Қожамбердина Рақила Саматқызы

Рейтинг:

«Алтын алқа» иегері 

Жүректерде сақталған асыл бейне 

      Ана – тіршіліктің алтын арқауы. Өмірге сәби әкеліп қана қоймай, оларға тағылымды тәлім беріп, мейірімі мен махаббатын аямайды. Баласының бойына жақсы қасиеттерді дарытып, ел мүддесі үшін аянып қалмайтын ұрпақ тәрбиелейді. Бұл – қазақ ел болғалы бері ақ жаулықты аналарымыздан келе жатқан ұлы дәстүр. Осы ізді жалғап, 12 баланы дүниеге әкеліп, оларға үлгілі тәрбие берген алтын құрсақты ананың бірі – «Батыр ана», «Алтын алқа» иегері, асыл әже, өз заманының еңбек озаты Қожамбердина Рақила Саматқызы жайында тарқатып әңгімелемекпіз.
      «Ана» деп аталатын алтын тақтың иесі, «Мать-героиня» атағын иеленген, саналы ғұмырын еліміздің гүлденуіне және жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған Рақила Саматқызы 1924 жылдың 22 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. Шет ауданының әкімі Р.Оразханов пен Аудандық Мәслихат хатшысы Р.Мақсұтовтың Алғыс хатымен марапатталған. 
      Сонау қиын-қыстау кезеңдерде балалық шағын өткізіп, уақытының көбін еңбекпен өткізген Рақила Саматқызы жетінші сыныпты тәмамдап, ауыл өміріне белсене араласты. 1943 жылы Қожамбердин Хасенмен отбасын құрып, қайнаған өмірдің ортасына кірісті. Хасен әкеміз – қолынан құрығы түспеген атақты жылқышы болған.
      Ауыл төсінде қоныстанған елдің негізгі шаруашылығы төрт түлік малға байланысты болатыны секілді, Рақила Саматқызы да жолдасының соңынан еріп, өзінің алғашқы еңбек жолын мал шаруашылығынан бастады. Кисең – киім, мінсең – көлік, жесең – ас болатын төрт түлік – береке тұнған кәсіп. Ата кәсіпті еркін меңгеріп кеткен ерлі-зайыптылар еңбек ете жүріп, кейін сол кездегі саясаттың ықпалымен мал шаруашылығына толықтай бет бұрады. Ел экономикасының тірегі ауыл шаруашылығы болып тұрған жылдары қара жұмыстан қашпаған бұл отбасы тынымсыз еңбектің, білек сыбана кіріскеннің ырысын еселейтін еңбек майданына еніп кетті. Рақила Саматқызы отбасы шаруасымен қатар, совхоздың да жұмыстарына белсене араласқан. Қырман, қой қырқу сияқты маусымдық жұмыстарға да қолғабыс тигізіп жүрген. Атақты Төле би:
      – Ердің бақыты – әйел, – деген екен. – Ел сыйлайтын ерді ақылдылықпен адам етіп тәрбиелейтін – әйел. Кең жайылған дастарқанымен ердің атын шығаратын да – әйел. Ырыс та, бақыт та, Қыдыр да – әйелде. Әйел Қыдырлы болса, үйіңнен жақсы адам кетпейді. Мысалы, берекелі үйге кім келмейді? Жақсы әйелдің арқасында ердің даңқы артады. "Би бол, би болмасаң – би түсетін үй бол" деген. Би түскендей үй болу – әйелге байланысты. Ондай әйелді халық та жақсы көреді, кембағал да, қайыршы да жақсы көреді. Жақсы кісіні жұрт жек көре ме? Әйелі жақсы болмаса, ер оңбайды. Ердің бақытын кетіретін де – әйел, ерге бақыт әперетін де – әйел.
