Ақышева Гүлнара Оспанқызы
«Еңбек ардагері» медалі және «Алтын алқа» иегері
Жарқырап жәннаттың нұрындай, пейіште нұрың шалқысын...
Ата-ана ең үлкен құрметке лайық жандар. Бала ата-анасының алдындағы парызын орындап, оларға құрмет көрсетуі тиіс. Ата-ана д
а өз кезегінде, баласының тән саулығын ғана ойламай, оның рухани саулығына да үлкен мән беріп қанаттандырып, ұшырады. Тіршілік әлемінің бастауы да, арқауы да әйел-ана ақысы әке ақысынан әлдеқайда көп, сондықтан да ең әуелі анаға жақсылық жасау парыз. Өйткені, қоғам жанұядан құралатын болса, жанұяның негізі – ана. Ананы жанұяның ғана тәрбиешісі емес, қоғамның да тәрбиешісі деп қараймыз. Ата-бабаларымыз: «әйелдің қолындағы ине, жауынгердің қолындағы найза сияқты» - дейді. Арлы, тәрбиелі, әрі өз ошағына берік әйел бүкіл ұрпағына үлгі-өнеге қалдырады. Ана – құдайдан кейінгі құдірет иесі, барлық дүниенің тұтқасын ұстап, күн нұрынан артық жылы шуақ шашпаса, кем түспесі анық. Жанарымен жалғанға жылу беріп, пенде атаулының барлығына жүрегіндегі жұмсақтықты арнап, аялы алақанына салып, бала аяғын жерге тигізбей өсіріп, баптайды. Баласы үшін батпақты да басып, тауды да бағындырып, асудың бәрінен асады. Өзі жемесе де баласының алдына барын қойып, көңілі тоқ болса болды деп, жаңбырлы күні панасы, желді күні қорғаны, боранды күні шатыры болатын да рас. Өзін ойламаса
да өзегін жарып шыққан баласын өзгеден артық көретін, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан құр қалып бауыр еті баласын уайымдайтын, тыныштығын кірпік ілмей күзететін, тоғыз ай құрсағында, қаз басқанша құшағында, өмір бойы жүрегінде алып жүре алатын жалғыз жан болса ол әрине, ана дер едік. Ана құдіретінің қаншалықты күшті екені жай сөзбен ғана жеткізу мүмкін емес. Жеті әлемнің жылылығын, төрткүл дүние төрт бұрышының кеңдігін бір ғана жұдырықтай жүрегіне сыйғыза білген ана атаулыға перзенті бас иіп өтеді. «Нәзіктік атаулының жиынтығы – ананың алақаны, сондықтан да ол – сәби үшін ең жылы ұя». Бір ғана жүрегі мен алақаны арқылы бүкіл адам баласына бақ сыйлайтын аналар әлем үшін, адамзат баласы үшін Алладан кейінгі барлық кеңдіктің, барлық көркемділіктің иесі. Әңгімемізге арқау болып отырған ұрпағына ұлағатты тәлім-тәрбиесімен өнегелі жол көрсеткен асыл әже, батыр ана – Ақышева Гүлнара Оспанқызы. Аяулы жанның өмірден өткеніне жыл болған жоқ. Алайда оның сол жарқын бейнесі ұрпақтарының, жақындарының жадында, жүрегінде сақтаулы. Келмеске кеткендей емес, алысқа сапарлап кеткендей... Әне-міне есіктен кіріп келетіндей, таңғы асты бірге отырып, өсиет әңгімесін айтып отырып ішетіндей. Тіршілігіндегі барлық жүріс-тұрысы, айтқан сөздері, құлақта жатта
лып қалған «айналайыны», өзі отырған жеріне сіңіп қалған жұпар иісі аяулы ананы ұмыттырған жоқ. Көздері мөлтілдеп, жүректерін сағыныш кернеп, үлкені мен кішісі, барша ұрпағы оның жансыз суреттегі бейнесіне қарап, сағыныштарын көз жастарымен сығымдап алып, күбірлеп, дұғаларын оқудан басқа амалы жоқ. Иә, әр пенде өмірге келуші де, қайтушы. Өмірге адам қонақ болып келеді. Өзінің тіршіліктегі баянын жазып, артына ұрпақ қалдырып, оларды өзі салған сара жолмен тәрбиелеп кетеді. Адамзаттың парызы да осы.
