«Алтын алқа» иегері
Адал істі ту еткен асыл жан
«Қай жерде, мейлі, қай елде, әлемнің мәні– әйелде» деп айтыстың ақтаңгері, ақын Жүрсін Ерман айтпақшы, әйел – өмірдің тірегі. Әйел – махаббаттың шырақшысы. Әйел – нәзік жанды. Әйел – қайсар жүректі. Әйелдердің өмірі – таусылмас эпопея. Әйел –сарқылмас күш. Әйел бейнесі мыңдаған жылдарға сөз бен қылқаламның құдіретіне айналды. Қазақ қоғамы әйелді қадір тұтқан, қадірін арттырған. Әйел жаны – тылсым сиқыр. Оны танып-білген жоқпыз дейді ақындар. Суретшілер әйел сұлулығын суреттеп болмадық дейді. Жазушы әйел образын ашып болмадым дейді. Өйткені, әйел мың құбылған галактика әлемі секілді. Әйел – өмірдің бесігі, жарықтың сәулесі.
Бүгінде отбасы-ошақ қасында айналып қалмай, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әйелдер, ұрпақ тәрбиесінде ғана емес, өздерінің қайсарлығымен қиындықтарға қасқая тұрып, тіпті, ер азаматтың жауырынына салмақ түсірер істерді атқарып, қоғамдағы өздерінің орнын, беделін арттырып келеді. Осындай ұрпақ тәрбиесінде, азаматын ардақтауда өнегелі өмір үлгісін көрсете білген алтын құрсақты аналарымыздың бірі, өзі өмірден өтсе де артына алтын асықтай ұл-қыз өсіріп, өшпес із қалдырған ана – Құмарова Майжан (Қалампыр) Сәдірқызы туралы қалам тербемекпіз.
Азамат атына лайық, адами қасиеттерге бай қым-қуыт өмірде көппен біте қайнасып, бірге жүрген қарапайым жандар арамызда аз емес. Кімнің кім екенін азаматтың өткен жолы, атқарған еңбегі, қоғамдағы бедел-бедері, отбасындағы адами қасиеттерінің анықтайтыны рас. Еліне елеулі, халқына қалаулы, қарапайым қасиет пен мінезге бай, ізгі жандарымыздың бірі деп Майжан Сәдірқызын айтқан болар едім. Оның жомарттығы, жүрегінің тазалығы, азаматтық өресінің биіктігі, адамгершілік қасиеті мол. Өзінің қажыр-қайратымен, шыншылдығымен, еңбекқорлығымен талай-талай жандардың алғысын арқалаған осы бір асыл текті нәзік жанды көпшілік қатты сыйлап, құрметтейді. Иә, адамның ғұмыр жасы оның өмір сүрген жылдарының есебімен емес, соның қалдырған өшпес ізімен, халқына сіңірген еңбегімен өлшенетіні белгілі. Тынымсыз еңбек жолы, өнегелі ғұмыры, мол тәжірибесі өзін қадір тұтатын жұртқа тұтастай үлгі болатыны даусыз. Баянды еңбектің, биік адамгершіліктің арқасында ырысқа кенелген Майжан Сәдірқызының өрелі істері, кеңдігі мен кемеңгерлігі ел-жұртының ықыласына бөледі де.
Майжан Сәдірқызы 1931 жылдың 25 ақпанында бұрынғы Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Морской ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Ата-анасынан жастайынан жетім қалып, еңбекке ерте араласқан ол 4 кластық білім алған соң, сол кезде «Төңкеріс» колхозында бұзау бағып, 13 жасында теңізге шығып, балық аулаған, ау жамаған, басқа да жұмыстарға араласқан.
Қыз мұраты – өзге әулеттің отын жағып, ұрпағын өрбіту емес пе, 1954 жылы жолдасы Құмаров Шайдолламен тұрмыс құрып, өмірге 5 қыз, 3 ұл әкеледі. Бүгінгі таңда сегіз перзентінен өрбіген 28 немере-жиен және 60-қа жуық шөбересі үлкен әулетке айналып отыр.
Тіршіліктің диірмен тасында айнала жүріп, азаматының арқасүйері болған Майжан Сәдірқызы кейіннен колхоз тарағаннан кейін, «Құрманғазы» совхозында әртүрлі жұмыстар істеген. 1977 жылы Көптоғай селосында «Көптоғай овощ-сүт» совхозы құрылып, осы совхозда зейнеткерлікке шыққанға дейін егінші болып жұмыс жасады. Осындай ерен еңбектерінің арқасында «Тыл еңбеккері» атанды. Әр жылдары еңбегі еленіп, көптеген марапаттар алды. 2008 жылы Құрманғазы ауданының 80 жылдық мерейтойына орай Атырау облысы, Құрманғазы ауданының әкімінен Алғыс
хат, 2015 жылы «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл», 2020 жылы «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. Сегіз перзент тәрбиелеп өсіргені үшін 2016 жылы «Алтын алқа» иегері атанды.
Қалай десек те, нәзік жандылар қай кезде де, қай жерде де құрметке лайық болуы тиіс. Өйткені әйел – бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы. Алтыннан да қымбат уақытын сәбилердің бір жымиюы мен шат күлкісіне сыйлап, отбасын сүйіспеншілік пен мейірімділіктің ортасына айналдыра білген Майжан Сәдірқызы жүрегінде жарық сәулесі мәңгіге қалған, адами асыл қасиеттерді бойына сыйдырған жан.
Өмірінің соңына дейін еңбекке қабілеттілігін, ақыл-парасатын жоймаған, ұрпақтарына әрдайым баталы сөздерін айтып отыратын Майжан Сәдірқызы 2024 жылдың 3 қаңтарында 93 жасында
дүниеден өтті.
Күн артынан күн өтіп, жыл соңына жыл ілесіп, уақыт та өтер, сарғайған жапырақ та үзіліп түсер, бірақ, артына өшпес із қалдырып кеткен жанның есімі де, еңбегі де өшпек емес. Жақсы адам – алма талы секілді, жыл өткен сайын жеміс беріп тұрады. Бүгінгі кейіпкеріміз де сарқылмас бұлақтай мөлдір таза, адами болмысы бір кітапқа сұранып тұрған парасат иесі.
Иа, ол да ананың баласы, біреудің жары, алтын асықтай ұл-қыздың анасы. Осы бір жолды жүріп өтуде ұстаған темір таяғы тебендей болса да, тек ілгері жүріп, темір етігі теңгедей болса да аяғын кері тартпаған, ақыл-кеңесін аямаған, жүрегі ұрпағымен бірге соққан Майжан Сәдірқызының тәні жер қойнына тапсырылғанымен, артында өшпестей болып, мәңгілік алау болып жасап кеткен істері, еңбегі, есімі қалды.
Еңбекпен өрілген өмірі көпке үлгі-өнеге боларлық Майжан Сәдірқызының топырағы торқа, иманы жолдас болсын деп дұға етеміз!