімен партия тарқағанша, совхоздың партия комитетінің хатшысы болып қызмет істейді. 1995 жылы совхоз таратылып, оның орнына «Ынтымақ» өндірістік шаруашылығы құрылып, сол шаруашылықта шаруашылық төрағасының орынбасары және тексеру комиссиясының төрағасы болып сайланып, 2001 жылдан бастап зейнеткерлікке шығады.
      Адам баласына берілетін ең жоғары әрі жүрекке жақын баға ол абырой дер едім. Халқымыз мұны «тірнектеп жиналады» деген пәлсапалық тереңдікпен әу бастан-ақ биіктетіп қойған емес пе?! Әрине, бұл көктемнің жылымығындай жалғандықпен емес, қиындығы қырық қарыс қайсар еңбектің қайтарымындай жаныңды жадыратса ғана қайырлы болады. Мұндай адамдар арамызда көп. Саралап санай берсек, тұлғалардың да тұлпары барын ескеріп барып, жұлдыздарға көз қадайсың мұндайда. Ағып та жатқандары бар, жанып та жатқандары бар. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» деген екен. Міне, осындай қасиеттерді бойына жинақтаған азамат ол – Жақсылық Байсеркеұлы. Ол өзінің қажыр-қайратымен, парасаттылық қалыбымен, адалдығымен қай қызметте болмасын абырой тауып жүрген азаматтың абзалы.
      Кімге болса да құшағы кең, адамды жатсынбайтын, атасы басқа деп қарамайтын, ақыл-ойы өте зерек азаматтың қолы да ашық. Қолынан келгенше достарына, жақындарына көмектескенді жаны сүйеді. Артық сөзге жоқ, бірақ сөзге тым сараң емес, әр нәрсенің орнын біледі. Онымен сұхбат құра қалсаң мемлекеттік деңгейінен алып қарайтын, сараптамалық ойдың, терең пайымның иесі екеніне көзің анық жетеді. «Тура айтамын деп, туғаныңа жақпайсың» дегендей, ол тура талмау тұстан жөп басып, кесіп айта-тұғын, турашыл әрі әділін ашық білдіретін жан. Өз ойын бүкпесіз жеткізеді. Дәлелді етіп түйіндейді. Оның бойындағы ерекшелігі де сол. 
      Зейнеткерлікке шыққан соң да қол қусырып отырмаған Жақсылық Байсеркеұлы 2001 жылдан Текес ауылындағы ардагерлер мен ақсақалдар алқасының төрағасы болып, 13 жылдай жұмыс атқарады. 2016 жылы денсаулығына байланысты ардагерлер мен ақсақалдар алқасының төрағалығын өзінен кейінгі жастарға өткізіп береді.
      Қазіргі кезде Текес ауылында 5000 халық бар. Текес, Жаңа Текес екі ауылдан тұрады. Ауыл облыстағы 100 ауылдың ішіндегі көрікті, көрнекті, үлгілі ауылға айналған. Текес ауылына келіп, жұмыс істегеніне 42 жыл болды. Ауылдың осындай өсіп-өркендеуіне, көптеген құрылыс жұмыстарына, ғимараттардың салынуына, туған ауылына көңіл бөліп, жасаған еңбектерінің арқасында кеңес уақытында 1300 балалық мектеп, 400 орындық мәдениет үйі, 140 балалық балабақша, 20 орындық емхана және көптеген екі қабаттық тұрғын үйлер салынған және ауыл бойынша су құбыры жүргізілген. 
      Кеңес өкіметі тарқағаннан кейін қаржының жоқтығынан ауылдың көркі де кете бастаған. Сол кезде ауыл ардагерлері мен ақсақалдары алқасына төраға етіп сайланып, ауыл әкімдігімен бірлесіп, ауылдағы барлық жұмыстарға араласа кетеді. ҚР мәжіліс депутаттарына, аудан, облыс әкімшілігіне бірнеше рет хат жазып, ауылға көмек көрсетулерін сұрайды. Жоғарыдағы кісілердің көмегімен мәдениет үйі, балабақша күрделі жөндеуден өткізіліп, қазіргі кезде жұмыс істеп тұр. 
