Әділқанқызы Дариға

Рейтинг:

Сыйынар ем ана деген тәңірге...

      Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылулығынан басталады. Бала бойындағы жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Әлемдегі ең кешірімді, ең мейірімді жан – ана. Оның мейірімділігінде шек жоқ. Ана болу – өмірлік күш пен ерен еңбекті қажет етеді. Бүгінгі сөз болғалы отырған жан өмір көкжиегінде перзент тәрбиелеп, бойына қазақ қызына тән мықтылық пен жүректілікті бекемдеп, қазақтың қолөнеріне деген ерекше ынтасы мен махаббатын арнаған аяулы жан Әділқанқызы Дариға анамыз. 
      Әділқанқызы Дариға 1943 жылы маусым айының 17-жұлдызында Монғолия мемлекеті, Баян-Өлгей аймағының Ногоон-нуур ауылында дүниеге келеді. Асқар тау әкесі Түсіпұлы Әділқан атақты сыбызғышы болған. Өз кезегінде ауыл еліне сыйлы болып, көптің құрметіне бөленген екен. Қазақтың тектілігін руына қарап таны демекші, Дариға анамыз да Орта жүз, Керей ішінде Жәнтекейден тараған Есағасының қызы екендігімен мақтанады. Өн бойынан нәзіктік пен жүректілік байқалатын қазақ қызы 1954-1958 жылдары Ногоон-нуур бастауыш мектебіне оқуға қабылданып, мектеп қабырғасында белсенділік танытып, өте жақсы бағағамен тәмамдап шығады. 
      Дариға анамыз 1966 жылы 21 жасында өмірлік жары Тахузаұлы Хуанышпен шаңырақ көтереді. Хуаныш ақсақалдың руы Орта жүз Керей, Сарыбастан тараған Найманқұл руынан шыққан азамат. Жан дүниесі мен тағдыры тоғысқан осынау іргелі отбасында 11 бала тәрбиеленген. Соның ішінде 6 ұл, 5 қыз дүниеге келеді. Дариға бала кезден алғырлығымен көзге түсіп, қолөнермен айналысып, он саусағынан өнер тамған шебер атанады. Мұны тілге тиек етуіміздің себебі де жоқ емес.
      Қай халықтың болмасын ұлттық мұрасы, қазынасы – қолөнері болып табылған. Халық шеберлері ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау арқылы сол халықтың этикалық және мәдени ұлттық дәстүрін көрсете білген. Осы дүниелердің қыр-сырын Дариға анамыз толыққанды меңгерген деп сеніммен айта аламыз. Екінің біріне қона бермейтін ерекше өнер – кейіпкеріміздің өн бойын даралап тұратындай.
      Дариға ханым «Ана», «Әйел» образының символын қалыптастыра білді десек те болады. Осынау гүлденген, өсіп-өнген отбасының қамын жасап, перзенттерінің тәрбиесіне ден қойып, тұлға болып қалыптасу жолында, білімге жетелеуде, еңбекке баулуда отанасының атқарар рөлі зор бола білді. Бала күнінен білімге құштар Дариға Әділқанқызы бастауыш мектепті үздікке бітіргеніне қарамастан, ата-анасы оқуын әрі қарай жалғастыруға рұқсат бермеген. Сол кездегі қоғам көзқарасы ма, әлде ауыл үлкендері қыз бала отбасының ұйытқысы деді ме ата-анасының оқуға не себепті жібермегендері беймәлім. Дей келе, ата-ананың айтқан сөзінен таймай, қолдан келген дүниелермен айналысуға ден қояды. Дариға анамыздың бойында қара сөздің қаймағынан бал татарлық ерекше шығармашылық ден бар. Бала арманының ұшқыр қиялы анамызды өлең жазуға, ақындыққа жетелей білді. Оның дәлелі Баян-Өлгей аймағында жарық көретін «Шұғыла» журналына «Қайран шешем?!», туып өскен мекені жайлы «Ногоон-нуур», «Еске сақта, балалар!» өлеңдері жарық көрген. Отбасындағы көпбалалы ананың үнемі поштаға барып, өлеңдерін үздіксіз жолдап тұруға тағы да мүмкіндігі бола бермеді. Оған қарамастан қайсар ана қаламын ұштап, іштегі толғанысын, шығармашылығын қағаз бетіне түсіруді жалғастыра береді. Қазіргі күнге дейін абзал анамыздан: «Орындалмаған арманыңыз не?» -деп сұрасақ, іркілместен: «Білімімді ары қарай жалғастыра алмағаным және өлеңдерімді топтастырып жинақ қылып бастыра алмағаным»,-деп жауап береді. Дариға ханым өзі жете алмаған бел-белестерді перзенттерінің бағындырғандығын өмірдегі үлкен жеңісім деп біледі.
