![]()
Ана – ардақты есім Отбасының жүрегі, алтын діңгегі – ана. Ата-бабамыз әйел затын қастерлеп, ұрпақты адам етіп тәрбиелейтін, ел мен елді ұйыстыратын, отбасының берекесін кіргізетін ардақты жан деп қастерлеген. Абыз-даналарымыз, би-шешен, ақын-жазушылар да ана туралы тайға таңба басқандай өз тұжырымдарын жалпақ жұртқа жария етіп ұсынған. Бүгінгі біздің де әңгіме еткелі отырған анамыз перзенттерінің әрбіріне мейірім-шапағатын төгіп, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін берік ұстанып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыра білген аяулы жан Абдижаппарова Залифа Шамсутдинқызы.
![]()
Залифа анамыз Қазан қаласына қарасты Муслим ауданы, Метрен колхозында 1943 жылы қараша айының 11-жұлдызында дүниеге келген. Залифа анамыз еңбек пен өмірдің қандай қиындығына болмасын төтеп беріп, даналық пен парасаттылықтың биігіне көтеріле білді. Себебі отбасында көрген тәрбие тұлғаның ғұмыр жолында өмірдік азық болардай жадында жаңғырады десек, артық айтпағандық. Шамсутдинқызы Залифаның асқар тау әкесі Кашап Шамсутдин 1925 жылы, ақ жаулықты анасы Кашап Ғафифа 1927 жылы дүниеге келген. Зұлмат соғыс сол тұстағы балалардың балалық шақтарын ұрлады, ерте есеюге мәжбүр етті. Көпке дейін зардабы мен залалы тарамаған дүниенің Залифа анамыз үшін де өзіндік ыңғайсыздығын тудырғаны жасырын емес-ті. Ол көпбалалы яғни, сегіз баланың ортасында тәрбиеленді. Өзінен үлкен бір ағасы, екі апасы, үш інісі болды. Кейіпкеріміздің ата-анасы заман тынысына қарай бақша өнімдерін өндіру, картоп егу, колхозда жем тарту сынды дүниелермен шұғылданатын. Залифа анамыздың әкесі өз кезегінде соғысқа аттанып, екі құлағы естімейтін мүгедек болып оралған еді. Дей келе, балаларының қамы үшін еш уақытта қол қусырып отырған жан емес-ті. Әрдайым тұрмысқа қажетті заттарды жөндеу, аяқ киім тігу сынды жұмыстармен шұғылданатын. Кейіпкеріміз: «көпбалалы үйде тәрбиеленсек те аш болмадық, ыстық нан, картоп жеп, есік алдында бағылған ешкінің сүтін іштік. Соғыстың зардабынан болар, мектеп формасын колхоз басшылары тарататын»,-деп еске алады.
![]()
Сыныпта он бала білім алып, әрқайсысының ортасына үш кітаптан беріліп, жоқшылықтың зардабын шеккен кездері де аз болмағандығын сөз етеді. Сөйтіп жүріп кейіпкеріміз 8-сыныпты тәмамдайды. 7-сынып оқып жүргенінде әкесі дүниеден өтеді. Бұл жылдары Залифа анамыз үшін оңай соққан жоқ. Ол өз өмірінде жоғалтуларды көптеп кезіктірді. Әкесінен кейін бір ағасы, бір апасы, бір інісі дүниеден өтеді. Отбасында жалғыз апасы қалып, 1959 жылы кейіпкеріміз Ақтөбе қаласына қарасты Шалқар ауданы, Бергугур ауылына қоныс аударады. Өз ауылында анасы және екі інісімен қалады. Өкінішке орай, бүгінгі таңда отбасы мүшелері бұл дүниеде жоқ.
Өмір көкжиегінде әйел заты үшін өмірлік қорғанын кездестіруден артық бақыт жоқ. Осы ретте, Залифа анамыз да 1960 жылы жолдасы Абдижаппаров Аманжол мырзаны жолықтырады. Аманжол мырза Комсомол ауданы, Псков селосында дүниеге келген жан. Отбасында тағдырлары ұқсас жандар бірге шаңырақ көтерді. Аманжол мырзаның әкесі соғыстан оралмағандықтан әжесінің қолында тәрбиеленген жан. 8-сыныпты тәмамдаған соң кейіпкеріміз тракторшы болып жұмыс жасайды. Осы арада Залифа анамызбен бас қосады.
1960-1976 жылдары аралығында кейіпкерлеріміз Псков селосында тұрып, мал бағып, ауыл шаруашылығымен айналысады. Залифа анамыз колхозда сауыншы болып қызмет атқарады. Адал қызмет кімді болсын жемісті жылдарға жетелейтіні ақиқат. Осы ретте, қарапайым жұмысшы бола тұрып, үй жағдайында мал бағу, құс асырау сынды жұмыстарды негізге алған жандар 1976 жылы Құмқұдық елді мекеніне қоныс аударады. Совхозға қарасты малды бағып, соны тіршілік етеді.
![]()
Нәтижесінде, совхоз кейіпкерлерімізге баспана сыйға тартады. 1976-1989 жылдары аралығында кейіпкерлеріміз толықтай мал шаруашылығына бет бұрады. Залифа анамыз сауыншы болып жұмыс жасайды. Ол тұста бір адамның басына 30 сиырдан бөлініп, соның сүтін сауып, үлкен қызмет атқарады. Залифа анамыз өмір жолында он бір баланың анасы атану бақытына қол жеткізді. Өнерлі отбасы өз кезектерінде ештеңеден құр қалған емес-ті. Жолдасы Аманжол домбыра шертсе, Залифа анамыз баян тартып, ән айтатын. 40 жыл совхозға адал қызмет еткен жандар әр перзентінің тұлға болып қалыптасу жолында аянбай еңбек етті. Бүгінде балаларының әрбірі бір-бір мамандықтың иелері, өмірде өз жолын тапқан жандар. 2003 жылы Аманжол мырза 60 жасқа қараған шағында дүниеден өтеді. Әкелері барда үш баласы ғана отбасы құрған болатын. Қалғандарының барлығын дерлік анамыз өзі оқытып, жеткізіп, баспаналы болуына сеп бола білді. Бүгінде аналарының арқасында бәрі де бақытты ғұмыр кешуде. Залифа анамыз 11 баланың, 33 немеренің, 19 шөберенің қызығына кенеліп отырған жайы бар. Ана жүрек әрдайым балаларының қамын ойлайды. Залифа анамыз да бос уақытында құр отырмай жүн иіріп, тоқыма тоқып, сыртта жүрген балаларына сыйға тартып келеді.
Қазіргі уақытта Залифа анамыз кенже баласы Еркін мен келіні Гүлманаттың шаңырағында тұрады. Еркін мен Гүлманат мектепте мұғалім боп қызмет етеді. Немерелерінің жылы ұясы мен мейірім құшағы болып отырған кейіпкеріміз бақытты ғұмыр кешуде.
Асыл анамыз бүгінде «Алтын алқа» иегері. Көпке үлгі боларлық ел анасына амандық, деніне саулық, отбасыңыздың өркендеп, көркейе берсін деген ізгі тілегімізді білдіреміз!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()