      Көптеген адамдар жұмыспен қамтылды, «Өнер мектебі» де ескеріліп, күрделі жөндеуден өткізілді. Емханада 10 орындық күндізгі стационар жұмыс істеп жатыр. Ауылдағы ауыз су проблемасы шешілді, жоғары органдарға хат жазылып көмек сұралып, ол мәселенің де шешімі табылады. 120 м тереңдіктен таза су шығарылып, ескі су құбыры қайтадан жасалған, әрбір үйге таза су кіргізілді. Ауылдың сыртында қараусыз қалған демалыс паркін сол кездегі аудан әкімі болған Аян Айтжановқа бірнеше рет кіріп, жағдайға дереу араласып, Нарынқолдағы орман-тоғай мекемесінің бастығына тапсырма беріліп, парк түгелдей қоршалып, ағаштар отырғызылып, күзетші қойылып, тұрғындар демалатын орынға айналды.
      Ауылдан соғысқа қатысқан Дембаев Бейқұтбай қария, қайтыс болып кеткен. Сол кісінің соғыстағы жасаған ерліктері үшін үш рет «Даңқ» орденін алған, бұл кісінің жасаған ерліктері, балалары болмағандықтан ескерусіз қалған. Осы жағдайды қолға ала отырып аудандық, облыстық, әскери комиссариатқа, аудан әкіміне айтып, сол кісілердің көмегімен ауылдың орталығынан бір үлкен көшенің атын беріп, туыстарын ұйымдастырып, бюст орнатуға атсалысты. 
      Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты Ермұханбет Омаровтың қабылдауында болып, «Нарынқолдағы шаруашылықтардың егістік жерлерінің 60-70 % суармалы болып келеді. «Байынқол» деген үлкен өзеннің басы «Хантәңірі» шыңынан басталып Қытайға ағып кетеді. Бұл өзен жаздай тасып жатады, ағыны қатты. Тасыған кезде оның суын бұрып, шаруашылықтарға бөліп беру өте қиын. Бұрынғы С-100 тракторы ескіріп, жаңасын алуға қаражат жоқ». Осы жағдайды Е.Омаровқа айтып көмек сұрап, ол кезде ондай үлкен тракторды беруге облыстың да қаражаты көтере бермейтін. Е.Омаров пен облыстағы су бөлімінің бастығы Сатаевтың көмегінің арқасында Нарынқолдағы су шаруашылығына бірнеше миллион теңге бөлініп, бір ДТ-75 бульдезер тракторын, бір эксковатор, бір автокөлік алынды.
      Сонымен бірге Астанаға барып, Нарынқол тұрғындарының атынан хат жазып, сол кездегі ҚР Парламент Сенатының депутаты М.Әшімбаев, ҚР мәжіліс депутаттары Қ.Сұлтанов, Р.Сарпеков, Н.Жазылбеков, Г.Асановтардың қабылдауында болып, ауданды бөлу туралы, ауданымыз облыс орталығынан алыс, шекарада тұрғанымызды, халықтың көпшілігі үйлерін тастап, Алматыға көшіп жатқанын, жастарымызға жұмыс жоқтығы туралы көптеген мәселелерді көтеріп, атсалысты.
      Әр еңбектің бір жеңісі, шығар биік төбесі болады. Саналы ғұмырын ауылда өткізіп, ауыл тіршілігімен біте қайнасып, билік пен халықты бір тізгінге салып, ауылдың әлеуметін көтеруде көптеген игі іс-шаралардың бастамашысы бола білген Жақсылық Байсеркеұлы еңбек еткен жылдары түрлі марапаттарға ие болды. 
      Совхоз партия комитетінің басшылығымен совхоз экономикасын көтеріп, шаруашылықтың әр саласында жұмыс істейтін совхоз жұмыскер-қызметкерлерінің арасындағы ұйымдастыру саяси-тәрбие, үгіт көпшілік жұмыстарын нәтижелі жүргізудің арқасында ие болған марапаттарына кезек берсек:
  •       «Құрмет белгісі» ордені;
  •       «Еңбек ардагері» медалі; 
  •       «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерекелік медалі;
  •       «Астана қаласының 10 жылдығы» мерекелік медалі;
  •       «Ауғанстаннан совет әскерінің шығарылуының «20 жылдық» мерекелік медалі;
  •       Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың «90 жылдық» мерекелік медалі;
  •       «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағы;
  •       «Райымбек ауданының Құрметті азаматы» атағы;
  •       «Текес ауылының Құрметті азаматы» атағы;
  •       Шаруашылықтағы негізгі жұмыстармен бірге қосымша 30 жыл Чонжы шекара отрядының штаттан тыс оперативтік қызметкері болып, сол жердегі атқарған жұмыстары үшін «Отличник погранВойск» I және II дәрежелі төсбелгісімен марапатталады.