      Одан бөлек ардақты ананың жоғарыда атап өткеніміздей тағы бір қыры қолөнер шеберлігін жақсы меңгергендігінде. Ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан кестелеу, біз кесте, сырмақ сыру, жіп иіру, арқан есу, тері илеу және теріден киім тігу, киіз басу, ою ойып, алаша тоқу жұмыстарымен айналысады. Ұлттық киім және заманауи киімдерді өзі тігіп, балаларының әрбірін сәнді киіндіріп, өз ісінің нәтижесінен ләззат алатындығы да екінің біріне бұйыра бермейтін бақ іспеттес. Тектінің жұрнағы, асылдың сынығы бола білген Дариға анамыздың бойындағы күш-қайратымен бала күнінен көзге түсіп, талай жанды тамсандыра білді. Анамыздың естеліктеріне жүгінсек, құрбы-құрдастарымен асау үйретіп, ат құлағында ойнаған. Ауылдастары, қарт ата-әжелер үйірде жүрген ірі қара малын аяғынан ұстап ауыздықтайтын деп аңыз етіп әңгімелейтін. Қазіргі күні де отбасында осы жұмыс әлі күнге жалғасын табуда. Сондай-ақ аяулы ана кішіпейіл келін бола білді, артынан ерген қайныларымен, өзінен үлкен абысындарымен ашық жарқын, етене араласып, ауылдың берекесін келтіретін ұйымшылдық қасиетімен дараланған жанның қатарынан орын ала білді. Ерен еңбегі өз кезегінде бағаланып, «Әз ана», «Алтын алқа», «Аға қайраткер», «Озат Арулар», «Озат өнерпаз» төсбелгілерімен және мемлекеттік І, ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталды.
      Тектілік тұнған тұла бойынан кезігетін ерекше қасиеті отбасын құрғанда да өз мәнін жойған жоқ. Өмірлік жары Хуаныш мырзаның арқа сүйер тірегі болып, жарының қай жерде болмасын абыройын асқақтата білді. Тахузаұлы Хуаныш ақсақал бірнеше мәрте Монғолия Мемлекетінің «Еңбек екпіндісі» медалінің иегері, аудандық ұлы құрылтайдың мүшесі, Мемлекеттік съезде делегат мүшесі болған, ат бапкері, құсбегі, баян, домбыра, мондалинмен ән салатын сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің бар өнерге ие отағасы бола білген жан. Хуаныш мырза мен Дариға анамыз бақытты да баянды, сәнді де мәнді өмірлері 40 жылға ұласты. Хуаныш ақсақал 2006 жылы өмірден өтті. Отбасының ұйытқысы болған анамыз балаларының балалық шағын білімге, өнерге бағыт-бағдар бере алды. Соның нәтижесінде балалары озат оқушылар атанып, аудандық жанұялық конкурс-фестивальде отбасы бас жүлдеге қол жеткізеді. Мұнда да Дариға ханымның өлеңдері отбасылық құндылықты арқау етіп, сахналық қойылым қойып, ән-жыр орындалды. Бүгінгі таңда кейіпкеріміздің балалары Қазақстан, Ресей, Монғолия мемлекеттеріндегі жоғарғы оқу орнында білім алып, осы күнде әртүрлі салада қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеп, қоғамға, еліміздің дамуына үлкен үлестерін қосып жатыр. Анамыз ұрпақтарының арасында немере-шөбере сүйіп, еңбегінің жемісін көріп, кейінгі ұрпаққа көрген-түйгенін және де ақыл-кеңесін айтып, бақытты, бақуатты өмір сүруде. Осы ретте, қазақ қызына тән инабаттылық пен ибалылықты бойына жиып, жан дүниесіне нәзіктік пен имандылықты толтырып, мойнына жауапкершілікті арқалаған ерекше жан Дариға Әділқанқызы сізге, сіз негіз болып отырған перзенттеріңізге тәнті болып отырғанымызды жасырмаймыз. 
      Өзіңізге әлемдегі барлық жақсылықты тілеп, ғұмырыңыздың арайлы да шуақты шақтары мол болсын деген тілек білдіреміз! 
      
