Тыл ардагері, «Күміс алқа» иегері, І, ІІ дәрежелі «Медаль материнства», «Еңбек ардагері» медальдары және «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл» мерекелік медальдарының иегері
Ана – өмірдің бастауы
Мақаламызға арқау болып отырған жан, тарғыл тағдырдың тепірішін көрсе де, бақытты өмірдің жетегінен ұстап, қиын сәттерде азаматының арқа сүйері бола біліп, етегінен өрбіген перзенттерінің амандығын тілеп, соларды жеткізіп, құтты орындарына қондырған алтын құрсақты, «Күміс алқалы» ана – Азмұханбетова Зарипа Ермұханқызы.
![]()
«Мен бақыттымын, өмірде артта қалдырған іздерім, ізбасарларым бар екеніне Құдайға мың да бір шүкір! Бүгінде алты балам көз алдымда аман-есен, 6 отау болды, 6 шаңырағым бар екеніне шүкір етемін. Ендігі Алладан тілерім – балаларымның бақытты өмір кешуі», – деп барына шүкір етіп, таңдайынан перзенттерінің амандығы түспеген Зарипа Ермұханқызы 1937 жылдың 1 ақпанында бұрынғы Талдықорған облысы, Киров ауданы, Киров елді мекенінде дүниеге келді. Жалайыр руының Сиыршы елінен, нағашы жұрты Жалайыр руының Сыпатай елінен шыққан. 1956 жылы 10 сыныпты Талдықорған облысы, Киров ауданы, қазіргі Еңбекшіқазақ ауылы В.И.Ленин атындағы №2 орта мектепті жақсы деген бағамен аяқтады.
«Жалғызым, жарығым, енді сен жалғыз емессің, балаларың сенің төркінің болады, туысың да, бауырың да – осылар» – деген анасының сөзін өміріне аманат еткен кейіпкеріміз өзінің салған ғұмыр жолынан сыр шертеді:
– Менің қолыма қалам алған себебім – өмірге деген ризашылығым, бір
![]()
адамның өмірін бір кітапқа сыйғызу мүмкін еместігін, оның өзі бір тарихи дастан екенін, ертеңгі күні балаларым, немерелерім, шөберелерім осы жазған жазбамды оқып, кіп-кішкентай кемпірдің өмірі аласапыран қилы өткел, қиын да қызықты уақытты кешкенін білсе деймін. Бұл жазбамды алтыннан да қымбат деп бағаларсыңдар. Азмұханбет атамыздың Ермұхан, Ертай және Жібек, Бибірабиға деген балалары болған. Әкеміздің анасы Базарбала адуынды, бірбеткей әрі тік мінезді кісі болған. Мен тұрған үйде әкемнің анасы Базарбала, әкем Ермұхан, інісі Ертай, анам Нұрсұлу, әпкеміз Бибірабиға, әпкеміз Жібек болды. Мен туғанда үлкен анамыз қатты қуанып, 30 күн ойын, 40 күн тойын жасапты. Базарбала апамыз зерек, ақылына көркі сай, сол кездегі
![]()
әйелдердің ішіндегі кемеңгері болса керек. Мені қызғыштай қорып, бала тоқтамаған соң ырымдап, 90 жастағы татардың Әбзи деген үлкен қариясына азан шақыртып, атымды қойғызған екен. Базарбала апам (әкемнің анасы) сіңлім Зәкия екеумізді екі жағына алып жатып, анамызға жолатпай, анамызды атымен ататып, қызғыштай қорып, баламның тұяқтары деп жанынан тастамаған.
Әкем Ермұхан соғысқа кеткенше атбегілікпен айналысқан екен. Соғысқа кетісімен апам Базарбала, анам Нұрсұлу, сіңлім Зәкия және мен 1942 жылы 5 жастағы қыз болып едім. Совхоздың тыл жұмысына қатысып, өмірдің қиын да ауыр кезеңін бастан өткердік. Анам совхоздың жұмысшыларына қазанмен тамақ даярлаған. Бар ауылдың адамдары осы қазанға қараған. Сол қазанды анам Нұрсұлу басқарып отырған. Совхоздың бүкіл жұмысына араласып отырдық. «Әскер семьясы» деп совхоз бізге азық-түлікпен көмектесіп отырды.
![]()
Анамыз ылғи егізден туған көп құрсақты болса керек. Бала тоқтамай, анам Нұрсұлу 14 балаға дейін туған деседі. Сол 14-інен қалған жалғыз, бүгінде мен. Апаларым туралы айтатын болсам, Жібек апайымнан Қатжан, Қатия, Қабираш, Алимаш және Жұман есімді балалары, бүгінде өмір сүріп жатқан – Қабираш пен Жұман бауырым. Жұманым – жалғыз жиен бауырым. Жұбайы Балабике – биязы, әдепті келіндерімнің бірі, сырласым, ақылшым. Жібек әпкем 85 жасында қайтыс болды. Бибірабиға әпкем – бауырмал, үнемі қарайласып отырды. Бибірабиға әпкемнің балалары Амангелді, Нұрғиса, Нұрзипа, Серік, Анар. Барлығы аман-есен өмір сүріп жатыр, – дейді сөзін ата-әжесінен бастаған Зарипа Ермұханқызы.
