Алғыс арқалаған ардақты жан
Ана жайлы ойлансаң, дала жайында ойлана бастайсың. Дала жайлы ойлансаң, ана жайында толғана бастайсың. Қос құдірет, қос ана. Ет жүрегіңмен, еркін болмысыңмен, ес-ақылыңмен егіз дүние. Бізге өмір нәрін берген, бізді өсірген, бізді баққан, ат ататпай, сүйек сындырмай аман жүрсін деп алқалаған қос ардақты.
![]()
«Ана» дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқтың қасы. Жүзінен мейірім шуағы тасып, жүрегінен балаға деген ыстық махаббаты дендеп, сөзінен жылулық есіп тұратын ардақты жандар жайында айтылар дүние жетерлік. Кез келген тұлғаның бойына дарыған әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады десек артық айтпағандығымыз. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Әлемдегі ең кешірімді, ең мейірімді жан да – ана деп ерекше махаббатпен сөз ете аламыз. Бүгінгі әңгімемізге арқау болғалы отырған ардақты анамыз, аяулы әжеміз – Оралханова (Дүйсенбекова) Калимаш.
Калимаш Оралханова еліміздің шығыс өңіріне қарасты Көкпекті ауданы, Қызыл Жұлдыз ауылында дүниеге келген. Бала күнінен көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, өн бойына ата-анасы дарытқан тәлімді тәрбиені сіңіріп өскен жан бауырларының ішіндегі тұңғышы атанып, өзінен кейінгі бес інісі мен бір сіңілісіне қолғанат болып өсті.
Алғаш мектеп табалдырығын аттап, жаңа дос, жаңа орта тапты. 1958 жылдың қыркүйегінде Қызыл жұлдыз ауылдық округінің бастауыш мектебінің 1-сыныбына қабылданды. 3-4 сыныптық
![]()
білімін кейіпкеріміз көршілес Өрнек ауылдық бастауыш мектебінен оқып шығады.
Жергілікті мекенде бала санына байланысты салынған мектептердің тапшылығына байланысты Калимаш анамыз білімін Теректі ауылында орналасқан “Аухадиев” атындағы 8-жылдық мектепте оқып, жоғарғы 9-10 сыныптық білімін Көкпекті ауданына қарасты М.Горкий атындағы мектепте алып, 1968 жылғы сол білім ордасының бітіруші түлегі атанып шығады. Мектепті үздік тәмамдаған оқушылардың қатарынан есімі орын алса да, ел азаматшасының бағы мен бабы келіспей жоғары оқу орнына оқуға түсе алмайды. Дей келе, мектеп қабырғасынан білімділігімен, ептілігімен даралана білген жан Көкпекті ауданының оқу бөлімінің басшысының ұсынысымен 1968 жылы Болышевик совхозының І фермасына бастауыш мектеп мұғалімі болып жұмыс атқарады. 1969-1970 жылдары Мамай ауылына қоныс аударып, қызметтік жолын жалғастыра түседі.
Осы ауылдан Калимаш анамыз болашақ жарын кезіктіріп, 1970 жылдың ақпан айында Мамай ауылының азаматы Оралханов Мүталапқа тұрмысқа шығады. Оралханов Мүталап 1948 жылдың қаңтар айының 24-жұлдызында дүниеге келген. Үлгілі-малшы ауылының совхозында 8 жылдық мектепте білім алып, әскер қатарына қабылданып, Отан алдындағы борышын өтеп келеді. Қызметтік жолында механизатор болып жұмыс
![]()
істеп, ІІІ дәрежелі “Даңқ” орденімен марапатталды.
1980 жылы Мүталап әкеміз бен Калимаш анамыз жеке кәсіптің тізгінін ұстауды жөн санап, мал шаруашылығымен айналыса бастайды. Мал шаруашылығының тізгендей жүріп, бірнеше мәрте түрлі мақтау қағаздарымен марапатталып, әртүрлі сыйлықтарға қол жеткізеді. Нәтижесінде екі жыл қатарынан аудандық депутаттыққа сайланып, Мүталап әкеміз түрлі жетістіктерге қол жеткізеді. Бүгінде өзі де көпбалалы ана атанып отырған жан алты қыз, екі ұлымен мақтанады. Перзенттерінің әрбірі өз мамандықтарын таңдап, сол мамандықтың кәсіби маманы атанып, өз алдына отбасын құрған жандар деп ауыз толтырып айта аламыз.
Отбасының тұңғышы Анар 1971 жылдың тумасы. 1973 жылы Роза, 1975 жылы Нұргүл, 1977 жылы Назигуль, 1980 жылы Сымбат, 1982 жылы Медет, 1984 жылы Шынар, 1987 жылы Архат дүниеге келді.
Калимаш анамыз 45 жасында зейнеттік демалысқа шығып, “Алтын алқа” медалінің иегері атанды.
52 жыл ардақты ата-ана бірге тұрып, өмірдің ыстығы мен суығына қанық болып, перзенттерін жетілдіріп, адал еңбектің нақ көрінісін көрсете білді. Өздерінің қол ұстасқан алтын тойларында бірге
![]()
бала-шағасымен марқая отырып, атап өтті. Дей келе, тағдыр өзінің соққысын тосыннан қойып, 2022 жылы Мүталап әкеміз мәңгілік мекеніне аттанып кете барды.
Бүгінде Калимаш анамыз балалары мен немерелерінің әрбір ісіне темірқазық болып, 16 немере, 12 шөбере сүйіп отырған бақытты жанға айнала білді.
Сөзі мен ісі жарасқан, жаны жомарт, жаратылыс бойына кісілік қалып пен кішілік мінезді молынан берген, ел арасында өздерінің көрегендігімен, білімділігімен, еңбек жолындағы іскерлігімен ел арасында есімі ерекше аталып жүретін бүгінгі кейіпкеріміз Оралханова Калимаштың адал еңбегі, азаматқа лайықты арда істері, бастысы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы айнымас тәлім тәрбиесі көпке үлгі өнеге бола бермек!
Аяулы ана Оралханова Калимашқа балаларының бағындырған әрбір ісіне куәлік етіп, немере, шөберелердің қылықты қызықтарына қанығып жүре бергейсіз демекпіз!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()