      Отбасы

Отбасынан нәр алған,
Адамзаттың баласы.
Жас ұрпақтар таралған,
Жарқын өмір арнасы.
Ата-анаңмен саябақ,
Жанұяңды құрметте.
Бақыт пен байлық тірегі,
Берекелі отбасы.
Сәбиді туған аялап,
Ер жеттірген отбасы.
Батырлар, ғалым, патша да,
Туып өскен отбасы.
Дәмін татып халықтың,
Салт-дәстүрін сақтаған.
Арманға самғап жетсең де,
Ұмытылмас отбасы.


Дариға Әділханқызы 2016жыл

      Алатау алқабы

Алатау – ұлы қоныс басы биік,
Мекендейді қойнауында арқар, киік.
Кербез тау – сан ғасырдың куәгері,
Маңғазданып, шалқайып күнді сүйіп.
Алматы – етегінен орын алған,
Әлемге әйгіленіп аты қалған.
Еліне құтты мекен шұрайлы өлке,
Тамаша түрлі жеміс қойны толған.
Кетпейді ақ сәлдесі тау басынан,
Сарқырап өзен аққан жылғасынан.
Баурайында ақын, көсем, батыр туып,
Алтын адам табылып тұр қасынан
.

Дариға Әділханқызы 2022 жыл

      Қайран шешем

Өзімше еркін тілім ой қозғайын,
Аз ғана шешеге арнап сөз бастайын.
Арманым ағытылсын «шеше» деген,
Бетіне ақ қағаздың із тастайын.
Ұмытпан көкейімнен қайран шешем,
Қалдырдың ел ішіне гүліңді сен.
Гүліңмін аялаған құшағыңда,Өссін деп армандаған аман - есен.
Ұмытпан өзің деген арманымды,
Ізіңе қадам басып қалғанымды.
Елестесе көлеңкең көз алдыма,
Көңілге медеу етем қорғаныңды.
Аялап, кірлі көйлек кигізбеген,
Анажан шаршауыңды білгізбеген.
Әлдилеп таң атырған түндер өтті,
Басыңды жастығыңа тигізбеген.
Түсінбей әуел баста қала бердім,
Қыртысын қопарғанда қара жердің.
Құлазып жалғыз өзім қалғандаймын,
Жұртында көшіп кеткен рулы елдің.
Өзіңсің маған деген асыл адам,
Ұрпақ үшін қиыннан жасымаған.
Жаннан кейін панамнан айырылдым,
Көрсетпей қиындықты асыраған.
Лебіндей еліктірген ескек желдің,
Суындай еркін мұхит айдын көлдің.
Мейірімің жалғыз күнде ғайып болды,
Қош айтып жарығына дүниенің.
Ұрпақпын әруағыңды құрметтеймін,
Біраз сөз ескерткішім сізге деймін.
Қолымнан мұнан басқа не келеді?
Осымен сөз аяғын тәмамдейін.


Дариға Әділханқызы 1975 жыл


Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
28 февраля 2023 23:17
Хуаныш Еркежан

Қаламдарыңыз ұштала берсін,халықтың игілігіне жасаған еңбектеріңіз жемісті болсын!!!

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...