      Осы сөздер ерлі-зайыпты Қожамбердиндерге арналғандай көрінеді. Таза үй, жайлы мекен, адал дастарқан, көтеріңкі көңіл-күй, қонақжайлылық – бәрі де осы шаңыраққа Рақила Саматқызының ақылдылығы мен тектілігінің арқасында келген сый еді. 
      «Бір жылдығын ойлаған ел – егін егеді, он жылдығын ойлаған ел – ағаш егеді, мәңгілігін ойлаған ел – ұрпағының жүрегіне ізгілік дәнін егеді» деген сөз Қожамбердин Хасен мен Рақиланың өмірінің сәні мен мәніне айналған балаларының тәрбиесіне байланысты айтылғандай. 
      Алтын ұядай шаңырағында Дулат, Райхан, Раушан (өкінішке орай, 2017 жылы дүниеден озды), Роза, Жангелді, Бекет, Арқалық, Бақыт (2022 жылы дүниеден озды), Марат (1995 жылы дүниеден озды), Бағдат, Рыскелді, Мұрат есімді он екі перзентті дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. 
      Он екі баланы дүниеге әкеліп тәрбиелеуге бар өмірін арнаған әке мен ана балаларын кішкентай кезінен бастап рухани жан дүниесінің бай, жаны таза азамат болуға тәрбиелеуді басты мақсат етті. «Ешкімнің ала жібін аттама» деген талап барлық балаларына берілген бұйрық сияқты көрінетін. Шындық пен адалдық – отбасының басты ұстанымы болды. Балалардың бір-біріне деген сыйластығын да қалыптастыра білді. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» – бұл да отбасының бұлжымас талабы еді. Балалары ер жетіп, бес келін түсіріп, келіндеріне ене тәрбиесін беріп, сол еңбегінің жемісін көріп, марқайып отырған ана: «Өзімді бақыттымын деп санаймын» дейді. «Жақсы сөз, салмақты ой, терең сабыр, өз ісіңнің дұрыстығына деген сенім – бәрін өз орнына қояды», – дейді тәжірибелі ана. Қыздарын ұзатты. «Кеткен қыз шиден әрі» деп, жат жұрттық қыздарының барған әулетіне сіңіп кетуін әрдайым қолдап отырды.
      «Ұл ұяда, қыз қияда» деп, бір Жаратқанға шүкір етіп, немере-шөберелерінің ортасында өмір сүріп жатқан Рақила Саматқызы өз өмір жолын ризашылықпен әңгімелеп өткен жан еді. Ол 2012 жылдың 19 сәуірінде мәңгілік мекеніне аттанды. 
      Көзі тірісінде 40 немере-жиені мен 77 шөбере-жиеншарын жас кезінен имандылыққа үйретіп, білімге, еңбекке баулыды. Қандай да бір іске болсын барлық ынтасымен кірісіп, өмірде адал, шыншыл, байсалды, көркем мінезді болуды үйретті.
      Ата-ана ең алдымен өзара сыйластығымен, қарапайымдылығымен, қайырымдылығымен, адалдығымен, уәдеге беріктігімен, рухани және тән тазалығымен, жаман әдеттерден аулақ болуымен ұрпағына үлгі бола алады. Осындай адамгершілік қасиеттер Рақила Саматқызының ұрпағына бағыт-бағдар бола білді деуге толық негіз бар. 
      – Менің жүрегімдегі анама деген сағыныш, зарығу, тарығу – қабырғамды қайыстырады. Осы сәттегі ішкі әлемімді қара сөзбен жеткізу мүмкін емес.
      Басына бардым. Құлыптас – сенің мәңгілік кеткеніңнің айғағы. 
      Көктасқа өрмелеп, қарға адым жерден қоршап жатыр аймағын. 
      Қара жер көрпе ұсынып жатса – Құдайдың ісі деген бар. 
      Сондықтан, анам, не шара менде, жәннатта болсын жаның. 

