Ұлағатты ғұмыр иесі
Иә, тереңіне қанша малтысаң да соңына жетіп болмайтын дана Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген ұлағатты сөзі жалпы адамзатқа ортақ тәмсіл. Қайсыбір жан туралы жазбаққа бел буғанда міндетті түрде Абайдың айтқан әрбір сөзін айналып өте алмайсың. Оның әр сөзінде дәм бар, тұз бар. Бастысы адамды тәрбиелейтін, адамды жақсылыққа шақыратын ғибрат бар. Рас, осы айтылған үш қасиет адамды адам етіп қалыптастырады. Осы үш қасиетті бүкіл қазақ өн бойында парасат құндылықтары ретінде бекітіп, айнымас қағидаға айналдырса ұлтымыздың жасампаздық рухы асқақтай түсерін жақсы білеміз. Бойына осы қасиеттер ұя салған жанның бірі Сатыбалдиева Сара Қарасайқызы – жазып бастаған әңгімемнің басты кейіпкері.
![]()
Сатыбалдиева Сара Қарасайқызы 1941 жылы 20 қаңтарда Башқұртстан Республикасының Стерлитамак ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. Қарасай әке 1943 жылы майданға шақырылып, сол жерде қаза тауып, оралмаған. Ал анасы Жібек тағдыр жазуымен қайта тұрмыс құрып, қызы Сара мен ұлы Тұрғалиды өсіріп, жеткізу тағдырына бұйырмайды. Өйткені сол кездегі түсінік бойынша әжесі (әкесінің анасы) немерелерін алып, шешесіне оларды көруге тыйым салады. Көп ұзамай Сараның әжесі де қайтыс болды, алайда келініне балаларды табыстамай, өзінің досы Дәменің қамқорлығына береді.
Сара мінезді қыз болып өсті. Ол әжесінің қатал тәрбиесін көрді. Дәме әжей атасының үлкен әйелі болатын, әрі отбасының барлық жауапкершілігіне жауап беретін. Кіші әйелі Қазиманың балалары Орын мен Қалампыр да үлкен шешейдің қарауында болатын. Дәме әжей өте қатал да талапшыл, сонысымен қатар шебер де еңбекқор еді. Күні бойы үй шаруасымен айналысатын. Тек анда-санда бос уақытында жақсы көңіл-күймен Сараға деген шынайы сүйіспеншілігін оятып, оған дұрыс бағыт-бағдар беріп, жылы сөздерін арнап, тәрбиелеп отыратын. Сара Қарасайқызы әрқашан Дәме әжесі жайында сағынышпен, үлкен ризашылықпен еске алып отырады. Өйткені кішкентай Сараны өнерге, еңбекке баулып, қолынан келгеннің бәрін оның ішінде тігін тігу, тоқыма тоқу, дәмді тамақ пісіру, құнарлы етіп ет сақтау секілді қыз баласына тән барлық нәрселерді үйрете білді.
![]()
Кішкентай Сараны атасы Дәме әжейдің қаталдығынан балаларының тентектігінен үнемі қорғап жүретін. Сара шанаға отырып атасымен бірге Ижевск қаласына ет базарына барып, оған көмекші болғанды жақсы көретін. Мектепте де алғыр оқушы болды. Алайда татар тілінде 5-ақ кластық білім алды. Өзі сымбатты, сұлу қыз болып өсті. Оны татар көршілерінің өзі қатты жақсы көретін.
Тағдыр деген де қызық қой. Шыдамды адам ғана сынып кетпей сол тағдыр талайынан өтеді. Сараның болашағы, өмірлік серігі Әбілқайыр да жетімдіктің тауқыметін көрген, бірақ өте батыл бала болды. Әкесі соғысқа кетіп оралмаған, ал Әбілқайырдың 9 жасында анасы өкпе ауруынан көз жұмады.
Оның үлкен әпкесі Қаракөз ерте тұрмысқа шығып, Әбілқайыр туыстарын сағалап жүреді. Оның да бар болғаны 5-кластық татар тілінде алған білімі болды.
Әбілқайыр оқу-білімге құштар еді. Үнемі сүйікті ұстазын есіне алып, мықты болуға тырысатын. Алайда сол уақыттағы ауыр кезең оның жоғары білім алуына мүмкіндік бере қоймады. Сондықтан да ол болашақта өзінің ұрпағына тәлімді тәрбиемен қоса, мықты білім алып беруді мақсат етті. Ол 15 жасынан бастап өзін өзі алып жүруге үйренді. Ересек ер-азаматтармен бірге Ижевск қаласына барып, малын, етін сатты.
Осындай сапарлардың бірінде жастар ортақ мәмілеге келіп, отбасын құруды шешті. 20 жастағы Әбілқайыр 18 жасар Сараға сөз салып, 1960 жылы екеуі шаңырақ көтерді. Берекесі бекем отбасында 7 бала тәрбиелеп өсірді. Әбілқайыр 2 бала дүниеге келген соң 3 жыл әскери борышын өтеуге шақырылады. Сол жылы Әбілқайырдың ағасы қайғыға душар болып, әйелі Іңкәр қайтыс болады. Артында 5 кішкентай баласы қалады. Оның үлкені небәрі 13 жаста болса, кенжесі 1,5 жаста болатын. Сара еш ойланбастан қайынағасының бала күтімі мен үй шаруасына көмектесуді шешті. Сараны қайынағасы дүниеден өткенше үлкен қызындай көріп, сыйлап, қадірлеп өтті. 2017 жылы 90 жасында дүниеден озды.