Әкесі Ермұхан Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер. Әжесі Базарбала, анасы Нұрсұлу кеңшар жұмысын атқарған. Соғыстан кейінгі жылдары да еңбекке ерте араласқан Зарипа Ермұханқызы кеңшарда орақпен шөп орып, қызылшаның ортасына жинап, қара жұмысқа араласады. Анасының әр іс-қимылын өз көзімен көріп өскен ол нан пісіруге де, сиыр саууға
![]()
да ешкімнің үйретуінсіз епті болған. Өте момын болған себепті өмірдің сүргелеңіне шыдап, туған қызына жақындай алмаған, тілеуін тілей жүріп қасында екеніне де разы болған анасына, сол заманның қатал тәрбиесінің салдарынан, көзі тірісінде «ана» деп айта алмай кеткендігін өзегін өртеген өкініші санайды.
Сол бір жылдардағы талап бойынша үш айлық «балабақша» оқуын оқыған Зарипа Ермұханқызы осы сала бойынша еңбек ете жүріп, жолдасы Ғалиолламен отбасын құрады. Арғын руының Тобықты елінен шыққан.
Бүгінде Қазақстан ауылындағы жалғыз тыл еңбеккері саналатын Зарипа Ермұханқызы қант қызылшасынан бекітілген норманы орындап, бәйгеге түрлі бағалы сыйлықтар алады. Ауыр жұмыспен қатар бала тәрбиесіне де ерекше мән бергені, алтын асықтай ұл мен қыз тәрбиелеп өсіргені үшін көптеген марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
![]()
- 1971 жылы ҚазССР-інің ІІ дәрежелі «Медаль материнства» медалі;
- 1972 жылы І дәрежелі «Медаль материнства» медалі;
- 1983 жылы «Еңбек ардагері» медалі;
- 2010, 2015, 2020 жылдары «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл», «1941-
- 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл» мерекелік медальдары;
- «1 қазан – қарттар күні» мерекесі қарсаңында, ауыл, аудан әкімдерінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Зарипа Ермұханқызы өмірге 4 қыз бен 4 ұл әкеліп, оларды тәрбиелеп,
![]()
құтты орындарына қондырды. Бұл жайлы кейіпкеріміздің өз сөзіне кезек берсек:
– Марқұм күйеуім 43 жасында қайтыс болды. Өмірге 4 ұл, 4 қыз әкелдім. Жолдасым ақкөңіл, үстіндегі шапанын шешіп, сұраса астындағы атын беруге дайын сері жігіттің бірі еді. Марқұм өте сауатты, 4-5 тілде еркін сөйлейтін. Ақындық қасиеті бар, суырыпсалма қасиеті Зауре қызыма дарыған. Жолдасым көзіме ғашық болып, маған арнап бірнеше өлең шығарған еді, тілеуі де жақсы болатын. «Мен көп өмір сүрмеймін, Зарипа, сен осы балаларды жеткізіп, қызығын сен көр» дейтін. Расында да солай болды, марқұм білгендей айтқан екен. Өмірден ерте кетті.
Тұңғышым Бақыт ұлымды 1957 жылы дүниеге әкелдім. Ол 1 жасқа келгенде, кенеттен ауырып шетінеді. 1959 жылы Қали деген ұлымды дүниеге әкелдім, бірақ ол 21 жасында дүниеден озды. 10 сыныбын тәмамдап, Талдықорған қаласындағы ЗООВЕТ техникумында ветеренария факультетін оқып, екі жыл әскерде болып, Приморский крайда әскери борышын өтеді. Баламның қазасына менімен қоса анам Нұрсұлу қатты күйзеліске
![]()
ұшырап, қабырғамыз қайысты. Бұл қайғыны көтере алмаған анам, тұңғыш немересінің қазасына қатты қайғырып, төсек тартып, ауруға шалдығады. 66 жасында дүние салды.
Күйеуімнен 37 жасымда жесір қалғанымда, жастайынан маған тіреу, сүйеніш болған ұлым Асқардың 1 ұлы, 1 қызы бар. Асқарым бауырларын аяқтандырып, алысқа кетпей, жанымда болды. 8 сыныбында судай жаңа трактор айдап, май зауытына апаратын сүтті жинап, аудан орталығына жеткізіп отырдық. Әкелерін жоқтатпады. Мектеп бітірген соң Германияда әскерде болып, сырттай Көксудың ауыл шаруашылық техникумының агрономия факультетін бітірді.
