Мулдағалиева Марфуға

Рейтинг:


«Мать-героиня» ордені және «Алтын алқа» иегері

Ана – өмір, ана – бақ

      Ана – тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Ана деген сөзге лүпіл қақпайтын жүрек, мөлдіремейтін жанар жоқ. Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын, сұм соғыстың болмауын тілейді. Жүзінен мейірім шуағы тасып, жүрегінен балаға деген ыстық махаббаты дендеп, сөзінен жылулық есіп тұратын ардақты жандар жайында айтылар дүние жетерлік. Кез келген тұлғаның бойына дарыған әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады десек артық айтпағандығымыз. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Әлемдегі ең кешірімді, ең мейірімді жан да – ана деп ерекше махаббатпен сөз ете аламыз. Бүгінгі әңгімеміздің арқауына айналғалы отырған анамыз өмір көкжиегінде тағдырдың басқа салған талай тартысын көре тұра, еш мойымай ғұмыр жолында дана әрі дара ана болып қалыптаса білген – Мулдағалиева Марфуға Қуанқызы.
      Марфуға Қуанқызы 1942 жылы қыркүйек айының 25 жұлдызында еліміздің батыс өңіріне қарасты, Талап ауылында дүниеге келген. Соғыс жылдарында дүниеге келген әрбір сәбидің балалық шағы жарқын естеліктерге тола болмады. Әкесі Қуан 1942 жылы майдан шебіне аттанғанда Марфуға анасының құрсағындағы қыз еді. Әкесі соғыстан оралып, отбасы бүтінделген кезде анасы үш жасында дүниеден өтті. Қуан ақсақал елге сыйлы азаматтардың бірі болып, соғыстан оралған соң, Жәнібек ауданында колхоз басшысы болып қызмет атқарады. Қызмет бабы бойынша Ақжайық ауданының Қожехар ауылына қоныс аударады (қазіргі атауы Жаңабұлақ). Қуан ақсақал қызмет барысында абыройлы істермен шұғылдана білді. Қожехар ауылының меңгерушісі болып біршама нәтижелі істердің орын алуына сеп болды. Отбасында балаларының кішкентай болуына байланысты екінші рет отбасын құрды. Марфуға екінші анасы Сабираның тәлім-тәрбиесін көріп өсті.
      «Он үште – отау иесі» деп қазақ атамыз айтпақшы, сол тұстағы қазақ қыздарының біршамасы ерте тұрмыс құрып, ана атану бақытына ие болды. Он жеті жасты алқымдаған Марфуға өмірлік жарын кезіктіріп, 1959 жылы тұрмысқа шығады. Аяулы анамыз еңбек майданында таңның атысы кетіп, күннің батысы келетін жарының қамын жасай жүріп, он бір құрсақ көтерді. Ұл-қызды дүниеге әкеліп, өсіріп, тәрбиелеп, құтты орындарына қондырды. Қазақы дәстүрмен бала тәрбиесінде имандылық пен мейірімділікке тәрбиелеп, адал, әділ, шыншыл, қанағатшыл болуға үйретті. 
      Жолдасы Мулдағалиев Ишанғали 1935 жылы батыс өңіріне қарасты Чапаев ауданы, Мерген ауылында дүниеге келген. Мансаптық жолы Ақжайық ауылында тракторист болып жұмыс жасаудан бастау алып, кейіннен жұмыс бабы бойынша 1967 жылы Ақжайық ауданы, Фоефан ауылына қоныс аударады. Ишанғали мырза денсаулығының сыр беруіне байланысты жұмыстан босатылады. Отбасының үлкен ұлы Марс мал бордақылау шаруашылығын, інісі Қайырболат көлік жүргізушісі, інісі Ақболат тракторист болып отбасымен совхоздың мың бас малын қолға алып, еңбек жолдарын совхозда бастайды. Бұл кәсіп ұзаққа созылмады. 1991 жылы желтоқсан айының 28-жұлдызында совхоздың таратылуына байланысты жұмысшыларда жұмыстан босатылды. Марс өз отбасымен Ақжайық шипажайына қарай қоныс аударады.