      Оның жаратылысынан бойына біткен қарапайымдылығы мен сабырлы мінезі, үлкен адами мәдениеті – оны таныған әр адамның көз алдында. Мен анамның қатты ашуланып, дауыс көтергенін ешқашан көрген емеспін. Ол көп сөйлей бермейтін, әр нәрсенің байыбына терең үңіліп барып, дұрыс шешім қабылдайтын жан еді. 
      Біз, балалары, осындай анамызбен мақтанамыз. Оның ортамыздан кеткеніне, бақилық болғанына да 13 жыл өтті. Соған қарамастан, оны күнде жанымызда жүргендей сезінеміз. Өмірдің қуанышы мен көлеңкелі сәттері келгенде, сол сәттердің шешімін анамыздың іс-әрекетінен іздейміз. Анам біреуге – ана, біреуге – абысын, біреуге – апай, енді біреулерге – жанашыр дос болып өмірден өтті. Жүрген жерінде елін қадірлеп, кішіге ақыл айтып, үлкенге ілтипат көрсетіп жүретін. Сондай-ақ, ол да кез келген пенде сияқты кейде сәл нәрсеге жүрегі жараланып, жанарына жас үйірілетін. Халқымызда «Кірбің жиған кеудені кір басады» деген сөз бар ғой. Анам марқұм көңіліне кірбің жимай, бізге: «Ол да пенде ғой, көңілдеріңе алмаңдар. Өткенді қазып, жүрген ізін аңдып, жаман ойға қалмаңдар. Адамның ниеті түзу болу керек. Жүрген ортаңда қадір-қасиетің болу үшін, айтқан сөзің мен тіршілігің сай болсын. Қанағат пен тәубе – ең үлкен байлық», – деп аналық ақылын айтып отыратын.
      Әкем дүниеден өткеннен кейін, әулеттің бар салмағы анамның иығына түсті. Ауылдың бітпейтін күйбең тіршілігі, балаларын жеткізіп, қызын қияға, ұлын ұяға қондырсам деген арманы мен тілегі оның иығына азабын да, салмағын да артты. Алайда несібесін де берді. Сөйтіп, ел қатарлы тіршілік етіп, өмір сүрді. Балалары ер жетті, есейді. Немере сүйіп, әже атанды. 
      Мен анамның ұзақ өмір сүруіне септігімді тигіздім десем, Алла алдында күпірлік болар. Бірақ әкемнен кейінгі өмір сүрген 40 жылын мәнді де сәнді өткізуіне, уайымсыз- қайғысыз баянды ғұмыр кешуіне өз тарапымнан көмегімді аямадым. Яғни, балалық парызым мен қарызымды өтеуге тырыстым. Сондықтан елдің сөз ұғар жастарына айтарым: «Ата-анаң мәңгілік емес, жүрегін ауыртпа, қайғыға түсірме! Олар бұл дүниеден озғанда өкінгенмен не пайда?» дер едім. Бұдан шығатын түйін: «Жасайтын жақсылығыңды тірісінде жаса, қуанышын сыйла, өміріне қуат беріп, сыйлап өтуге өзінді-өзін тәрбиелеуге тырыс!».
      Мен бұл ата-анамның мақтауын жеткізіп, өзім марапаттау үшін емес, керісінше олардың өмірі, еткен тіршілігі бар, ғұмыры жасқа да, үлкенге де бір өрнек болса екен деген ниетпен жаздым. Біздің есімізден ұрпақ тәрбиесі бір сәтке де шықпауы керек. Тәуелсіз еліміздің әрбір отбасында атадан қалған сал-дәстүр жалғастығы ұмытылмай, бала тәрбиесі өзекті мәселе болу тиіс. Баланың ата-ана алдындағы борышы да көңілден тыс қалмаса игі. Ата-ана мен бала арасындағы бұл ерекше сезім – екі жақты махаббаттың жарқын үлгісі. Бір жағынан, бұл – ата-ананың перзентіне деген мейірімі мен қамқорлығы болса, екінші жағынан – баланың ата-анаға деген шексіз сүйіспеншілігі мен құрметі. 
      Әкем туралы айтар болсам, 1954 жылдан бастап Қожамбердин Хасен 1972 жылға дейін жылқы бригадасын басқарды. 1977 жылдан бастап Дулат ағай – Дулат Хасенұлы – жылқы фермасын басқарды. Мұрат көмекке барып, сол жылдары бұл салада үлкен жетістіктерге жетті. Барлық бауырлар әр салада аянбай еңбек етіп, аудан мен облыстың дамуына айтарлықтай үлес қосты.
      Әкем Хасен 12 жыл КарЛагта – Ақмола мен Ресейдің тайгасында – ауыр жылдарды бастан кешіріп, 1942 жылы Жамбыл облысы, Мерке ауылына жер аударылған. 1948 жылы ақталып, елге оралды. 1954 жылы "Қызылтау" совхозына көшіп келді. 
      Әкеміз – аңқылдаған, ақкөңіл, өз ісіне адал, әділ әрі талапшыл жан болатын. Бізді де адалдыққа, тәртіпке, еңбексүйгіштікке баулыды. Бүгінгі күні әке салған сара жолдың ізбасары ретінде өз саламызда абыройлы еңбек етіп жүрсек, бұл – еліне елеулі, халқына қалаулы болған азаматтың аруағын бір аунатқанымыз болар деп ойлаймыз. 
      Біз үшін әр ісі үлгі-өнеге болған әкемізді еске алып дұға бағыштап, жатқан жері жайлы, қабірі нұрға толсын дейміз. 