Әскерден оралған соң ұлымды үйлендірдім. Біраз жыл аңсап, күткен арманым орындалып, Дәулетім
![]()
өмірге келді. Қуанышымда шек жоқ. «Дәулетім дәулетті болсын» деп есімін өзім қойдым. Көпбалалы отбасынан шыққан тәрбиелі келінім, үйіміздің ажарын келтіріп отырған Гүлнарым – ақ халатты абзал жан. Халықтың батасын алып, бүгінде зейнеткерлік жаста. Жылдар өте Айжан есімді қыздары дүниеге келді. Сол үйдің шамшырағы және тынысына айналды. Айжаным бүгінде мұғалім болып қызмет етеді. Жасұлан есімді немере күйеу балам бар. Дәулетім жоғары білімді заңгер. Ендігі арманым – Дәулетімнен шөбере сүю. Үлкен балам мен жұбайына ризамын. Ақ батамды беремін.
Қыздың үлкені Сәулемнің 3 баласы және 8 немересі бар. Сәуле туғанда әкесі ерекше қуанған. Үнемі тойдан қалмай, арқалап апарып, арқалап әкелетінбіз. Сәуле туралы айтсам, ақкөңіл, қолында барын аямайтын
![]()
жан. Барлық үй шаруасын реттеп, өзінен кейінгі бауырларына қамқор болды. Сәуленің үлкен қызы Гаухар – қыздан сүйген алғашқы немеремнің алды. Бүгінде Гаухар үш баланың анасы. Ибалы келін. Екінші қызы Меруерт – ақкөңіл, екі бірдей ұлдарды тәрбиелеп отырған өжет немерем. Кенже ұлы Азамат Алматыдан жоғары оқу орнын бітіріп, отбасын құрған. Бүгінде үш қызы бар, екеуі егіз. Сәулем бүгінде 8 немере тәрбиелеп отыр. Күйеу балам – Ақан. Екінші қызым Зәуре – бүгінде мұғалім болып жұмыс істейді. Жаныма жақын ақылшыма айналған оның барлық жағы маған тартқан. Алла берген ұлдан үш немересі, қыздан екі немересі бар. Мінезі әкесіне тартқан, қайсар мінезді. Қызымның ұлы Нұрлан қаржыгер, қызы Маржан – дәрігер. Күйеу балам – Орын. Нұрлан немеремнен Ботагөз, Омар, Нұрай есімді шөберелерім бар. Зәмзәгүлім ерекше жан, анам сияқты сабырлы. Өзі – мейірбике. Талдықорғандағы медколледжді бітіріп, емханада
![]()
қызмет істейді. Зәмзәгүлден 4 қыз бар. Құралай, Нұрай, Алтынай және Әдемай есімді. Анамның батасын алған егіз қыздары бар. Күйеу балам – Арынтай.
Райса қызымның 3 баласы бар. Әкесі ерекше жақсы көріп, «Рәшкем» деп атайтын. Райсам қыздарымның ішіндегі ең өжеті, алғыры, ер мінезді жан. Күйеу балам – Марат. Райсаның Мадина, Зарина және Нұрсұлтан есімді балалары бар.
Қара шаңырақ иесі Асхат туғанда әкесі ерекше қуанды. Асхаттың 1 жасар кезінде әкесі дүние салды. Асхатым шапшаң, жастайынан шаруаның жөнін біліп өсті. Шаңырақ көтерген бір үйдің отағасы. Асхаттан 5 немерем бар. Асхаттан көрген алғашқы немерем, жаным Мерейлім. Немерелерімнің ішінде ерекше ыстық көремін.Бауырыма салып, бойжеткенше қасыма алып жаттым. Жоғары білімді қызметкер. Арайлым қалалық
![]()
орталық ауруханада медбике. Арайым бүгінде менің денсаулығымның қамқоршысы. Нұрсұлу, Ұлту, Нұрали есімді немерелерім бар. Нұрсұлу немеремнің атын Зәуре қызым қойды. «Бізді асырап жеткізген апамыздың аты ұмыт қалмасын және қайта жаңғыртайық» деген ұсыныс айтты, біз оны құп көрдік. Сүйікті Ұлтуым дүниеге келіп, қуанышымызды еселеді. Халықтың тілегі және апасының батасы қолдап, 15 жыл дегенде, дүниеге Нұрали немерем келді. Қуанышымда шек жоқ. Бүкіл ауыл-аймақ болып қуандық. Аллаға мың да бір шүкір тәуба етемін. Нұрали мектептің 4 сынып оқушысы.
Асхатымның жары Жанар – ақылды жан, шаңырақтың түтінін түзу ұшырып жүр. Қандай
![]()
кезеңдер болса да шыдамдылық танытып, бастан өткіздік. 28 жыл бір шаңырақ астында тұрып келеміз. Асхат екеуі балапандарының қызығын көрсін демекпін. Қолдағы балаларым өте ыстық. Әрқайсысын ерекше жақсы көремін. Балалардың дабырынсыз үйде отыра алмаймын. Осы балаларымның көз алдымда аман-есен жүргені мен үшін үлкен бақыт, ризамын. Алладан несібеңді бала-шағама бере гөр, өсіріп-өндіре гөр! Менің өмірге деген ризашылығым шексіз! – деп сөзін аяқтаған кейіпкеріміз Зарипа Ермұханқызының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
![]()