Хамидуллина Ақзиба Хамидоллақызы

Рейтинг:

Пошта байланыс саласының ардагері, «Алтын алқа» иегері

Еңбекпен өрілген ғұмыр

      Тіршілік тамшысы тоқтаусыз тамған мына өмірде сан алуан мамандықтар бар. Адамзатпен бірге дамып келе жатқан ұстаз, дәрігер сынды мамандықтармен қатар, ақ көгершіннің символына айналған, алысты жақындатып, ағайыннан сәлем әкелетін пошташы да ерекше құрметке лайық. Сәлем мен сағыныштың, қуаныш пен қимастықтың елшісі бола білген бұл мамандық – хатпен келген жылылықтың иесі. 
      Сонау жылдары пошташы тек сәлемдеме жеткізуші болса, уақыт өте келе ол руханият пен мәдениеттің жаршысына айналды. Газет-журналдарды тұрғындарға жеткізіп, тоқырау жылдары алыстағы ағайынға зейнетақы мен жәрдемақы апарып, ауыл шетіндегі жолға ел күтіп қарайлайтын тұлғаға айналды. Осындай – жүрген жеріне шаттық пен қуаныш, береке мен ізгілік алып жүретін, пошта саласында ұзақ жыл еңбек етіп, басшылық қызметтер атқарған Ақзиба Хамидуллина жайында сөз қозғамақпыз.
      Қазақ әйелінің төзімі мен табандылығы, отбасы мен қоғамға қатар қызмет ете білетін жарқын бейнесі – халқымыздың асыл қасиеттерінің бірі. Жарықтың дауысы болмаса да нұр екеніндей, айналасына жылу мен шапағат шаша білген, елге адал қызмет еткен Ақзиба Хамидуллина – осы асыл бейненің айқын үлгісі. 
      Ол 1940 жылдың 1 қыркүйегінде қазіргі Атырау облысы, Новобогат ауданы, Орпа ауылында, «Қорық» деген жерде дүниеге келген. Асқар тау әкесі Мұханбедиев Хамидолла – Ұлы Отан соғысының ардагері, ал мейірім мен махаббаттың шуағына бөлеген анасы Балзира Жұмабекқызы – отбасының ұйытқысы, алтын құрсақты ана. Ол кісі алты баланы өмірге әкеліп, бір ұл мен үш қызды тәрбиелеп өсіріп, өнегелі өмір сүрген жан. 
      Топырағына қасиет, шөбіне құт дарыған киелі өлкеде балалық шағын өткізген Ақзиба Хамидоллақызы 1948 жылы Жданов атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, білімін кейін Қоңырқұдық мектебінде жалғастырып, жоғары сыныптарды қазіргі Атырау қаласындағы Абай атындағы мектепте тәмамдайды. Балалығын соғыс ұрлаған Ақзибаның мектептегі өмірі тек біліммен емес, ауыр еңбекпен де қатар өрілді. Майданнан жеңімпаз болып оралғанымен, әкесі алған жарақаттарының салдарынан 1955 жылы өмірден озып, қаршадай қыздың мойнына ауыр жауапкершілік жүктеледі. Колхоздың қым-қуыт тірлігінде жүрген анасының жанашыры, үйдің тұңғышы ретінде бауырларына қамқор болып, анасы жоқта аналық мейірімін де бере білді.
      Тағдырдың тарам-тарам жолдарымен жүріп өткен өмір жолы – сабыр мен салиқалықтың, төзім мен табандылықтың кірпіштерімен қаланған Ақзиба Хамидоллақызы 1959 жылдың жазында мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, өмір атты ұзақ сапарға қадам басты. Таңдаған жолы – халыққа қызмет ету. Сол кездегі ауыл тіршілігінің күретамырына айналған пошта қызметі – оның алғашқы еңбек орны болды. Хат тасушы емес, үміт тасушы еді олар. Махамбет аудандық пошта бөлімшесінде бастаған еңбек жолы кейін Кулагино елді мекеніндегі пошта бөлімшесінің меңгерушілігіне ұласты. Әлі бойжетіп үлгермеген, иығына үлкен жауапкершілік жүктелген Ақзиба Хамидоллақызы сол сәттен бастап ел сенімін де, поштаның ауыр жүгін де қатар арқалады. Ол әр хаттың артында тағдыр, әр сәлемдеменің ішінде сағыныш жатқанын терең түсінетін.