Асқар таудай әкеміз, енді аяулы, 
Қамқор әке сая болып бәрімізге 
Не керектің жасадыңыз бәрін бізге. 
Сіз дарытқан адалдықтан аттамай, 
Ұқсағымыз келеді әлі сізге. 

Өзіңді еске алып әрдайым сағынамыз, 
Тағдыр салған жазуға бағынамыз: 
Топырағың торқа болсын, аяулы әке. 
Арман еткен биігіңнен табыламыз.
 
Әкем сен анам орны ешқашан толмайды, олар мәңгілік көкірегімізде сағыныш болып қала бермек, – дейді, ана даңқын ардақтап, әке тұлғасын тұғырлы еткен қызы Қожамбердина Райхан Хасенқызы.
      Қожамбердин Мұрат Хасенұлы 1996 жылы «Шолақ-Еспе» шаруа қожалығын құрды. Шаруашылықта бүгіндері 2500 бас жылқы малы, 2000 бас еділбай қойы және 800 бас казактың ақбас сиыры мен 1000 бастан астам ешкі тіркелген. «Шолак-Еспе» шаруа қожалығында ауыл шаруашылық жұмыстарын жүргізуге арналған соңғы үлгідегі техникамен толықтай қамтамасыз етілген. Асыл тұқымды мұғалжар жылқысының сарыарка зауыттық типі авторы ретінде авторлық куәлікке ие. 2004 жылғы 10 ақпанда Мұрат Қожамбердин басқарып отырған «Шолақ-Еспе» шаруа қожалығына мұғалжар жылқысы тұқымын өсіретін асыл тұқымды зауыт екендігін растайтын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің аттестаты табыс етілсе, 2006 жылы мамырда ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен аталған шаруашылық асыл тұқымды мұғалжар жылқысын көбейтетін зауыт мәртебесі берілді. 2008 жылы авторлар құрамында Қожамбердин Мұрат мұғалжар тұқымының Қожамберді ішкі типі селекциялык жетістігінің авторы болып табылатындығын растайтын Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы жөніндегі комитеттің төрағасы Н.Әбдірахым қол қойған авторлық куәлікке ие болды. 2006 жылы тамызда Қараөткел жәрмеңкесіне белсенді қатысканы үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің I дәрежелі аттестатына ие болды. 2010 жылы агроөнеркәсіп кешені саласындағы жетістігі үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы дипломы мен «Алтын белгі» төсбелгісіне ие болды. Осы жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Өнімділік бағыттағы жылқы малын өсіретін ең үздік асыл тұқымды мал зауыты «Шолақ Еспе» шаруа қожалығы арнайы дипломға ие болды. 2011 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. 2021 жылы Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасының «Үздік жылқышы» номинациясы бойынша Мұрат Хасенұлы жеңімпаз деп танылып, дипломмен марапатталды. Облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамотасына ие. Жан-жары Раушан Ескермесқызы 1962 жылғы. Мамандығы - есепші. Ұзақ жылдар «Шолак-Еспе» шаруа қожалығында есепші қызметін атқарған. Бүгіндері құрметті еңбек демалысында. Екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген.
      Өмірі өнегеге толы, қандай қиындық көрсе де бәрін терең біліммен, ақыл-парасатымен жеңе білген, даналық пен салиқалы сабырға толы, мейірім мен жылулық төгіліп тұратын Рақила Саматқызының жаны пейіште, иманы жолдас болғай деп дұға етеміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

4 октября 2025 14:45
ERLAN
Барака Аллаху фикум пусть Аллах сделает болгим в обеих мирах твой труд и старание для людей ради Аллаха...
4 октября 2025 01:26
Жанар
Махаббат не только мастер своего дела-лучший скульптор лица, но и чуткий и внимательный Человек с большой буквой! Любви...
15 сентября 2025 19:43
Ардак
Абила бүгінде үлкен жанұяның акжаулықты анасы отау тіккеніне 40 толып ұрпақ рахатына бөленіп отырған бақытты жансың...