![]()
Үлкеннің батасын арқалаған Сара Қарасайқызы абысындары Тәжен және Бақытты ерекше құрметтейді. Әйелдік ақыл-парасатының арқасында ағайынды Шабай, Қаршыға, Әбілқайырдың балалары және олардың әпкесі Қаракөздің балаларымен әлі күнге дейін жылы қарым-қатынаста өмір сүріп келеді.
Сара Қарасайқызы 1960-1975 жылдары аралығында отбасымен бірге Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Қоғалы ауылында тұрды. Одан кейін 1975-1997 жылдары Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Қиыл ауылында 1997 жылдан қазіргі уақытқа дейін Ақтөбе қаласында тұрып жатыр. Ақтөбеге қоныс аударған соң анасы Жібек, бауырлары Марат пен Күләштің үйінің жанында бірге тұрды. Міне, тағдырдың сыйы осы болса керек. Анасы өмірінің соңғы күндерінде қасында болды. Сара Қарасайқызы Алла Тағалаға сансыз шүкіршілік етеді.
Адамгершілік, бауырмалдық, қайырымдылық, татулық, әдептілік сияқты қасиеттер отбасынан бастау алатыны белгілі ғой. Тәрбие балаға сөзбен ғана дарымайды. Ол үлкендердің үлгісімен сіңеді. Сондықтан да дана халқымыз «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген ғой. Ақиық ақын, жауһар жырдың марқасқасы Мұқағали Мақатаевтың мына бір тамаша өлең жолдары ойға оралады:
Анам маған: «Үлкенді сыйла!» деген,
Ол сөз маған ізгілік құйған ерен.
Үлкендерден ауысқан кішілікті,
Үлкендердің өзіне сыйға берем.
Атамнан қалған мұра – ізеттілік,
Арымды соған қойған күзеттіріп,-дейді. Иә, бала тәрбиесінде әке мен ана бірдей жауапты. Үңіле қарағанда балаға әкеден гөрі ана жақын тұратын сияқты болып көрінуі де мүмкін. Жасыратын ешнәрсесі жоқ, бала тәрбиесінің көп салмағын аналар көтеретіні де рас. Алайда ата-ана деген сөзіміз қалай қосарланып қатар айтылса, бала үшін екеуінің де орны ерекше. Бұл ретте Сара Қарасайқызы өмірлік жұбайымен бірге бақытты отбасында тәрбиелеп, өсірген ұрпақтарының тамыры тереңге жайылып, бүгінде бір қауым ел болып отыр.
![]()
Заманның, тұрмыстың қиындығына қарамастан Әбілқайыр мен Сара балаларына барынша мейіріммен қарап, оларға қажетті білім бере білді. Күміс алқаның иесі бүгінде көп балалы отбасының басында құда-құдағайымен, туған-туыстарымен, достарымен жақсы қарым-қатынаста. Үлкен ұлы Бақытжан – дәрігер, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітірген. Амангелді – құрылысшы, қызы Жанар педагогикалық білім алған. Қызы Үміт – дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, Марат Оспанов атындағы ЗҚМУ доценті, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітірген. Қызы Армангүл – есепші, Алматы экономика және статистика академиясын бітірген. Ұлы Әділбек – құрылысшы, Ақтөбе құрылыс колледжінің түлегі. Ұлы Қиылбек – экономист, Астана Аграрлық университетін бітірген. Немересі Асқар – IT-инженер, СДУ бітірген, Амстердамда жұмыс істейді. Немерелері Қайсар – IT инженер, СДУ-ды бітірген, Астанада жұмыс істейді. Қайрат - Астана қаласы Аграрлық университетін бітірген, Замир - Астана Аграрлық университетті бітірген, Нұржамал - ЕҰУ, Ишхит - А.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетін, Мирас – Каз АТК бітірген. Сабина, Айбар, Таир, Әмір Әли, Бекзат, Дана – мектеп оқушылары. Шөберелері – Аңсар, Саид Ахмет, Назар, Жәдігер, Арыстан, Айша, Рауф, Мираттың қолдары
![]()
нан су ішіп отырған нағыз бақытты ана. Өкінішке орай 2018 жылы тағдырдың жазуымен жолдасы Әбілқайыр ақсақал дүниеден озды.
Қазіргі күні Сара Қарасайқызы 82 жаста. Ол күн сайын Ұлы Жаратушыға барлық сыйлары үшін алғыс айтады. Балаларына, немерелеріне, шөберелеріне денсаулық пен амандық, ұзақ ғұмыр тілейді, барша әлем тыныштықта болса дейді.
Халқымызда «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» деген даналық сөзі бар. Қоғам үшін жастың да, қарияның да орны ерекше. Ал сол жастарға жол сілтейтін қарияларымыздың амандығы бәрінен де қымбат. Себебі елдің келешегі жастардың дұрыс қалыптасуы дана қарияларымыздың батасында жатыр. Қашаннан-ақ біздің халық бір ауыз сөзге тоқтаған. Үлкеннің алдын кесіп өтпеген. Мықты шешен, дуалы ауызды адамдардың айтқан сөздерін сол қарияларымыздың айтуымен жастарымыз бойына сіңіріп келеді. Қариялардың батасының арқасында өсіп-өніп, өркен жайып, қоғам жаңарып отырады. Ақынның «...Араздасып ағайын кетер еді, Бір қария болмаса бір ауылда» дегеніндей әр шаңырақтың шырағын жарқыратып отырған қарияларымыз аман болса дейміз. Кейіпкеріміз Сара Қарасайқызына мықты денсаулық тілеп, ұрпағымен 100 жасай берсін демекпіз!