      1964 жылы Ақзиба өмірлік серігі Сейітов Қабдығалимен тағдырын тоғыстырып, отбасы мен қоғам алдындағы қос борышын қатар атқарған жанға айналды. Әуелі Атырау қаласына, кейін Индер ауданына қоныс аударып, адал еңбегін жалғастырып, Индер аудандық пошта бөлімшесінде халықтың сағынышы мен сәлемін уақытында жеткізген Ақзиба Хамидоллақызы 1978 жылдан бастап аудандық транспорт мекемесінде диспетчер, бухгалтер, кассир қызметтерін де атқарып, қай салада жүрсе де кіршіксіз адалдығы мен еңбекқорлығын танытты. 
      Жұмыс орнында – тиянақты, отбасында – мейірімді ана, айналасына – ақылшы, қашанда іштей сабырлы, сырттай салиқалы жан бола білген Ақзиба Хамидоллақызының есімі туған-туыстың, әріптес пен ауылдастың жадында жылы естелікпен, үлгі болар іспен қалды.
      Социалистік Еңбек Ері, ел анасы – Қанікей Әліпованың, сондай-ақ соғыс ардагері, қайын атасының туған інісі – Мүтиғолла Әліповтің келіні болу үлкен мәртебе еді. Ол кісі қонағын төрге шығарып, батасын алған абыройлы ана болды. 1980–1990 жылдары ауылға келген атақты қоғам қайраткерлері мен мәдениет өкілдерін өз шаңырағында құшақ жая қарсы алып, ақ дастарханынан дәм татқызды.
      Жарының бауырларына туғанындай қамқор болып, бәрінің де білім алып, жақсы отбасын құруларына зор үлес қосты. Қазақтың көрнекті ғалымы, академик Нәсіпқали Сейітовтің алтын жеңгесі бола отырып, үлкен әулеттің ұйытқысына айналды. Хамидуллина Ақзиба – ғұмыр жолы даңғыл емес, бірақ шырайлы, самалы шамдай жарық, әр күні мағынаға, әр сәті жауапкершілікке толы бір ғасырдың жүгін арқалаған қазақ әйелінің шынайы бейнесі. Ол – ұрпаққа өнеге, қоғамға тірек, отбасына сая бола білген жан. Оның еңбегі – жарқыраған марапатпен емес, жұрттың алғысымен, ұрпақтың ілтипатымен бағаланып, ол үшін қызмет – күнкөріс емес, өмір сүрудің мәні, қоғам алдындағы парыз, жүрекпен атқарылатын іс болатын.
      Ұрпаққа жол көрсеткен шамшырақ, сабыр мен парасатқа толы өмір мектебінің ардагері Ақзиба Хамидоллақызы – отбасында асыл жар, аяулы ана. Кеңес үкіметі тарап, ел нарықтық экономикаға көшіп жатқан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Кулагино ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған, қиын кезеңде халықпен бірге болып, замана ауыртпалығын азаматтық иығымен көтере білген еңселі ер – Индер ауданының, Атырау облысының және Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы Сейітов Қабдығали екеуі сегіз перзентті тәрбиелеп өсіріп, құтты орындарына қондырып, олардан 25 немере-жиен, 12 шөбере мен жиеншар сүйіп отырған бақытты ата-әже. 
      Үлкен екі қызы Майгүл мен Елена – ұрпақ тәрбиесі мен білім беру саласында еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаздар.
      Ұлдың үлкені Айдынғали – жоғары білімді мұнайшы, ғылым кандидаты. Көп жыл жоғары оқу орындарында ұстаздық еткен, қазіргі таңда Астана қаласында «ҚазМұнайГаз» компаниясында қызмет атқарады. 
      Қарашаңырақтағы ұлы Ғалым – жоғары білімді мұнай саласының маманы. 
      Ортаншы қызы Бақытгүл – жоғары білімді технолог, Ақтау қаласында тұрады. 
      Ортаншы ұлы Абзал – жоғары білімді заңгер, облыстық жылу мекемесінде жұмыс істейді. 
      Кіші қызы Рысгүл – бірнеше жоғары білімі бар қаржыгер, сақтандыру компаниясында қызмет етеді.
      Шаңырақтың кенжесі Алмаз – жоғары білімді қаржыгер, «АтырауЖарық» мекемесінде қызмет атқарады. 
      Қызметте білікті маман, парасатты басшы, алғаны тек халықтың алғысы болған, жеке өмірінде қазақ анасына тән мейірім мен мінездің, қарапайымдылық пен қайсарлықтың көркем үйлесімі бола білген Ақзиба Хамидоллақызының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз! 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...