      Ауылдың, ауданның өміріне белсене араласып, соңғы шақырылымдағы аудандық партия комитетінің пленум және бюро мүшесі болып сайланған Жақсылық Байсеркеұлы екі мәрте аудандық кеңеске депутат болып сайланып, ең соңғы рет өткен облыстық партия конференциясына делегаты болып қатысады. 
      Ауылдың алдын кесе өтпейтін айбынды ақсақалы Жақсылық Байсеркеұлы отбасында да арқа сүйер азамат, асқар тау әке. «Алтын алқа» иегері, көпбалалы аяулы ана, ұзақ жыл орыс тілі, тарих пәнінің мұғалімі болып ұстаздық қызмет еткен жан жары Ысқақова Нұркамал Нұрғазықызы екеуі 7 перзент тәрбиелеп өсірді. 
      Үлкен ұлы Байсеркеев Есілбек Жақсылықұлы – жоғары білімді, «Тәжік-Ауған қақтығысының» ардагері, армия қатарында 25 жыл қызмет етіп, полковник шенінде қазір отставкада, мектепте өз саласында сабақ береді, жұбайы Сембаева Бағдагүл Дәулетбаққызы – әскери қызметкер.
      Ортаншы ұлы Байсеркеев Ермек Жақсылықұлы – екі жоғарғы оқу орнын бітірген, «Желтоқсан» ардагері, қазіргі таңда Ақмола облысындағы Шортанды ауданында «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесінің аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің басшысы, жұбайы Алтынбаева Ләззат Жақсылыққызы – жоғары білімді, акушер-гинеколог дәрігер.
      Кіші ұлы Байсеркеев Ербол Жақсылықұлы ерте өмірден озған, жұбайы Шағанбаева Нұрзат Жұмабайқызы қолында үй шаруасымен, ауылдағы шаруа қожалығын басқарады. 
      Қазіргі таңда кіші немересі Ерболұлы Райымбердімен бірге Текес ауылында тұрады. Немересі Райымберді әскери жоғарғы білім саласын бітіріп, әскери салада өмір жолын бастаймын деген ол әкесінің мезгілсіз өмірден озуына байланысты ата-әжесі, анасы мен бауырларына қамқор болып, әскери саладан ауысып, ауылға әкімшілікке қызметке кіріп, еңбек етіп жатыр. Жұбайы Жарылқасын Айым Асқатқызы жоғары білімді, ауыл әкімдігінде жастар ісі жөнінде нұсқаушы болып қызмет жасайды.
      Төрт қызы Алма, Сәуле, Нәйлә, Жанетта – жоғарғы білімді, отбасыларымен әр жерде мектеп мұғалімдері болып қызмет істейді. Балаларынан 20 немере, 5 шөбере өсіп келеді.
      «Асқар таудың өлгені – басын мұнар шалғаны, 
      Көктегі бұлттың өлгені – аса алмай таудан қалғаны. 
      Ай мен күннің өлгені – еңкейіп барып батқаны, 
      Айдын шалқар өлгені – мұз болып тастай қатқаны. 
      Қара жердің өлгені – қар астында қалғаны,
      Өлмегенде не өлмейді?
      Ғалымның xаты, жақсының аты өлмейді»
- деп, Бұқар жырау айтпақшы, өткінші дүниеде барлығы ұмытылады. Тек өшпейтін, өлмейтін, ғасыр өтсе де ғұмырлығын жоймайтын нәрсе ол – дана адамның жасап кеткен істері мен айтып кеткен сөздері. 
      Міне, бүгінгі кейіпкеріміз тағдыры қиын болса да адамдық қалпын бұзбай, адами қасиеттерді бойына сіңіре білген, білгені мен түйгенін өшірмей кейінгі ұрпақ санасына сіңіре білген Жақсылық Байсеркеұлының есімі мен еңбегі ел жадында сақталып қалары анық.
      Бүгінгі таңда ауылдың қазыналы қартына айналып, өмірден көргені мен түйгенін өскелең ұрпаққа үлгі етіп айтып отырған Жақсылық Байсеркеұлының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...