      Марфуға анамыз бала санына байланысты зейнеттік демалысқа қол жеткізеді. Өмір көкжиегінде балалары тракторист, көлік жүргізушісі, жеке қожалық ашып, шаруашылықпен шұғылданып күн көрді. Ұлдары өз шаңырақтарын көтеріп, қыздары болса бір-бір үйдің келіні атанды. Жары Ишанғали 2004 жылы 68 жасында мәңгілік мекеніне аттанып кете барды. 
      «Мать-героиня» ордені және «Алтын алқа» иегері, бүгінде 82 жасты алқымдаған кейуана немере сүйіп, шөбере, шөпшек, жиен сүйіп, көптің қолы жете бермейтін бақытқа кенеліп отыр. Бірақ, бір кем дүние демекші, құрсағын жарып шыққан балаларының кейбірі мәңгілік мекеніне аттанып кете барды. Артында қалған ана үшін бұдан ауыр тағдырдың тауқыметі жоқ шығар, сірә. 1964 жылы дүниеге келген баласы Қайырболат Ишанғалиұлы 2009 жылы бұл дүниемен қоштасты. 1972 жылы дүниеге келген Ерболат Ишанғалиұлы 1990 жылы 18 жасында дүниеден өтті. Қиын кездерде отбасының тіреуі бола білген отбасының тұңғышы Марс Ишанғалиұлы 2021 жылы дүниеден өтті. 
      Ұлдары Ақболат, Ғылым және қыздары Қымбат, Ұлмекен, Гүлбаршын, Зибагүл, Мереке, Сандуғаш бүгінгі таңда әрқайсысы бір-бір салада, бір-бір отбасының отағасы мен отанасы болып, түтінін түтеп отырған тамырлы әулеттің ұрпағы.
      Қорыта айтқанда, тағдырында талқыға салар дүниелер көп болғанына қарамастан, балаларының тұлға болып қалыптасуына сеп болып, өн бойына жинақтаған тәлімді тәрбиесін ұрпағына білдіріп отырған ел жақсысы жайында айтылар дүние жетерлік. Ана – әлемнің шамшырағы, бесіктің иесі, өмірдің керегесі. Анаға қанша тілек, қанша мақтау мен алғыс айтсақ та, аз емес. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, анаға жылы, жұмсақ сөз айтуды, алғыс білдіру мен мейірім танытуды ешқашан ұмытпайық.
      Сөзі мен ісі жарасқан, жаны жомарт, жаратылыс бойына кісілік қалып пен кішілік мінезді молынан берген, ел арасында өздерінің көрегендігімен, білімділігімен, еңбек жолындағы іскерлігімен ел арасында есімі ерекше аталып жүретін бүгінгі кейіпкеріміз Марфуға анамыз бен Ишанғали әкеміздің адал еңбегі, азаматқа лайықты арда істері, бастысы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы айнымас тәлім тәрбиесі көпке үлгі өнеге бола бермек!
      Марфуға Қуанқызы өміріңіз көзге көркемдік сыйлайтын сәулетті, ал әулетіңіз дәулетті болғай. Лайым, ортаңыздың нұры, ұлағатты ұйытқысы болып, жасыңызға жас қосыңыз, көңіліңізде көктем әні шырқалсын. Денсаулыңыз қуатты, ғұмырыңыз шуақты болғай.
       Ұрпақтарыңыздың қызығы мен қуанышын көре беруді жазсын!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

16 октября 2025 07:21
Людмила
[hide] [/hide Евгений! Вопрос: в далёком детстве Вашем Вы были в Монголии?? 1975-1980гг. Я из Москвы, ищу своих... если...
4 октября 2025 14:45
ERLAN
Барака Аллаху фикум пусть Аллах сделает болгим в обеих мирах твой труд и старание для людей ради Аллаха...
4 октября 2025 01:26
Жанар
Махаббат не только мастер своего дела-лучший скульптор лица, но и чуткий и внимательный Человек с большой буквой! Любви...