Ақышева Гүлнара Оспанқызы 1938 жылы 4 маусымда Қарқаралы ауданына қарасты Қарақуыс елді мекенінде қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Оспан атақты Нұралы баба Қармыс бидің ұрпағы болса, анасы Гүлсім Мәкенбайқызы Қаракесек руы Қарашор атасынан шыққан тектінің ұрпағы.
Анамыздың ата-бабалары Арғын-Қаракесек-Қарашор-Шекшек руынан шыққан, ел тізгінін ұстап, билік айтқан екен. Ең маңызды тарихи дерекке тоқталатын болсақ, Шекшек атадан тараған Нұралы бабасы Қарқаралы жерінде қарамағындағы көп руларды басқару үшін төре тұқымын әкеп сайлауды жөн көрген болуы керек, сонау Жетісу жеріне барып, Барақ сұлтанның ұлы Бөкейді алып келіп хан сайлағанын Қарқаралы жұртының еңкейген шалынан, еңбектеген баласына дейін біледі. Баласы Қармыс та, аузы дуалы, көпшіліктің арасында шешендігімен танылып, болыс-старшын қызметтерін атқарған екен. Міне, сол текті ұрпақтың жалғасы болған Гүлнара Оспанқызы «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген дана сөздің өмір бойына дәлелі болды.
Гүлнара Оспанқызы Қызыларай орта мектебін тәмамдаған соң, ауыл тіршілігіне араласып кетті. «Қыз мұраты – кету» дегендей, 1958 жылы Төлепбек Төлеубайұлымен жарасып, отау құрып, шаңырақ көтерді. Гүлнара апамыз колхоз тұсында рад
ист-оператор болып қызмет жасады. Совхоз құрылғаннан кейін 1963 жылдан бастап рациядағы қызметін жалғастырды. Білімі радист-оператор. 1970-1986 жылға дейін совхозда комендант, әртүрлі науқандық жұмыстарға қатысты. Төлепбек Төлеубайұлы жастайынан жетім қалса да, Гүлнара Оспанқызымен жаңа өмірге қадам басып, шаттықты шаңырақта 7 баланың ата-анасы атанды. Бірге зейнеткерлік демалысына шығып, немере-шөбере сүйді. Гүлнара Оспанқызы 1984 жылы көпжылдық адал еңбегі үшін ССРО Жоғарғы Советі Президиумының атынан Жезқазған облыстық халық депутаттары советінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. «Алтын алқа» иегері. Алпыс жылдан астам келін болған Қызыларай ауылын ерекше жақсы көрді, елім-халқым аман болсын деген тілеумен өмір сүрді. Төлепбек Төлеубайұлы 2014 жылы дүниеден өтті. Көңілі кең, пейілі дархан Гүлнара Оспанқызы балаларына әкенің жоқтығын білдірмеді.
Гүлнара Оспанқызы келбеті келіскен ажарлы еді. Адамда кездесетін ерекше бір қасиеті татулықты, кешірімшіл
болуды көп дәріптейтін, әдемілікке, әсемдікке, тазалыққа жаны құштар еді, ауылында әдемі көйлекті сол киетін, француз әтірін себетін, ақ орамалын басына әдемі тартатын, отырған жерін әнге бөлейтін, ақылын айтып, жанды жадырататын. Аяулы жан 2024 жылдың 5 ақпанында дүниеден өтті. Ұрпағының ортасынан мәңгілік мекеніне аттанды. Оның парасаттылығы, ибалы да имандылығы, адамгершілік ұстанымы мен балаларына берген тәлім-тәрбиесі, махаббаты ұмытылмақ емес. Артында қалған ұрпағының жалғыз амалы ата-ана атына құран бағыштау ғана. «Жарқырап жәннаттың нұрындай, пейіште нұрың шалқысын...» - деген іштей тілеулері бар. Алла панасына алып, жанын жәннаттық етсін дейміз!![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()